Түркістан облысында кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін сақтау мен құқығын қорғау – әрқашан басты назарда

Түркістан облысының кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі штабтың кезекті отырысы өтті. Жиынға құқық қорғау органдары мен жауапты басқармалардың басшылық құрамы және аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары қатысты. Отырыс барысында атқарылған жұмыстар сараланып, алдағы жоспарлар талқыланды. Мәжілісті Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев жүргізіп, жауаптыларға жұмысты ширату жөнінде тапсырма берді.

– Балалардың құқық бұзушылығы бойынша орын алған әрбір келеңсіз жағдай аудан әкімдіктерінің тікелей бақылауында болуы тиіс. Бұл мәселеде тек тәртіптік шаралармен шектелмей, жан-жақты алдын алу шараларын жүргізу қажет. Әрбір баланың құқығын қорғау мен қауіпсіздігін сақтау – басты міндет. Сондықтан бұл бағытта жанашырлықпен әрі жүйелі жұмыс жүргізілуі қажет, – деді Ертай Кенжебекұлы.

Мәжілісте облыстық білім басқармасының орынбасары Айгүл Қасымбекова баяндама жасап, аудан, қала әкімдіктерінің жанынан құрылған штаб отырысының жай-күйіне тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі таңда тек Сарыағаш пен Келес аудандарында штаб отырысы өткен. Қалған өңірлерден тиісті ақпараттың уақытылы жолданбауы нақты шешімдер қабылдауға кері әсерін тигізуде. Бүгінде барлық аудан, қала әкімдіктері мен облыстық штаб мүшелерінің қатысуымен «WhatsApp» чаттары құрылып, орын алған жағдайларға жедел әрекет ету тетіктері жолға қойылған.

Сонымен қатар Түркістан облысында білім беру ұйымдарындағы жалпы ахуалды жақсарту және оқушыларға жаңа тәрбие стратегияларын енгізу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатта 2024-2026 жылдарға арналған кәмелетке толмағандар арасында экстремизм мен терроризмнің алдын алу жөніндегі Жол картасы әзірленіп, барлық аудан, қала әкімдіктеріне жолданды. Бүгінгі таңда облыста 1114 білім беру ұйымдары алгоритмге сәйкес, қызығушылық танытатын кәмелетке толмағандар анықтау жұмыстары жүргізілді.

Облыстық білім басқармасының орынбасары Айгүл Қасымбекова айтып өткендей, Сарыағаш ауданында кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы қазан айында өтті. Жиынды аудан әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы Алдияр Қозыбаев төрағалық етті. Іс-шараға комиссия мүшелерімен қатар, қаралатын істерге қатысы бар мектеп директорлары, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлар, ата-аналар және жергілікті полиция қызметінің өкілдері қатысты.

Күн тәртібінде кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, балалардың тәрбиесі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Аудандық полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі ювеналды полиция инспекторлары кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың қазіргі жағдайы, оның себептері мен алдын алу бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады.

Баяндамаларда жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың басым бөлігі отбасындағы бақылаудың жеткіліксіздігінен және ата-аналардың тәрбиелік жауапкершілігінің төмендігінен туындайтыны атап өтілді. Сонымен қатар, мектеп пен ата-аналар арасындағы өзара байланыс пен түсіністікті арттыру қажеттігі қозғалды. Комиссия мүшелері бұл бағыттағы жұмысты күшейтудің маңыздылығын ерекше атап өтті.

Кездесу барысында бірқатар нақты істер қаралып, құқық бұзушылыққа бейім жасөспірімдер мен олардың ата-аналарының қатысуымен жеке түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Әрбір жағдай бойынша мектеп әкімшілігіне, сынып жетекшілеріне және ювеналды полиция инспекторларына нақты тапсырмалар берілді. Тәрбиелік мәні бар әңгімелер барысында жасөспірімдерге заңға қайшы әрекеттердің салдары түсіндіріліп, олардың болашағына кері әсер ететінін ұғындыру мақсатында профилактикалық әңгімелер өткізілді.

Сонымен қатар, комиссия мүшелері ата-аналардың бала тәрбиесіндегі рөліне тоқталып, отбасы институтын нығайту, ата-аналардың жауапкершілігін арттыру және мектеп пен ата-ана арасындағы ынтымақтастықты күшейту қажеттігін атап өтті. Жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру, спорт және шығармашылық үйірмелерге қатысу мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері де қаралды.

Комиссия төрағасы Алдияр Қозыбаев жиынды қорытындылай келе, әрбір ата-ана өз баласының тәртібі мен мінез-құлқына немқұрайлы қарамауы керектігін, баланың рухани және моральдық дамуы отбасындағы жағдайға тікелей байланысты екенін ерекше атап өтті.
– Құқық бұзушылықтың алдын алу – тек құқық қорғау органдарының емес, барлық қоғам мүшелерінің ортақ міндеті. Әрбір ата-ана баласының тәрбиесіне, оның кіммен араласатынына, бос уақытын қалай өткізетініне мән беруі керек. Балаға қамқорлық – қоғамның болашағына қамқорлық, – деді Алдияр Қозыбаев.

Комиссия төрағасы тиісті мекемелердің басшыларына нақты тапсырмалар жүктеп, кәмелетке толмағандармен жұмыс істеу барысында ведомствоаралық өзара әрекеттестікті күшейтуді және профилактикалық іс-шараларды тұрақты негізде жүргізуді тапсырды.

Отырыстың қорытындысы бойынша құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы шараларды жетілдіру, ата-аналар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру және жасөспірімдер арасында тәртіп пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру бойынша ұсыныстар қабылданды.

Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияның мұндай отырыстары Сарыағаш ауданында жүйелі түрде өткізіліп келеді. Оның басты мақсаты – балалар мен жастар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, олардың құқықтарын қорғау және жас ұрпақтың қауіпсіз әрі салауатты ортасында өмір сүруін қамтамасыз ету болып табылады.

Ал Келес ауданы әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы аудан әкімінің орынбасары әрі комиссия төрағасы Даурен Сариевтің төрағалығымен желтоқсан айының 3-інде өтті. Жиынға полиция өкілдері, білім және медицина саласының мамандары, ауылдық округ әкімдері қатысып, балалардың жағдайына қатысты бірқатар маңызды мәселелер қаралды.
Отырыста әлеуметтік жағдайы қиын отбасылармен жүргізіліп жатқан жұмыс, тәуекел тобындағы балаларға көрсетілетін қолдау, білім беру және денсаулық сақтау салаларының бірлескен бақылау нәтижелері талқыланды. Сонымен қатар, кәмелетке толмағандарға қамқоршылық тағайындау, отбасылардың құқықтық мәртебесін реттеу және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағыттары сөз болды.
Жиын қорытындысында мерекелік кезеңдерде оқушылардың қауіпсіздігін күшейту, жайсыз отбасылармен жұмысты жүйелі жолға қою, балалардың құжаттарына қатысты анықталған мәселелерді толық шешу, мүмкіндігі шектеулі балаларға көрсетілетін қызметтердің мониторингін тұрақты жүргізу тапсырылды.
Сондай-ақ жастардың бос уақытын тиімді өткізу үшін үйірмелер мен ашық диалог алаңдарын көбейту, «Отбасын қолдау орталығының» келесі отырыста толық есеп беруі және комиссия құрамын қайта қарау қажет екені назарға алынды. Отырыс соңында Даурен Сариев балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғауда барлық мекемелердің бірлескен жұмысы аса маңызды екенін атап өтті.

Сонымен қатар желтоқсанның 3-інде Бәйдібек аудандық әкімдігінің кіші мәжіліс залында кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті.
Комиссия отырысында аудан әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы Нұрпеис Ақбаев төрағалық етіп, жиында хаттамалық тапсырмаларының орындалу барысы талқыланды.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша аудандық полиция бөлімі, ішкі саясат бөлімі, білім бөлімі, орталық аурухана, «Отбасын қолдау орталығы» КММ және №19 колледждің жауапты басшылары баяндама жасап, өз бағыттары бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады.
Комиссия мүшелері тарапынан бірқатар сұрақтар қойылып, ұсыныстар енгізілді.
Отырыстың қорытындысы бойынша тиісті мекемелерге алдағы жұмыс бағыттарын күшейтуге қатысты нақты тапсырмалар берілді.

Қыркүйектің 22-сінде Арыс қаласы әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиынды қала әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы Ерғали Қуандық жүргізді.

Күн тәртібінде балалардың құқықтарын қорғау, әлеуметтік қолдау көрсету және тәрбиелік бағыттағы жұмыстардың орындалуы қаралды.

Алғашқы мәселе бойынша «Т.Тәжібаев атындағы отбасы үлгісіндегі балалар ауылы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің әдіскері Ұлжарқын Халбаева баяндама жасап, 2024-2025 оқу жылында атқарылған жұмыстарға талдау жасады. Ол мекеме тәрбиеленушілерінің білім алуына, мәдени және спорттық іс-шараларға белсенді қатысуына жағдай жасалғанын атап өтті. Сонымен қатар балалардың әлеуметтенуіне бағытталған жаңа жобалардың нәтижесі де таныстырылды.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе – балаларға құқықтық көмек көрсету жайы болды. Бұл тақырыпта аталған мекеменің әлеуметтік педагогы Әлия Абсалиева сөз алып, жасөспірімдерге құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында жүргізіліп жатқан түсіндіру жұмыстары жөнінде мәлімет берді. Оның айтуынша, мекемеде тұрақты түрде құқықтық сабақтар, психологтардың қатысуымен әңгімелер мен тренингтер ұйымдастырылады.

Жиын барысында комиссия мүшелері ұсынылған мәселелер бойынша пікір алмасып, балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған жұмыстарды одан әрі жетілдіру қажеттігін атап өтті.

Комиссия төрағасы Ерғали Қуандық қорытынды сөзінде балалардың құқықтары мен қауіпсіздігі – қоғам алдындағы басты міндеттердің бірі екенін айтып, жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар жүктеді.

Бұдан бөлек Шардара ауданы әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребековтың төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандар ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның отырысы қарашаның 17-сінде өтті. Жиын барысында аудан аумағындағы кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, олардың құқықтарын қорғау және әлеуметтік қолдау шараларын жетілдіру мәселелері қаралды.

Комиссия мүшелеріне аудандық Білім бөлімінің бас маманы Лаура Ошанова баяндама жасап, білім беру ұйымдарындағы оқушылармен жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстар мен әлеуметтік-психологиялық қолдау бағытындағы іс-шаралар туралы ақпарат берді.

Отырыс соңында комиссия мүшелері бірқатар ұсыныстар енгізіп, тиісті мекемелерге нақты тапсырмалар берілді.

Ал желтоқсанның 9-ында Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары Мақсат Беркінбайдың төрағалығымен кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу жөніндегі штаб отырысы өтті. Жиын барысында жасөспірімдер қауіпсіздігін қамтамасыз ету, білім беру ұйымдарындағы тәрбие бағытын күшейту, ата-аналармен тиімді байланыс орнату, сондай-ақ құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған профилактикалық шараларды жетілдіру мәселелері жан-жақты қаралды.
Аудандық білім бөлімі басшысының м.а. Гүлнұр Абилхасова жасөспірімдер арасындағы тәртіп бұзушылықтың қазіргі ахуалы, атқарылып жатқан жұмыстар және алдағы жоспарлар жөнінде баяндама жасап, бірқатар ұсыныстарын ортаға салды.
Кездесу қорытындысында Мақсат Маратұлы тиісті сала басшылары мен мамандарға профилактикалық жұмысты жүйелі түрде жүргізу, мектептер мен ата-аналар арасындағы өзара байланысты нығайту, сондай-ақ құқықбұзушылықтың алдын алу бағытындағы іс-шараларды тиімді жүзеге асыру жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.

9 желтоқсан күні Түлкібас ауданында да кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Аудан әкімінің орынбасары Бақдәуір Кәлменнің төрағалығымен өткен жиынға комиссия мүшелерімен қатар, сала мамандары мен білім беру ұйымдарының өкілдері қатысты.
Күн тәртібінде үш негізгі мәселе қаралды. Олар: кешкі мектепке ауыстыруға байланысты ұсыныстар, 2026 жылға арналған жұмыс жоспарын бекіту, аудандық білім бөлімі тарапынан жыл басынан бері атқарылған жұмыстар туралы есебі турасында өтті.
Жиында білім бөлімі кәмелетке толмағандармен жүргізілген профилактикалық жұмыстар, қиын жағдайдағы балалар мен отбасылармен байланыс, құқықтық қолдау және алдын алу шаралары бойынша мәлімет берді.
Комиссия мүшелері ұсынылған ақпараттарды талқылай келе, жасөспірімдердің құқықтарын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында бірқатар нақты ұсыныстар мен тапсырмалар берді.
Атап айтқанда, қауіп тобындағы отбасылармен жұмысты күшейту, білім мекемелеріндегі профилактикалық қызметтің тиімділігін арттыру, жасөспірімдердің әлеуметтік ортаға бейімделуіне жағдай жасау.
Сонымен қатар 2026 жылға арналған жұмыс жоспары мақұлданып, кәмелетке толмағандарды құқықтық, психологиялық және әлеуметтік қолдау бойынша кешенді іс-шараларды сапалы орындау тапсырылды.
Жиын соңында комиссия мүшелері бала құқығын қорғауда барлық мүдделі мекемелер мен мамандар бірлесе әрекет ету керектігін атап өтті.

Бүгін Сайрам ауданының әкімі Мадияр Оразалиевтің төрағалығымен құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиында заңсыз ойын бизнесімен күрес, алаяқтық қылмыстардың алдын алу, сондай-ақ, табиғатты қорғау заңнамасы мен жер қойнауын заңсыз пайдалану деректеріне тосқауыл қою бағытында атқарылған жұмыстар талқыланды.
Аудан аумағында заңсыз ойын бизнесінің алдын алу және салық салу саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтарға жол бермеу мақсатында уәкілетті органдармен бірлескен кешенді жұмыстар жүргізілуде. Аталған бағыттағы профилактикалық шаралар тұрақты бақылауда.
Екінші мәселе бойынша, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары күшейтіліп, интернет және қаржылық алаяқтықтың алдын алу мақсатында полиция қызметкерлері мен тиісті мекемелер тарапынан жүйелі іс-шаралар атқарылуда.
Үшінші мәселе аясында ауданда жер қойнауын пайдалану мақсатында рұқсат құжаттарын алған 28 заңды тұлғаның қызметі қаралды. Оның ішінде 11 кәсіпорын келісімшарт негізінде, 17-сі лицензия арқылы жұмыс істейді. 2023–2025 жылдар аралығында заң талаптарын бұзған 4 жер пайдаланушының келісімшарттары уәкілетті орган тарапынан мерзімінен бұрын уақытша тоқтатылған.
Тұрғындардан заңсыз карьерлерге қатысты арыз-шағымдардың артуына байланысты рейдтік іс-шаралар күшейтілді. Сонымен қатар, лицензиясы бола тұра жер учаскелерін заң талаптарына сай рәсімдемей қазу жұмыстарын жүргізген 10 заңды тұлға анықталып, ауыл шаруашылығы жерлерінің құнарлы қабатын бүлдіру деректері бойынша материалдар құзырлы органдарға жолданды. Аудан әкімі заңсыз карьерлер мен артық жүк тиеген көліктерге қатысты мониторинг жұмыстары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатынын және бұл бағыт өзінің тікелей бақылауында болатынын атап өтті.

Сонымен қатар, отырыс барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссияның мәселелері қаралды. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары саласындағы, Жібек жолы ауылдық округі әкімі аппаратындағы, сондай-ақ «Ақсу» МКК-дағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар бойынша жауапты тұлғалардың баяндамалары тыңдалды.
Жиын қорытындысы бойынша аудан әкімі жауапты мекемелер мен сала басшыларына бірқатар нақты тапсырмалар беріп, заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.

Оқу-ағарту министрлігінің 4 қарашада таратқан мәліметіне сенсек, 2025 жылдың басынан бері Кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиялар шамамен 4 мың отырыс өткізіп, 7 мыңнан астам істі қарады. Оның ішінде мыңнан астам іс өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға қатысты. Мұндай отбасыларға материалдық, психологиялық, құқықтық және медициналық көмек көрсетіліп, сонымен қатар жұмыспен қамтуға, емделуге, балалардың оқуына және демалысын ұйымдастыруға жәрдем көрсетіледі.
Бүгінде елімізде балалардың құқықтарын қорғау, құқықбұзушылықтың алдын алу және отбасыларды қолдау бағытында мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын үйлестіретін 271 комиссия жұмыс атқаруда. Олар жоспарлы мәселелерден бөлек, қоғамда кең талқылау туғызған және жедел шешімді қажет ететін істерді де қарайды.
«Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссиялар – балалардың құқықтарын қорғаудың басты тетігі. Комиссиялардың қызметі қиын жағдайға тап болған отбасыларды дер кезінде анықтап, оларға қажетті көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Біз ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейтіп, буллингтің, кибербуллингтің және суицидтік мінез-құлықтың алдын алу бағытында жаңа тәсілдер енгізудеміз», – деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.
Құқық қорғау органдарымен бірлесіп жүргізілген ведомствоаралық рейдтердің нәтижесінде балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамаған 21,8 мыңнан астам ата-ана, түнгі уақытта кәмелетке толмағандардың тұрғын үйден тыс жерде болуына жол берген 107 мыңнан астам заңды өкіл, сондай-ақ ойын-сауық орындарына балаларды кіргізген 2 мыңға жуық кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Қазіргі уақытта комиссиялардың жұмысын жетілдіруге бағытталған жаңа ережелер әзірленуде. Құжатта буллингтің, кибербуллингтің және суицидтік мінез-құлықтың алдын алу, зерттеу жүргізу және өңірлерге әдістемелік қолдау көрсету бағыттарындағы өкілеттіктерді кеңейту көзделген. Жаңартылған формат комиссиялардың тиімділігін арттырып, жергілікті деңгейдегі жауапкершілікті күшейтуге мүмкіндік береді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You