![]()
Қарттар күніне орай бастау алған «Бір дәуірдің мөлдіреген жастары едік» апталығы аясында Отырар ауданында аға буын өкілдеріне әлеуметтік қолдау көрсету және олардың денсаулығын нығайтуға арналған «Денсаулық керуені» акциясы ұйымдастырылды.
Апталықтың алғашқы күндері білікті медицина мамандарынан құралған арнайы топ аудан орталығынан шалғай орналасқан Аққұм ауылдық округіне барып, ауыл қарияларына медициналық тексеру жүргізді. Кезекті акция қазыналы қарттардың сүйікті демалыс орнына айналған «Белсенді ұзақ өмір» орталығында жалғасын тапты.
Шара барысында дәрігерлер қариялардың қан қысымын, қандағы қант мөлшерін тексеріп, жалпы денсаулық жағдайына бақылау жасады. Сонымен қатар әрбір азаматқа жеке жеңілдіктер мен профилактикалық емдеу жолдары бойынша медициналық-консультативтік кеңестер берілді.
– «Денсаулық керуенінің» басты мақсаты – шалғай елді мекендердегі және әлеуметтік орталықтардағы қарияларға сапалы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру, созылмалы аурулардың алдын алу және салауатты өмір салтын қалыптастыру, – дейді ұйымдастырушылар.
Қазыналы қарттарға құрмет көрсетуге, олардың денсаулығы мен әл-ауқатын жақсартуға бағытталған бұл игі шаралар апталық аясында ауданның басқа да елді мекендерінде жүйелі түрде жалғасады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
