Түркістан қаласында отбасылық құндылықтар мен жастар саясаты мәселелері талқыланды

Loading

Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Әліповтың төрағалығымен Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның кезекті мәжілісі өтті.

Жиында жастардың рухани-адамгершілік құндылықтарын нығайту, отбасы институтын қолдау және әлеуметтік бағыттағы бастамаларды жетілдіру мәселелері қаралды. Кездесу барысында психологиялық бағыттағы қысқа мерзімді оқыту курстарын ұйымдастыру, осал топтағы әйелдерді кәсіпке бейімдеу, тарихи тұлғаларды жаңа медиа арқылы жастар арасында кеңінен насихаттау, сондай-ақ ата-аналардың мектеп өміріне белсенді қатысуына қолайлы жағдай жасау бағытындағы ұсыныстар талқыланды.

Сондай-ақ, Түркістан қалалық Жастар ресурстық орталығының атқарған жұмыстары сараланды. Бүгінде қалада 14–35 жас аралығындағы 78 563 жас тұрады, бұл жалпы халық санының 31 пайызын құрайды. Жыл басынан бері әскери-патриоттық тәрбие бағытында 4 620 жасты қамтыған 50 іс-шара өткізілді. Сонымен қатар, «Әжелер алқасының» қатысуымен отбасы құндылықтары мен ұлттық тәрбиені дәріптеуге арналған кездесулер ұйымдастырылып, 1 272 жастың қатысуымен 30 еріктілік акциясы жүзеге асырылды. Ал «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында 1 565 жастың қатысуымен 14 сенбілік өткізілді.

Жиын қорытындысында комиссия мүшелері жастардың бойында отансүйгіштік қасиетті қалыптастыру, ұлттық және отбасылық құндылықтарды дәріптеу, сондай-ақ әлеуметтік қолдау тетіктерін жетілдіру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру жөнінде бірқатар нақты міндеттерді белгіледі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отбасы институтын нығайту, жастардың жан-жақты дамуына жағдай жасау және олардың қоғам өміріне белсенді қатысуын қамтамасыз ету – мемлекеттің ұзақмерзімді басымдықтарының бірі екенін үнемі атап келеді. Президент тапсырмасына сәйкес Үкімет жастар саясаты мен отбасылық-демографиялық саясатты жаңа деңгейге көтеруге бағытталған кешенді шараларды жүзеге асырып жатыр. Бүгінде Қазақстанда 14–35 жас аралығындағы жастар саны 5,7 миллионнан асты, бұл ел халқының шамамен 28 пайызына тең. Ал Түркістан облысында жастар саны 700 мыңнан асады, бұл өңірді еліміздегі ең жас облыстардың біріне айналдырып отыр. Осыған байланысты жастарды жұмыспен қамту, кәсіпкерлікке тарту, еріктілік қозғалысын дамыту, отбасы құндылықтарын дәріптеу және ұлттық тәрбиені нығайту бағытындағы мемлекеттік бағдарламалар кезең-кезеңімен жүзеге асуда.

Түркістан қаласында өткен комиссия отырысында көтерілген бастамалар осы мемлекеттік саясаттың өңірлік деңгейдегі нақты көрінісі. Қаладағы 78 мыңнан астам жастың әлеуетін тиімді пайдалану, олардың бойында патриотизмді, ұлттық құндылықтарды және азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру – өңірдің ғана емес, елдің орнықты дамуының маңызды кепілі. Өйткені берік отбасы, білімді әрі белсенді жастар – Президент ұсынған «Адал азамат» тұжырымдамасы мен Әділетті Қазақстанды құрудың негізгі тіректерінің бірі.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You