Жастар күні мерекесі аясында Түркістан қаласы әкімінің орынбасары шаһардың белсенді жастарымен кездесу өткізді

Халықаралық Жастар күніне орай, қала әкімінің орынбасары Мекенхан Қырықбаевтың қатысуымен шаһардың белсенді жастарымен кездесу өтті.

Кездесу барысында жастар көкейдегі сауалдарын қойып, түрлі тақырыптар талқыланып, ұсыныс-пікірлері тыңдалды.

— Бүгін өздеріңізбен Жастар күні мерекесі аясында кездесіп отырмыз. Қазіргідей заманда жастарымыз тек еңбекпен, біліммен ғана жарқын жетістіктерге қол жеткізе алады. Бұл ретте, жаңарған Түркістан – жастар үшін жаңа мүмкіндіктер алаңы. Таяуда қаламызда Жастар орталығы ашылды. Енді осы Жастар орталығында өрендеріміз өз-өздерін дамытып, білімдерін шыңдаулары қажет. Біз жастарды әрдайым қолдауға дайынбыз, — деді Мекенхан Қозыханұлы.

Жиында өз ұсынысын айтқан қалалық Жастар ресурстық орталығының басшысы Әлия Піржанова ата-баба мұрасын сақтау, балаға отбасы құндылықтарын ұғындыру мақсатында жастар арасында түсіндірме жұмыстарын жандандыру керектігін жеткізді.

Статистика бойынша қалада 14-35 жас аралығындағы 71 486 жас болса, оның 66 439-ы жоғары және орта арнаулы оқу орындарында оқиды және тұрақты жұмысы бар.

Биыл шаһардағы талантты жастарды қолдау және уақытын тиімді пайдалану мақсатында шаралар күшейтіліп, 37 кездесу өтті. Олардың бірі — ұлттық өнерімізді ұлықтайтын «Домбыра party» музыкалық додасы. Сондай-ақ, «Абай оқулары», «Буккроссинг» кітап алмасу шарасы ұйымдастырылды. Ерікті жастармен бірге 20 сенбілік жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, қала жастары полиция басқармасымен бірлесіп, құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында түсіндірме жұмыстары мен түнгі рейдтік тексеріс шараларын жүргізіп келеді.

Еске салайық, 12 тамызда Қазақстанда Халықаралық жастар күні атап өтіледі.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі таратқан деректерге сүйенсек, 2024 жылдың басында республика жастарының саны — 5 759 781 адам. Бұл — 14 пен 35 жас аралығындағы қазақстандықтар.

Жыл басынан бері 20 мыңнан астам жастар кәсіби бағдар беру жұмыстарымен қамтылды, 130 мыңнан астамы жастарды қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар мен бастамалардың бағыттары бойынша консультациялық көмек алды.

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының 2023-2029 жылдарға арналған мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасына тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша жұмыс жүргізілуде.

Тұрғын үй мәселелерін шешу үшін ағымдағы жылғы наурыз айында Отбасы банкімен бірлесіп, аудиториясының 60% — ы жастарды қамтыған «9-20-25/Отау» жаңа ипотекалық бағдарлама іске қосылды. 1 мамырдағы жағдай бойынша жас отбасылардан 16 747 өтініш берілді.

Сонымен қатар 18 жастан 35 жасқа дейінгі жұмыс істейтін жастар үшін еліміздің 16 өңірінде жылдық кредит бойынша пайыздық мөлшерлемесі 5% , бастапқы жарнасы 10% және 25 жылға дейінгі мерзімі берілген жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламалары іске асырылуда.

«Жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай беру қағидаларын бекіту туралы» бұйрыққа өзгерістер енгізілді. Қағидада жұмыс істейтін жастар үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй алу үшін жыл сайынғы жинақтау шегін енгізу көзделеді.

Шығармашылық және белсенді жастарды қолдауға қатысты «Дарын» Мемлекеттік сыйлығының қағидаларына толықтырулар енгізілді. Біріншіден, сыйлықақы мөлшері 600 мың теңгеден 1 миллион теңгеге дейін ұлғайтылды. Екіншіден, «Қоғамдық қызмет» жаңа номинациясы қосылды.

Жастар саясатының негізгі бағыттары: жұмыссыздық, тұрғын үй мәселелерін шешу, бизнес-бастамаларды қолдау, сондай-ақ білім мен мәдениет деңгейін көтеру.

«Zhas project» жобасы аясында биыл ауыл жастары арасында 280 грант бөлініп, бизнес-жобаларын іске асыру үшін NEET санаты іске асырылуда.

Жастардың бизнес-бастамаларын қолдау үшін «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасын іске асыру жалғасуда. 2024 жылы 3 млн теңге көлемінде 30 грант бөлу көзделген. Волонтерлік саланы қолдау мақсатында қосымша «Волонтерлік» бағыты қарастырылған.

Жалпы, қазақ қай заманда да жастарға арқа сүйеген. Ежелден ұлт еркіндігінің ерен рухын паш етіп, азаттықтың шамын жаққан да, осы кейінгі ұрпақ болды. Тәуелсіздігімізді тұғырлы еткен де, сан салаға серпіліс әкелген де – сол буын. Ал қазіргі қазақ жастары қандай? Мағжанның, сенім үдесінен шығып жүр ме? «Жақсы жастан шығады.» Аталы сөзден бағыт алған халқымыз осылай деп, ежелден кіші буынға үлкен сенім, жауапкершілік артып келеді. Жаңашылдықты да, жасампаздықты да өскелең ұрпақтан күтті. Ал бүгінгі қазақ жастары қандай? Мағжан сенген көзі отты, жүрегі түкті буынның жұрнағы қалды ма? Жоғарыда айтқанымыздай, қазір елде шамамен 6 миллионға жас тұрады. Бұл — жалпы халықтың 30 пайызы. Ерлер мен әйелдер саны шамалас. 3 миллионға жуықтайды. Жастар – 5 759 781. Ерлер – 2 915  985. Әйелдер – 2 810  642. Әлемдегі ахуал күрделі. Дамыған елдер дабыл қаға бастады. Көп елде жас тұрғындар тапшы. Күншығыс елінде кадр тапшылығы 5 жылда 5 есе өскен. Ал Еуроодақта еңбекке қабілетті азаматтар 2050 жылға дейін 35 миллионға азаяды деп күтілуде. Ал біздің сан жағынан ұпайымыз түгел. Жұмыс күшінің тапшылығы қатты сезілмейді. 

«Финпром» агенттігінің мәліметіне сенсек, 15-28 жас аралығындағы тұрғындардың 1,7 миллионы жұмыс істейді. 1,4 миллион жас жалдамалы қызметкер болса, 308,8 мыңнан астамы – жеке кәсіпкер, 61,5 мыңы — тәуелсіз қызметкер. Тағы 9 мың жас құрылтай һәм өндірістік кооперативтердің мүшесі болып істейді. Нақтырақ айтсақ, сауда мен қызмет көрсету бағытында істейді.

Ал жұмыссыз жастардың саны 400 мыңға жуықтайды. Әсіресе, Алматы мен Астана қаласы және Қарағанды облысында көрсеткіш жоғары. Жұмыссыз жастардың көпшілігі жұмысты үш айдан алты айға дейін іздейді. Олардың саны — 17,9 мың адам. Тағы 16,8 мың адам бір айдан үш айға дейін іздесе, 15 мыңға жуық адам бір айдан аз уақыт жұмсайды. 10 мың азамат бір жылға дейін жұмыс іздейді. Ал қалған 2,1 мың адам бір жылдан астам уақыт бос жүр. Кейінгі жылдары жастардың белсенділігі қай салада болса да артып келеді. Әсіресе волонтерлік бағытты терең меңгерген. Ғылым һәм спорттағы жетістіктері де көп.

Қорыта айтқанда, жастар — қай заманда, қай елде болмасын асқақ арман мен үміт, биік ар мен өр намыстың символы.

Олар қай кезде де, қай қоғамда да белсенді буын өкілдері. Еліміздегі жас буын өкілдері мемлекетіміздің жаңа келбетін қалыптастырады. Олардың жаңа белестерге деген ұмтылысы жаңа идеялардың туындауына себепші болады. Ал жаңа идея қазақ елінің жаңаруына бағыт алып, “Мәңгілік ел” болуына нық қадам бастайды.

Тек бізде ғана емес, әлем жұртшылығы жастардың алып күш иесі екендігін мойындап, олармен санасады. Сондықтан бір жылдың айтулы бір күнін арнайы жастар мерекесі етіп, күнтізбеде белгілеген.

Жыл сайын халықаралық жастар күні тамыздың 12 күні атап өтіледі, оның негізгі мақсаты -жастардың қоғамдағы орны үлкен осы бейбітшілікті жалғастыруда және көркейтуде қосатын үлестері де өте басым екедігін тағы да естеріне салу.

Қазіргі Қазақстанның жастары өте ерекше олар мемлекетіміздің саяси және экономикалық өзгеру дәуірінде дүниеге келіп мемлекетімізбен бірге дамып келеді, олардың өмірге деген көзқарастары да заманауи және ерекше.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin