![]()
Түркістан қаласында жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытындағы маңызды жобалардың бірі – Бектұрсын Қалаби көшесін реконструкциялау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Ұзындығы 7,2 шақырымды құрайтын жолдың жаңғыртылу барысын қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы арнайы аралап, жауапты сала мамандарымен бірге атқарылып жатқан жұмыстар мен өзекті мәселелерді талқылады.
Қазіргі таңда нысанда 2,4 шақырым жолға асфальт төселді. Сонымен қатар су бұру науалары орнатылып, жаяу жүргіншілер жолының құрылысы жүргізілуде. Жоба аясында ұзындығы 198 метр болатын көпірдің құрылысы да жалғасып жатыр.
Б. Қалаби көшесінің реконструкциясы аяқталған соң Индустриалды аймақтан шығатын ауыр жүк көліктері мен Балтакөл бағытынан келетін автокөліктердің «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізіне тікелей әрі кедергісіз шығуына мүмкіндік туады. Бұл қала орталығындағы көлік ағынын азайтып, жолдағы кептелісті төмендетуге ықпал етеді.
Нысан басындағы аралау барысында қала әкімі құрылыс сапасы мен жұмыс қарқынына ерекше тоқталды. «Жол құрылысы белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқталуы керек. Сонымен бірге инженерлік желілерге қатысты мәселелерді алдын ала шешіп, кейін қиындық туындайтындай жағдайға жол бермеу қажет», – деді Әзімбек Пазылбекұлы.
Әкім, әсіресе, ауыз су және сарқынды су жүйелерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мәселесіне назар аударды. Мемлекет меншігіне қайтарылатын нысандар мен тұрғын үйлерге қатысты құжаттарды рәсімдеу жұмыстарын жеделдетіп, заңнамаға сәйкес өтемақыларды уақытылы төлеуді тапсырды. «Құрылысқа кедергі келтіретін әр мәселе жұмыс аяқталғаннан кейін емес, дәл осы кезеңде шешілуі тиіс», – деп атап өтті қала әкімі.
Бұл бағыттағы жұмыстар қаланың инженерлік инфрақұрылымын жаңғырту шараларымен қатар жүзеге асуда. Қазіргі таңда Түркістан тұрғындарының 36,5 пайызы, яғни 17 580 абонент сарқынды су желісімен қамтылған. Қалада осы жүйені дамыту мақсатында жеті нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның үшеуін 2026 жылы пайдалануға беру жоспарланған.
Олардың қатарында Отырар секторы аумағындағы тұрғын үй аумағының кварталішілік сарқынды су жүйесін салудың үшінші кезеңі бар. 2024–2026 жылдарға жоспарланған жоба бойынша құрылыс жұмыстары белгіленген кестеге сәйкес жүргізілуде. Нысанды жыл соңына дейін толық аяқтап, пайдалануға беру көзделген.
Реконструкция жұмыстарына байланысты Б. Қалаби көшесінің бір бөлігі уақытша жабылады. Қозғалыс 5 тамыз сағат 08:00-ден 15 тамыз сағат 08:00-ге дейін шектеледі. Осы кезеңде жүргізушілерден уақытша өзгерісті ескеріп, балама бағыттарды пайдалануы сұралады.
Жалпы, Б. Қалаби көшесін жаңғырту Түркістанның көлік қатынасын жақсартып қана қоймай, инженерлік инфрақұрылымды ретке келтіруге де серпін беретін кешенді жобаға айналмақ. Жол мен коммуналдық жүйелерді қатар дамыту қала тұрғындары үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастырудың маңызды тетігі болмақ.
“ANYQ.KZ”-ақпарат.
