Түркістан: Бекзат секторындағы жаңа медициналық орталық тұрғындарға қолжетімді қызмет көрсетеді

Loading

Түркістан қаласында тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Бекзат секторында жеке инвестиция есебінен салынған жаңа медициналық орталық жақын күндері пайдалануға берілмек. Нысанның ашылуға дайындығымен Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы мен Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев танысты.

Екі қабатты, заманауи талаптарға сай салынған орталықта қазіргі таңда соңғы әрлеу жұмыстары жүргізіліп, медициналық құрал-жабдықтар орнатылуда. Сонымен қатар қажетті инфрақұрылымды жасақтау және білікті мамандарды жұмысқа қабылдау шаралары қолға алынған.

Медициналық орталық іске қосылғаннан кейін Бекзат секторының тұрғындары МӘМС жүйесі аясында емханаға тіркеліп, терапевт және бейінді дәрігерлердің қабылдауынан тегін өте алады. Сондай-ақ қажетті зертханалық және диагностикалық тексерулерден өтіп, күндізгі стационар қызметін пайдалануға мүмкіндік алады.

Жаңа нысанның басты артықшылықтарының бірі – медициналық көмектің тұрғындарға барынша жақын болуы. Бұған дейін кейбір қызмет түрлерін алу үшін басқа аумақтарға баруға тура келсе, орталықтың іске қосылуы Бекзат секторындағы тұрғындардың уақытын үнемдеп, қажетті медициналық көмекті өз аумағында алуына жағдай жасайды.

Медициналық орталық мемлекеттік қолдау аясында арендалық жер телімін беру арқылы жеке инвестиция есебінен жүзеге асырылған. Бұл ретте жеке сектордың қаржысы әлеуметтік маңызы бар нысандардың қатарын толықтырып, қаладағы медициналық қызмет көрсету инфрақұрылымын кеңейтуге мүмкіндік беріп отыр.

Нысанды аралау барысында қала әкімі ғимараттың уақытылы іске қосылуымен қатар, мұнда көрсетілетін медициналық қызметтің сапасына баса мән беру қажеттігін атап өтті.

«Біздің міндет – жаңа ғимарат салумен шектелу емес, халықтың сапалы медициналық қызметке қолжетімділігін арттыру. Тұрғындар қажетті көмекті уақыт жоғалтпай, өз ауданына жақын жерден алуы керек. Сондықтан орталық ашылған күннен бастап тұрғындардың сенімін ақтайтын деңгейде жұмыс істеуі тиіс», – деді Әзімбек Пазылбекұлы.

Қала әкімі жауапты мамандарға нысанды іске қосу кезінде құрылыс және медициналық талаптардың толық сақталуын, құрал-жабдықтардың дайын болуын және қызмет көрсету сапасының жоғары деңгейде ұйымдастырылуын тапсырды.

Жаңа орталықтың пайдалануға берілуі Бекзат секторындағы медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып қана қоймай, жеке инвестицияны әлеуметтік маңызды салаларға тартудың нақты нәтижесін көрсетеді.

“ANYQ.KZ”-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You