Түркістандағы 570 орындық көпбейінді аурухана құрылысы аяқталуға жақын

Loading

Түркістан қаласында денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту бағытындағы ірі жобалардың бірі – 570 төсек-орынға арналған заманауи көпбейінді аурухананың құрылысы. Медициналық кешеннің іске қосылуы өңір тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда нысандағы құрылыс жұмыстарының негізгі бөлігі орындалып, жоба аяқталу кезеңіне жақындаған.

Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы медициналық кешенге арнайы барып, құрылыс барысымен және жобаның іске асырылу кезеңдерімен танысты. Аралау барысында ғимараттың дайындық деңгейі, инженерлік-коммуникациялық желілерге қосылуы, келушілер мен науқастарға қолайлы жағдай жасау және қауіпсіздік мәселелері қаралды.

Жалпы аумағы 15,6 гектарды құрайтын кешеннің ғимарат көлемі 83 277 шаршы метр. Жертөле қабатын қоса есептегенде сегіз қабаттан тұратын медициналық нысан заманауи талаптарға сай бой көтеруде. Құрылыс жұмыстарының орындалу деңгейі 88 пайызға жеткен. Нысан басында 300-ден астам жұмысшы еңбек етіп жатыр. Жобаны «YDA INSAAT SANAYI VE TICARET ANONIM SIRKETI» акционерлік қоғамы жүзеге асыруда.

Көшпелі жиында аурухананы қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, электр, су және басқа да коммуникациялық желілерді қосу, аумақты абаттандыру, науқастар мен келушілердің қозғалысына қолайлы жағдай жасау жайы талқыланды. Сонымен қатар автотұрақ орындарын ұйымдастыру, нысан аумағындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері де назардан тыс қалған жоқ.

Қала әкімі жауапты сала басшыларына анықталған мәселелерді уақытылы шешіп, құрылыс жұмыстарының сапасын тұрақты бақылауды тапсырды. Әсіресе, медициналық кешеннің барлық инженерлік жүйелері өзара үйлесімді жұмыс істеуі және нысан пайдалануға берілген кезде қажетті талаптарға толық сәйкес болуы керектігі ескертілді.

Жоспарға сәйкес, құрылыс жұмыстарын биыл толық аяқтау көзделген. Ал келесі жылдың басында аурухананы заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жабдықтау жоспарланып отыр. Бұл кезең медициналық мекеменің толыққанды жұмысқа дайындалуындағы маңызды қадам болмақ.

570 орындық көпбейінді аурухананың пайдалануға берілуі Түркістанның денсаулық сақтау саласындағы мүмкіндіктерін кеңейтеді. Заманауи медициналық инфрақұрылымның қалыптасуы тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуге, медициналық көмектің қолжетімділігін жақсартуға және өңірдің емдеу-диагностикалық әлеуетін арттыруға негіз болады. Сондықтан нысан құрылысының сапалы аяқталып, белгіленген мерзімде іске қосылуы қала үшін стратегиялық маңызға ие.

“ANYQ.KZ”-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You