![]()
Түркістан қаласында жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында Яссы секторындағы Мамай батыр көшесінде жүргізілген орташа жол жөндеу жұмыстары толық аяқталды.
Жоба аясында асфальт-бетон жабыны төселіп, аяқ жол салынып, бүгінде ішкі орам көше пайдалануға берілді. Жалпы, Түркістан қаласы әкімдігінің тапсырмасына сәйкес, 2025–2026 жылдары жалпы ұзындығы 138,5 шақырымды құрайтын 159 көшеде орташа жол жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.
Сонымен қатар, 2026 жылы ұзындығы 145,8 шақырымды құрайтын 173 көшеге орташа жол жөндеу жұмыстарын жүргізу кезең-кезеңімен іске асырылатын болады.
Асфальт демекші, Түркістан қаласында жаздың аптап ыстығында тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыру және қала көшелеріндегі ауа температурасының әсерін төмендету мақсатында жол жамылғыларын аэрациялау жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.
Ауа температурасы +30 градус пен одан жоғары көтерілген күндері арнайы техникалардың көмегімен асфальт жамылғысына су бүркіліп, оның шамадан тыс қызуының алдын алу шаралары қолға алынуда. Бұл тәсіл жол жабынының температурасын төмендетіп қана қоймай, көшелердегі жылу әсерін бәсеңдетуге, шаң-тозаңның көтерілуін азайтуға және тұрғындар үшін жайлы қалалық орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда аэрация жұмыстары Байбұрт көшесі, Сәкен Қожанов көшесі, Саттар Ерубаев көшесі, Төлеген Нышанов көшесі және Тәуке хан даңғылы бойында тұрақты жүргізілуде. Жұмыстар күннің ең ыстық мезгілін ескере отырып, негізінен таңертеңгі және кешкі уақытта ұйымдастырылып келеді.
Сонымен қатар, су бүрку жұмыстары жол бойындағы ағаштар мен жасыл желектердің қажетті ылғалды сақтауына оң әсерін тигізіп, қаланың көгалдандыру жұмыстарын қолдауға да ықпал етуде.
Қала әкімдігі жазғы маусым аяқталғанға дейін ауа райының ерекшелігіне қарай аэрация жұмыстарын кезең-кезеңімен жалғастырып, тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізетінін мәлімдеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жол сапасы мен инженерлік инфрақұрылымды дамыту – халықтың тұрмыс сапасын арттырудың басты көрсеткіштерінің бірі екенін үнемі атап келеді. Президент тапсырмасына сәйкес Үкімет 2023–2029 жылдарға арналған Көлік-логистика әлеуетін дамыту тұжырымдамасы мен өңірлерді дамыту бағдарламалары аясында республикалық және жергілікті маңызы бар жолдарды жаңғырту жұмыстарын қарқынды жүргізуде. Биыл еліміз бойынша 13 мың шақырымнан астам автомобиль жолын салу, қайта жаңғырту және жөндеу жұмыстары қамтылып, бұл соңғы жылдардағы ең ауқымды жол құрылысы науқандарының біріне айналды.
Түркістан облысында да жол инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары жүйелі жалғасуда. Соңғы жылдары өңірдегі жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті жолдардың үлесі 95 пайыздан асты. Ал ерекше мәртебеге ие Түркістан қаласында 2025–2026 жылдары жалпы ұзындығы 284 шақырымнан астам 332 көшеге орташа жөндеу жүргізу жоспарлануы – шаһардың қарқынды дамуының нақты көрінісі. Бұған қоса, аптап ыстық кезеңде жол жамылғыларын аэрациялау сияқты заманауи технологиялардың қолданылуы асфальттың қызмет ету мерзімін ұзартуға, қаланың микроклиматын жақсартуға және тұрғындарға жайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл жұмыстардың барлығы Түркістанның туристік әрі заманауи қала ретіндегі әлеуетін күшейтіп, Президент айқындаған инфрақұрылым сапасын арттыру саясатының өңірдегі нақты нәтижесіне айналып отыр.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
