Түркістан облысында энергетика саласына еңбегі сіңген қызметкерлерге құрмет көрсетілді

Түркістан қаласында Энергетиктер күніне арналған мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Іс-шара барысында сала мамандарына құрмет көрсетіліп, облыстың дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан еңбеккерлер марапатталды.

Салтанатты жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов арнайы қатысып, сала мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтады.

– Құрметті энергетика саласының қызметкерлері мен ардагерлері! Cіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Энергетика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев инфрақұрылымды жаңғырту, энергетикалық қауіпсіздікті күшейту, жаңа қуат көздерін дамыту – негізгі стратегиялық міндет екенін атап өтті. Энергетика – өңірдің тұрақты дамуын айқындайтын маңызды бағыт. Облыста бұл бағытта жүйелі түрде жұмыстар жүргізілуде. Өңірлерге жарық пен жылудың үздіксіз берілуі, өндіріс орындарының қалыпты жұмыс істеуі, әлеуметтік нысандардың толыққанды қызмет атқаруы – сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасы деп білемін. Сіздердің халыққа жарық пен жылу жеткізу жолындағы қызметтеріңіз әрдайым құрметке лайықты. Біз бүгін саладағы үздік мамандарды арнайы марапаттайтын боламыз. Бұл – еңбектеріңізге деген шынайы алғыс пен құрметтің айқын белгісі. Сіздердің жауапкершіліктеріңіз ең жоғары кәсіби қызыметтеріңіздің арқасында өңірімізде энергетиалық қауіпсіздік мен тұрақтылық қамтамасыз етіліп келеді. Баршаңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс тілеймін, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.

Мерекелік шарада Зұлпыхар Жолдасов өңірдің дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан бірқатар еңбек адамына Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің «Электр энергетикасы саласына қосқан үлесі үшін» медалін, «Еңбек сіңірген энергетик» және «Құрметті энергетик» төсбелгілерін табыс етті. Сонымен қатар сала үздіктері Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің «Құрметті энергетик» Құрмет граммотасымен, облыс әкімінің Алғыс хатымен және облыс әкімінің бірінші орынбасарының Алғыс хатымен марапатталды.

Сонымен қатар Түркістан облысы мәслихат депутаты Баймахан Сүлейменов сала мамандарын кәсіби мерекемен құттықтап, бірқатар азаматқа Облыс мәслихатының Грамотасын табыстады. Сонымен қатар Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Роза Сариева сала мамандарына алғысын жеткізіп, аяндай еңбек етіп жүрген азаматтарды Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының Алғыс хатымен марапаттады.

Марапатталған азаматтардың қатарында электргаз дәнекерлеушісі, инженер, тас қалаушы, менеджер, қосалқы станция қызметінің аға шебері, сылақшы-бояушы, электрослесарь, оператор сияқты еңбек адамдары бар.

Жалпы, Түркістан облысында халықты қажетті инфрақұрылыммен қамту бағытында ауқымды шаралар атқарылуда. Биыл Төлеби, Жетісай аудандарында инвестициялық климатты жақсартуға бағытталған 110 киловольттық «Алатау», «Жетісай» қосалқы станциялары іске қосылды. Сонымен қатар Ордабасы, Түлкібас аудандарында 220 киловолттық «Бадам», «Хим комплекс» қосалқы станцияларының құрылысы іске асырылуда. Жақында Сауран ауданында қуаты 300 мегаваттық күн электр станциясының құрылысы басталды.

Одан бөлек, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС осы жылы инвестициялық бағдарламаға сәйкес, 6 дана 110-35 кВ-тық қосалқы станция, 357 шақырым электр желісіне, 89 трансформатор қондырғыларына қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Түркістан облысында өндірілетін электр энергия көлемін ұлғайту мақсатында 2025-2028 жылдары Сайрам ауданында 1 000 МВт бу-газ стансасы, Түлкібас ауданында 320 МВт, Кентау қаласында 240 МВт (МЖӘ арқылы) газ турбина стансаларын салу көзделген. Оған қоса, 2026-2028 жылдары Сауран ауданында қуаты 485 МВт (2 жоба) күн, Бәйдібек ауданында қуаты 350 МВт жел электр стансаларын салу жоспарлануда. 2025 жылы Төлеби ауданында 110 кВ «Алатау» (іске қосылды), Жетісай ауданында 110 кВ «Жетісай» қосалқы стансаларының (республикалық және облыстық бюджеттер есебінен) іске қосылады.

Сонымен қатар Ордабасы ауданында 220 кВ «Бадам» қосалқы стансасының құрылысы 2025 жылдан бастап іске асырылуда. «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС 2025 жылы инвестициялық бағдарламасына сәйкес, 6 дана – 110-35 кВ-тық қосалқы станса, 356,8 шақырым – 110–0,4 кВ электр желісін, 89 дана – 10/0,4 кВ трансформатор қондырғыларына қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы шеңберінде 2025-2026 жылдарға 4,6 миллиард теңге қаралып, 48,7 шақырым құрайтын жоғары кернеулі әуе электр желілерін реконструкциялау жұмыстары іске асырылуда. «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» Ұлттық жобасы шеңберінде «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС 2025-2029 жылдары жалпы 113,1 миллиард теңге келесі жұмыстар жоспарланған. Атап айтқанда:

— 778,9 шақырым – электр желілеріне;

— 23 бірлік – қосалқы стансаларына;

— 343 бірлік – трансформаторға реконструкциялау жоспарланған.

Сонымен қатар Сайрам ауданында 220 кВ «Ақсу», Сарыағаш ауданында, «Жібек жолы», Отырар ауданында «Шәулдір» қосалқы стансалардың құрылысы жүргізіледі. Сонымен қатар энергетика саласында цифрландыруды іске асыру мақсатында, 146 қосалқы стансаға жоғарғы деңгейдегі 959 дана және төменгі деңгейдегі 92 913 дана «АСКУЭ» есептегіш құралдарын орнату қарастырылған. Нәтижесінде, 2029 жылға қарай электр желілері мен стансалардың тозу деңгейі 57%-дан 52,8%-ға төмендеп, қосымша 330 МВт электр энергия пайда болады деп жоспарланған.

Еске салайық, мерекенің тарихы Кеңес Одағында, 1966 жылы басталды және мемлекеттік электрлендіру бағдарламасымен байланысты. 1990 жылы 22 желтоқсанда билік КСРО электрмен жабдықтау жобасын қабылдап, энергетиктерге арналған мерекені бекітті.

Көп ұзамай мереке күні желтоқсанның 3-ші жексенбісіне ауыстырылды. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін тәуелсіз мемлекеттер өздерінің мерекелерін бекітті, бірақ Қазақстанда энергетиктер күні бұрынғыдай тойлануда. Энергетиктер күні — жылдың ең жарқын мерекелерінің бірі. Біздің өмірімізде энергияның маңыздылығын асыра айту қиын, өйткені экономиканың барлық басқа салаларының өміршеңдігі және көптеген адамдардың үйіндегі жайлылық, жылу мен жарық оған байланысты.

Қазақстан Республикасында Энергетиктер күні 1998 жылы ресми мәртебеге ие болды және кәсіби мерекелер жүйесінде энергетиктердің еңбегін мойындау күні ретінде бекітілді. Олар — елдің тұрғындарына, өнеркәсібіне және әлеуметтік инфрақұрылымына сенімді энергетикалық қамтамасыз етуді қамтамасыз ететін мамандар. Қазақстанда бұл мейрам бірнеше жыл бойы желтоқсанның үшінші жексенбісінде тойланған болатын. Алайда, 2025 жылы тарихи дәстүрге қайта оралу мақсатында 22 желтоқсан ресми мерекелік күн ретінде бекітілді.

Қазақстанда кәсіби мерекелер тізбесіне маңызды толықтыру енгізілді. Енді Энергетиктер күні жыл сайын 22 желтоқсанда ресми түрде атап өтілетін болды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Дүйсенбай Тұрғанов мәлімдеді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығымен кәсіби мерекелер тізбесі жаңартылып, Энергетиктер күнін мерекелеу күні желтоқсанның үшінші жексенбісінен 22 желтоқсанға ауыстырылды. Бұл — энергетика саласындағы мамандардың ұзақ жыл бойғы еңбегі мен күш-жігерінің нәтижесі.

«22 желтоқсан – күнтізбедегі жай ғана дата емес. Бұл – ел экономикасының тұрақтылығы мен инфрақұрылымын дамыту жолындағы энергетика саласының маңызын мойындау. Бұл бастаманың Мемлекет басшысы жариялаған «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында жүзеге асуы – ерекше мәнге ие оқиға», – дейді депутат Дүйсенбай Тұрғанов.

Депутат өз сөзінде осы тарихи датаны қайта қалпына келтіру бастамасын қолдаған мемлекеттік органдарға, энергетикалық компанияларға және әріптестеріне шынайы алғысын білдірді.

«Энергетика – бұл жай ғана кәсіп емес, бұл – бір рет таңдалған мамандыққа деген жауапкершілік пен адалдық», – деді ол.

Осылайша, энергетика саласының қызметкерлері үшін 22 желтоқсан – кәсіби жетістіктер мен ел игілігі жолындағы қажырлы еңбекті мойындаудың символына айналды. Бұл күннің 22 желтоқсанда атап өтілетін тағы бір себебі, 1920 жылы дәл осы күні электрификация жоспары бекітілген болатын. Бұл жоспар Қазақстанды қоса алғанда, тәуелсіздік алған посткеңестік мемлекеттер территориясында энергетиканың даму негізін қалады.

Қалай десек те, биыл қазақстандық энергетика саласының қызметкерлері өздерінің кәсіби мерекесін алғаш рет бұрынғыдай желтоқсан айының үшінші жексенбісінде емес, 22 желтоқсанда атап өтпек. 2025 жылғы 30 шілдедегі бұйрықпен кәсіби мерекелер тізбесі жаңа редакцияда бекітілді. Құжатқа сәйкес, Энергетиктер күнін атап өту күні желтоқсанның үшінші жексенбісінен 22 желтоқсанға ауыстырылды.

Алайда мерекенің мәні өзгерген жоқ. Бұл күні азаматтарды жылу мен жарықпен қамтамасыз ету жолында еңбек етіп жүрген қазақстандықтарды ұлықтау дәстүрге айналған. Бұл – әсірелеусіз аса маңызды міндет.

Энергетиктердің еңбегі жоғары жанқиярлықты, жауапкершілікті, технологиялық үдерістерді терең білуді талап етеді. Сондықтан осы мамандыққа өзін арнаған адамдар зор құрметке лайық. Олардың еңбегі шынымен де ең жоғары деңгейде бағаланып отыр. Мәселен, 2025 жылғы 17 желтоқсанда Ақордада өткен салтанатты іс-шарада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика саласының қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, Жұмысшы мамандықтар жылы аясында еңбек адамдарына ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, энергетика Қазақстан үшін стратегиялық маңызы бар сала болып табылады.

«Тұрақты энергия көздерінсіз қуатты мемлекет құру мүмкін емес. Энергетика секторындағы жұмыс еліміздің дамуына зор үлес қосады, өйткені сіздердің еңбектеріңіздің нәтижесін әрбір отбасы, әрбір адам сезінеді. Үйлерімізді жарық пен жылумен қамтамасыз ету – оңай міндет емес. Мен сіздердің жанқиярлық еңбектеріңізді жоғары бағалаймын және баршаңызға шынайы алғысымды білдіремін», – деді ол.

Сондай-ақ Тоқаев соңғы алты жылда электр энергиясын өндіру көлемі 16 миллиард киловатт-сағатқа артқанын атап өтті. Бұл Қарағанды облысы сияқты өнеркәсібі дамыған өңірдің жылдық тұтыну көлемімен шамалас. Қазіргі таңда Қазақстанның электр энергетикалық жүйесі жалпы орнатылған қуаты 25 гигаватт, нақты қолжетімді қуаты 21 гигаватт болатын 237 электр станциясын біріктіреді. Энергетикалық нысандар мен инженерлік-коммуналдық желілердің орнықтылығы айтарлықтай артты. Өткен жылыту маусымында технологиялық бұзушылықтар саны 27 пайызға азайды. Тоғыз жылу электр орталығы «қызыл» тәуекел аймағынан шығып, үш станция «жасыл» аймаққа өтті.

Мұның барлығы бүкіл елімізді жарық пен жылумен қамтамасыз етіп отырған энергетиктердің табанды еңбегінің арқасында жүзеге асты.

Энергетика саласында бүгінгі таңда 53 мыңнан астам маман: монтерлер, электротехниктер, инженерлер, операторлар және басқа да кәсіп өкілдері еңбек етеді.

Еліміздің Бірыңғай энергетикалық жүйесі ірі инфрақұрылымдық кешен ретінде тұрақты режимде жұмыс істеп тұр. Биыл электр энергиясын өндіру көлемін 122 млрд киловатт-сағатқа дейін ұлғайту жоспарланған (2024 жылы – 117,9 миллиард киловатт-сағат). Президент тапсырмасы бойынша электр энергетикасы саласын жаңғырту және дамыту бойынша жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыстардың нәтижесінде энергия өндіруші кәсіпорындардың жобалық қуаты мен сенімділігі артып, жылу электр стансаларының орташа тозу деңгейі 61%-ға дейін төмендеген.

«Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы генерация секторына капиталдың нақты ағынын қамтамасыз етті. Мәселен, биылдың өзінде электр стансаларын жаңғыртуға шамамен 350 миллиард теңге бағытталды. Оңтүстік аймақтың электр желісін күшейту және Батыс Қазақстанның энергия жүйелерін Бірыңғай энергетикалық жүйемен біріктіру жөніндегі жобаларды жүзеге асыру басталды.

Салаға қатысты жағымды жаңалықпен бөлісе кетсек. Қазақстанда электр энергиясының шекті тарифтері алдағы 7 жыл бойы өзгермеуі мүмкін. Осыған байланысты Энергетика министрлігі 2025 жылдың 3 желтоқсанында 2026–2032 жылдарға арналған тарифтерді бекіту тәртібіне қатысты түсініктеме берді. 2 желтоқсанда министрдің «Электр энергиясының шекті тарифтерін бекіту туралы» бұйрығының жобасы әзірленіп, онда:

«2026–2032 жылдарға арналған шекті тарифтер 2025 жылғы деңгейде бекітіледі», – деп көрсетілген еді.

Министрлік мұны түсіндіре отырып, «Электроэнергетика туралы» заңға сәйкес тарифтерді жеті жылдық кезеңге бекіту – міндетті рәсім екенін және ол 2025 жылдың соңына дейін орындалуы керектігін атап өтті.

«Бұйрық жобасындағы көрсеткіштер макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаға сәйкес жасалды. Бағаларды өсіруге мораторий енгізілгендіктен, министрліктің келесі жылдарға жоспарлы тариф өсімін нормативтік актіге енгізуге құқығы жоқ. Сондықтан құжат қазіргі бағаларды бекітеді», – дейді жауаптылар.

Сонымен бірге министрлік заңнамада шекті тарифтерді түзету механизмі қарастырылғанын еске салды. Бұл процесс энергия өндіруші ұйымдардың бастамасымен, тек объективті нарықтық факторлар өзгерген жағдайда ғана жүзеге асады.

«Осы себепті жобаны кейбір БАҚ-та «тарифтерді жеті жылға қатыру» деп түсіндіру дұрыс емес. Бұйрық қазіргі құқықтық жағдайды ғана бекітеді, ал мораторий аяқталғаннан кейін нарықтық өзгерістерді есепке алу мүмкіндігі сақталады», – деп нақтылады ведомство өкілдері.

Министрлік энергия жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету және тұтынушылардың мүддесін қорғау мақсатында тарифтерді қазіргі деңгейде ұстап тұрғанын мәлімдеді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You