
Түркістан қаласында орталықтандырылған сарқынды су жүйесіне қосу бағытындағы инфрақұрылымдық жобалар қарқынды жүзеге асырылып келеді. Инженерлік желілерді қайта жаңғырту және тұрғындардың өмір сапасын арттыру мақсатында биыл Түркістан қаласында жалпы 13 нысанда құрылыс жұмыстары басталып, оның 8-і абоненттік және магистральдық желілерге қосылса, 5 жобада магистральдық желілерді тарту жұмыстары жүзеге асуда.
Сауран, Шауғар, Яссы секторларында, сондай-ақ Отырар және Бекзат тұрғын алаптары мен Баянауыл мөлтекауданында кәріз жүйесін орнату жұмыстары жүргізілуде. Олардың қатарында Сарыбаев, Ынтымақ, Ы.Дүйсебаев, М.Төлебаев, Н.Оңдасын, Асанов, Мәдениет, Ойсыл Қара, Б.Ахметов, М.Ғабдуллин, Қарағайлы және Қалғансыр көшелері бар.
Сондай-ақ, қазіргі таңда қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының тапсырмасына сәйкес, барлық сарқынды су желісі жүргізілген көшелерде ауа райының әсерінен туындауы мүмкін қолайсыздықтардың алдын алу мақсатында уақытша қайта қалпына келтіру үшін тас төсеу жұмыстары жүргізілді. Аталмыш жұмыстар бүгінде толық аяқталды.
«Сарқынды су желісін жүргізу барысында кей көшелерде қазба жұмыстары жүргізіліп, шектеулер орнатылып, уақытша қолайсыздықтар туындауы мүмкін. Осыған байланысты қала тұрғындарынан түсіністікпен қарап, сабырлық танытуды сұраймыз. Құрылыс аяқталғаннан кейін барлық жол инфрақұрылымы толық қалпына келтіріліп, асфальт төселетін болады», — дейді жауаптылар.
Нақтырақ айтсақ, Түркістан қаласында 2018 жылы кәрізбен қамту көрсеткіші 15 пайыз ғана болған. 2020-2025 жылдар аралығында Түркістан қаласында кәріз жүйелерін дамыту бағытында ауқымды жобалар іске асырылуда. Қолданыстағы сарқынды су құбырларының ұзындығы 401,6 шақырымды құрайды. Бұл желілерге — орталықтандырылған кәріз жүйесіне 17581 абонент қосылған. Жалпы орталықтандырылған кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші — Түркістан халқының 36,5 пайызы деңгейінде. Қызмет көрсетуді қамтамасыз ету үшін қала аумағында 27 кәріздік насос станциясы тұрақты режимде жұмыс істейді.
Қала тұрғындарын толық кәріз жүйесіне қосып, көрсеткішті арттыру мақсатында биыл 13 нысанда құрылыс жұмыстары қолға алынған. Оның ішінде 7 нысанды 2025 жылдың соңына дейін аяқтап, пайдалануға беру жоспарланған. Оның ішінде 8 жоба абоненттік және магистральдық желілерді қамтиды. Қалған 5 жоба магистральдық желілерді тартуға бағытталған. Барлық жобаның толық аяқталу уақыты 2028-2029 жылдарға жоспарланған. Қазіргі таңда жалпы ұзындығы 263,3 шақырымды құрайтын сарқынды су жүйелерін тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жобалар аясында қала аумағында инженерлік инфрақұрылымды толық қамту мақсатында бірқатар құрылыс нысандарының салынуы жоспарланған. Атап айтқанда, 5 сарқынды суларды тазарту имараты, 21 канализациялық сорғы станциясы және 4 шығын реттегіш құдықтың құрылысы қарастырылған. Бұл нысандардың іске қосылуы кәріз жүйесінің қуаттылығын арттырып, халықты сапалы қызметпен қамтуға мүмкіндік береді.
Биыл шаһардың кәріз суы жиналатын нысанда жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Атап айтқанда, №2 кәріз тазалау блогы реттелуде. Осы жұмыстар нәтижесінде механикалық, биологиялық, химиялық, технологиялық тазалау тетіктері қалпына келеді. Аталған жобаға 400,7 миллион теңге қаралған. Құрылыс жұмыстары биыл қараша айында аяқталады деп жоспарланған болатын.
Қорыта айтқанда, Түркістан қаласында тұрғындарды орталықтандырылған сарқынды су жүйесіне қосу бағытында ауқымды жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Қаладағы кәріз инфрақұрылымын кезең-кезеңімен дамытуға ерекше көңіл бөлінуде.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
