Түркістан шаһарында пробация есебіндегі азаматтарды қолдау жұмыстары талқыланды

Loading

Түркістанда қала әкімінің орынбасары Мадияр Әліповтің төрағалығымен консультативтік-кеңесші органдардың кезекті отырысы өтті. Жиынға тиісті мемлекеттік мекеме басшылары мен құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.

Кездесуде пробация қызметінің 2026 жылдың жеті айында атқарған жұмыстары қорытындыланды. Жауаптылардың сөзіне сүйенсек, есепті кезеңде азаматтарды әлеуметтік қолдау, жұмыспен қамту және қоғамға бейімдеу бағытында бірқатар шара жүзеге асқан. Атап айтқанда, пробация есебіндегі азаматтарға бір реттік әлеуметтік көмектер көрсетіліп, азық-түлік себетімен қамтамасыз етілуде. Екі рет бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылып, жұмысқа 12 адам жұмысқа орналасты. Бір азамат қоғамдық жұмысқа тартылып, тағы бір азаматқа 400 АЕК көлемінде қайтарымсыз грант берілді.

Сонымен қатар пробация есебіндегі азаматтарға құқықтық және психологиялық көмек көрсетіліп, топтық тренингтер ұйымдастырылды. Азаматтардың қоғамға бейімделуіне ықпал ету мақсатында спорттық, мәдени және ақпараттық іс-шаралар өткізілді.

Жиында пробация есебіндегі азаматтарды қайта әлеуметтендіру, жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау шараларын одан әрі жетілдіру мәселелері де қоса талқыланды.

Пробацияның мәні – жазаны өтеумен ғана шектелмей, адамға өмірін қайта түзеуге мүмкіндік беру. Сондықтан әлеуметтік қолдау, тұрақты жұмысқа бағыттау, құқықтық және психологиялық көмек көрсету – азаматтың қоғамға қайта қосылуына жол ашатын маңызды қадамдар. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, әр азаматтың жаңа өмір бастауына нақты мүмкіндік беруге бағытталмақ.

“ANYQ.KZ”-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You