Заң мен тәртіп: Түркістан облысында жүргізушілерге арналған профилактикалық форум ұйымдастырылды

Түркістан қаласында Полиция департаменті мен облыстық прокуратураның ұйымдастыруымен “Заң мен тәртіп” қағидатын ілгерілету аясында «Жол қауіпсіздігі – ортақ жауапкершілік» атты кең ауқымды профилактикалық форум ұйымдастырылды.

Жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, күштік құрылым басшылары, студенттер, жедел жәрдем және ең бастысы көлік жүргізушілері мен жол ережесін жиі бұзатын азаматтар қатысты.

Форум аясында тәртіп сақшыларының қызметтік көліктері, заманауи камералар және жол қозғалысын қамтамасыз етуге арналған техникалық жабдықтардың көрмесі көпшілік назарына ұсынылды.

Шара театрландырылған әсерлі көрініспен басталды. Сахналық қойылымда ішімдік ішіп көлік жүргізудің салдары мен адам өліміне әкелетін қайғылы оқиға көрсетіліп, көрермендерге жол ережесін қатаң сақтау қажеттілігі түсіндірілді.

Басқосуда облыстық сот төрағасы Айдос Сұлтанов пен прокурор Мұрат Тлеубердиев, Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов баяндама жасап, жол қауіпсіздігі бағытында атқарылған жұмыстарды атап өтті.

Полиция генерал-майоры М.Қабденов: «Жол-көлік оқиғалары — адам өміріне тікелей қауіп төндіретін аса өзекті мәселе. Облыста жыл сайын 200-ден астам адам жол апаты салдарынан қаза табады. Дегенмен қабылданған шаралардың нәтижесінде республикалық маңызы бар жолдарда ЖОЛ-КӨЛІК ОҚИҒАСЫНЫҢ саны 5,9%-ға, қаза тапқандар 9,7%-ға, жарақаттанғандар 16,4%-ға азайды», — деді.

Жол-көлік оқиғаларының алдын алу бағытындағы профилактикалық жұмыстардың жалғасы ретінде ұйымдастырылған ауқымды іс-шарада тәртіп сақшыларының қызметтік автокөліктері, заманауи бейнебақылау камералары және жол қозғалысын қадағалауға арналған техникалық құралдардың көрмесі көпшілік назарына ұсынылды.

Шара барысында жол қозғалысы ережесін бес жылдан аса бұзбаған жүргізушілерге Полиция департаментінің бастығы мен облыс прокуроры арнайы марапаттар табыстады.

Форум спикерлері ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің өкілі Ақтоты Боранова мен республикалық «24 kz» телеарнасының тілшісі Жандос Жұмабеков жол қозғалысы қауіпсіздігінің маңызын атап, статистикалық мәліметтер мен профилактикалық шаралардың нәтижелерін ұсынды.

Форум соңында әнші Жігер Ауыпбаев «Бауырым, жолға шықсаң абайлап жүр» әнін орындап, жолда әр адам үшін қауіпсіздік басты құндылық екенін жеткізді. Ән полицейлердің қызметін бейнелейтін арнайы бейнероликпен бірге көрсетіліп, көрермендерге әсерлі көңіл-күй сыйлады.

Ауқымды шара жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыстардың жалғасы ретінде ұйымдастырылды. Осындай форумдар алдағы уақытта да өткізіле бермек.

Түркістан облысы орталығында жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында биыл 1700-ден астам жол белгісі орнатылған

Орайы келгенде айта өтейік, Түркістан қаласында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді профилактикалық жұмыстар жүргізіліп келеді. Бұл шаралар көлік қозғалысын тиімді реттеуге, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.

Жыл басынан бері қала аумағында 1 748 жол белгісі орнатылған. Оның ішінде 310-ы білім беру ұйымдарының маңына қойылған. Сонымен қатар, 400 шақырым жол таңбалары жаңартылып, 200 жаяу жүргінші жолағы қайта сызылды. Мектептер мен халық көп шоғырланатын аймақтарда көлік жылдамдығын төмендету мақсатында жалпы ұзындығы 306 метрді қамтитын 35 орынға жасанды жол кедергілері орнатылды. Сондай-ақ, биыл 7 жерде бағдаршам нысандары жаңартылып, қосымша 5 аймақта жаңа бағдаршам орнату жоспарланған.

Қала әкімдігінің бастамасымен қоғамдық қауіпсіздікті арттыру бағытында бейнебақылау жүйесін жаңғырту жұмыстары да жүргізілуде. 2025 жылы жалпы 410 бейнебақылау камерасына қызмет көрсетіліп, оның ішінде 200 камера жаңғыртылды. Сондай-ақ, қосымша 210 жаңа бейнебақылау камерасы орнатылуда. 2026 жылға жоспарланған жұмыстар бойынша қалада 275 жаңа бейнебақылау камерасы орнатылатын болады.

Түркістан облысында “Заң мен тәртіп” қағидатына сәйкес, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кешенді шаралар қолға алынды. Жол апаты жиі орын алатын қауіпті учаскелерде жүргізушілерге арнайы түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Тәртіп сақшылары «Қауіпсіз жол» іс-шарасы аясында жол-көлік оқиғалары азайғанын айтады.

Тәртіп сақшылары қала көлемінде «Қауіпсіз жол» іс-шарасы аясында әрбір көлікті тоқтатып, жол ережесі жазылған үнпарақтар таратуда. Ал айыппұлы бар жүргізушілерге түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

«Қазіргі таңда бізде «Қорғау» жүйесі бар. Әрбір қызметкердің қолында планшетіне енгізілген. Автоураганмен бірге айыппұлы бар жүргізішілер анықталып, ескерту жұмыстары жүріп жатыр. Алдағы уақытта бұндай іс-шаралар жалғасады», — дейді Түркістан қалалық патрульдік полиция батальонының командирі Азамат Бадамбаев.

Түркістан облысының аумағында жол көлік оқиғасы жиі болатын 32 апатты учаске бар. Қауіпсіздікті күшейту мақсатында патрульдік экипаж мүшелері жол қозғалысын бақылап, жылдамдықты асырмау үшін жүргізушілермен түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Мамандар биыл елді мекендер аумағында жолкөлік оқиғасы салдарынан қаза болу дерегі 27 пайызға дейін азайғанын айтады. 

«Бүгінгі таңда жолға қатысты қабылданған шаралардың нәтижесінде республикалық автожолдарда жол-көлік оқиғасының саны 4,5%-ға, қаза тапқандар 5,3%-ға, жарақат алғандар 18,4%-ға азайды. Әрбір жол-көлік оқиғасы және олардың туындау себептері бойынша егжей-тегжейлі талдаулар жүргізілуде», — дейді облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Бағланбек Айтпаев.

Тәртіп сақшылары жыл басынан бері жол қозғалысына тікелей әсер ететін 52 мыңнан астам құқық бұзушылықты анықтаған. Сондықтан жол қауіпсіздігі мен бағытталған шаралар жалғаса беретінін айтады. «Алайда темір тұлпар тізгіндеген жүргізушілер жылдамдықты асырмай, ережені қатаң сақтаса, жол апаты азайып, адам өміріне келетін қауіп те кемитін еді», — дейді мамандар.

Жалпы, биылғы 10 айдың қорытындысына сәйкес, облыс аумағында 1032 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 1285 адам дене жарақатын алса, 243 адам қаза тапқан.

Жол-көлік оқиғасының орын алуының негізгі себептері көлік жүргізушілер жолда жүру мәдениетін (қозғалыс жылдамдығын асыру, қарама-қарсы бетке шығу, жол белгілеріне бағынбау және т.б.) сақтамау нәтижесінен орын алуда.

Жол-көлік оқиғасының алу мен жол қозғалысы ережелерін сақталуын қамтамасыз ету мақсатында жол саласындағы құзырлы органдармен бірге жыл сайын екі рет күзгі және көктемгі кешенді тексеру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.

Жолдарды жөндеу және күтіп ұстау жұмыстары кезінде облыстық маңызы бар автомобиль жолдарына қазіргі таңда 5200 шақырым жол таңбасы мен 17 450 дана жаяу жүргіншілер жолағын сызу, 3470 дана жаңа жол белгілері, 23 193 шаршы метр шұңқырларды жамау, 17,1 шақырым тегістеу қабаты салынып, 60 жерге жасанды жол кедергілері орнатылды. Жыл соңына дейін жұмыстар жалғасатын болады.

Сондай-ақ республикалық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында 30 жерге үй жануарларының макеттері қойылды.

Түркістан облысы Полиция департаментінің жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарындағы жол-көлік оқиғалары жиі орын алатын учаскелер тұрақты зерделеніп, нәтижесінде жол-көлік оқиғалары жиі орын алатын 80 учаске анықталған. Атап айтқанда, республикалық маңызы бар жолдарда – 17 учаске; облыстық маңызы бар жолдарда – 19 учаске; аудандық маңызы бар жолдар мен көшелерді – 44 учаске.

Облыс бойынша жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарындағы жол-көлік оқиғалары жиі орын алатын учаскелер тұрақты зерделеніп, қажеттілікке байланысты және тұрғындар мен көлік жүргізушілердің сұраныстарын негізге ала отырып, тиісті орындарға биыл 100 жерге «Мерген» камераларын орнату жоспарланған болатын. Қазіргі таңда «Мерген» камералары толығымен орнатылып, «ЕРАП» жүйесіне қосу жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар облыстағы жол-көлік оқиғаларының себептерін зерделеу және алдын алу бойынша ведомостаралық жұмысшы топ құрылып, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңда облыс аумағындағы республикалық маңызы бар тас жолдарда апаттылықтың саны едәуір азайған. Себебі, республикалық маңызы бар жолдарда орнатылған ара қашықтықты есептейтін жылдамдық өлшегіш жүйесі іске қосылып өз нәтижесін беруде. Жол-көлік оқиғаларын алдын алу мақсатында тиісті жұмыстар жалғасын табады. 

Әлбетте, жол қауіпсіздігі сапалы жолдарға да байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, 2025 жылы автомобиль жолдары саласын дамытуға бюджеттен 51,7 миллиард теңге (республикалық бюджеттен – 10,4 миллиард теңге; облыстық бюджеттен – 28,6 миллиард теңге; «Ауыл – Ел бесігі» – 10,6 миллиард теңге, субвенция – 6,1 миллиард теңге) бөлініп, құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы 288 нысан немесе 1245,1 шақырым жолдар мен көшелер қамтылды. Жыл қорытындысына сәйкес, 201 нысан немесе 827,4 шақырым пайдалануға беріледі деп көзделуде.

Облыстық маңызы бар жолдар – 20,1 миллиард теңге (республикалық бюджеттен — 9,3 миллиард теңге, ОБ – 10,8 миллиард теңге) бөлініп, 24 нысан немесе 219,3 шақырым жол құрылыс-жөндеу жұмыстарымен (жыл қорытындысына сәйкес, 17 нысан немесе 105,6 шақырым жол, 7 көпір, 1жарықтандыру пайдалануға беріледі) қамтылды.

Аудандық маңызы бар жолдар –3,6 миллиард теңге (облыстық бюджеттен — 3,6 миллиард теңге) бөлініп, 24 нысан немесе 130,7 шақырым жол құрылыс, күрделі ж/е орташа жөндеу жұмыстарымен (13 нысан немесе 53,7 шақырым жол пайдалануға беріледі) қамтылды;

Елді мекен көшелеріне – 28,0 миллиард теңгеге 240 нысан 885,6 шақырым көшелерді жөндеуге (республикалық бюджеттен – 1,1 миллиард теңге; облыстық бюджеттен – 10,2 миллиард теңге; «Ауыл – Ел бесігі» – 10,6 миллиард теңге; субвенция – 6,1 миллиард теңге) бөлінді. Оның ішінде; облыстық бюджеттен және АЕБ есебінен – 21,0 миллиард теңгеге 131 жоба немесе 561,8 шақырым жөндеу жұмыстарымен қамтылуда (жыл қорытындысына сәйкес, 119 нысан немесе 509,0 шақырым пайдалануға беріледі). Субвенция есебінен 109 жоба немесе 323,8 шақырым көшелер қамтылды. Жыл қорытындысына сәйкес, 83 нысан немесе 283,1 шақырым жол пайдалануға беріледі.

2025 жылы жалпы пайдаланымдағы облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін 93,7%-дан 95%-ға, ал, елді мекен көшелерін 74%-дан 78%-ға жеткізу жоспарланған. Осы бағытта келесідей жұмыстар атқарылуда.

Түркістан облысы бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 17 692 шақырым құрайды. Республикалық маңызы бар жолдар – 678 шақырым (жақсы жағдайда 95%); облыстық маңызы бар жолдар – 3983 шақырым (жақсы жадайда 93,7%); аудандық маңызы бар жолдар – 1 726 шақырым (жақсы жағдада 93,7%); елді мекен көшелері – 11 305 шақырым (жақсы жағдайда 74%).

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You