![]()
Түркістан қаласында шомылу маусымындағы қауіпсіздік шаралары күшейтілді
Түркістан қаласында шомылу маусымына байланысты тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Қала әкімдігі мен төтенше жағдайлар қызметі тұрғындарды судағы қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырып, профилактикалық іс-шараларды күшейтті.
Осы мақсатта Түркістан қаласы әкімдігі жанындағы Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның отырысында жазғы кезеңдегі қауіпсіздік мәселелері жан-жақты қаралып, жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар берілді. Әсіресе, шомылу маусымында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу және су айдындарындағы жазатайым оқиғалардың алдын алу мәселелеріне басымдық берілді.
Мамандардың айтуынша, Түркістан қаласының аумағында арнайы жабдықталған табиғи жағажайлар жоқ. Сондықтан тұрғындарға белгіленбеген орындарда суға түспеу, балаларды қараусыз қалдырмау және қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау жөнінде тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, қала аумағында жұмыс істейтін бассейндер мен демалыс орындарында санитариялық және қауіпсіздік талаптарының сақталуына ерекше көңіл бөлінеді. Жауапты мекемелер нысандардың техникалық жай-күйін бақылап, төтенше жағдайлардың алдын алу шараларын жүзеге асыруда.
Мамандар шомылу кезінде қарапайым қауіпсіздік қағидаларын сақтау адам өмірін сақтап қалудың ең тиімді жолы екенін ескертеді. Атап айтқанда, мас күйде суға түспеу, жүзе алмайтын азаматтардың терең жерлерге бармауы, балаларды ересектердің қарауынсыз қалдырмауы және тек қауіпсіз орындарды пайдалану ұсынылады.
“Түркістан қаласында тұрғындардың қауіпсіз демалысын қамтамасыз ету бағытындағы профилактикалық жұмыстар жаз мезгілі аяқталғанға дейін тұрақты түрде жалғасады”, — дейді жауаптылар.
Ал бүгін Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық мәжілісінде шомылу маусымын қауіпсіз өткізу мәселесі қаралды. Жиында облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдеріне нақты тапсырмалар берді.
– Шомылу маусымында қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында насихаттық және түсіндіру жұмыстарын жандандыру қажет. Соңғы үш жылда суға кету оқиғалары көп тіркелген аумақтарды зерделеп, ескерту тақталарын орнату маңызды. Облыс аумағында барлық су айдындарында шомылу маусымын қатаң бақылауда ұстауды тапсырамын, – деді Нұралхан Көшеров.
Мәжілісте Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Бағдат Чайзада өңірдегі судағы қауіпсіздік шаралары туралы баяндама жасады. Биыл 23 тармақтан тұратын іс-шаралар жоспары негізінде су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде.
Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда суға кету деректері 34 пайызға төмендегенімен, әлі де қайғылы оқиғалар кездесуде. Мамандардың мәліметінше, қайғылы оқиғалардың 95 пайызы жабдықталмаған, шомылуға рұқсат етілмеген орындарда тіркелген. Негізгі себептер – қауіпсіздік талаптарын сақтамау, балаларды қараусыз қалдыру және белгіленбеген жерде суға түсу. Осыған байланысты өңірде күн сайын рейдтер ұйымдастырылуда. Рейд барысында судағы қауіпсіздік қағидаларын бұзған 107 азаматқа жалпы 1,6 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Сонымен қатар 247 адамға әкімшілік ескерту берілді.
Облыста шомылуға арналған 53 жағажай белгіленген. Алайда тексеру нәтижесінде олардың көпшілігінде кемшіліктер анықталған. Қосымша 17 жағажай ашу жоспарланып отыр. Балалардың қауіпсіз демалысын қамтамасыз ету мақсатында шомылу орындары жоқ елді мекендерге модульді бассейндер орнату жұмыстары жалғасуда. Жоспарланған 900 бассейннің бүгінде 441-і пайдалануға берілген.
Сонымен қатар облыстағы 111 қауіпті учаскеге ескерту тақтайшалары, ақпараттық стендтер мен арнайы белгілер орнатылған. Биыл тағы 1750 тыйым салу белгісін орналастыру көзделген.
Төтенше жағдайлар департаменті судағы қайғылы оқиғалар жиі қайталанатын «ыстық нүктелерді» ерекше бақылауға алған. Атап айтқанда, Келес, Сарыағаш, Мақтаарал, Жетісай, Шардара және Ордабасы аудандарындағы магистральды және суару каналдарында бақылау күшейтілді.
Балаларды жүзуге үйрету жұмыстары да жалғасуда. Қазіргі таңда 45 кәсіпкермен меморандум жасау қолға алынып, оның нәтижесінде 1672 бала тегін жүзуді меңгеріп, арнайы дайындықтан өткен.
Судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету – тек төтенше жағдайлар қызметінің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Қазақстанда жыл сайын шомылу маусымы қарсаңында судағы жазатайым оқиғалардың алдын алуға бағытталған кешенді жұмыстар күшейтіледі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мемлекеттің басты басымдығы екенін бірнеше рет атап өтіп, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығына назар аударған. Түркістан облысында да бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі жүргізіліп келеді. Сонымен бірге қауіпті аумақтарға мыңдаған ескерту белгілері қойылып, күнделікті рейдтер ұйымдастырылуда. Осындай кешенді шаралардың нәтижесінде өңірде суға кету оқиғалары өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 34 пайызға төмендеген. Дегенмен мамандар қауіпсіздіктің ең басты кепілі – әр азаматтың қарапайым ережелерді бұлжытпай сақтауы екенін ескертеді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
