Түркістан облысы: Кентау қаласында көктемгі дезинфекция жұмыстары басталды

Loading

Кентау қаласы аумағында ауыл шаруашылығы жануарлары ұсталатын қора-жайлар мен іргелес аумақтарда көктемгі залалсыздандыру жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр.

Аталған іс-шаралар жыл сайын екі рет – көктем және күз мезгілдерінде ұйымдастырылады. Арнайы қорасы бар және ауыл шаруашылығы жануарларын ұстайтын тұрғын үйлер үшін бұл жұмыстар мемлекет есебінен тегін жүргізіледі.

Айта кетейік, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы – аса қауіпті жұқпалы аурулардың бірі. Ол кене шаққан кезде немесе кененің қаны адамның терісіне не шырышты қабатына тиген жағдайда жұғуы мүмкін. “Осыған байланысты қала тұрғындарын сақтық шараларын қатаң сақтауға, аула мен қора-қопсыны таза ұстауға, сондай-ақ мал қалдықтарын дер кезінде тазалауға шақырамыз”, — дейді сала жауаптылары.

Орайы келгенде қоса кетер тағы бір мәселе, Шардара қаласындағы Сырдария өзені бойында шіркейлерге қарсы кешенді дезинсекциялық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ғылыми сүйемелдеу тобының зерттеулері нәтижесінде шіркейлердің даму сатылары жүйелі түрде анықталып, соның негізінде тиімді күрес шаралары 20 сәуірден басталды. Қолданылып жатқан биопрепарат – «Бактидон». Бұл биопрепарат тек шіркей дернәсілдеріне әсер етеді және судағы басқа тіршілік иелеріне зиянсыз. Шардара ауданы бойынша дәрілеу жұмыстары өзен арнасы бойымен әр 20-25 шақырым қашықтықта 6 учаскеде жүргізіліп жатыр. Көксарай аумағында арнайы мобильді ерітінді дайындайтын қондырғы үздіксіз жұмыс істеп, өзенге құятын негізгі учаскелерге препараттардың уақытылы жеткізілуін қамтамасыз етуде.

Жалпы, бұл жұмыстарға 17 техника, 10 қайық және 28 білікті маман жұмылдырылған. Белгіленген учаскелердегі зерттеу және залалсыздандыру шараларының сапасы жергілікті әкімдік тарапынан тұрақты бақылауда ұстап отыр.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You