Түркістан облысы: Төлеби ауданындағы тасқын салдары бақылаға алынып, жағдай тұрақталды

Мамырдың 3-і күні Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов Ақмешіт туристік аймағына арнайы барып, су тасқынының салдарын жан-жақты тексерді. Оқиға орнында мамандармен бірге ахуал бағаланып, тасқынның себептерін анықтау және зардаптарын жою бойынша нақты тапсырмалар берілді. Сонымен қатар алдағы уақытта мұндай жағдайлардың алдын алу, қауіпсіздікті күшейту және инфрақұрылымды нығайту бойынша кешенді шаралар әзірлеу тапсырылды.

Ауа райының күрт өзгеруі салдарынан болған нөсер жауын Ақмешіт өзеніндегі су деңгейін көтеріп, демалыс аймағын пикник аумағымен байланыстыратын екі уақытша көпірді шайып кеткен. Сондай-ақ Екпінді елді мекені маңындағы өткелге зақым келген.

Сонымен қатар, Алатау ауылдық округінде су тасқыны салдарынан бірнеше көпірді су шайып кеткен. Нәтижесінде 38 автокөліктегі 81 азамат эвакуацияланып, Шымкент қаласына жеткізілді. Жалпы аудан бойынша зардап шеккендер тіркелген жоқ. 

Төтенше жағдайлар қызметі мен жергілікті билік жедел әрекет етіп, адамдарды қауіпсіз жерге көшіру жұмыстарын уақытылы жүргізді. Қазіргі таңда жағдай бақылауға алынған, демалыс аймағында қалған көліктер толық шығарылған. Қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр. Мамандар тұрғындарды ауа райы қолайсыз кезде қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You