![]()
Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы еркін форматтағы халықпен кездесуін Сауран секторы тұрғындарымен жалғастырды. Кездесу барысында сектор аумағында атқарылған жұмыстардың нәтижелері мен алдағы жоспарлар таныстырылып, тұрғындар тарапынан көтерілген өзекті мәселелер мен ұсыныстар тыңдалды.
Бүгінде Сауран секторының жалпы аумағы 2 157 гектарды құрайды. Секторда 42 550 тұрғын тұрады. Мұнда 5 398 тұрғын үй, 88 көпқабатты тұрғын үй, 156 көше, 372 кәсіпкерлік нысан, 18 мектеп, 6 аурухана, 6 мешіт, 28 балабақша және 31 дәріхана орналасқан.
Инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Қала бойынша 49 364 абонент немесе тұрғындардың 98 пайызы табиғи газды пайдаланады. Электрмен қамту саласында Сауран секторындағы СМП-313, Көктем, Б.Майлин көшесінің 3 және 4 қиылыстары мен Қазандық көшесінде электр желілері жүргізілген.
Абаттандыру бағытында 2025 жылы Жангелдин және Энергетиктер көшелеріндегі аулаішілік абаттандыру жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Қазіргі таңда Б.Майлин көшесіндегі айналма жолға шағын сәулеттік нысандар орнату, №1 және №2 мөлтек аудандардағы ойын алаңшаларына төсеніш төсеу, Жангелдин көшесі бойынан аллея және Сайн көшесіне ойын алаңшаларын салу жұмыстары жүргізілуде. Нысандарды бір ай ішінде аяқтау жоспарланған.
Кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші қала бойынша 36,5 пайызды немесе 19 850 абонентті құрайды. Сауран секторында екі ірі жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде «Баянауыл тұрғын алқабы аумағында сарқынды су жүйесінің құрылысы» жобасының құны 7,538 миллиард теңгені құрап, 1 740 абонентті қамтиды.
Жол саласын дамыту жұмыстары да жалғасуда. Сектордағы 156 көшенің жалпы ұзындығы 119,2 шақырымды құрайды. Бүгінде 25 көше немесе 34,9 шақырым жол асфальтталған. Биыл ұзындығы 12,3 шақырым болатын 26 көшеге асфальт жабындысын төсеу жоспарланған. Нәтижесінде асфальтталған көшелер үлесі 39,6 пайызға жетеді.
Сонымен қатар сектордың негізгі көшелерінің бірі саналатын Б.Майлин көшесінде ұзындығы 1,98 шақырым болатын реконструкциялау жұмыстары жүргізілуде. Жоба аясында жол жабыны жаңартылып, аяқжол, науа және жиектастар орнатылады, жолдың жүріс бөлігі кеңейтіледі.
Еркін форматта өткен кездесуде тұрғындар өз ұсыныстары мен өтініштерін жеткізіп, көкейлеріндегі сұрақтарына жауап алды. Қала әкімі көтерілген мәселелердің барлығы бақылауға алынып, заң аясында кезең-кезеңімен шешілетінін атап өтті.
Айта кетейік, 25 маусым күні сағат 11:00-де Тұңғыш Президент саябағында Шауғар секторы тұрғындарымен кездесу өтеді. Сондай-ақ осы күні сағат 17:00-де «Каскад» тұрғын үй кешенінің ауласында Отырар секторы тұрғындарымен кездесу жоспарланған.
Қорыта айтсақ, Сауран секторындағы кездесу барысында көтерілген мәселелер ең алдымен инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру, жол-көлік желісін жаңғырту, кәріз жүйесін кеңейту және қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру бағыттарына қатысты болды. Бұл – халық саны тұрақты өсіп келе жатқан Түркістан үшін өзекті міндеттердің бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлердің орнықты дамуы тұрғындардың күнделікті өмір сапасын жақсартатын нақты инфрақұрылымдық жобалармен өлшенетінін бірнеше рет атап өткен. Осы тұрғыдан алғанда, секторлар бойынша ұйымдастырылып жатқан ашық кездесулер тек тұрғындардың өтініш-тілектерін тыңдау алаңы ғана емес, қаланың даму қарқынын нақты сұранысқа негіздей отырып жоспарлаудың тиімді тетігіне айналып келеді. Халықпен тікелей диалог пен кезең-кезеңімен іске асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобалар Түркістанның ерекше мәртебесіне сай заманауи, жайлы әрі өмір сүруге қолайлы қала ретінде дамуына негіз қалайды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
