Созақ ауылында жаңа отбасылық мейрамхана ашылды

Loading

Созақ ауылында кәсіпкерлік саласы тағы бір жаңа нысанмен толықты. Ауыл тұрғыны, кәсіпкер Досхан Аманбаевтың бастамасымен заманауи үлгідегі «Food Village» отбасылық мейрамханасы жұмысын бастады.

Жалпы аумағы 1200 шаршы метрді құрайтын жаңа нысан ауыл тұрғындары мен қонақтарына сапалы қызмет көрсетуге бағытталған. Мейрамхананың ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов қатысып, кәсіпкерді жаңа жобаның іске қосылуымен құттықтады.

– Кәсіпкерлікті дамыту – елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттырудың маңызды бағыттарының бірі. Жаңа нысанның ашылуы ауылдың көркеюіне серпін беріп қана қоймай, тұрғындарға қолайлы қызмет түрлерін ұсынуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді, – деді Серік Маманов.

«Food Village» мейрамханасында келушілерге арналған бірнеше зал қарастырылған. Атап айтқанда, 130 орындық банкет залы, 120 орынға арналған негізгі тамақтану залы және 40 әрі 20 орындық екі жеке бөлме бар. Асхана бөлек орналасып, тағам дайындау және қызмет көрсету жұмыстары заманауи талаптарға сай ұйымдастырылған.

Нысанның сыртқы және ішкі дизайнында заманауи шешімдер үйлесім тапқан. Отбасылық демалысқа да, түрлі мерекелік шаралар мен басқосулар өткізуге де қолайлы жағдай жасалған. Асханада алты аспаз тұрақты еңбек етеді.

Жаңа кәсіптің ауыл үшін тағы бір маңызды нәтижесі – жұмыспен қамту. Мейрамхананың іске қосылуы нәтижесінде 25 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Бұл жергілікті тұрғындар үшін жаңа еңбек мүмкіндіктерін қалыптастырып, ауылдағы қызмет көрсету саласының дамуына ықпал етпек.

Салтанатты шара барысында кәсіпкердің туған-туыстары, жақындары мен арнайы шақырылған қонақтар жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, кәсіптің берекелі болуына тілектестік білдірді.

Ауылдық жерлерде осындай заманауи қызмет көрсету орындарының көбеюі тұрғындардың тұрмыс сапасына да оң әсер етеді. Бір жағынан, халыққа қажетті қызмет түрлері ауылдың өзінен ұсынылса, екінші жағынан, жеке кәсіп бастауға ниетті азаматтарға жаңа жобалардың мүмкіндігін көрсетеді.

«Food Village» мейрамханасының іске қосылуы Созақ ауылындағы кәсіпкерлік белсенділіктің артып келе жатқанын аңғартатын жаңа бастамалардың бірі болды. Мұндай жобалардың көбеюі ауыл экономикасын жандандырып, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға және елді мекеннің заманауи келбетінің қалыптасуына өзіндік үлес қосады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You