![]()
Бүгін Түркістан қаласы әкімі Әзімбек Пазылбекұлы халықпен кездесу аясында Яссыдан кейін Бірлік секторының тұрғындарымен жүздесті. Еркін форматта өткен кездесуде сектор аумағында атқарылған жұмыстардың нәтижелері, инфрақұрылымдық жобалардың орындалу барысы мен алдағы жоспарлар таныстырылып, тұрғындардың ұсыныс-пікірлері тыңдалды.
Бүгінде Бірлік секторында 20 мыңнан астам халық тұрады. Сектор аумағында 3 343 тұрғын үй, 154 көше, 160 кәсіпкерлік нысан, 5 мектеп, 2 аурухана, 13 балабақша, 3 мешіт және 5 саябақ орналасқан.
Инфрақұрылым жүйелерін дамыту бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Қазіргі таңда секторды ауыз сумен қамту деңгейі 99,5 пайызға жеткен. Сонымен қатар Балабүрген, Нұрата және Қаратал аумақтарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында арнайы жоба әзірленген.
Кәріз жүйесі бойынша Бірлік секторында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда 2 700 абонентті қамтитын жоба аясында ұзындығы 23,2 шақырым болатын абоненттік кәріз желілері жүргізілген. Алдағы уақытта жүйені толық іске қосу жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасады.
Бірлік секторын толық әрі сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында әзірленген жоба аясында 31 көшеге 781 электр бағанасы орнатылды. Сонымен қатар жалпы ұзындығы 28 шақырым болатын электр желілері жүргізіліп, 1 535-тен астам электр бағанасы жүргізілген.
Осы ретте электр энергиясының үздіксіз берілуін қамтамасыз ету – қала әкімінің қатаң бақылауында екенін де атап өткен жөн. Естеріңізде болса, 10 маусымда Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен өткен мәжілісте тұрғындарды сапалы әрі тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз ету мәселелері және осы бағыттағы инвестициялық жобалардың іске асырылу барысы талқыланған-ды.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша Түркістан қалалық коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Болат Сәтбаев баяндама жасады. Сонымен қатар, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС Түркістан қалалық электр желілерінің басшысы Әділбек Мүтәліұлы атқарылған жұмыстар мен алдағы кезеңге жоспарланған міндеттер жөнінде есеп берді.
Мәжілісте 2023–2027 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама шеңберінде жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың орындалу барысына ерекше назар аударылды. Аталған бағдарламаға сәйкес «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС тарапынан жалпы саны 17 трансформаторды ауыстыру және 56,2 шақырым электр желілерін жаңғырту көзделген.
Бүгінгі таңда жоспар аясында нақты жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, 2023–2024 жылдары 7 дана трансформатор ауыстырылып, 23 шақырым электр желісі жаңартылған. Ал 2026 жылы 3 дана трансформаторды ауыстыру және 8,174 шақырым электр желілерін жаңарту жұмыстары орындалған.
Осыған байланысты қала әкімі 2027 жылға дейін жоспарланған көрсеткіштердің толық әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырып, межеленген жұмыстардың орындалмау тәуекелдері бар-жоғын нақтылауды және олардың алдын алу бойынша тиісті шаралар қабылдауды жүктеді.
Мәжіліс барысында электр энергиясының жиі үзілуі тіркелетін аумақтар бойынша да нақты мәліметтер ұсынылды. Осыған орай, әрбір проблемалық учаске бойынша кезең-кезеңімен іске асырылатын нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеу тапсырылды.
Атап айтқанда, тозығы жеткен электр сымдарын ауыстыру, жөндеу жұмыстарын күшейту, электр жүктемесін қайта бөлу, релелік қорғаныс жүйелерін орнату және өзге де техникалық шешімдерді жүйелі түрде жүзеге асыру міндеттелді.
Сондай-ақ, табиғи құбылыстар кезінде электр энергиясының үзілу фактілері жүйелі сипат алып отырғаны айтылды. Қала әкімі мұндай жағдайлар инженерлік инфрақұрылымның табиғи факторларға төзімділігінің жеткіліксіздігін, алдын алу шаралары мен жоспарлы тексерулердің әлсіздігін көрсететінін атап өтті. Ерекше мәртебеге ие Түркістан қаласында мұндай жағдайлардың қалыпты құбылысқа айналуына жол берілмеуі тиіс екенін баса айтты. Жиынды қорытындылаған Әзімбек Пазылбекұлы барлық берілген тапсырмалардың орындалуы өзінің жеке бақылауында болатынын ескертіп, жауапты мекемелер тарапынан формализмге, салғырттыққа және баяу әрекет етуге жол берілмейтінін қатаң түрде жеткізген болатын.
Жә, Бірлік секторы тұрғындарымен кездесуге оралайық. Жол инфрақұрылымын жақсарту мәселесі де тұрғындар тарапынан кеңінен көтерілді. Бүгінде Бірлік секторындағы 179 көшенің 23-і асфальт жабынымен қамтылған. Ал биыл жалпы ұзындығы 18,59 шақырымды құрайтын 24 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Жобалар толық іске асқан жағдайда сектордағы асфальтталған көшелер үлесі 33,8 пайызға дейін ұлғаяды.
Кездесу барысында тұрғындар жол, инженерлік инфрақұрылым, электр желілері, кәріз жүйесі және қоғамдық қауіпсіздікке қатысты өзекті мәселелерді көтеріп, ұсыныстарын жеткізді. Қала әкімі әрбір мәселе бақылауға алынатынын атап өтіп, оларды заң талаптарына сәйкес кезең-кезеңімен шешу бағытында жұмыстар жалғасатынын жеткізді.
Кездесу соңында Әзімбек Пазылбекұлы тұрғындарды қоғамдық тәртіпті сақтауға, қаланың тазалығы мен көркеюіне ортақ жауапкершілікпен қарауға шақырды.
Айта кетейік, қала әкімінің тұрғындармен кездесуі ертең, 24 маусым күні де жалғасады. Сағат 11:00-де Бекзат секторының тұрғындарымен, ал сағат 17:00-де Жеңіс саябағында Сауран секторының тұрғындарымен кездесу өтеді.
Түркістанның қарқынды дамуы инженерлік инфрақұрылымды үздіксіз жаңғыртуды талап етеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлерді дамыту жөніндегі кеңестерде халықтың тұрмыс сапасы ең алдымен сапалы ауыз сумен, тұрақты электр энергиясымен, жол және коммуналдық инфрақұрылымның қолжетімділігімен өлшенетінін үнемі атап келеді. Осы тапсырмалар аясында Түркістан облысында биыл инженерлік желілерді жаңғыртуға, елді мекендердің инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған ондаған жобалар жүзеге асырылуда. Облыс орталығының халқы соңғы жылдары 250 мыңнан асып, қала аумағы кеңейген сайын коммуналдық жүйелерге түсетін жүктеме де артып келеді. Сондықтан Бірлік секторында көтерілген электрмен жабдықтау, жол, кәріз және өзге де инфрақұрылымдық мәселелерді кезең-кезеңімен шешу – тек бір сектордың емес, бүкіл Түркістанның орнықты дамуының маңызды бөлігі. Ал әкімнің тұрғындармен тұрақты кездесулері халықтың ұсыныстары мен талап-тілектерін нақты жобалармен ұштастырып, Президент айқындаған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жергілікті деңгейде тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік беруде.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
