Түркістанда жастар қауіпсіздігі бойынша кешкі рейд өткізілді

Loading

Түркістанда жастар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында профилактикалық рейд ұйымдастырылды. Кешкі уақытта өткен шараға Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Бақтыбайұлы Әліпов, орта арнаулы оқу орындарының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мен педагогтер, сондай-ақ полиция қызметкерлері қатысты.

Рейд барысында жастар жиі баратын қоғамдық орындар, ойын-сауық нысандары мен адамдар көп шоғырланатын аумақтар араланды. Негізгі назар кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінсіз түнгі уақытта жүруінің алдын алуға, қоғамдық тәртіпті сақтауға және құқықбұзушылыққа жол бермеуге аударылды. Шара кезінде жастарға қолданыстағы заңнама талаптары түсіндіріліп, қауіпсіздік ережелерін сақтау жөнінде профилактикалық әңгімелер жүргізілді. Сонымен қатар құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған ақпараттық жадынамалар таратылды.

Қала әкімінің орынбасары жастардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тек полиция немесе білім беру ұйымдарының ғана емес, ата-ана, қоғам және мемлекеттік органдардың ортақ міндеті екенін атап өтті. Осы орайда жастарды заң талаптарын сақтауға, қоғамдық орындарда тәртіп мәдениетін қалыптастыруға және бос уақытын пайдалы істерге бағыттауға шақырды.

“Мұндай профилактикалық шаралардың мақсаты – құқықбұзушылық орын алғаннан кейін әрекет ету емес, оның алдын алып, жастар үшін қауіпсіз орта қалыптастыру. Кешкі рейдтер барысында анықталған мәселелер тиісті органдардың бақылауына алынып, түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жалғастырылмақ”, — дейді жауаптылар.

“ANYQ.KZ”-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You