Түркістан облысы: Келес ауданында жаңа көпір салынады

Түркістан облысының Келес ауданында Келес өзенінен өтетін ескі көпірдің орнына жаңа көпір салу жоспарланып отыр. Аталған жағдай — облыс басшылығының тұрақты бақылауында. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету, көпірді және инженерлік инфрақұрылымды қалпына келтіру бойынша барлық қажетті шаралар белгіленген тәртіппен кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов жауапты сала басшыларымен бірге көпірдің құлауына байланысты оқиға орнына барып, көшпелі кеңес өткізді. Кездесу барысында жаңа көпір салу мәселелері талқыланып, тиісті ұйымдастыру жұмыстары басталды. Қазіргі уақытта жобалау ұйымымен жобалық-сметалық құжаттаманы (ЖСҚ) әзірлеу бойынша келіссөздер жүргізілу үстінде.

Көпір 1970 жылдары салынған. Ұзындығы – 54 метр, ені – 11 метр, биіктігі – 6,5 метр. Аталған көпір арқылы Ұшқын ауылдық округіне қарасты Достық, Қоралас және Ұшқын елді мекендерінің тұрғындары Абай ауылымен көлік қатынасын жүзеге асырған.

– Аталған көпір 55 жылдан астам уақыт бұрын салынған. Күн сайын ол арқылы мыңдаған тұрғындар мен жүздеген автокөлік қатынаған. Пайдалану мерзімі аяқталып, тозу деңгейі шекті көрсеткішке жеткен, ал бірнеше мәрте жүргізілген жөндеу жұмыстары қажетті нәтиже бермей отыр. Ең бастысы – адам шығынына жол берілген жоқ, қауіптің алдын уақытылы алу мүмкін болды. Қозғалыс жедел түрде тоқтатылды. Төтенше жағдайлар қызметі, полиция және жергілікті атқарушы органдар жедел әрекет етті. Кеше тараған бейнематериалды төтенше жағдайлар қызметінің қызметкерлері түсірген. Жаңа көпір салу туралы шешім қабылданды. Бұл жобаны мүмкіндігінше қысқа мерзімде жүзеге асыру үшін бар күшімізді саламыз. Мәселе облыс әкімінің жеке бақылауында. Жағдай тұрақты, – деді Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов.

Бірнеше күн бойы жауған нөсер жаңбырдың салдарынан көпірде жарықтар пайда болып, орталық тіректерінің шөгу белгілері анықталған, соның нәтижесінде апатты жағдай туындады. Осыған байланысты көпір арқылы автокөлік қозғалысы шектеліп, нысан уақытша жабылды. Уақтылы қабылданған шаралардың арқасында адам шығыны мен материалдық залалдың алдын алу мүмкін болды. Зардап шеккендер жоқ.

2010 жылы көпірде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. 2024 жылы «Оңтүстік жолдары» МКК тарапынан жағалауды бетонмен бекіту және өзен түбіне ірі тас (булыжник) төсеу жұмыстары атқарылған.

Алдын ала мәліметтер бойынша, оқиғаның негізгі себебі – көпірдің ұзақ жылдар бойы пайдаланылуы және тірек бағандарының түбінің шайылуы.

Көпір Түркістан облысының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының теңгерімінде тұр. Қазіргі уақытта автокөлік қозғалысы уақытша айналма жолдар арқылы ұйымдастырылған. Алпамыс батыр және Біртілек ауылдық округтері арқылы ұзындығы 10–15 шақырым болатын айналма жолдармен қатынауға мүмкіндік бар.

Оқиға орнында төтенше жағдайлар қызметінің, полицияның және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері жұмысын жалғастыруда. Алдағы қалпына келтіру шараларын нақтылау мақсатында техникалық тексеру жүргізілуде.

Сонымен қатар, көпір арқылы өткен «Дарбаза» ТСЖ-ның су құбыры зақымдануына байланысты Қошқаратын ауылдық округінің Ұшқын елді мекеніндегі 136 абонент уақытша ауыз сумен қамтамасыз етілуде. Қазіргі уақытта 136 үйге тәулігіне екі рет үш арнайы автоцистерна арқылы су жеткізілуде. Су беру жүйесі толық қалпына келтірілгенге дейін су тасымалдау жалғасады.

Қалыптасқан жағдайға байланысты Ұшқын елді мекеніндегі 40 оқушы ағымдағы тоқсан аяқталғанға дейін қашықтан оқыту форматына ауыстырылды.

Бір сөзбен айтқанда, Келес ауданына қарасты Қошқарата ауылдық округінің аумағында облыстық маңызы бар КХ-20 «Абай – Ұшқын – Достық» автомобиль жолының 4,3-шақырымында, Келес өзені арқылы өтетін көпірдің құлауына байланысты зақымданған инфрақұрылым нысандарын қалпына келтіру жұмыстары бүгінде қарқынды түрде жүргізілуде. Аталған жұмыстар жауапты мекемелердің бақылауына алынған. Қалпына келтіру шаралары белгіленген жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.

Осы орайда өңірдегі жол құрылысы туралы мағлұмат бере кетсек. 2025 жылы автомобиль жолдары саласын дамытуға бюджеттен 51,7 миллиард теңге (РБ – 10,4 миллиард теңге; ОБ – 28,6 миллиард теңге; «Ауыл – Ел бесігі» – 10,6 миллиард теңге, субвенция – 6,1 миллиард теңге) бөлініп, құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы 288 нысан немесе 1245,1 шақырым жолдар мен көшелер қамтылды. Жыл қорытындысына сәйкес,  201 нысан немесе 827,4 шақырым пайдалануға беріледі деп көзделіп отыр.

Облыстық маңызы бар жолдарға 20,1 миллиард теңге (РБ — 9,3 миллиард теңге, ОБ – 10,8 миллиард теңге) бөлініп, 24 нысан немесе 219,3 шақырым жол құрылыс-жөндеу жұмыстарымен (жыл қорытындысына сәйкес, 17 нысан немесе 105,6 шақырым жол, 7 көпір, 1жарықтандыру пайдалануға беріледі) қамтылды.

Аудандық маңызы бар жолдарға 3,6 миллиард теңге (ОБ 3,6 миллиард теңге) бөлініп, 24 нысан немесе 130,7 шақырым жол құрылыс, күрделі және орташа жөндеу жұмыстарымен (13нысан немесе 53,7 шақырым жол пайдалануға беріледі) қамтылды;

Елді мекен көшелеріне – 240 нысан 885,6 шақырым көшелерді жөндеуге 28,0 миллиард теңге (РБ – 1,1 миллиард теңге; ОБ – 10,2 миллиард теңге; «Ауыл – Ел бесігі» – 10,6 миллиард теңге; субвенция – 6,1 миллиард теңге) бөлінді. Оның ішінде ОБ және АЕБ есебінен – 21,0 миллиард теңгеге 131 жоба немесе 561,8 шақырым жөндеу жұмыстарымен қамтылуда (жыл қорытындысына сәйкес, 119 нысан немесе 509,0 шақырым пайдалануға беріледі). Субвенция есебінен 109 жоба немесе 323,8 шақырым көшелер қамтылды. Жыл қорытындысына сәйкес, 83 нысан немесе 283,1 шақырым жол пайдалануға беріледі.

2025 жылы жалпы пайдаланымдағы облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін 93,7%-дан 95%-ға, ал, елді мекен көшелерін 74%-дан 78%-ға жеткізу жоспарланған. Осы бағытта келесідей жұмыстар атқарылуда.

Түркістан облысы бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 17 692 шақырым құрайды. Республикалық маңызы бар жолдар – 678 шақырым (жақсы жағдайда 95%); облыстық маңызы бар жолдар – 3983 шақырым (жақсы жадайда 93,7%); аудандық маңызы бар жолдар – 1 726 шақырым (жақсы жағдада 93,7%); елді мекен көшелері – 11 305 шақырым (жақсы жағдайда 74%).

Келес ауданында мемлекетке қайтарылған активтер есебінен келестегі 2 елді мекен сапалы ауыз сумен қамтылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елді мекендерді 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы аясында Түркістан облысында маңызды инфрақұрылымдық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бүгін Келес ауданындағы Кеңдала мен Көгерту елді мекендерінде су нысандары ел игілігіне берілді.

Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов Келес ауданына жұмыс сапары барысында Ақтөбе ауылдық округіне қарасты Кеңдала және Көгерту елді мекендерінде салынған ауыз су нысандарының ашылу салтанатына қатысып, тұрғындарды құттықтады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қайтарылған активтер қаражаты халық игілігіне бағытталып жатқанын атап өтті. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдарға ауыз су нысандарының сапалы жұмысын қамтамасыз етіп, тұрғындарға үздіксіз қызмет көрсету бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.

Іс-шара барысында Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев тұрғындарды маңызды әлеуметтік нысандардың іске қосылуымен құттықтап, қуанышын бөлісті. Алдағы уақытта да тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған инфрақұрылымдық жобалар жалғасын табатынын жеткізді.

Жаңа ауыз су нысаны арқылы Кеңдала елді мекеніндегі 102 тұрғын үй, 502 тұрғын таза әрі сапалы ауыз сумен қамтылды. Ал Көгерту елді мекенінде іске қосылған нысан арқылы 91 тұрғын үйдің 611 тұрғыны орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылды. Бұл ауыл халқының тұрмыс сапасын арттырып, санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруына оң әсер етуде.

Жалпы, Келес ауданы бойынша 13 елді мекенді ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарланған. Қазіргі таңда 12 ауыз су нысанының құрылысы жүргізіліп, олардың басым бөлігінде құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталуға жақын. Жобалар толық іске асқан жағдайда аудан тұрғындарын ауыз сумен қамту деңгейі айтарлықтай артады.

Түркістан облысында 801 елді мекеннің 763 елді мекені (7 қала, 756 ауылдық елді мекен) ауыз сумен қамтамасыз етілген. Облыста ауыз сумен қамтамасыз етілмеген 38 ауылдық елді мекен (халық саны – 31,4 мың адам) қалып отыр.

Осы мақсатта 2025 жылға 30 елді мекеннің (Сарыағаш-9, Келес-13, Қазығұрт-1, Ордабасы-3, Отырар-2, Бәйдібек-2) құрылыс жұмыстарын жүргізуге бюджеттен 19,7 миллиард теңге (ҰҚ — 0,5 миллиард теңге, РБ — 1,5 миллиард теңге, ОБ — 4,6 миллиард теңге, СГФ — 13,1 миллиард теңге) бөлінді.

 Бүгінгі күнге, 10 айдың қорытындысына сәйкес, 21 елді мекенде (Сарыағаш-8, Келес-5, Ордабасы-3, Қазығұрт-1, Отырар-2, Бәйдібек-2) құрылыс жұмыстары аяқталды.

2025 жылдың қорытындысына сәйкес, облыстағы 801 елді мекенді (7 қала, 794 ауылдық елді мекен) 100% ауыз сумен қамту жоспарлануда.

Сонымен қатар сумен жабдықтау желілерінің жалпы ұзындығы 14 903,0 шақырымды құрайды, оның ішінде 5 177,3 шақырым немесе 34,7% тозығы жеткен.

Тозығы жеткен су құбырларының тозу деңгейін төмендету мақсатында, 2025 жылы бюджет есебінен 1 866,1 миллион теңге бөлініп, қорытындысына сәйкес,  9 елді мекендегі тозығы жеткен 247,1 шақырым су құбыры желілерін жаңарту жоспарланған. Нәтижесінде, тозығы жеткен су құбырларының ұзындығы 4 930,2 шақырымды құрап, тозу деңгейі 33,1%-ға төмендету жоспарлануда.

Облыста ауыз сумен қамтылған бірнеше елді мекендерде жер асты суларының төмендеуінен, кермектілігі жоғары болуынан, су құбырларының тозуына байланысты 192 елді мекенге (530,9 мың тұрғын) ауыз су кестемен берілуде. Соның ішінде, 121 елді мекендегі (354,8 мың тұрғын) оқшау су жүйелері аудан, қала әкімдіктерінің меншігінде болса, 71 елді мекендегі (176,1 мың тұрғын) топтық су жүйелері министрлікке қарасты «Қазсушар» РМК-ның теңгерімінде. Аталған елді мекендерді тәулік бойы 24 сағат ауыз сумен қамтамасыз ету үшін іс-шара жоспары бекітілді. 2025 жылы 30 елді мекеннің мәселесі шешіліп, тәулік бойы ауыз сумен қамтамасыз етілетін болады. 

Бекітілген іс-шара жоспарына сәйкес, әрбір елді мекеннің шешу жолдары қарастырылып, қажетті қаржылары есептеліп, жобаларды қаржыландыру үшін республикалық және облыстық бюджетке ұсынылды.

Айта өтейік, елімізде жерүсті және жерасты суы туралы деректерді біріктіретін Ұлттық ақпараттық жүйе әзірленіп жатыр. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов айтты.

— Былтыр жерасты суының әлеуетін толық пайдалану мақсатында жерасты суын барлау, зерттеу және игеру мәселелерімен айналысатын Ұлттық гидрогеологиялық қызмет қайта құрылды. Бүгінгі күні Қазақстанның жерасты суының барланған қорларының жалпы көлемі тәулігіне 43,2 миллион текше метр деп бағаланады. Бұл оларды стратегиялық ресурсқа айналдырады, — деді министр. 

Сонымен қатар ол Мемлекет басшысының су ресурстарын цифрлық платформа арқылы басқару жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында министрлік жерүсті және жерасты суы туралы деректерді біріктіретін Ұлттық ақпараттық жүйені әзірлеп жатқанын айтты. 

— Платформа спутниктік мониторинг, гидробекеттер, жедел есептілік, ведомстволық статистика және есептеу құрылғыларының мәліметтерін біріктіреді. Жобаны 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр, — деді Нұржан Нұржігітов.

Түйіндей айтсақ, Президенттің жыл соңына дейін халықты ауызсумен 100% қамтамасыз ету туралы тапсырмасы мұқият бақыланып отыр. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов есептік кездесуде айтып берді. Вице-министр 90 қаланың 73-і орталықтандырылған сумен жабдықталғанын, ал қалған 17-сі 2025 жылдың соңына дейін қамтамасыз етілетінін атап өтті.

— 6 148 ауылдың 5 685-і сумен қамтамасыз етілген, қалған 463 ауыл жоспар бойынша қосылады, ал 255 ауылға орталықтандырылған сумен жабдықтау жобалары жоспарланып отыр. Қалалар мен ауылдардағы сумен жабдықтау және су бұру жүйесін дамыту жобаларына республикалық бюджеттен 241 млрд теңге бөлінді, — деді Қуандық Қажкенов елордада Конгресс орталықта.

Өткен жылы Президент жолдауы аясында Энергетика және коммуналдық шаруашылық салаларын жаңғыртудың ұлттық жобасы мақұлданды. Ұлттық жобаның негізгі мақсаттарының бірі — шамамен 13 триллион теңге инвестиция тарту арқылы ел бойынша желінің тозуын 40%-ға төмендету.

— Министрлік жалпы құны 1 триллион теңге болатын шамамен 8 мың шақырым сумен жабдықтау және кәріз желілерін жаңғыртуды және 0,8 триллион теңге болатын 45 кәріз-тазарту құрылысы жобасын жоспарлап отыр, — деді Қуандық Қажкенов.

Қазіргі уақытта Атырау, Ақтау, Қарқаралы, Леңгір, Қаражал және Қызылорда қалаларында кәріз-тазарту құрылысы жобаларын қайта құру және құрылыс жұмыстары істеліп жатыр. Ақтау мен Леңгірдегі кәріз-тазарту құрылысы жобаларын осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Ал Атырау, Қызылорда және Шымкент қалаларында кәріз-тазарту құрылыстары 2026 жылы пайдалануға беріледі.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You