Елімізде ұлттық ауыл шаруашылығы санағы өтеді

Елімізде араға 18 жыл салып ұлттық ауыл шаруашылығы санағы өтеді. Санақты өткізуге 5,2 млрд. теңге бөлінді. Санақ өткізудің мақсаты – аграрлық сектордың дамуына болжам жасау және ауыл шаруашылығы саласының қазіргі шынайы жағдайы туралы толыққанды ақпарат алу.

Мемлекет басшысының 2023 жылғы 26 сәуірдегі өкіміне және Үкіметтің 2023 жылғы 29 желтоқсандағы № 1248 қаулысына сәйкес, 2025 жылғы 1 тамыз бен 20 қазан аралығында Қазақстан Республикасының ұлттық ауыл шаруашылығы санағын өткізу туралы шешім қабылданған.

Ауыл шаруашылығы санағының нәтижесінде ауыл шаруашылығы саласының жай-күйінің егжей-тегжейлі және объективті бейнесі алынады, елдің азық-түлік ресурстарын қалыптастырудағы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер, әрбір санатының рөлі туралы толық деректер алынады.

Санақ субъектілеріне заңды тұлғалар және олардың құрылымдық не оқшауланған бөлімшелері, дара кәсіпкерлер, оның ішінде мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы және балық шаруашылығы қызметін жүзеге асыратын шаруа қожалықтары жатады. Сондай-ақ жеке шаруашылығын жүргізуге арналған жер учаскелері (саяжай, бақша, көкөніс учаскелері) және ауыл шаруашылығы үй жануарлары бар үй шаруашылықтары да енеді. Атап айтқанда, жер және егістік алқабы, ауыл шаруашылығы жануарлары мен құстардың саны, ауыл шаруашылығы машиналары мен жабдықтары, мал шаруашылығы кешендері мен құс фабрикалары, өндірістік ғимараттар мен ауыл шаруашылығы жануарлары мен құстарды ұстауға арналған үй-жайлар, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтауға арналған ғимараттар мен құрылыстар саналады.

Былтыр бюро санақ парақтарын, ақпараттық жүйелерді сынақтан өткізіп, ұйымдастыру жұмысының деңгейін бағалау үшін 54 елді мекенде пилоттық ауыл шаруашылығы санағын өткізді. Соның арқасында кемшін тұстар мен күшейтуді қажет ететін бағыттар анықталған.

Санақ екі форматта өткізіледі: біріншісі – онлайн, екіншісі – интервьюерлердің аралауы арқылы.

— 1-31 тамыз аралығында ауыл шаруашылығы кәсіпорындары, дара кәсіпкерлер, шаруа қожалықтары және жеке қосалқы шаруашылықтар сұрақтарға sanaq.gov.kz порталында онлайн түрде жауап бере алады. Санақтан онлайн түрде өтіп үлгермеген азаматтардың үйіне 20 қыркүйек пен 20 қазан аралығында интервьюерлер барады. Олар санақты планшет көмегімен жүргізеді. Санаққа онлайн қатысушыға санақ парақтарын толтыру бойынша кеңес беруге дайынбыз. Сайтта ол үшін арнайы нұсқаулықтар болады, сонымен қатар 1446 байланыс орталығындағы әріптестеріміз барлық сұраққа егжей-тегжейлі жауап береді, — деп мәлімдейді Ұлттық статистика бюросы.

Еске салсақ, елімізде алғашқы ауыл шаруашылығы санағы 2006-2007 жылдары өткізілген. Содан бері сала субъектілерін түгендеу жұмыстары жүргізілген жоқ.

Санақ ауыл шаруашылығының нақты жағдайы туралы толық ақпарат алу, ауыл шаруашылығы өнімінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған әлеуметтік-экономикалық саясатты әзірлеу, шаруашылық жүргізуші субъектілердің нақты санын анықтау мақсатында өткізіледі.

Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің ақпараты бойынша, бұл салада соңғы жылдары ресми дереккөздердегі мәліметтерде орта есеппен 20% алшақтық қалыптасқан.

Осыған орай ұлттық ауыл шаруашылығы санағын жүргізуді ұйымдастыру жөніндегі облыстық комиссияның отырысы өтті. Комиссия төрағасы, облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков өңірде жүргізілетін санақ науқанының мақсаты мен міндеттеріне тоқталып, статистика басқармасымен бірге атқарылатын жұмыстарды баяндады.

Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық Статистика бюросының Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы, комиссия төрағасының орынбасары Гүлнәр Күнтуғанова өз кезегінде санақ жүргізуде басшылыққа алынатын ережелер мен талаптарды түсіндірді. Сонымен қатар, санаққа енетін нысандардың тізімі ұсынылды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin