![]()
Түркістан қаласында жол қозғалысын реттеу және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жол таңбаларын жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Жолдардың техникалық жай-күйін жақсартумен қатар, қозғалысқа қатысушылар үшін таңбалардың анық әрі көрнекі болуы қаладағы қауіпсіздік шараларының маңызды бөлігі саналады.
Жоспарға сәйкес жол бөлу сызықтары, жаяу жүргіншілер өткелдері және өзге де жол белгілерінің сызықтары қала аумағындағы негізгі және ішкі орам жолдарда жаңартылады. Жұмыстар Б.Саттарханов даңғылы, Тәуке хан даңғылы, Шымкент тас жолы, сондай-ақ Абай, Төле би, Т. Бегелдинов, Нышанов көшелері мен 9 және 11-көшелерді қамтиды.
Түнеугүні Тәуке хан, Нышанов және Төле би көшелерінде жаяу жүргіншілер өткелдерін жаңадан сызу жұмыстары басталған-ды. Сонымен қатар мектептер маңындағы және адам көп шоғырланатын аумақтардағы өткелдерге басымдық берілуде. Бұл, әсіресе, жаңа оқу жылы қарсаңында оқушылардың мектепке қауіпсіз қатынауын қамтамасыз ету үшін маңызды.
Жол таңбаларын жаңарту көлік жүргізушілеріне қозғалыс бағытын нақты бағдарлауға, ал жаяу жүргіншілерге белгіленген өткелдерді қауіпсіз пайдалануға мүмкіндік береді. Сондықтан жұмыстар тек орталық көшелермен шектелмей, ішкі орам жолдарды да қамтып отыр.
Жоспарланған жұмыстарды тамыз-қыркүйек айларында толық аяқтау көзделген. Жол таңбаларының уақытылы жаңартылуы қаладағы жол қозғалысын ұйымдастыру сапасын арттырып, көлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілер үшін қауіпсіз ортаны қалыптастыруға ықпал етпек.
“ANYQ.KZ”-ақпарат.
