Түркістанда тарихи мұраны қорғау және қоғамдық тәртіпті сақтау жұмыстары күшейтілді

Loading

Түркістан – ғасырлар қойнауынан жеткен тарихи мұрасы мен сәулет ескерткіштері сақталған қасиетті шаһар. Қаланың тарихи келбетін қорғау, мәдени мұра нысандарын заң талаптарына сай сақтау және қоғамдық кеңістіктердегі тәртіпті қамтамасыз ету – қаланың тұрақты назарындағы маңызды бағыттардың бірі.

Осы мақсатта қала аумағында тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану талаптарының орындалуын түсіндірумен қатар, белгіленбеген орындарда сауда жасау фактілерінің алдын алуға бағытталған рейдтік іс-шаралар да жүйелі жүргізілуде.

Тарихи нысандардың келбетін сақтау маңызды

Түркістан қаласы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты «Тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі орталығы» КММ қала аумағындағы алдын ала есепке алу тізіміне енгізілген тарихи-мәдени мұра нысандарының меншік иелері мен пайдаланушыларына түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Кездесулер барысында Қазақстан Республикасының «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңының талаптары түсіндіріліп, нысан иелері мен пайдаланушыларына ресми хабарламалар таратылды.

Мұндағы басты талаптардың бірі – тарихи-мәдени мұра нысандарының сәулеттік келбетін сақтау. Мұндай ғимараттарда жөндеу, қалпына келтіру немесе қайта жаңғырту жұмыстарын өз бетінше жүргізуге жол берілмейді. Кез келген жұмыс қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес атқарылуы қажет.

Сондай-ақ нысанда жөндеу немесе қайта жаңғырту жұмыстарын бастамас бұрын уәкілетті мекемені алдын ала хабардар ету қажеттігі ескертілді. Бұл талаптар тарихи нысандардың бастапқы сәулеттік ерекшеліктерін сақтап қалуға, олардың тарихи құндылығына нұқсан келтіретін өзгерістерге жол бермеуге бағытталған. Өйткені Түркістандағы әрбір тарихи ғимарат пен мәдени мұра нысаны қаланың өткенін бүгінгі ұрпақпен жалғап тұрған маңызды құндылық.

Сондықтан олардың сақталуы тек мемлекеттік органдардың ғана емес, меншік иелері мен пайдаланушылардың да ортақ жауапкершілігін талап етеді.

Заңсыз саудаға жол жоқ

Қаланың тарихи және туристік келбетімен қатар қоғамдық тәртіп пен санитарлық жағдайды сақтау да маңызды. Осы бағытта Түркістан аумағында белгіленбеген орындарда сауда жасау фактілерінің алдын алу бойынша тұрақты рейдтік іс-шаралар жүргізілуде. Рейд жұмыстары Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 204-бабы талаптарына сәйкес ұйымдастырылуда. Уәкілетті мекеме қызметкерлері сауда орындарын аралап, белгіленбеген жерлерде сауда жасауға жол бермеу жөніндегі талаптарды түсіндіреді.

Заң талаптарын бұзған азаматтарға әкімшілік жауапкершілік қарастырылғаны ескертіледі. Сонымен қатар анықталған құқық бұзушылықтар бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылдануда.

Рейдтердің мақсаты тек құқық бұзушылықты анықтап, жауапкершілікке тарту емес, ең алдымен заңсыз сауданың алдын алу және тұрғындарға қолданыстағы талаптарды түсіндіру болып отыр. Бұл өз кезегінде қоғамдық орындарда тәртіп орнатуға, көшелердің белгіленбеген сауда нүктелерінен арылуына және қаланың көркін сақтауға ықпал етеді.

Тарихи қалаға ортақ жауапкершілік

Түркістанның туристік әлеуеті артқан сайын қаланың тарихи келбетін сақтауға қойылатын талап та күшейе түседі. Тарихи нысандардың сәулеттік тұтастығын бұзбау, қоғамдық орындарды ретсіз пайдаланбау, сауда жасау тәртібін сақтау – шаһардың мәдени ортасын қалыптастыратын маңызды факторлар. Бұл ретте мемлекеттік органдардың түсіндіру және бақылау жұмыстары тұрғындар мен кәсіпкерлердің заң талаптарын дұрыс түсінуімен ұштасуы қажет. Тарихи мұраға ұқыпты қарау мен қоғамдық тәртіпті сақтау – Түркістанның тек бүгінгі келбеті үшін емес, келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілік.

Рухани астана мәртебесін иеленген Түркістанның әрбір тарихи нысаны мен қоғамдық кеңістігі қала мәдениетінің айнасы іспетті. Сондықтан тарихи мұраны қорғау, заңсыз әрекеттердің алдын алу және заң талаптарының орындалуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстардың жүйелі жүргізілуі шаһардың тарихи болмысын сақтап, заманауи әрі қолайлы қала ретінде дамуына негіз болады.

“ANYQ.KZ”-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You