![]()
Түркістан облысы аумағында қысқы маусымда қызмет көрсететін мекемелерде бас-аяғы 139 бірлік техника, 4 200 тонна – тұз, 15 190 тонна – құм, 377 тонна – дизель, 196 тонна – бензин, 160 тонна – көмір, 1 225 дана «Тайғақ жол» ескертуші тақтайшалары дайындалған. Қар құрсауында және күрделі метеожағдайларда зардап шеккендерге көмек көрсету үшін 14 жылыту пункті бар. Бұл туралы баспасөз жиынында Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментіне қарасты Төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Дәурен Жүсіпов мәлімдеді.
«Облыс аумағында қар қалың жауатын жол аумақтарының жалпы ұзындығы 404,4 шақырымды құрайды. Осы орайда Бәйдібек және Созақ аудандарындағы облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының бойындағы асуларда 4 жылыту бекеті орналасқан. Аталған жылыту бекеттері қазіргі таңда 70 тонна көмір отынымен қамтамасыз етілген және тәулік бойына бекетті жылы күйде ұстау үшін кезекшілік ұйымдастырылған. Жылыту бекеттері бір мезгілде 60 адамды қабылдай алады. Қазіргі таңда департаменттің жол талғамайтын техникалары кезекшілікке қойылды. Сондай-ақ, облыс аумағында республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында жалпы 3 трассалық-медициналық құтқару пункті бар, оларды қажет болған жағдайда жылыту пункттері ретінде пайдалануға болады. Сонымен қатар, облыс аумағында төтенше жағдай аймақтарынан жедел ақпарат алмасу мақсатында департаменттің 8 бірлік спутниктік телефоны жұмыс істейді. Биыл қыс кезеңінде облыс аумағындағы республикалық, облыстық жолдар 23 рет уақытша жабылып, қар құрсауынан 135 адам құтқарылып, жылыту бекеттеріне эвакуацияланды», — дейді сала басшысы.
Сондай-ақ, брифинг барысында Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Мейрамхан Кемелханов қыс мезгіліндегі өрт қауіпсіздігі туралы баяндама жасады.
«Биыл облыс көлемінде 443 өрт оқиғасы тіркелді. Оның ішінде, 263 өрт тұрғын үйде орын алған. Тұрғын үйдегі өрттердің жалпы шығыны — 509 миллион 322 мың теңге. Өрттің шығу себептерінің басым бөлігі электр сымдарының қысқа тұйықталуы әсерінен орын алған. Өрт салдарынан 21 адам қайтыс болып, 18 адам жарақат алды. Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаменті Полиция департаменті тарапынан бірлескен түрде жаңа жылдық мерекелерді дайындау және өткізу кезеңінде профилактикалық іс-шаралар жоспары бекітіліп, аталған жоспар бойынша жұмыстар қарқынды түрде жүргізілуде. Облыс аумағында газ баллондарын көлік құралдарында заңсыз пайдалану фактілерін анықтау мақсатында 51 рейдттік іс-шара ұйымдастырылды. Нәтижесінде қауіпсіздік талаптарын бұзудың 37 дерегі анықталып, тиісті әкімшілік шаралар қабылданды. Сонымен қатар, жоспарға сәйкес 20-31 желтоқсан аралығында «Пиротехника» акциясын облыс көлемінде өткізіледі», — дейді спикер.
Фейерверктерді заңсыз сату 25 АЕК көлемінде айыппұлға әкеледі
Атап өту керек, Жаңа жыл мерекесі кезінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және азаматтық пиротехникалық бұйымдарды қолдану кезінде заң талаптарының сақталуын бақылау мақсатында «Пиротехника» арнайы шарасы өткізіліп жатыр. Ішкі істер министрлігі таратқан мәліметке сенсек, еліміз бойынша өткізіліп жатқан шараға 1 мыңнан астам бірлескен рейдтік топ қатысып, 2 мыңнан астам рейдтік іс-шара ұйымдастырылыпты. Оның нәтижесінде пиротехникалық бұйымдардың айналымын бұзудың 90-ға жуық дерегі тіркелді. Оның ішінде тауарларды немесе басқа заттарды заңсыз сату бойынша 84 дерек және елді мекендерде, сондай-ақ арнайы бөлінбеген орындарда пиротехникалық бұйымдарды қолдану арқылы қоғамдық тыныштықты бұзу бойынша 5 дерек анықталды.
Құқық бұзушылардан 705-тен астам дана және 100-ге жуық қорап сертификатталмаған пиротехникалық өнім тәркіленді. ІІМ ескертетіндей, пиротехникалық бұйымдарды тек лицензиясы бар мамандандырылған дүкендерден немесе стационарлық сауда павильондарынан сатып алу қажет. Сатып алу кезінде өнімге сәйкестік сертификатын талап ету керек, әрбір бұйымда мемлекеттік және орыс тілдерінде толық қолдану нұсқаулығы болуы тиіс. Нұсқаулыққа назар аударып, сақтау мерзімін тексеру маңызды; мерзімі өткен өнімді пайдалану қатаң тыйым салынады.
«Мереке күндеріңіз қауіпсіз болсын. Қауіпсіздік – қарапайым қағидалар сақталған жерден басталады», – дейді ІІМ ӘПК-нің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова.
Жаңа жыл жақындаған сайын отшашу мәселесі қайта көтеріледі. Әдемі көрініс пен көңілді сәттің артында қауіп те бар. Осыны ескерткен Ішкі істер министрлігі мереке күндері пиротехниканы бейберекет қолданғандарға айыппұл салынатынын еске салды.
Сенат кулуарында журналистердің сұрағына жауап берген Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха жаңа жыл кезінде «фейерверк» қолдану тәртібі қатаң бақылауда болатынын айтты. Оның сөзінше, заң талаптары сақталмаса, жауапкершілік қарастырылған және ол нақты айыппұлдармен өлшенеді.
И. Лепеха пиротехникаға қатысты талаптарды ашық түсіндірді. Ол заңсыз саудаға да, қолдану тәртібіне де бірдей жауапкершілік барын атап өтті. Оның айтуынша, фейерверктерді заңсыз сату 25 АЕК көлемінде айыппұлға әкеледі. 2025 жылғы есеп бойынша бұл шамамен 92 мың теңге. Ал тыйым салынған жерлерде пиротехниканы қолданғандар 20 АЕК төлейді әрі өнім тәркіленеді.
Министрдің орынбасары балалардың қауіпсіздігіне ерекше тоқталды. Егер 16 жасқа толмаған бала отшашу атса, айыппұл оның ата-анасына салынады және ол 20 АЕК көлемінде болады. Ал осы заңбұзушылық бір жыл ішінде қайта қайталанса, айыппұл 30 АЕК-ке дейін өседі. Игорь Лепеха бұл талаптар жай ғана формалдылық емес екенін айтты.
«Жыл сайын пиротехника салдарынан адамдар жарақат алады, өрт шығады, мүлікке зиян келеді. Сондықтан бұл мәселе әр жаңа жыл сайын қайталанып отырады. Фейерверктерді балалардың қолына бермеу керек және қауіпсіз жерде сақтау қажет», — деді ол.
Министрлік өкілі кәсіби салют пен тұрмыстық пиротехниканың айырмашылығын да түсіндірді. Лепеханың айтуынша, кәсіби салюттерді іске қосу үшін міндетті түрде лицензия қажет. Ал тұрмыстық пиротехниканы қолдануға рұқсат бар, бірақ бір шартпен. Ол көршілердің тыныштығын бұзбауы тиіс.
Егер тұрғындар тарапынан шуға немесе қауіпке қатысты шағым түссе, полиция міндетті түрде әрекет етеді. Бұл жағдайда құқық қорғау органдары мереке деп қарамайды, заң талабына сай шешім қабылдайды.
Айта кету керек, бұған дейін Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов те жаңа жыл қарсаңында және мерекені тойлау кезінде қандай фейерверктер үшін айыппұл салынатынын мәлімдеген еді. Яғни, бұл мәселе министрлік деңгейінде бірнеше рет көтеріліп отыр.
Жалпы алғанда, жаңа жылдық көңіл күй қауіпсіздікпен бірге жүруі керек. Отшашу атамын деп заңды бұзғандар айыппұлмен бетпе-бет келеді. Ал талапты сақтағандар үшін мереке тыныш әрі қауіпсіз өтпек.
Қауіпсіздік демекші, «Қазгидрометтің» мәліметінше, алдағы күндері облыс аумағында ауа температурасының күрт төмендеуі күтілуде. Осыған байланысты Төтенше жағдайлар департаменті азаматтарды тұрғын үй-жайларды жылыту кезінде өрт қауіпсіздігі шараларын қатаң сақтауға шақырады.
Атап айтқанда:
— пеш жүйелерінің, электр және газ жабдықтарының жарамдылығын тексеру;
— тек жарамды құрылғыларды қолданыңыз;
— жылыту жабдықтарның қызып кетпеуін бақылауға алу және электр жүйесіне қосылған аспаптарды қараусыз қалдырмау;
— жанғыш материалдарды пештен қауіпсіз қашықтықты сақтау;
— қолдан жасалған немесе ақаулы жылытқыштарды пайдаланудан бас тарту;
— мұржалардың жарамдылығын қамтамасыз ету және қажет болған жағдайда оларды тазарту.
Төтенше жағдайлар департаменті жылыту аспаптарын дұрыс пайдалану – өрттің алдын алудың және суық мезгілде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды шарты екенін ескертеді.
«Қыс–2025» республикалық оқу-жаттығуы қысқы маусымға дайындықты тексеруге арналған
Мақтаарал ауданында қысқы маусымға дайындықты тексеруге арналған «Қыс–2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өткізілді. Бұл шара Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары З.Жолдасовтың 6 қарашадағы №39/12986 хатына сәйкес ұйымдастырылды.
Оқу-жаттығуға ауданның азаматтық қорғау қызметтері, төтенше жағдайлар бөлімшелері, коммуналдық мекемелер, медициналық жедел көмек және құқық қорғау органдарының мамандары қатысты. Жаттығуды Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Бижан Анарбеков арнайы бақылап, сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.
Шара барысында қысқы маусымда туындауы мүмкін төтенше жағдайларға дайындық тексерілді. Атап айтқанда:
— авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру,
— автожолдардағы қысқы жағдайларға әрекет ету,
— тұрғындарды қауіпсіз аймаққа эвакуациялау,
— жылу жүйелеріндегі ақауларды жою,
— медициналық жедел көмектің жұмыс алгоритмін орындау,
— коммуналдық қызметтердің дайындық деңгейін тексеру.
Оқу-жаттығу қызметтердің өзара үйлесімді жұмысын арттырып, қыс маусымында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған нақты шараларды бекітуге мүмкіндік берді. Мақтаарал ауданы әкімдігі мұндай жаттығулардың маңызды екенін атап өтті.
Бұдан бөлек Түркістан облысында қысқы маусымда туындауы мүмкін төтенше жағдайларға дайындық деңгейін пысықтау мақсатында Қазығұрт ауданында да «Қыс–2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы ұйымдастырылды.
Іс-шара азаматтық қорғаудың мемлекеттік және аумақтық жүйелерінің өзара іс-қимылын жетілдіруге, сондай-ақ қысқы кезеңде болуы ықтимал қатты аяз, боран, көктайғақ, жол-көлік оқиғалары сияқты төтенше жағдайлар кезінде жедел әрекет ету қабілетін нығайтуға бағытталды.
Оқу-жаттығуға облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері, азаматтық қорғау қызметтері, шұғыл ден қою жасақтары мен арнайы техникалар тартылды. Қатысушылар қар құрсауында қалған көліктерді эвакуациялау, жолдарды тазалау, зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсету, байланыс пен басқару жүйесін үйлестіру сияқты іс-қимылдарды іс жүзінде орындады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл оқу-жаттығу алдағы қыс мезгіліне дайындықты нақты бағалап, әлсіз тұстарды анықтауға және қызметтердің өзара әрекеттесуін күшейтуге мүмкіндік берді.
Түркістан облысының орталығында қысқы маусымға арнайы техникалар толық дайын
Қазіргі таңда Түркістан қаласындағы жолдарының жалпы ұзындығы 845 шақырымды құрайды. Оның ішінде 125,61 шақырымы – бірінші кезекте қардан тазаланатын және инертті материалдар себілетін орталық учаскелер. Биыл қаладағы асфальт жолдардың көлемі 66,7 пайызға дейін артқан.
Қысқы маусымға дайындық мақсатында «Түркістан Жарық Тазалық» ЖШС, «Жасыл ел» ЖШС, «Түркістан Су» МКК және «SK Geokard» ЖШС мекемелері 12 КДМ және 18 тракторды әзірлеген. Бұдан бөлек, инфрақұрылым, құрылыс және жол бөлімдері, «Жасыл Түркістан» КММ және «Жол қызметі» мекемелері тарапынан 10 жүк тиегіш пен 22 «Камаз» техникасы дайын.
Қар тазалау және көктайғақтың алдын алу жұмыстарына жалпы 52 арнайы техника мен 550 қызметкер жұмылдырылмақ. Қажетті материалдар қоры да жеткілікті. Инертті материалдардан 310 тонна құм және 500 тонна тұз қоры дайын.
Магистральды көшелерді қардан тазалау үш бағыт бойынша жүзеге асырылады. Сонымен қатар 31 қосымша көше, 5 саябақ, Әкімшілік-іскерлік орталық аумағы, Рухани-мәдени орталық және Б.Саттарханов даңғылы бойындағы желілік саябақтар белгіленген кезекпен қардан тазартылады.
Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы коммуналдық ұйымдардың жұмыс базаларын аралап, техникалардың жарақтандырылуы мен қолжетімділігін, сондай-ақ қысқы кезеңге дайындық барысын тексерді. Қала аумағында қар тазалау, көктайғақтың алдын алу және жедел әрекет ету шараларының нақты жоспарын пысықтап, жауапты мекемелерге дайындықты күшейтуді тапсырды.
Түркістан облысында қысқы жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшіне техника мен материал қоры жеткілікті
Түркістан облысында 2025–2026 жылдардағы қысқы кезеңде жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Оңтүстік жолдары» ШЖҚ МКК тарапынан дайындық жұмыстары толық аяқталды. 2025 жылғы күзгі бақылау нәтижелері бойынша облыстық маңызы бар жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 3919,04 шақырымды құрайды. Оның ішінде, 1943,3 шақырым бірінші кезекте қардан тазаланатын және құм-тұз қоспасы себілетін учаскелер. 434 шақырым – қар басу қаупі жоғары таулы аймақтардағы жолдар.
Қысқы маусымда тәулік бойы үздіксіз жол қатынасын қамтамасыз ету үшін кәсіпорын тарапынан 127 жұмысшы және 70 арнайы техника толық дайындыққа келтірілді. Қар күреу және көктайғақтың алдын алу мақсатында жеткілікті көлемде инертті материал қоры жасақталды: 6100 текше метр құм, 860 тонна тұз. Сонымен қатар желтоқсан айына қажетті қосымша қор: 2010 текше метр құм,
490 тонна тұз көлемінде қамтамасыз етілді.
Арнайы техникаларға арналған жанар-жағармаймен үздіксіз қамтамасыз ету үшін тиісті бекеттермен келісімшарттар жасалып, қысқы кезеңге дизель отыны мен бензин дайындалды. «Оңтүстік жолдары» кәсіпорны қыс мезгілінде жолдардың ашық әрі қауіпсіз болуын қамтамасыз ету үшін тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырып, барлық қажетті шараларды жүзеге асыруды жалғастыра бермек.
Облыстық маңызы бар автомобиль жолдары қысқы маусымға сақадай сай
Түркістан облысы аумағындағы жалпы пайдаланымдағы облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының ұзындығы 3919,04 шақырымды құрайды. Оның ішінде, бірінші кезекте қардан тазаланатын және инертті материалдар себілетін жолдар 1943,3 шақырым болса, таулы аймақтарда орналасқан, қар қатты басып қалу қаупі жоғары учаскелер – 434 шақырым. Облыстық маңызы бар автомобиль жолдары бойынша 2025-2026 жылдар аралығындағы қысқы дайындық жұмыстарын «Оңтүстік жолдары» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны жүргізуде.
Түркістан облысында 2025–2026 жылдар аралығындағы қыс мезгілінде үздіксіз жол қатынасын ұйымдастыру және қауіпсіз жол қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында 127 жұмысшы жұмылдырылуда және 70 дана арнайы техника толық дайын. Жолдарды дер кезінде тазалау және көктайғақтың алдын алу үшін қажетті инертті материалдардан 6100 текше метр құм, 860 тонна тұз дайындалуда. Сонымен қатар желтоқсан айына жеткілікті 2010 текше метр құм және 490 тонна тұз қоры бар. Арнайы техникаларға пайдаланылатын жанар-жағармай отынымен қамтамасыз ету мақсатында жанар-жағармай бекеттерімен келісімшарттар жасалып, жалпы 25 тонна дизель, 15 тонна бензин отыны әзірленді.
Қыс мезгілінде тайғақ қаупі жоғары аймақтар белгіленді. Сол учаскелерге 760 «тайғақ жол» белгісі орнатылып, инертті материалдардың үйіндісі жасалды.
Төтенше жағдайлардың алдын алу және қажет жағдайда шұғыл іс-шараларды ұйымдастыру мақсатында құзырлы органдармен бірлесе шұғыл әрекет ету іс-шара жоспары әзірленді. Сонымен қатар қосалқы мердігерлермен төтенше жағдай туындаған жағдайда күш және техникамен қамтамасыз ету жөнінде меморандумдар жасалды. Жолдарды тәулік бойына бақылауда ұстау мақсатында кезекшілік кестесі бекітілді.
Ауа райының қолайсыз мезгілінде жолда қалып қойған жолаушыларға көмек көрсету мақсатында облыстық маңызы бар автомобиль жолдары бойында 4 жылыту бекеті ұйымдастырылған. Нақтырақ айтқанда, Бәйдібек ауданында «Шыбықбел», «Одаманбұлақ» жылыту бекеттері, Созақ ауданында «Ащысай», «Таскөмірсай» жылыту бекеттері бар. Бұл жылыту бекеттерін жылы күйде ұстау үшін 70 тонна көмір дайындалып, тәулік бойына кезекшілік қойылды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
