Түркістан қаласында өткен Мемлекеттік қызметшілер күніне және Қазақстан полициясы күніне арналған салтанатты іс-шарада рухани шаһардың дамуына үлес қосып жүрген мамандар марапатталды

Loading

Түркістан қаласындағы «Конгресс Холл» көпсалалы кешенінде Мемлекеттік қызметшілер күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік жиынға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, мемлекеттік қызмет саласында жемісті еңбек етіп жүрген азаматтарды кәсіби мерекемен құттықтады.

– Сіздерді 23 маусым – Мемлекеттік қызметші күнімен шын жүректен құттықтаймын! Халыққа адал қызмет ету – абыройлы және маңызды міндет. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Әрбір мемлекеттік қызметші мемлекетшіл болуы керек» деп атап өткен болатын. Сондықтан Отан алдындағы антымызға адал болып, ел сенімін ақтау – әрқайсымызға жүктелген үлкен сенім мен жауапкершілік. Қадірлі әріптестер! Биыл Түркістан қаласының облыс орталығы атанғанына 8 жыл толып отыр. Осы қысқа ғана уақыт ішінде сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасында Түркістан облысы қарқынды дамыды. Өңірімізде 134 денсаулық сақтау нысаны, 443 спорт нысаны, 185 мектеп салынды. Халықаралық талапқа сай спорт, мәдениет және туризм нысандары бой көтерді. Бүгінде осы нысандарда әлемдік деңгейдегі спорттық жарыстар мен мәдени іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді, – деді Нұралхан Көшеров.

Мерекелік жиында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген мемлекеттік қызметшілер марапатталды. Облыс әкімі бірқатар азаматқа мемлекеттік және ведомстволық наградаларды, Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарды табыстады. Олардың арасында Түркістан қаласы әкімі аппаратына қарасты Экономика және қаржы бөліміндегі Бюджетті жоспарлау секторының меңгерушісі Гүлзия Омарханқызы Әбдрасилова да бар. Сондай-ақ Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов те өз саласында үздік нәтижеге қол жеткізген қызметкерлерді марапаттады.

Іс-шара барысында Түркістан облысының өнерпаздары өнер көрсетіп, мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Бұдан бөлек бүгін Түркістан қаласында 23 маусым – Қазақстан полициясы күніне және Қазақстан полициясының құрылғанына 34 жыл толуына арналған салтанатты іс-шара да өтті. «Конгресс холл» кешенінде ұйымдастырылған мерекелік жиын Қазақстан полициясына арналған бейне роликпен басталды.

Салтанатты іс-шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, құқық қорғау саласының қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.

– Сіздерді Қазақстан полициясы күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Қоғам тыныштығы мен ел қауіпсіздігін сақтау – аса жауапты әрі мәртебелі міндет. Тәуелсіздігіміздің тұғыры – тұрақтылық пен тәртіп. «Тәртіп бар жерде – береке бар» дейді халқымыз. Ал сол тәртіпті сақтап, елдің тыныштығын қорғау – сіздердің қызметтік борыштарыңыз. Полиция қызметі – нағыз ерлік пен батылдықтың, адалдық пен темірдей табандылықтың мектебі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдары қызметкерлеріне ерекше сенім артып келеді, – деді Нұралхан Көшеров.

Іс-шара барысында заң мен тәртіпті сақтауда, азаматтардың қауіпсіздігі мен тыныштығын қорғауда елеулі еңбек етіп жүрген бірқатар азаматтар марапатталды. Өңір басшысы қызметтік міндеттерін мінсіз атқарып жүрген бірқатар полиция қызметкерлеріне II дәрежелі «Айбын» орденін, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарын және Алғыс хаттарды табыстады.

Сондай-ақ Түркістан облысы полиция департаментіні бастығы полиция генерал-майоры Арыстанғани Запаров та сөз сөйлеп, әріптестерін мерекемен құттықтап, сала үздіктері мен ардагер полицейлерге құрмет көрсетті. Бірқатар азаматтарға арнаулы шендер табысталып, жас сақшыларға Алғыс хаттар берілді. Сонымен қатар спорт саласында жоғары жетістіктерге қол жеткізген полиция қызметкерлері марапатталды.

Салтанатты жиында қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан қызметкерлердің отбасыларына құрмет көрсетіліп, жұбайларына гүл шоқтары мен бағалы сыйлықтар тапсырылды. Сонымен қатар Түркістан облысы ішкі істер органдары және Ұлттық ұлан ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразалы Жанқожаев құттықтау сөз сөйлеп, полиция қызметкерлеріне ізгі тілегін жеткізді.

Мерекелік жиын еліміздің танымал өнер жұлдыздарының қатысуымен өткен гала-концертпен қорытындыланды.

Мемлекеттік қызметші мен полиция қызметкерінің еңбегі – қоғамдағы тұрақтылық пен мемлекеттің тиімді жұмыс істеуінің басты кепілі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік аппараттың кәсібилігін арттыруға, халыққа қызмет көрсету сапасын жақсартуға және «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыруға ерекше мән беріп келеді. Түркістанда осы кәсіби мерекелер аясында өз ісіне адал мамандарды марапаттау – олардың еңбегіне көрсетілген құрмет қана емес, ел игілігі жолында абыроймен қызмет етудің маңызын айқындайтын тағылымды қадам. Халықтың сеніміне ие, жауапкершілігі жоғары мемлекеттік қызмет пен құқық қорғау жүйесі өңірдің де, елдің де тұрақты дамуының берік негізі болып қала бермек.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You