
Түркістан – еліміздің агроөнеркәсіп саласындағы көшбасшы өңір. Былтыр ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 2,5 миллиард АҚШ долларын құрады. Өңір мақта өсіру және өңдеу, сондай-ақ жеміс-жидек, бақша және ет өнімдерін экспорттау бойынша республикада бірінші орында. Облыстағы жылыжайлардың жалпы аумағы 1 007 гектарға жетіп, республикалық үлестің 72 %-ын құрап отыр. Сонымен қатар Түркістан облысы — уран өндіру және өңдеу бойынша республикада ғана емес, әлемде бірінші орында.
Облыстағы пайдалы қазбалар мен шикізаттық әлеует өңірде іске қосылған құны жоғары өндірістерді дамытуға және индустриялық кластер қалыптастыруға толық мүмкіндік береді. Шикізатты терең өңдеуді дамыту арқылы өңір кәсіпорындарының табыстылығын 3-5 есеге дейін арттыруға мүмкіндік бар. Осы ретте, импортты алмастыру және шикізатты терең өңдеу мақсатында облыстың әрбір ауданы мен қаласының ерекшелігіне қарай арнайы 40 инвестициялық тизер әзірленіп, инвесторларға арналған дайын бизнес-кейстер қалыптастырылды. Инвесторларды қолдау және жобалардың жедел жүзеге асырылуын қамтамасыз ету мақсатында арнайы экономикалық және индустриалды аймақтарда инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген, дайын өндірістік алаңдар бар.
Бүгінгі таңда арнайы экономикалық аймақтарда жалпы құны 976,4 миллиард теңгеге (7 025 жұмыс орны), индустриялды аймақтарда 132,3 миллиард теңгеге инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Сонымен қатар облыста шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында 214 гектар аумаққа 25 шағын өндірістік алаң құрылды. Бұл бағытта жалпы сомасы 192 миллиард теңгенің инвестициялық жобалары іске асырылуда (5 218 жұмыс орны). Осы бастама өңірдің барлық аудандарында 258 өндірістік ғимараттың құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр.
Импортты алмастыруға бағытталған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде жалпы құны 176 миллиард теңгені құрайтын 31 инвестициялық жоба іске асырылды. Оның ішінде, жүгеріні терең өңдеу, түрлі-түсті сусындар, жіп иіру, ламинат, тоңазытқыш жабдықтары мен газ қазандықтарын өндіру, сондай-ақ бірреттік ыдыс-аяқ пен орау материалдарын (скотч) шығару, алюминий бұйымдарын өндіру жобалары іске қосылды. Бұдан бөлек, өңірде “John Deere” және “Lovol” ауыл шаруашылығы техникалары мен дрон өндірісі, бояу-әрлеу, тігін және джинс маталары өндірісі, күкірт қышқылы және карбамид өндірісі, биологиялық белсенді қоспалар мен дәрумендер өндірісі, ірі қара мал сүйегінен май мен пептон компоненттерін өндіретін импортты алмастыруға бағытталған 280 миллиард теңгені құрайтын 39 жоба жүзеге асырылуда. Атқарылған жұмыстар өз нәтижесін көрсетіп жатыр.
2025 жылы облыс экономикасына 1,7 триллион теңгеге инвестиция тартылып, өсім 121,6%-ды құрады. Өткен жылы жалпы құны 340 миллиард теңгені құрайтын 58 инвестициялық жоба іске қосылып, 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл да осы қарқынды сақтап, облысқа 1,7 триллион теңге инвестиция тарту көзделген. Бұл көрсеткішке жалпы құны 369 миллиард теңгені құрайтын 67 инвестициялық жобаны жүзеге асыру есебінен қол жеткізіледі. Атқарылған жұмыстар өңірдің макроэкономикалық даму динамикасына тікелей оң әсерін тигізді.
Осы жылғы 4 айдың қорытындысы бойынша өңір экономикасының өсімі 125,2%-ды құрап, республикада бірінші орынға шықты. Өңірдің даму әлеуетін ескере отырып, 2026-2029 жылдарға жалпы құны 2,7 триллион теңгені құрайтын 122 инвестициялық жобаның пулы қалыптастырылды. Нәтижесінде, 18 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылып, 100 миллиард теңге салық түспек. Осы жоспарлаған жобаларды жүзеге асыру есебінен, алдағы 5 жылда жалпы өңірлік өнім көлемін 2,7 есеге арттыру, ал өзіндік кірістерді 2,3 есеге ұлғайтуды көзделіп отыр. Бұл бағыттағы жұмыстардың мақсаты – бәсекеге қабілетті, өндірісі дамыған, инвестиция тартуға қолайлы және халықтың әл-ауқаты тұрақты өсетін қуатты өңір қалыптастыру.
Осының барлығы Түркістандағы жаңа этно-туристік кешенде өткен келелі басқосуда, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңірдің зиялы қауым өкілдерімен, кәсіпкерлерімен, жастарымен және белсенді азаматтарымен кездесуде сөз болды. Мәжілісте өңірдің инвестициялық тартымдылығы, ауыл шаруашылығы мен өндіріс салаларын дамыту бағыттары жан-жақты талқыланды. Жиын барысында зиялы қауым өкілдері, ғалымдар және кәсіпкерлер саммит нәтижелеріне қатысты пікірлерін білдіріп, өңір экономикасының даму перспективалары жөнінде ой бөлісті.
Сондай-ақ қатысушылар мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауға ризашылықтарын жеткізіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екендерін атап өтті.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
