Түркістан мен Пхохан медицина саласындағы әріптестікті нақты жобалармен нығайтпақ

Loading

Түркістан қаласы халықаралық байланыстарын кеңейтіп, әлеуметтік салаларға озық тәжірибелер мен заманауи технологияларды енгізуге басымдық беріп келеді. Осы бағытта қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы Корея Республикасының Пхохан қаласынан келген делегация өкілдерімен кездесіп, медицина және медициналық туризм саласындағы ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады.

Пхохан қаласы әкімшілігінің Туризм индустриясы басқармасының директоры Ли Сонг Су бастаған делегация құрамында «Pohang SM Christianity Hospital» бас дәрігері Хан Донг Сон, Кешенді иммунология орталығының директоры Сим Де Чоль, Стратегиялық даму бөлімінің басшысы Пак Джонг Ын және Ресей мен Орталық Азия қалаларымен жұмыс жөніндегі жетекшісі Со Ён Хва болды. Кездесуде медицина мамандарының біліктілігін арттыру, дәрігерлер арасында кәсіби тәжірибе алмасуды жолға қою, заманауи медициналық технологияларды енгізу және денсаулық сақтау саласында жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану мәселелеріне басымдық берілді.

Әзімбек Пазылбекұлы Пхоханның жоғары технология, ғылыми-зерттеу және медицина салаларын ұштастырып отырған тәжірибесін Түркістанның даму мүмкіндіктерімен сабақтастыруға мүмкіндік мол екенін атап өтті.

– Пхохан – жоғары технология, ғылыми-зерттеу және медицина салаларын ұштастырып отырған қалалардың бірі. Осы тәжірибені Түркістанның даму мүмкіндіктерімен сабақтастыра отырып, нақты бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік бар. Сондықтан біз шетелдік әріптестердің озық тәжірибесін зерделеп қана қоймай, оны жергілікті жағдайға бейімдеп, нақты нәтижеге бағыттауға мүдделіміз, – деді қала әкімі.

Кездесуде медициналық туризмді дамытуға да ерекше мән берілді. Тарихи-мәдени мұрасы мен туристік әлеуеті жоғары Түркістан үшін бұл бағыт халықаралық байланысты кеңейтумен қатар, медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруға және жаңа сервистік мүмкіндіктер қалыптастыруға жол ашуы мүмкін. Осыған байланысты тараптар медицина мен туризмді ұштастыратын бірлескен жобаларды қарастыруға ниетті.

Шетелдік делегация жұмыс сапары барысында Түркістан қалалық емханасының қызметімен де танысты. Қонақтарға медициналық көмекті ұйымдастыру жүйесі, алғашқы медициналық-санитариялық көмектің көрсетілу барысы, пациенттерді қабылдау және мамандарға бағыттау тәртібі, цифрландыру жобалары мен медициналық қызмет сапасы таныстырылды.

Делегация мүшелері емхананың құрылымы мен материалдық-техникалық базасын аралап, пациенттерге көрсетілетін қызметтердің ұйымдастырылуына назар аударды. Әсіресе, емханада енгізілген цифрлық шешімдер қызығушылық тудырды. Оның ішінде жасанды интеллект негізіндегі «Әсел» виртуалды көмекшісінің жұмысы және пациенттердің өзіне-өзі қызмет көрсетуіне арналған интерактивті тақтаның мүмкіндіктері таныстырылды.

Кореялық мамандар алғашқы медициналық-санитариялық көмектің қолжетімділігіне, пациенттерге қызмет көрсету мәдениетіне және медициналық көмекті ұйымдастыру жүйесіне оң бағасын білдірді.

Кездесу қорытындысында тараптар медицина мамандары арасындағы кәсіби байланысты нығайтуға, біліктілікті арттыру мен тәжірибе алмасу тетіктерін дамытуға, заманауи технологияларды енгізуге және медициналық туризм бағытындағы бірлескен жобаларды қарастыруға уағдаласты.

Халықаралық тәжірибені нақты жобалар арқылы жергілікті денсаулық сақтау жүйесіне бейімдеу Түркістан медицинасының жаңа мүмкіндіктерін кеңейтіп, қаладағы медициналық қызмет сапасын арттыруға ықпал етпек.

“ANYQ.KZ”-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You