«Жасөспірім және жауапкершілік»: Сауран ауданында жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында түнгі рейд өтті

Loading

Сауран ауданы аумағында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және түнгі уақытта заң талаптарының сақталуын бақылау мақсатында «Жасөспірім және жауапкершілік» тақырыбында профилактикалық түнгі рейд ұйымдастырылды.

Рейд барысында жастар мен жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың, нашақорлықтың және өзге де келеңсіз әрекеттердің алдын алу бағытында кең көлемді түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ата-анасының немесе заңды өкілдерінің қарауынсыз көшеде жүруіне жол бермеу мәселесіне ерекше назар аударылды.

Кешкі сағат 20:00-ден 22:00-ге дейін аудан аумағындағы сауда орындары мен ойын-сауық мекемелерінің иелеріне заң талаптары түсіндірілді. Оларға кәмелетке толмағандарды заңды өкілдерінсіз мекемеге кіргізуге, сондай-ақ темекі өнімдері мен алкогольдік ішімдіктерді сатуға заңмен тыйым салынатыны ескертілді.

22:00-ден кейін ауданға қарасты елді мекендерде рейдтік бақылау жүргізіліп, түнгі уақытта ата-анасының немесе заңды өкілдерінің қарауынсыз көшеде жүрген жасөспірімдер анықталып, олардың жеке басы тексерілді. Анықталған жағдайлар бойынша заң талаптары түсіндіріліп, профилактикалық жұмыстар жүргізілді.

“Құрметті ата-аналар мен заңды өкілдер! Балаларыңыздың қауіпсіздігіне бейжай қарамаңыздар. Олардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, әсіресе түнгі уақытта заңды өкілдерінің қарауынсыз көшеде жүруіне жол бермеңіздер. Себебі бала қауіпсіздігі – ең алдымен ата-ананың жауапкершілігі. Ұрпағымыздың амандығы мен жарқын болашағы – баршамызға ортақ міндет”, — дейді жауаптылар.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау – мемлекеттің басты басымдықтарының бірі екенін үнемі атап келеді. Мемлекет басшысы «Заң және Тәртіп» қағидаты қоғамның барлық саласында орнығуы тиіс екенін айтып, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуда профилактикалық жұмысты күшейтуді тапсырған болатын. Оның пікірінше, құқық бұзушылықпен күрестің ең тиімді жолы – оның салдарымен емес, себептерімен жұмыс істеу.

Осы тұрғыдан алғанда, Сауран ауданында өткізілген «Жасөспірім және жауапкершілік» рейді тек заң талаптарының орындалуын бақылаумен шектелмей, жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға және ата-аналардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған маңызды шара болды. Себебі жасөспірімнің қауіпсіздігі – мектептің, құқық қорғау органдарының немесе жергілікті биліктің ғана емес, ең алдымен отбасының және тұтас қоғамның ортақ міндеті.

Қазіргі таңда құқықтық сауаты жоғары, жауапкершілігі мол ұрпақ тәрбиелеу – елдің қауіпсіздігі мен тұрақты дамуының маңызды кепілі. Сондықтан мұндай профилактикалық іс-шаралардың жүйелі өткізілуі жастардың заңға құрметін қалыптастырып, олардың қауіпсіз ортада өсіп-жетілуіне ықпал етеді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You