
Түркістан қаласында орталықтандырылған сарқынды су жүйесіне қосу бағытындағы инфрақұрылымдық жобалар қарқынды жүзеге асырылу үстінде. Инженерлік желілерді қайта жаңғырту және тұрғындардың өмір сапасын арттыру мақсатында биыл Түркістан қаласында жалпы 13 нысанда құрылыс жұмыстары басталып, оның 8-і абоненттік және магистральдық желілерге қосылса, 5 жобада магистральдық желілерді тарту жұмыстары жүзеге асып келеді.
Қаладағы Сауран, Шауғар, Яссы секторларында, сондай-ақ Отырар және Бекзат тұрғын алаптары мен Баянауыл мөлтекауданында кәріз жүйесін орнату жұмыстары жүргізілуде. Олардың қатарында Сарыбаев, Ынтымақ, Ы.Дүйсебаев, М.Төлебаев, Н.Оңдасын, Асанов, Мәдениет, Ойсыл Қара, Б.Ахметов, М.Ғабдуллин, Қарағайлы және Қалғансыр көшелері бар.
Сондай-ақ, қазіргі таңда қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының тапсырмасына сәйкес, барлық сарқынды су желісі жүргізілген көшелерде ауа райының әсерінен туындауы мүмкін қолайсыздықтардың алдын алу мақсатында уақытша қайта қалпына келтіру үшін тас төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстар алдағы төрт күнде толық аяқталады деп жоспарланған.
«Сарқынды су желісін жүргізу барысында кей көшелерде қазба жұмыстары жүргізіліп, шектеулер орнатылды. Осыған байланысты қала тұрғындарынан түсіністікпен қарап, сабырлық танытуды сұраймыз. Құрылыс аяқталғаннан кейін барлық жол инфрақұрылымы толық қалпына келтіріліп, асфальт төселеді», — дейді жергілікті биліктің жауапты өкілдері.
Түркістан қаласында тұрғындарды орталықтандырылған сарқынды су жүйесіне қосу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Қаладағы кәріз инфрақұрылымын дамыту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде.
Бүгінде Түркістан халқының 36,5 пайызы, яғни 17 581 абонент орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылған. Қызмет көрсетуді қамтамасыз ету үшін қала аумағында 27 кәріздік насос станциясы тұрақты режимде жұмыс істейді.
Көрсеткішті арттыру мақсатында биыл 13 нысанда құрылыс жұмыстары қолға алынған. Оның ішінде 8 жоба абоненттік және магистральдық желілерді қамтиды. Қалған 5 жоба магистральдық желілерді тартуға бағытталған. Барлық жобаның толық аяқталу уақыты 2028-2029 жылға жоспарланған.
Кәріз жүйесін орнату барысында көшелерде қазба жұмыстары жүргізілуде. Кәріз жүйесін толық іске қосқаннан кейін жолдар талапқа сай қайта қалпына келтірілетін болады.
Тағы бір атап өтерлігі, шаһардың кәріз суы жиналатын нысанда жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Атап айтқанда, №2 кәріз тазалау блогы реттелуде. Осы жұмыстар нәтижесінде механикалық, биологиялық, химиялық, технологиялық тазалау тетіктері қалпына келеді. Аталған жобаға 400,7 миллион теңге қаралған. Құрылыс жұмыстары биыл қараша айында аяқталады деп жоспарланған болатын.
Айта кетейік, Түркістан қаласында 2018 жылы кәрізбен қамту көрсеткіші 15 пайыз ғана болған. 2020-2025 жылдар аралығында Түркістан қаласында кәріз жүйелерін дамыту бағытында ауқымды жобалар іске асырылуда. Қолданыстағы сарқынды су құбырларының ұзындығы 401,6 шақырымды құрайды. Бұл желілерге 17581 абонент қосылған. Жалпы орталықтандырылған кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 36,5 пайыз деңгейінде тұр.
Қазіргі таңда жалпы ұзындығы 263,3 шақырымды құрайтын сарқынды су жүйелерін тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жобалар аясында қала аумағында инженерлік инфрақұрылымды толық қамту мақсатында бірқатар құрылыс нысандарының салынуы жоспарланған. Атап айтқанда, 5 сарқынды суларды тазарту имараты, 21 канализациялық сорғы станциясы және 4 шығын реттегіш құдықтың құрылысы қарастырылған. Бұл нысандардың іске қосылуы кәріз жүйесінің қуаттылығын арттырып, халықты сапалы қызметпен қамтуға мүмкіндік береді.
Қала тұрғындарын толық кәріз жүйесіне қосу мақсатында қазіргі уақытта 13 нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 7 нысанды 2025 жылдың соңына дейін аяқтап, пайдалануға беру жоспарланған.
Бұдан бөлек Түркістан қаласында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қолайлы орта қалыптастыру мақсатында көше жарықтандыру жүйесін жетілдіру жұмыстары да тұрақты түрде атқарылып келеді. Қазіргі таңда қала аумағында 37 302 жарықтандыру нүктесі жұмыс істейді. Оның ішінде, ішкі орам көшелеріне 450 дана шам орнатылған. Барлық шамдар заманауи, энергия үнемдейтін технологиялармен жабдықталған.
Сонымен қатар қазіргі уақытта 30 көшеде жаңа электр шамдарын орнату және жарықтандыру желісін орнату жұмыстары қарқынды түрде жүріп жатыр.
Жарықтандыру желісі автоматтандырылған жүйе арқылы басқарылады. Көшелердегі шамдар кешкі 17:00-да қосылып, таңғы 07:00-де өшіріледі. Бұл қала тұрғындарының түнгі уақытта қауіпсіз қозғалуына, қоғамдық тәртіптің сақталуына және қала келбетінің жақсаруына оң әсер етеді.
Алдағы уақытта қаланың инженерлік инфрақұрылымын жаңарту аясында жарықтандыру желілерін кезең-кезеңімен жаңғырту, қосымша нүктелер орнату жұмыстары жалғасын табады. Сонымен бірге тозығы жеткен электр бағаналарын ауыстыру шаралары да қолға алынғанын атап өткен орынды.
Еске салайық, елдегі кәріз тазарту құрылғыларының 65 пайызы тозған. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, биыл осы бағытта жаңарту жүргізу үшін республикалық бюджеттен 25 миллиард теңге бөлініпті. Жалпы, Қазақстандағы кәріз тазарту құрылғыларының дені 1950-1960 жылдары салынған. Осыған байланысты Өнеркәсіп министрлігі су бұру жүйелерін, оның ішінде кәріз-тазарту құрылғыларын жаңғырту жұмысын жүргізіп жатыр.
«Көптеген кәріз-тазарту құрылғысы 1950-1960-шы жылдары салынып, қазірде орташа тозу деңгейі 65%-ға жеткен. Биыл осы бағытта жаңарту жүргізу үшін республикалық бюджеттен 25 миллиард теңге бөлінді. Соның ішінде Қызылорда қаласының кәріз-тазарту құрылғысына 720 миллион теңге және Леңгір қаласына 1 миллиард теңге қарастырылды. Сонымен қатар, Ақтау, Атырау, Қарқаралы және Қаражал қалаларында осы бағытта 4 жоба іске асырылып жатыр», — дейді Е.Нағаспаев.
Министрдің айтуынша, «Коммуналдық және энергетика секторларын жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 45 қалада кәріз-тазарту құрылғылары жаңғыртылып, 2 800 шақырым су бұру және 5 мың шақырым су құбыры желілері жаңартылады.
Сонымен қатар, 2029 жылға қарай су құбыры желілерінің тозуын 39%-дан 33%-ға дейін төмендету көзделген.
«2029 жылға қарай Ұлттық жоба аясында сумен жабдықтау және су бұру желілерінің тозу деңгейін төмендету мақсатында ауқымды жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Атап айтқанда, су құбыры желілерінің тозу деңгейін ағымдағы 39%-дан 33%-ға дейін, ал су бұру жүйелерінің тозуын 41%-ға дейін төмендету жоспарлануда», — дейді ол.
Бұл іс-шараларды жүзеге асыру инфрақұрылымның тиімділігін арттыруға және өңірлердегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған.
«Кәріз-тазарту құрылғысы жобаларын іске асыру халықаралық қаржы институттарының қарыздары, облигациялық қарыздар, республикалық бюджет және бюджеттік кредиттеу сияқты түрлі қаржыландыру көздері есебінен жоспарланып отыр. Сондықтан тарифтің өсуіне жол бермеу үшін қолданыстағы кәріз-тазарту құрылғыларын жаңғырту қажет», — дейді министр.
Нағаспаев ең алдымен елді мекендердегі кәріз жүйелері жаңартылатынын атап өтті.
Сонымен қатар тазарту нысандарын жобалау, салу және пайдалану тәсілдері қайта қаралып, жобаларға ревизия жүргізіліп жатыр. Олардың тиімділігін арттыру үшін Техникалық оператор институты енгізілген. Техникалық оператор жобалардың барлық кезеңін қадағалап, қазақстандық өнімді қолдану талаптарын ескереді. Бұл шаралар жобадағы қателіктерді азайтып, шығынның артуы мен мерзімнің кешігуіне жол бермейді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
