Жыл басынан бері 10 мың 661 шетел азаматы Түркістан қаласы аумағына уақытша тіркеуге қойылды

Түркістан қаласының Полиция басқармасына қарасты Көші-қон қызметі бөлімі бірқатар іс-шараларды атқарып жатыр. Соның ішінде нақты айтар болсақ, облыс орталығы — Түркістан қаласында 2022 жылдың 10 айында 22899 азамат құжаттандырылды. Оның 10585-і – төлқұжат алуға, ал 12776-сы жеке куәлік алуға өтініш тастаған. Бұл азаматтардың өтініштерінің 5 пайызы кері қайтарылған. Бұл жөнінде Түркістан қаласының Полиция басқармасының Көші-қон қызметі  хабарлап отыр.

Жалпы айта кетсек, Түркістан қаласы Полиция басқармасының Көші-қон қызметі бөлімі арқылы жыл басынан бері 10 661 шетел азаматы Түркістан қаласы аумағына уақытша тіркеуге қойылып отыр. Оның 5800-ден астамы шаһарға жұмыс бойынша келіп, бюджеттің пайдасына жеке табыс салығымен 56 миллион теңгеден астам ақша өндірілген. Жұмыс істеу үшін уақытша тіркеуге қойылған шетелдіктердің 85 пайызы жұмысқа құжаттандырылды. Сонымен қатар, жергілікті құзырлы орган мамандарының деректеріне сүйенсек, ағымдағы жылдың 10 айында Қазақстан Республикасының азаматтығын алу үшін — 20 азамат, Қазақстан Республикасының азаматтығын растау үшін – 2 азамат, Қазақстан Республикасының азаматтығы жоқ адам деп тануға 1 азамат өтініш білдірген екен. Қазақстан Республикасында тұрғылықты тіркеуге – 11 азамат, Қазақстан Республикасында тұрғылықты қалдыруға — 11 азамат, шетелге тұрақты шығуға 2 азамат өтініш білдірген. Сондай-ақ түркістандық полицейлер арқылы жыл басынан бері көші-қон заңнамасын бұзу бойынша 690 хаттама толтырылып, 8 миллион теңгеден астам айыппұл өндірілген.

Осы ретте атап өтер маңызды мәселе, елімізде Тәуелсіздік алғаннан кейін — 1993 жылы 5 сәуір күні «Қазақстан Республикасындағы паспорттық жүйе туралы ереже» қабылданғанын білесіздер. Бұл паспорттық-визалық қызметті қайта құрудың алғашқы қадамы болатын. Ал бұл қызмет 1999 жылдан бастап Көші-қон деп атала бастады. Міне, содан бері оның міндеті мен құрылымы күрделеніп, қызмет ауқымы да кеңейген. Түркістан облысының Полиция департаменті құрамындағы Көші-қон қызмет басқармасы бұл саланы өрге сүйреп келеді. Облыс аумағында заңсыз көші-қонның алдын алу, елдегі шетел азаматтарының құқықтық тәртібін бақылап, құқықбұзушылыққа жол бермеу, көші-қон заңнамасында көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру сынды жұмыстарды тыңғылықты атқарып келеді.

Қазіргі таңда Түркістан облысының Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасының басшылық қызметін полиция подполковнигі Есенғали Бейсебаев абыроймен атқаруда. Бұдан бөлек бұл басқармадағы полиция полковнигі Қайрат Жүнісбеков, полиция подполковниктері Әуезбек Мырзабаев, Руслан Бейсалиев, Нұрым Абдуалиев, Бекарыс Игисинов, Зарина Абылаева, полиция майорлары Руслан Оспан, Бауыржан Бекбаев, Камила Бердиева, Лаура Әуелбекова, Асқар Мақанов және полиция аға лейтенанты Ақнұр Шырынбековалар — нағыз өз ісінің мамандары.

«Түркістан шаһары облыс орталығына айналғалы, келуші шетел азаматтарының саны күрт өсті десек те болады. Ал олардың елдегі жүріп-тұру тәртібін, қауіпсіздігін бақылап отыру өте маңызды. Соңғы 3 айда түркістандық көші-қон қызметкерлері заңнамаға сәйкес облыс аумағынан азаматтығы жоқ 4115 шетелдікті анықтап, есепке қойған. Бұлардың көпшілігі — Өзбекстан, Ресей, Қырғызстан елінің азаматтары. Ал осы уақыт ішінде Республиканың көші-қон заңдылығын бұзған жалпы 2641 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған» — дейді Түркістан қаласы Полиция басқармасының көші-қон бөлімінің қызметкерлері.

Бұдан бөлек көші-қон қызметі алимент төлеушілерді, борышкерлерді іздеу, халықты құжаттандырып, тіркеу және Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау жұмыстарын іске асырады. Осыған орай жұмыстың жан-жақтылығына байланысты Көші-қон қызметі прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыстық департаментімен, шекара қызметімен, Еңбек және әлеуметтік қорғау департаментімен, экстремизм, жергілікті полиция қызметі және криминалдық полиция басқармасымен бірлескен іс-шараларды жүйелі түрде өткізіп отырады.

Халықты құжаттандыру, тіркеу жұмыстарын жүзеге асыру барысында ағымдағы жыл басталғалы 48680 азаматқа жеке куәлік немесе төлқұжат алуға 1-нысандағы арыздар ресімделген. Ал төлқұжат немес тіркеу ережелерін бұзған 1801 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

2022 жылдан бастап Көші-қон қызметі басқармасының қызметкерлері Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау жұмыстарын да қарқынды жүргізді. Аз ғана уақыт ішінде азаматтыққа қабылдауға 381 шетелдік пен азаматтығы жоқ тұлғалар тұрақты тіркелген екен. Ал бұл бойынша 701 адам арызданған.

Осы тұста Түркістан облысының полицейлері 20 жылдан бері төлқұжатсыз жүрген 70 жастағы қарт әжейді құжаттандырғанын да айта өткен абзал. Нақтырақ айтсақ, Шардара АПБ көші-қон қызметі бөліміне 70 жастағы қарт әйел Атиш Баянова жеке басын құжаттандыруға өтініш білдірген екен. Ол 2002 жылы Өзбекстан Республикасынан Қазақстан Республикасына көшіп келіп, құжаттарын жоғалтып алған. Содан бері 20 жыл бойына құжатсыз жүрген. Өтінішті алысымен көші-қон полицейлері бірден тіркеуге алып, шұғыл түрде кейуананың құжаттарын рәсімдеді. Нәтижесінде аз ғана уакыттың ішінде тәртіп сақшылары апаның жеке басын анықтайтын төлқұжатын жасап, өз қолына табыстады. Төлқұжат алғанына қуанған әйел көші-қон полицейлеріне ыстық ықыласын білдірді.

«Мен осы құжаттарымды алу үшін өтініш білдірген едім. Полиция қызметкерлеріне үлкен рахмет! Жасымды сыйлап, аз уақыттың ішінде бітіріп берді. Жұмыстарың алға баса берсін», — дейді ол. Бүгінде көпті көрген кейуана 2 ұл 3 қыз өсіріп, одан 18 немере 4 шөбере сүйіп отыр.

Жалпы көші-қон дегеніміз не? Ол – адамдардың тұрғылықты мекенінен әр түрлі себептермен басқа жерге қоныс аударуы, көшіп-қонуы. Осындай азаматтармен арнайы жұмыс атқаратын полиция қызметкерлерінің жұмысы да жүйелі түрде жүргізілуде.

Мәселен, Мақтаарал ауданы полиция бөлімінің Көші-қон қызметі тобының қызметкерлері рейдтік шара ұйымдастырып, нәтижесінде құқық бұзушы шетелдік азаматты анықтады. Содан соң Өзбекстан Республикасы азаматының құжаттарын тексеру кезінде, оның Алматы қаласының әкімшілік мамандандырылған сотының үкімімен әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын білді.

Алайда шетелдік азамат жауапкершілікке тартылып, Қазақстан Республикасы аумағынан шығуына шешім қабылданса да, заң талаптарын орындамаған. Аталған жайт Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 669-бабы 1-бөлігі «Сот үкiмiн, сот шешiмiн немесе өзге де сот актiсiн және атқарушылық құжатты орындамау» бойынша тіркеліп, хаттама толтырылып, жинақталған іс-құжаттар Мақтаарал аудандық сотына жолданды.

Түркістан облысының полицейлері орын алған құқықбұзушылықты анықтап қана қоймай, шетел азаматтары және жұмыс берушілермен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізеді. Сонымен қатар көші-қон қызметі туралы заңдылықтарды сақтау бойынша ескерту жасалды.

Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасына сәйкес, ел аумағында биылғы 12-30 қыркүйек күндері аралығында «Жалданушы-2022» атты терроризмге қарсы жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілген болатын. Осыған байланысты Түркістан облысының Полиция департаменті Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы мен Көші-қон қызметі бөліністерінің қызметкерлері бірлесіп, облыс аумағында ауқымды жұмыстар атқарып, рейд жүргізді.

Мәселен, Түркістан облысының полицейлері іс-шара басталғаннан бері 150-ден астам шетел азаматын тексерді. Нәтижесінде Қазақстан Республикасына келіп-кету заңнамаларын бұзған 83 азаматқа Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 517, 518-баптарына сүйеніп, хаттама толтырылды. Оған қоса Өзбекстан Республикасының 15 азаматы сот шешімімен ел аумағынан аластатылды.

Жалпы мұндағы негізі мақсат – заңсыз көші-қон арналарын әшкерелеу, шетел азаматтары жасайтын қылмыстардың алдын алу, болдырмау, теріс діни ағымда жүргендерді анықтау болып табылады.

Осы ретте Түркістан қаласының полиция қызметкерлері құқық бұзушылықты анықтап қана қоймай, шетел азаматтары мен жұмыс берушілерге профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Сонымен қатар көші-қон қызметі туралы заңдылықтарды сақтауды қатаң ескертеді.

Жетісай ауданы аумағында заңсыз көші-қон қызметінің алдын алу, жолын кесу мақсатында «Заңсыз келуші» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Мәселен жетісайлық полицейлер көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 517-бабы 5-бөлігімен 8 құқық бұзушыны анықталып, оларға қатысты іс құжаттар жинақталып, Жетісай аудандық сотына жолдады.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 449-бабы 3-бөлігімен 2 құқық бұзушы, 519-бабы 1-бөлігімен, яғни “Шет ел азаматтарын заңсыз жұмыс күшіне пайдалану» бойынша 2 әкімшілік хаттама толтырды.

Жалпы Жетісай ауданының полицейлері бұл бағыттағы жұмыстарды алдағы уақытта жалғастыра береді.

Айта кету керек, көші-қон процесі адамдардың белгілі бір аумақтың шекарасынан асып, тұрақты немесе уақытша тұрғылықты мекенге қоныс аударуы арқылы жүзеге асады. Халықтың әлеуметтік, экономикалық, экологиялық, саяси, діни, әскери және басқа себептермен ұйымдасқан түрде (мемлекеттің және басқа қоғамдық құрылымдардың қатысуымен) және ұйымдаспаған түрде (көшіп келушілердің өздерінің күшімен) көшіп-қонуы мүмкін. Қазіргі кезде көші-қонды туғызатын себептердің ішіндегі ең бастысы экономикалық себеп болып отыр. Қазақстанда бұған экологиялық апат аймақтарына байланысты себепті де қосуға болады. Халықтың көшіп-қонуы ежелгі заманнан бері бар. Көші-қон алғашқы қоғамдық еңбек бөлінісімен (бақташылар тайпасының бөлініп шығуымен), егіншіліктің дамуымен, егіншіліктен қолөнердің бөлінуімен, халықтардың ұлы қоныс аударуымен, ұлы географиялық ашылымдармен, индустрияның дамуымен (19 ғасырдың басында) байланысты болды. 20-шы ғасырда көші-қонға соғыстар зор әсерін тигізді. Көші-қон адамзаттың дамуында, аумақтардың халықтар арасында қайта бөліске түсуінде зор рөл атқарды. Көші-қон тұрғылықты халықтың да, көшіп кетушілердің де тұрмыс деңгейіне, халықтың демографиялық және әлеуметтік құрылымына, қоныстануына, этнографиялық құрамының өзгеруіне елеулі ықпал етеді. Тұрақты тұрғылықты мекенінің түпкілікті ауысуына байланысты:

қайтып оралмайтын көші-қон;

тым ұзақ мерзімге қоныс аударумен байланысты уақытша көші-қон;

жылдың белгілі бір кезеңінде орын ауыстырумен байланысты маусымдық көші-қон;

басқа жердегі жұмыс, оқу орындарына ұдайы әрлі-бері жүріп-тұратын қатынамалы қөші-қон;

елден сырт жерге көшіп кету, елге көшіп келу түріндегі сыртқы көші-қон;

ел ішінде қоныс аударумен байланысты ішкі көші-қон түрлеріне бөлінеді.

Ал ішкі көші-қон ауыл халқының көші-қоны және қала халқының көші-қоны түрлеріне ажыратылады. Қазақ халқының ежелгі замандардан бері келе жатқан көшпелі, жартылай көшпелі тұрмыс-тіршілігі, мал шаруашылығының дамуына байланысты жайылым жаңғыртып отыруы, жазда жайлауға, қыста қыстауға көшіп-қонуы, айталық, малға өріс іздеудің ыңғайымен көктем, жаз айларында қырға көшіп, қыста Сырға құлауы қазақ жерінде маусымдық көші-қонның дамығандығын көрсетеді. Сондай-ақ, 15-18-ші ғасырларда жоңғар шапқыншылығы кезінде қазақ халқы “ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламаға” ұшырап, ата мекенінен үдере көшіп, мәжбүрліктен қоныс аударып отырған. 19-шы ғасырдың 2-жартысы – 20-шы ғасырдың басында Ресей империясының отарлау саясатымен қазақ жеріне қара шекпенді орыс қоныстанушылары көшіп келді.

18-19-шы ғасырлардың қазақ халқының патшалық самодержавияға қарсы ұлт-азаттық көтерілістері мен соғыстары, Орта Азия мен Қазақстандағы 1916 жылы Маусым жарлығына қарсылықпен басталған ұлт-азаттық қозғалысы, 1917 жылы ақпан буржуазиялық-демократиялық және Қазан төңкерістері, Қазақстанда Кеңес өкіметінің орнауы, 1918-1920 жылдардағы азамат соғысы, 1920-1921 жылдардағы ашаршылық, “соғыс коммунизмі”, азық-түлік отрядтарының жорығы Қазақстан жеріндегі көші-қонның саяси себептері еді. Бұл кезеңдерде талай қазақтар қанды қырғын мен аштықтан бас сауғалап, жат жерге ауып кетті.

1928-1930 жылдары бай-кулак ретінде тәркіленген ауқаттылар ата мекенінен аласталып, жер аударылды.

Қазақстан аумағы кеңестік империяның басқа аймақтарынан жер аударылған шаруалардың, саяси тұтқындардың мекеніне айналды. Жаппай күштеп ұжымдастыру кезеңінде қазақтарға қарсы геноцидтік саясаттың жүргізілуі салдарынан қазақ халқы ашаршылыққа ұшырап, қырылған зұлмат жылдарда (1931-1933 жылдары) 1 миллионнан астам қазақ ата жұртынан ауып кетті, олардың 616 мыңы тарихи отанына қайтып оралмады. Олар шалғай шет жерде – Моңғолия, Қытай, Ауғанстан, Пәкістан, Иран, Түркия елдерінде, сондай-ақ, кейбір Батыс Еуропа елдерінде қазақ диаспорасын құрады. 2-дүниежүзілік соғыс жылдары (1939-1945 жылдары) тұтқындалған, Еуропа елдеріндегі Қарсыласу қозғалыстарына қатысқан, Түркістан легионында болған көптеген қандастарымыз шет мемлекеттерде қалып қойды. 1937 жылдың күзінен тоталитарлық саясаттың құрбанына айналған тұтас халықтар өз жұртынан қазақ жеріне күштеп көшірілді. Атап айтқанда, 1937 жылы Қазақстанға Манчжурия өлкесінен 102 мың корей қоныс аударуға мәжбүр болды. 1938-1944 жылдары қазақ жеріне Кавказдан шешендер, ингуштар, балқарлар, қарашайлар, Қара теңіздің солтүстік жағалауынан қырым татарлары, месхед-түріктер, поляктар, болгарлар, күрдтер, Еділ бойынан немістер, 1947-1952 жылдары мыңдаған латыштар, эстондар, батыс украиндар қазақ жеріне зорлықпен көшіріліп, түпкілікті қоныстандырылды. 1953 жылы еврейлер, абхаздар жер аударылды. 1953-1955 жылдары тың игеру деген желеумен Қазақстан жеріне өзге ұлттардың миллиондаған өкілдері көшіп келді. Сөйтіп, кеңестік тоталитарлық жымысқы саясаттың салдарынан байырғы ұлт – қазақ халқы өз жерінде азшылыққа ұшырап, Қазақстан 130-дан астам этнографиялық диаспораның өкілі тұратын “интернационалдық” мекенге айналды. Ал 5 миллионнан астам қазақ диаспорасы шет жерде мекендеді. Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізіп, егеменді елге айналған 20-шы ғасырдың 90-жылдарынан бастап соңғы он жыл ішінде көші-қон басқаша сипат алды. Қазақстан Республикасының 1992 жылы 26 маусымда қабылданған “Көшіп келу туралы”, 1997 жылы 13 желтоқсанда қабылданған “Халықтың көші-қоны туралы” заңдары көші-қон саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеп, көші-қон үдерістерінің құқықтық, экономикалық және әлеуметтік негіздерін белгіледі. Сөйтіп, өзінің тарихи отанына қайтып оралатын адамдар мен отбасылар үшін жаңа жерде қажетті тіршілік жағдайларын жасау мәселесін мемлекет тұрғыда шешу ісі қолға алынды. Осыған орай Қазақстан Республикасының Көші-қон және демография жөніндегі агенттігі, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы сияқты мемлекет және беймемлекет мекемелер құрылды, шет жұрттан ата жұртына көшіп келетін оралмандарға жыл сайын өсіп отыратын квота белгіленіп, олардың белгіленген аймақтарға қоныс теуіп жайғасуы үшін мемл. және жергілікті бюджеттерден қаржы бөлініп тұратын болды. Сондай-ақ, Қазақстанға мәжбүрлі жағдайда көшіп келіп, тұрақтап қалған көптеген ұлт өкілдері өздерінің ата жұртына көшіп баруға мүмкіндік алды.

 Көші-қон қызметі не атқарады?

Қазіргі таңда Қазақстан Республикасның Ішкі істер министрлігіне қарасты Көші-қон қызметі көші-қон саласындағы мемлекеттік саясатты ведомствоаралық үйлестіруді және іске асыруды, көші-қон процестерін мониторингілеуді, талдауды және болжауды, сондай-ақ босқындар және Қазақстан Республикасының азаматтығы мәселелері бойынша жұмысты ұйымдастыруды жүзеге асырады.

Функциялары:

мемлекеттік көші-қон саясатын іске асыру мәселелері бойынша орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарды ведомствоаралық үйлестіруді қамтамасыз етеді;

азаматтық, халықтың көші-қоны және босқындар саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз етеді;

мемлекеттік органдардың қызметін халық көші-қоны мәселелері бойынша ведомствоаралық үйлестіруді жүзеге асырады;

көші-қон процестерін мониторингілеуді, талдауды және болжауды жүзеге асырады;

көші-қон процестерін реттеу және мониторингілеу саласындағы шаралар жүйесін әзірлейді;

көші-қон процестерін мониторингілеу нәтижелерін халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру мәселелері жөніндегі уәкілетті органға ұсынады;

шетелдік мемлекеттердің уәкілетті органдарымен және халықаралық ұйымдармен өзінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша ынтымақтастықты ұйымдастырады және жүзеге асырады;

азаматтарды қабылдауды, азаматтардың, лауазымды адамдардың ауызша және жазбаша арыздарын, өтініштері мен ұсыныстарын уақтылы және толық қарауды жүзеге асырады, олар бойынша шешімдер қабылдайды;

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимылға бағытталған шараларды әзірлейді;

шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды есепке алуды және тіркеуді жүзеге асырады;

Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің ұсынымы бойынша табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған, шекараны бұзушыларды шекаралық іздеу, қаруланған шабуылды тойтару немесе іргелес мемлекет азаматтарының Қазақстан Республикасының аумағына жаппай өтулері кезінде Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың шекара маңы аймағында (жолағында) орналасқан жергілікті жердің жекелеген учаскелеріне немесе объектілерге қолжетімдігін шектейді немесе тыйым салады;

Министрліктің «Ақпараттық-өндірістік орталық» республикалық мемлекеттік мекемесімен жеке басын куәландыратын құжаттарды дайындау мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасасуды жүзеге асырады;

Қазақстан Республикасында тұрақты тұрып жатқан шетелдіктерді жеке есепке алуды жүргізеді;

босқын деп танылған адамға өз құзыреті шегінде шыққан елінде тұратын туыстары туралы ақпарат алуға көмек көрсетеді;

босқын мәртебесін беру, ұзарту, айыру және тоқтату рәсімін жүзеге асыру жөніндегі комиссияны құрады, сондай-ақ оның ережесін әзірлейді және бекітеді;

пана іздеуші адамдар мен босқындардың құқықтарын сақтауды қамтамасыз етеді;

пана іздеуші адамдар мен босқындардың тізімдерін қалыптастырады және ай сайын ұлттық қауіпсіздік органдарына жолдайды;

Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын адамдардың Қазақстан Республикасының азаматтығы мәселелері бойынша арыздары бойынша материалдарды қарайды және қажетті құжаттармен бірге оларды Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына жолдайды;

өз құзыреті шегінде халыққа мемлекеттік қызмет көрсетуді ұйымдастыру бойынша шаралар кешенін әзірлейді және іске асырады.

Көшi-қон процестерi мемлекеттiк қауiпсiздiкке, қоғамдық келiсiмге, елдегi экономикалық және демографиялық ахуалға әсер етедi

Ал Қазақстан Республикасы Көші-қон саясатының тұжырымдамасы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 5 қыркүйектегі №1346 қаулысымен мақұлданған. Қазақстан Республикасы көшi-қон саясатының тұжырымдамасы көшi-қон процестерiнiң негiзгі қағидаттарының, басымдықтарының, тетiктерiнiң, мiндеттерi мен әдiстерiнiң негiзгi жүйесiн тәртiпке келтiру мен реттеудi бiлдiредi. Көшi-қон процестерiн реттеу деп — Қазақстанның ағымдағы және алыс перспективалық қажеттiлiктерiне жауап беретiн және көшiп-қонушылардың құқықтарын iске асыруды қамтамасыз ететiн бағыттарда адамдардың қоныс аударуын ынталандыруға не шектеуге бағытталған әкiмшілiк және әлеуметтік-экономикалық шаралар кешенi түсiнiледi.

Көшi-қон процестерi мемлекеттiк қауiпсiздiкке, қоғамдық келiсiмге, елдегi экономикалық және демографиялық ахуалға әсер етедi. Көшi-қон саясаты Қазақстанның мемлекеттiк сыртқы және iшкi саясатының құрамдас бөлiгi болып табылады, оны iске асыру мемлекеттiң басым мiндеттерiнң бiрi болуға тиiс. Көшi-қон саясатының субъектiлерi орталық және жергiлiктi атқарушы органдар болып табылады. Мемлекеттiк органдардың көшi-қон саясатын iске асыру жөнiндегi әрiптестерi қоғамдық бiрлестiктер болуға тиiс.

Тұжырымдама адам құқықтары мен бостандықтарын сақтау негiзiнде, жалпы мемлекеттiк мүдделердi ескере отырып, көшi-қон саясатының негiздерiн айқындайды. Ол елiмiздiң тұрақты дамуға көшу кезеңiне және экономиканың тұрақтануы мен өсуiнiң ұзақ мерзiмдiк перспективасына есептелген. Құжат таяудағы перспективаға мемлекеттiң саяси болмысын және әлеуметтік-экономикалық жағдайын негiзге алады, олар Қазақстан Республикасындағы көшi-қон процестерiн реттеу жүйесiнiң шектеушiлерi болып табылады.

Көшi-қон саясаты Қазақстан Республикасының Конституциясына, халықаралық құқықтың жалпыға танылған қағидаттары мен нормаларына, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына, Қазақстан Республикасының Заңдарына және өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдерге негiзделген. Тұжырымдама көшi-қон процестерiн реттеудiң отандық және шетелдiк тәжiрибесiн ескередi.

Бұл тұста көші-қон ахуалын бағалауға да ерекше мән беріледі. Қазақстанның халық көшi-қоны саласындағы ерекшелiгi мемлекет дамуының тарихи ерекшелiктерiнен туындаған көп ұлтты адамдар қауымдастығының орнығуы болып табылады. Мәселен, 1968 жылға дейiн республика үшiн халықтың көшi-қонының оңды сальдосы тән болды, яғни, елiмiзге келушiлердiң саны одан кетушiлердiң санынан едәуiр көп болды. Мысалы, 1950-1959 жылдар мен 1960-1969 жылдар кезеңiнде орташа жыл iшiнде 1000 адамға шаққанда республикадағы халықтың көшi-қон өсiмi тиiсiнше 12 және 5 адам болды. Алайда, 1968 жылдан бастап қазiргi кезге дейiн республиканың көшi-қон процесiнде керi ахуал қалыптасты, яғни елге халықтың келуiнен гөрi кетуi неғұрлым жедел қарқында.
      Мысалы, 1970-1979 жылдар мен 1980-1989 жылдар кезеңiнде орташа жыл iшiнде 1000 адамға шаққанда республика халқының көшi-қон есебiнен кемуi тиiсiнше 5 және 7 адамды құрады.
      Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тәуелсiздiк алуымен, бұрынғы Кеңестiк Социалистiк Республикалар Одағының трансформациялық процестерiнiң басталуымен және басқа да көптеген Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығы елдерiндегi сияқты Қазақстанда жекелеген этникалық топтардың тарихи Отанына оралу мүмкiндiгiнің кеңеюiмен көшi-қонның терiс сальдосының өсу үрдiсi қалыптасты. Мәселен, соңғы 10 жыл iшiнде көшi-қонның терiс сальдосы халықтың осы кезеңдегi табиғи өсiмiн толығымен жұтып қана қойған жоқ (1990 жылдарда табиғи өсiм, туу санының күрт азайып кетуi және 1980 жылдармен салыстырғанда қайтыс болғандар санының ұлғаюы есебiнен 2 есеге дерлiк азайды) сонымен қатар және одан 2 еседен астам асып кеттi.

Қазақстан Республикасындағы көшi-қон ахуалы мынадай негiзгi процестермен сипатталады:

Біріншіден, эмиграцияда халықтың бұрын патша заманында Қазақстанға жiберiлген, сталиндiк режим жылдарында жер аударылған, тың және тыңайған жерлердi игеруге жiберiлген орыс тiлдi бөлiгі өкiлдерiнiң және әскери-өнеркәсiп кешенiне қызмет көрсететiн контингенттің кетуi басым;

Екіншіден, көшiп келуде этникалық қазақтардың қарқыны басым, ол мынадай жағдайлардан: өзiнiң ұлттық бiрегейлігін сақтау ниетiнен; әскери жанжалдар салдарынан; тарихи отанына оралу ниетiнен туындап отыр.

Үшіншіден, ішкi көшi-қонда: аграрлық сектордың құлдырауы нәтижесiнде ауылдық елдi мекендерден халықтың көшiп кетуi; қаланы ұстап тұрған кәсiпорындар мен өңдеу кешендерiнiң тоқтап қалуы салдарынан шағын және орташа қалалардан кетуi; экологиялық себептер салдарынан Семей полигоны аймағы мен Арал өңiрiнен халықтың көшiп кетуi.

Төртіншіден, Қазақстан Республикасының геосаяси орналасу жағдайынан, Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығы елдерiмен шекаралардың ашықтығынан, достастық елдерiнiң бiрiңғай келiсiлген саясаты болмауынан және заңдық базаның жетiлмеуiнен туындаған заңсыз көшi-қон.

Бесіншіден, ішкi еңбек рыногында өзiмiздiң еңбек ресурстары асып-артылып жатқан кезде шетелдiк жұмыс күшiн тартуға байланысты еңбек көшi-қоны.

Алтыншыдан, бiрқатар мемлекеттердегi қоғамдық-саяси жағдайдың тұрақсыздығы салдарынан босқындардың болуы.

Қазақстан Республикасының БҰҰ-ның босқындар мәртебесi туралы 1959 жылғы Конвенциясына және оған 1967 жылғы Хаттамаға қосылуы босқын мәртебесiн алудан үмiттенетiн адамдарды қабылдау жөнiнде белгiлi дәрежеде мiндеттеме жүктейді.
      Көшi-қон проблемаларын шешу Қазақстанда әлеуметтiк-экономикалық жағдайдың тұрақтану перспективаларымен айқындалады.

Көші-қон саясатының мақсаты мен қағидаттарына да тоқтала кетсек. Көшi-қон саясатының мақсаты — көшi-қон процестерiн басқару тұрақты демографиялық дамуды қамтамасыз ету елiмiздiң мемлекеттiк қауiпсiздiгiн нығайту және көшiп-қонушылардың құқықтарын іске асыру үшін жағдай жасау.

Ал Қазақстан Республикасының көшi-қон саясаты мына қағидаттарға: көшiп-қонушылардың құқықтарын сақтау мен қорғауға, оларды нәсiлдiк, ұлттық, тiлдiк белгiлерi, шығу тегi, дiни нанымы, саяси сенiмi, белгiлi бiр әлеуметтiк топқа жататындығы бойынша кемсiтушiлiкке жол бермеуге; көшi-қон процестерiн және халықаралық мiндеттемелердi реттеу саласында заңдардың ережелерiн орындауды қамтамасыз етуге; жеке адам мен мемлекеттiң мүдделерiн ұштастыруға, өкiмет билiгiнiң барлық тармақтары мен қоғамдық бiрлестiктердiң күш-жiгерiн бiрiктiруге; Қазақстан Республикасы халқының мүддесiн қорғауға, тең құқықты ынтымақтастық негiзiнде халықтың көшi-қоны алмасуындағы Қазақстан мен әрiптес-мемлекеттердiң басымдықтарын келiсуге; жергiлiктi халық пен көшiп-қонушылардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қамтамасыз етуге негiзделедi.

Осы ретте көші-қон саясатын іске асырудың басымдықтары, негізгі бағыттары туралы да айтпай өтуге болмайды. Көшi-қон ахуалының қазiргi кездегi жағдайына және даму перспективасына талдау жасау: бiрiншiден, көшi-қон проблемаларын шешудегi басымдықтарды; екiншiден, өтпелi кезеңде оларды шешудiң негiзгi бағыттарын, тетiктерiн және көшi-қон процестерiн реттеу жөнiндегi бағдарламаны әзiрлеудi және оны ұзақ мерзiмдiк перспективаға — әлеуметтiк-экономикалық тұрақтылық пен елдiң тұрақты дамуы кезеңiне iске асыруды айқындауға мүмкiндiк бередi.

Көшi-қон саясатының неғұрлым елеулi басымдықтары ретiнде: өтпелi кезеңнің мәселелерiн шешу үшiн қандастарды (оралмандарды) жайластыруға, қоныстанған жерiне олардың бейiмделуiне және жергiлiктi әлеуметтiк ортаға бiтеқайнасып кетуiне, қарулы жанжалдарды бастан кешiрген адамдарды психологиялық сауықтыруға барынша жәрдемдесу; мәжбүрлi көшi-қон, соның iшiнде заңсыз көшi-қон ағыны мен одан туындайтын терiс салдарлардың алдын алу және жолын кесу; босқындар деп танылған адамдардың әлеуметтiк ортаға тезiрек бiтеқайнасып кетуi және олардың өздерi шыққан мемлекетке ерiктi түрде қайтып оралуы үшiн қажеттi жағдайларды қамтамасыз ету; Қазақстан Республикасының аумағында көшiп келудi бақылау жүйесiн құру және дамыту; эмиграция процестерiн азайтуға және тұрақтандыруға, соның iшiнде республиканың интеллектуалдық әлеуетінiң кетуiн болдырмауға жәрдемдесу iшкi және сыртқы еңбек көшi-қонын реттеудi қамтамасыз ету; ұзақ мерзiмдiк перспективада әлеуметтiк-экономикалық алғышарттарды жасау және соның негiзiнде көшi-қон ағынын қайта бағдарлау; Қазақстанның геосаяси жағынан маңызды аймақтарында халық санының сақталуына және одан әрi қалыптасуына жағдайлар жасау; халықаралық еңбек рыногына Қазақстанның өркениеттi ықпалдасуын қамтамасыз ету, қазақстандық эмигранттар арасынан бiлiктi мамандардың қайтып оралуын ынталандыру; Қазақстан Республикасының аумағында көшiп келудi бақылау iсiнiң бiрыңғай жүйесiн енгізу және жүзеге асыру жолымен көшiп келу процестерiнiң бақылануын қамтамасыз ету; шет елдердегi отандастармен сындарлы өзара қарым-қатынасты қолдау және дамыту болып табылады.

Көшi-қон саясатын iске асырудың негiзгi бағыттары, тетiктерiне тоқталсақ, өтпелi кезең үшiн қандастарды (оралмандарды) жайластыруға, олардың қоныстанған жерiне бейiмделуiне және жергiлiкті әлеуметтік ортаға бiтеқайнасып кетуiне, қарулы жанжалдарды бастан кешiрген адамдарды психологиялық сауықтыруға барынша жәрдемдесу; олардың жаңадан келген жерiнде бiтеқайнасып кетуi мыналарды көздейдi:

мемлекет кепiлдiк беретiн негiзгі құқықтары мен бостандықтарын iске асыруға қажеттi жағдайлар жасау және көмек көрсету;

әлеуметтiк қолдау жөнiндегi iс-шараларды әзiрлеу және жүзеге асыру, жайластыруға жұмсалған бюджеттiк қаражатты қайтаруға және қайта инвестициялауға мүмкiндiк беретiн жүйе жасау, жұмыссыз оралмандарды жұмысқа орналасуға және қайта даярлауға жәрдемдесу, кәсiпкерлiк бастаманы көтермелеу әлеуметтiк қорғау жүйесiне нақты қол жеткiзудi қамтамасыз ету.

Қандастарға көмектесу бағдарламаларын аймақтарды әлеуметтiк-экономикалық дамытудың бағдарламалары мен неғұрлым тиiмдi ұштастыру мыналарды көздейдi: тұрғылықты халықтың мүдделерiн ескеру. Қандастарға көмек көрсету, олар жинақы орналасқан аудандарда инфрақұрылымды дамыту кезiнде тұрғылықты халық арасында ренiш тууына жол бермеген жөн. Бұл ретте, көшiп келушiлер мен жергiлiктi халық арасындағы этникалық, мәдени, тiлдiк және конфессиялық арақатынасты ескеру маңызды.
      Атқарушы органдар мен қандастар үшiн көңiлге қонымды тұрғылықты жердi таңдап, бұқаралық ақпарат құралдарын кеңiнен пайдалана отырып қандастардың бейiмделу және бiтеқайнасып кету проблемалары туралы халыққа хабарлап отыру қажет.

Мәжбүрлi көшi-қон ағынының алдын алу және одан туындайтын терiс салдарларды болдырмау да маңызды фактор екені белгілі. Басқа мемлекеттерден келетiн мәжбүрлi көшi-қонның алдын алудың аса маңызды бағыты — көшi-қон ағынын жан-жақты есепке алу заңнамалық базаны жетiлдiру және Қазақстан Республикасы шет мемлекеттермен екi жақты қарым-қатынас орнату кезiнде отандастарымыздың әлеуметтiк-экономикалық жағдайын зерделеу болып табылады. Мемлекеттiк басқару органдары азаматтарды қоныстандыру процестерiн және олардың құқықтарын қорғауды реттейтiн екi жақты және көп жақты келiсiмдердi тезiрек жасасуға және iс жүзiне асыруға жәрдемдесетiн болады.
      Орталық және жергiлiктi атқарушы органдар Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығы елдерiнде және алыс шет елдерде тұрып жатқан этникалық қазақтардың қоныс аудару жағдайы туралы объективтi ақпарат алуына, қандас мәртебесiн алуына және Қазақстан Республикасында тұруына жәрдем көрсететiн болады.

Қазақстан Республикасының барлық аймақтарында экологиялық жағдайдың мониторингiн енгiзу қажет. Егер ахуал халықтың өмiрлiк тiршiлiгi үшiн белгiленген нормаға сай келмеген жағдайда, орталық және жергiлiктi атқарушы органдар экологиялық жағдайдың бұзылу себептерiн жою жөнiндегi iс-шараларды жүзеге асыратын болады, ал мұны жасау мүмкiн болмаған жағдайда — халықты көшiру жөнiндегі iс-шаралар кешенiн жүзеге асырады және iс-әрекетi экологиялық жағдайды бұзуға алып келген барлық меншiк нысанындағы кәсiпорындар мен ұйымдарды осы iс-шараларды қаржыландыруға тартады.
      Экологиялық жағдайы қолайсыз аудандарда көшiп-қонушылар ағынын шектеу жөнiндегi iс-шараларды әзiрлеу және өткiзу қажет.

Мәжбүрлi көшiп-қонушылардың және босқындардың өздерiнiң шыққан мемлекетiне өз еркiмен қайта оралуы көшi-қон саясатының негiзгi бағыттарының бiрi болып табылады, оны жүзеге асыру мыналарды көздейдi: әрбiр жеке адамға дара көзқарас; өзiнiң тұрақты тұратын жерiне қайта оралуға мүдделі адамның ерiктi түрде бiлдiрген тiлегiнiң болуы; қайта оралу процесiне мемлекеттiң қатысуы; кемсiтушілiкке жол бермеу және адам құқықтарын сақтау ұлттық әдет-ғұрыптар мен дәстүрлердi ескеру; қайтып оралатын аймақтағы ахуал туралы бәрiн қамтыған және объективтi ақпараттың болуы. Орталық және жергілікті атқарушы органдар мұндай ақпараттарды, соның iшiнде тәуелсіз көздерден алуға ықпал жасауы тиiс. Адам құқықтарын сақтау және жеке бастың қауiпсiздiгі саласындағы жағдайға байқау жүргiзетін халықаралық және мемлекеттік емес ұйымдар маңызды рөл атқарады.

Көшiп келудi бақылау жүйесiн жасау және дамытуға келсек. Заңсыз көшi-қонның жолын кесу Қазақстан Республикасының қауiпсiздiгiн, оның экономикалық мүддесiн және қазақстандық азаматтардың мүддесiн қамтамасыз етудiң аса маңызды факторы болып табылады. Қазақстандағы көшi-қон бақылауының қазiргi жүйесi заңсыз көшi-қонның қалыптасқан жағдайына сай емес. Сондықтан көшi-қон процестерiн басқаруды ұйымдастыру кезiнде Қазақстанның халықаралық мiндеттемелердi орындауы, адам құқықтарын iске асыру және мемлекеттің ұлттық мүдделерiн қорғау, соның iшiнде оның қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету шарттарын негiзге алу қажет.

Көшiп келушiлердiң, бiрiншi кезекте заңсыз көшiп келушiлердiң ағынына байланысты Қазақстан үшiн жаңа проблемалар мемлекеттiк органдардың өз құзыретi шегiнде күш-жiгерiн үйлестiрудi талап етедi. Қазақстанға заңсыз келген және оның аумағында тұратын көшiп келушiлер өздерiнiң диаспоралары мен қауымдастығы тарапынан көмек алады, сол арқылы өздерiнiң мақсатына жету жөнiндегi iс-қимылдарға мейлiнше ықшам және әзiр болып келедi. Заңсыз көшiп келудi болдырмау және оның жолын кесу үшiн осы проблеманы шешуге кешендi көзқарас және атқарушы органдардың мынадай бағыттар бойынша бiрлескен iс-қимылы негiз болуға тиiс: көшiп келудi бақылаудың пәрмендi бiрыңғай жүйесiн жасау процесiн жеделдету бiр жағынан, көшiп-қонушылардың заңнамалық құқықтарын қорғауды көздейтiн көшi-қон заңдарын жетiлдiру, екінші жағынан, Қазақстан Республикасының заңнамаларын бұзған шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарға шаралар қолдану, соның iшiнде және оларды жер аударуды да жүзеге асыру; босқындар деп танылған адамдардың елдiң әлеуметтiк-экономикалық өмiрiне тезiрек бiтеқайнасып кетуi үшiн жағдайлар жасау; белгiлi бiр құқықтық мәртебесi жоқ шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар үшiн уақытша орналастырылатын арнаулы орталықтар желiсiн құру; Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына мүше мемлекеттердiң әрқайсысымен шарттық процесті жандандыру және Достастық шеңберiнде iшкi және сыртқы шекаралардағы, заңсыз көшiп келуге қарсы күрестегі жағдай үшiн мiндеттемелер мен жауапкершiлiк нақты белгiленген тиiстi келiсiмдердi жасасу; Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңнамаларының шегiнде жергiлiктi атқарушы органдардың өздерiне бағынышты аумақтарға шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың болу нормалары мен ережелерiн сақтаудағы жауапкершiлiгiн арттыру; шетелдiктердiң және азаматтығы жоқ адамдардың келу, болу және кету мәселелерiне байланысты мемлекеттiк органдардың қызметiн жетiлдiру және олардың арасындағы ынтымақтастық пен өзара iс-қимылды нығайту; мемлекет ауқымында шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың, олардың саны, орналастырылған жерi, олардан этникалық немесе басқа негiзде диаспоралар мен қауымдардың құрылуы туралы тұрақты ақпарат алып отыруға мүмкiндiк беретiн бiрыңғай есепке алу жүйесiн қалыптастыру (көшi-қон ақпарат орталығы).

Еңбек көшi-қонын реттеу үшін не істеу қажет? Орталық және жергiлiктi атқарушы органдар шетелдiк жұмыс күшiн тарту мен пайдалануға бақылау жасауды, отандық еңбек рыногын қорғауды, бос тұрған жұмыс орындарына қазақстандық азаматтардың алынуына басым құқықты қамтамасыз етудi, Қазақстан Республикасының аумағына келiп жатқан еңбекшi көшiп-қонушылар туралы жариялап отыруды, жұмыс берушiлердiң шетелдiк қызметкерлердi нысаналы пайдалану, еңбек келiсiм-шарттары талаптарын сақтауын қамти отырып, еңбек көшi-қоны проблемаларын шешуде өзара iс-қимылды күшейту жөнiндегi шараларды жүзеге асыруы қажет.

Заңсыз еңбек көшi-қонына қарсы күрес жөнiндегi шараларды жүзеге асыру және шетелдiк қызметкерлердiң жұмысы аяқталғаннан кейiн Қазақстаннан уақытылы кетуiне және қолданылып жүрген заңнамаларды бұза отырып жұмысқа қабылданған шетелдiктердi жер аударуды бақылауды ұйымдастыру. Елiмiздiң өндiргiш күштерiн трансформациялау күтiлуде, бұл орайда батыс, солтүстiк, шығыс және оңтүстiк аймақтар басым дамуға ие болады. Орталық аймақта тау-кен өндiру және қайта өңдеу салалары бойынша мамандандырылған қалалар мен поселкелер басым даму бағытын сақтайды.
      Ауыл халқы жердiң табиғи құнарлылығы төмен аймақтардан жерiнiң кадастрлық бағасы 60-90 балдан төмен емес, құнарлылығы жоғары аймақтарға қоныс аударатын болады. Ауыл шаруашылығында табиғи-климаттық жағдайы қолайлы аймақтарда жаңа жұмыс орындарының пайда болуы күтiлуде және керiсiнше, жерiнiң кадастрлық бағасы 50 балдан төмен аймақтардан ауыл шаруашылығы өндiрiсiнiң ықшамдалу процесi және жұмыс орнының азаюы салдары ретiнде халықтың көшiп кетуi орын алады.
      Халықты қоныстандыру саясаты адамдарды өндiрiсi тиiмсiз аймақтардан тiршiлiк ету және жұмыс iстеу үшiн қолайлы аймақтарға көшiруге жағдай жасайтын белсендi шараларды көздейдi. Еңбекке қабiлеттi халықтың ауылдан қалаға қазiргі жүрiп жатқан көшi-қоны реттелiп, жаңа тепе-теңдiкпен қалыптастырылады, бұл орайда шамамен халықтың 25%-ы ауылда тұрып қалатын болады. Жаңа жұмыс орындары халықтың экономикалық белсендi тобының көшi-қон толқынын туғызады. Халықтың көшi-қоны өндiрiстiк қуаттарды орналастыруға сәйкес және жұмыс орнын ашу ескерiле отырып жүзеге асырылатын болады. Халықтың еңбекке қабiлетті бөлiгі жерi тиiмдi пайдаланылатын және инфрақұрылымы дамыған аймақтарға қоныс аударатын болады.

Ұзақ мерзiмдi болашаққа бағытталған әлеуметтiк-экономикалық саясат арқылы көшi-қон ағынын қайта бағдарлау негiзiнде халықты орналастыруға болады. Елiмiзде әлеуметтiк-экономикалық ахуалдың дұрысталуына қарай, көшi-қонның ауылдан қалаға бет алған дәстүрлi бағытымен қатар, халықтың оңтүстік аймақтардан солтүстiктен қоныс аударуына ұласатын көшi-қонның жаңа бағыты пайда болуы мүмкiн. Егер көшi-қонның қаладан ауылға бет алуы ауыл экономикасы салаларының жедел дамуына, iшкi рынокта азық-түлiк тауарларының жеткiлiктi болу принципiнiң сақталуы жағдайында еңбек өнiмдiлiгiн арттыруға негiзделсе, ауылдан қалаға бет алған көшi-қон қазақстан қоғамының ұзақ мерзiмдiк мүддесiне сай келедi.

Мемлекет орталық және жергiлiктi атқарушы органдар арқылы инфрақұрылым мен әлеуметтiк саланы дамытудағы жауапкершілiктi өз мойнына алады. Жеке меншiк сектордың бәсекелестiк қабiлетi бар кәсiпорындарына жұмыс күшiн тарту, қызметкерлердi алу, оларды көшiру және тұрмыс пен еңбектiң қолайсыз жағдайларының өтемi ретiндегi жеңiлдiктердiң барлық түрлерiн беру кәсiпорын есебiнен жүзеге асырылатын болады.

Халықаралық еңбек рыногына Қазақстанның өркениеттi ықпалдасуын қамтамасыз ету, эмигранттар арасынан бiлiктi мамандардың қайтып оралуын ынталандыруға тоқталсақ. Қазақстан Республикасы өзiне халықаралық шарттар енгiзген шектеулер шеңберiнде өзiнiң экономикалық мүдделерiн, iшкi еңбек рыногын қоса қорғау мақсатында сыртқы көшi-қонды реттеудi жүзеге асыратын болады. Шетелдiк жұмыс күшiн тарту кезiнде Қазақстан Республикасы өзiнiң геосаяси және экономикалық мүдделерiн басшылыққа ала отырып, жоғары бiлiктi, бағалы еңбекшi көшiп-қонушыларды және iшкi еңбек рыногында жеткiлiксiз болып отырған кәсiптер мен мамандық иелерiн бiрiншi кезекте қабылдауды жүзеге асыратын болады.

Бұрын шет елге тұрақты тұру үшiн немесе еңбек келiсiмшартымен кетiп қалған отандастарымыздың, бiрiншi кезекте ғалым, жоғары бiлiктi мамандардың басқа да санаттарының, кәсiпкерлердiң — әлеуеттi инвесторлардың Қазақстанға қайтып оралуын ынталандыру маңызды мiндет болып табылады.

Қазақстан аумағында көшiп келу процестерiн бақылауды қамтамасыз ету мыналарды көздейдi: көшi-қонды бақылау қосындарын және көшi-қон инспекциясын қоса, көшi-қон органдарының қызметiн дамыту және жетiлдiру арқылы бiрыңғай көшi-қон бақылауын енгізу және жүзеге асыру; баспана iздеген адамдарды қабылдау жөнiндегi халықаралық мiндеттемелердi орындау үшiн саяси және әлеуметтiк-экономикалық жағдай жасау; тезiрек бiтеқайнасып кету жөнiндегi арнаулы бағдарламаны әзiрлеу және республиканың мүддесi үшiн көшiп-қонушылардың интеллектуалдық және еңбек әлеуетiн пайдалану үшiн жағдай жасау.

Бұл тұста шет елдердегi отандастармен сындарлы өзара қарым-қатынасты қолдау және дамытудың маңызы ерекше. Перспективада әртүрлi елдерде, ең алдымен бұрынғы Кеңестiк Социалистiк Республикалар Одағының аумағында Қазақстанмен этникалық тамырлары байланысты жеткiлiктi дәрежеде көптеген диаспора тiршiлiк ететiн болады. Орталық және жергілiктi атқарушы органдар көрсетiлген мемлекеттермен өзара тиiмдi саяси, экономикалық, мәдени байланыстарды басым дамыту саясатын жүргiзiп, мынадай шаралар кешенiн жүзеге асыратын болады: туыстық қарым-қатынастарға жәрдемдесу, шекарадан өту және Қазақстан аумағында болу рәсiмдерiн оңтайландыру; еңбек қызметiн және инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға, оқуға, азаматтық және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхат алуға басымдықпен қол жеткiзу бөлiгiнде өзге шетелдiктердiң алдында шетелдiк отандастарымыз үшiн пұрсаттылықты қамтамасыз ету; шекара маңындағы ынтымақтастықты, соның iшiнде бiрлескен экономикалық және мәдени жобаларды жүзеге асыруды дамыту.

Босқын деп танылған адамдардың әлеуметтiк ортаға тезiрек бiтеқайнасып кету жағдайын қамтамасыз ету бойынша Қазақстанда қалыптасқан нақты әлеуметтік-экономикалық жағдайларға, нарықтық қатынастардың ерекшелiктерiне байланысты босқын деп танылған адамдардың әлеуметтік ортаға бiтеқайнасып кету тетiгін жасау – мемлекеттің назарында.

Көшi-қон саясатын iске асыру кезiнде Қазақстан Республикасының мемлекеттiк өкiмет органдары, қоғамдық бiрлестiктерi алдында сыртқы саясат саласында мемлекетаралық деңгейде оралмандар, босқындар, мәжбүрлi қоныс аударушылар проблемасын шешудiң екi жақты және көп жақты форматының тетігiн әзiрлеу және жүзеге асыру мемлекеттердiң — Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушылардың жанжалдарды болдырмау мен этникалық және дiни проблемаларды бейбiт шешудегi ынтымақтастығы; көшi-қон процестерiн реттеу және көшiп-қонушылар шыққан елдермен тиiстi ақпараттар алмасу жөнiнде Қазақстан Республикасының мемлекетаралық шарттарын жасасуы; көшi-қон жөнiндегi ұлттық заңнамаларының үйлесiмiн жасау; Қазақстанның еңбеккер көшiп-қонушыларының құқықтары туралы екi жақты және көп жақты келiсiмге қосылуы; Қазақстан Республикасының шекара маңындағы сауданы оңтайландыру, мәдени, әлеуметтiк-тұрмыстық және өзге де жанжалдарды жеңiлдету жөнiндегi мемлекетаралық және үкiметаралық уағдаластықтарға қол жеткiзуi; отандастарымыздың тұрып жатқан елдердегi толық құқылы саяси, әлеуметтiк-экономикалық және мәдени даму құқығын iске асыруға жәрдемдесу, Қазақстанмен рухани және өзге де байланыстарын қамтамасыз ету; көшi-қон проблемаларын шешу мүддесiнде шетелдердiң көшi-қон қызметтерiмен, халықаралық мемлекеттiк емес және гуманитарлық ұйымдарымен өзара iс-қимыл мiндеттерi тұр.

Ішкi саясат және әлеуметтiк-экономикалық салалардың да алдында бірқатар міндет тұр. Олар: қандастарды жайластыру, мемлекеттiк атаулы көмек берудi дамыту және оларды қолдау үшiн жағдайлар жасау; Қазақстан Республикасының әлеуметтiк-экономикалық реформаларының негiзгi бағыттарымен демографиялық және көшi-қон саясаты басымдықтарының үйлесiмi; көшi-қон саясаты басымдықтарын ескере отырып көшi-қон бағдарламаларын әзiрлеу және iске асыру; әлеуметтiк-экономикалық дамудың аймақтық бағдарламалары құрамына оралмандарды жайластыру жөнiндегi шаралар кешенiн енгiзу; республиканың аймақтарындағы, еңбек рыногындағы, тұрғын үйге және мәдени-тұрмыстық саладағы әлеуметтiк-экономикалық ахуал мониторингi; оралмандарға көмек көрсететiн қоғамдық ұйымдармен өзара iс-қимыл; шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың келуiне және кетуiне, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасының аумағында болуына бақылау мәселелерiн көздейтiн нормативтiк құқықтық кесiмдердi әзiрлеу.

Ақпараттық салада рухани бiрлiк, халықтар достығы, қоғамдық және ұлтаралық келiсiм идеясын қалыптастыру және тарату; Қазақстан халықтарының тарихы және мәдениетi туралы бiлiмдерді тарату; көшiп-қонушылардың ұлттық салт-дәстүрлерiн ескеру бұқаралық ақпарат құралдарына көшiп-қонушылардың құқықтық және әлеуметтiк-экономикалық жағдайын объективтi түрде жариялауға жәрдемдесу; көшi-қон проблемаларын тиiмдi шешуге жағдай жасайтын оңды қоғамдық пiкiрлердi қалыптастыру Қазақстан Республикасының халқын көшiп-қонушылар психологиясының ерекшелiгi, көшiп-қонушылар жағдайының себептерi мен проблемалары, олардың бейiмделуiндегi қиындықтар туралы объективтi хабардар етiп отыру; көшi-қон саласындағы инвестициялық жобалар туралы ақпараттарды жинау және тарату жүйесiн орнықтыру көзделген.

Көшi-қон саясатын iске асырудың басты бағдарламалық-нысаналық әдiсi — республикалық көшi-қон бағдарламаларын, өзге де нысаналы бағдарламаларды, атқарушы органдардың көшi-қон проблемаларын шешуге бағытталған аймақтық бағдарламаларын әзiрлеу және iске асыру болып табылады. Бағдарлама көшiп-қонушылардың әртүрлi санаттарының проблемаларын шешуге сараланған көзқарасты қоса, құқықтық, ұйымдық және экономикалық шараларды көздеуге тиiс. Көшi-қон процестерiнiң елдегi мемлекеттiк қауiпсiздiкке қоғамдық келiсiмге, экономикалық және демографиялық ахуалға ықпалының жан-жақты сипатын ескере отырып, көшi-қон саясатын әзiрлеуге және iске асыруға орталық және жергiлiктi атқарушы органдар қатысуға тиiс.

Көші-қон процесі үнемі жетілдіріледі

Иә, көші-қон процесін реттейтін «Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 22 шілдедегі № 477-IV Заңы бар. Одан бөлек Үкімет те қаулылар арқылы бұл процесті реттеп отырады. Мәселен, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 4 наурыздағы №111 Қаулысы арқылы «Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына келуінің және онда болуының, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасынан кетуінің қағидаларын және Көші-қон бақылауын жүзеге асыру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан заңсыз өтетін, Қазақстан Республикасының аумағында заңсыз болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағына келуге тыйым салынған адамдарды есепке алу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 21 қаңтардағы №148 қаулысына өзгерістер енгізілді. Онда былай делінген:

  1. «Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына келуінің және онда болуының, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасынан кетуінің қағидаларын және Көші-қон бақылауын жүзеге асыру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан заңсыз өтетін, Қазақстан Республикасының аумағында заңсыз болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағына келуге тыйым салынған адамдарды есепке алу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 21 қаңтардағы № 148 қаулысына мынадай өзгерістер енгізілсін:

көрсетілген қаулымен бекітілген Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына келуінің және онда болуының, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасынан кетуінің қағидаларында:

7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«7. Егер Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасында және/немесе Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасында уақытша болатын көшіп келушілер жергілікті атқарушы орган берген тиісті рұқсаттарсыз еңбек қызметін жүзеге асыруға жіберілмейді.»;

14-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«14. Егер Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасында және/немесе Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, шетелдік жұмыс күшін тарту, сондай-ақ Қазақстан Республикасында уақытша болатын көшіп келушілердің еңбек қызметін жүзеге асыруы жергілікті атқарушы органның рұқсаты негізінде халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган белгілейтін квота шегінде жүзеге асырылады.»;

көрсетілген қаулымен бекітілген Көші-қон бақылауын жүзеге асыру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан заңсыз өтетін, Қазақстан Республикасының аумағында заңсыз болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағына келуге тыйым салынған адамдарды есепке алу қағидаларында:

4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«4. Ішкі істер органдары көшіп келушілерді есепке алуды көшіп келушілер уақытша тұратын жерде, оның ішінде «Бүркіт» БАЖ-дан, «Бүркіт» БАЖ визалық-көші-қон порталынан (www.vmp.gov.kz), «e-Qonaq» ақпараттық жүйесінен (www.eqonaq.kz) және ҚР ІІМ ақпараттық жүйесінен мәліметтер алу арқылы жүргізеді.

Қазақстан Республикасының визасымен кіретін шетелдіктер Мемлекеттік шекараны кесіп өткенде шақыруды ресімдеген кезде шақырушы тарап көрсеткен мекенжай бойынша «Бүркіт» БАЖ арқылы автоматты түрде есепке алынады.

Көшіп келушіні қабылдайтын жеке және заңды тұлғалар «Бүркіт» БАЖ визалық-көші-қон порталына ақпаратты www.vmp.gov.kz немесе egov.kz
веб-сайттары арқылы дербес цифрлық электрондық қолтаңба арқылы енгізеді
не хабарламаларды көші-қон қызметі бөлімшелеріне тікелей ұсынады немесе пошта арқылы жолдайды. Шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың болуы туралы хабарламаларды «e-Qonaq» ақпараттық жүйесінің қолданушылары www.eqonaq.kz веб-сайты арқылы осы жүйемен де жолдай алады.».

Көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасында Қазақстанға тапшы мамандықтар бойынша 500 мықты маманды тарту көзделді

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкіметтің 29 қараша күнгі кезекті отырысында Қазақстан Республикасы Көші-қон саясатының 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасы мақұлданды. Осы тақырып бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, ішкі істер министрі Марат Ахметжанов баяндама жасады.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген және Экономикалық реформалар жөніндегі жоғары кеңесте мақұлданған «Ашық Қазақстан 500+» атты көші-қон саясатының тұжырымдамасын ұсынды. Тұжырымдама еліміздің экономикалық дамуын кадрлық жағынан қамтамасыз етуді көздейді. Оның аясында алдағы жұмыстың басты 3 блогы айқындалды. Атап айтқанда:

  • елімізге білікті кадрлардың келуін ынталандыру; 
  • шетелде жұмыс істейтін қазақстандықтардың құқығын қорғау 
  • өңірлер арасындағы демографиялық теңгерімсіздікті жою.

Сондай-ақ елімізге ең тапшы мамандықтар бойынша 500 мықты маманды тарту үшін 7 бағытта жұмыс жүргізіледі.   

Бірінші бағыт – Қазақстанды өңірлік білім беру хабына айналдыруды көздейтін білім беру иммиграциясы.  

«Бұл бағыттағы жұмыс жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамын күшейтуге және білім беру сапасын арттыруға арналған. Ол үшін 100 үздік оқытушы мен сұранысқа ие технологиялар бойынша ғалымдарды Қазақстанға тарту ұсынылады», — деді Тамара Дүйсенова.

Бұл санаттағы кадрларға:

  • он жылдық «Ғылыми-педагогикалық виза» берудің оңайлатылған тәртібін енгізу көзделіп отыр. Соның негізінде оларға Қазақстанда тұрақты тұру үшін ықтиярхат алу, одан кейін азаматтық алу мүмкіндіктері қарастырылады. 
  • дәл осындай мүмкіндікті тапшы мамандықтар бойынша оқитын шетелдік студенттер қатарынан магистранттар мен бакалаврларға да беру қарастырылған.

Екінші бағыт – бұл бизнес-иммиграция

«Инвестиция тарту үшін әлем мемлекеттері арасындағы бәсекелестік жыл өткен сайын күшейіп келеді. Осы орайда, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы мемлекеттерінің тәжірибесіне сүйене отырып, инвестициялық виза берудің төменгі шегін $300 мыңға дейін азайту қарастырылған. Елімізге кемінде осындай көлемде инвестиция салған шетел кәсіпкерлері үшін «Инвесторлық виза» енгізу ұсынылады. Бұл виза Қазақстан аумағында тұруға, бизнесін тіркеуге, мүлікке иелік етуге, қызметкерлер жалдауға, қаржы төлемдерін жүргізуге және олардың кәсіпкерлік қызметінен туындайтын басқа да операцияларды еркін жүзеге асыруға мүмкіндік береді», — деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.

Үшінші бағыт аясында елімізде тапшы болғандықтан сырттан жиі тартылатын мамандықтар бойынша шетелден 100 үздік маманды тарту көзделіп отыр.  

Олардың Қазақстанда тұруына ықтиярхат беру мүмкіндігі қарастырылған «Бағалы дағдылар визасы» енгізіледі. Мұндағы негізгі мақсат – білім трансферті және осы кәсіптер бойынша өз мамандарымызды даярлау. Сонымен бірге «Құнды дағдылар рейтингі» жасалады.  

«Көрші елдерден келетін, соның ішінде тіркеусіз, бейресми арналар арқылы келіп жатқан еңбек мигранттарының қозғалысын есепке алуды күшейту көзделіп отыр. Еңбек мигранттарын тарту жеке тұлғалардың нақты сұранысына сай айқындалады. Сондай-ақ мигранттардың жұмыс орнына қатаң бақылау орнатылатын болады», — деді Тамара Дүйсенова.

Келесі бағыт этникалық көші-қонды реттейді. Бұл бағытта негізгі екі мәселе бар.

Біріншісі – шетелде тұратын этникалық қазақтардың әлеуетін пайдалану.

«Осы мақсатта «Ата жолы» картасын (америкалық Грин картаға ұқсас) енгізу ұсынылады. Бұл құжат жоғары деңгейдегі кәсіби маман немесе өздері тұратын елдерде табысты бизнес-кейстерді іске асырған және оларды Қазақстанда жүзеге асыруға ықыласты қазақтарға берілетін болады. Оларды тарихи Отанын дамытуға қосқан үлесі үшін жыл сайынғы «Парыз» байқауы аясында Президент сыйлығымен марапаттауды ұсынамыз», — деді Тамара Дүйсенова.

Екінші – елге келетін қандастардың көші-қонын реттеу тетіктерін жетілдіру. 

«Қандастарды қоныстандыру саясатын елдің демографиялық және экономикалық үрдістерін ескере отырып, оларды құжаттарды қабылдаудың бастапқы кезеңінде қоныстандыру өңірлеріне қоныстандыруды қосымша ынталандыра отырып түбегейлі реформалау ұсынылады», — деді ол.

Бесінші бағыт – босқындармен жұмыс.

«Бұл – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қарауына берілген жаңа бағыт. Ведомство уәкілетті органдармен бірлесіп, ұлттық заңнама нормаларын Біріккен ұлттар ұйымының стандарттарына сай имплементациялау бойынша ұсыныстар әзірлейтін болады», — деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.

Алтыншы бағыт – Қазақстан азаматтарының еңбек мигранты ретінде шетелге шығуына қатысты.

«Бұл – жаһандық тренд. Сондықтан, біз оған шектеу қоя алмаймыз және шектемеуіміз керек. Біздің міндетіміз – олардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету. Осы мақсатта қазақстандық еңбек мигранттары барынша көп шоғырланған елдермен олардың құқықтарына кепілдік беретін мемлекетаралық келісімдер пакетін жасауды ұсынамыз», — деп атап өтті Тамара Дүйсенова.

Жетінші бағыт – еңбек күшінің тапшылығы бар өңірлерге ішкі ұтқырлықты ынталандыру. 

Ол үшін азаматтарды көшіп барған жерінде жұмыспен қамтамасыз ету және олардың баспаналы болуына мүмкіндік жасау керек. Жұмыс орындарын ашу бірнеше бағыт бойынша ұйымдастырылатын болады:

– жергілікті жұмыс берушілердің есебінен жаңа жұмыс орындарын құру;

– солтүстік өңірлерге еліміздің басқа аумақтарында  табысты іске асырылған жобаларды, сондай-ақ Жамбыл облысының ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту тәжірибесін трансферттеу және оның ауқымын кеңейту;

– қандастар мен қоныс аударушыларды  гранттарды бере отырып оқытуды ұйымдастыру, кейін олардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесу;

– тұрғын үй құнының 50% мөлшеріндегі шығындарын өтеуге мүмкіндік беретін экономикалық ұтқырлық сертификаттарын тапсыру (жұмыс беруші оларға арналған жұмыс орны бар екенін растаған жағдайда) көзделіп отыр.

Көші-қон ағынын есепке алу үшін бірыңғай ақпараттық жүйе құру ұсынылады. Бұл шара

  • азаматтар үшін, олардың мемлекеттік қызмет алуын жеңілдетеді, уақытын үнемдейді, мемлекеттік органдармен тікелей байланысын барынша азайтады.
  • мемлекет үшін, адамдарды келу мақсаты мен болу мерзімі бойынша бірыңғай есепке алуға, мигранттар туралы деректерді бірізді және қолжетімді етуге, сондай-ақ, көші-қон заңнамасын бұзу фактілерін анықтауға мүмкіндік береді.  

Осы ұсынылған шаралар көші-қон саясатын тиімді «жаңғыртуға» және геосаяси өзгерістерді еліміз үшін неғұрлым ұтымды әрі пайдалы етуге мүмкіндік береді. 

«Көші-қон ағындарының қозғалысын есепке алу мақсатында көшіп-қонушылардың қозғалысын есепке алудың бірыңғай ақпараттық жүйесін құру ұсынылады. Бұл мемлекетке көші-қон заңнамасын бұзу фактілерін тиімді анықтауға мүмкіндік береді, ал адамдар үшін мемлекеттік қызметтерді алуды жеңілдетеді, уақытты үнемдейді және мемлекеттік органдармен байланысты азайтады», – деді Тамара Дүйсенов.

Министр ұсынылған шаралар көші-қон саясатын тиімді «қайта жүктеуге» және әртүрлі салаларды одан әрі дамыту әлеуетімен адами капитал деңгейін арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Өз кезегінде, Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов ведомство осы стратегиялық құжаттың жобасын қолдайтынын атап өтті. 

ҚР ІІМ Тұжырымдаманы іске асыру жоспарының бірқатар іс-шарасын орындаушы болып табылады. Атап айтқанда, ІТ, ғылым, денсаулық және өндіріс саласындағы кәсіби шебер мамандарға тұрақты тұруға рұқсаттарды алуды жеңілду үшін құқықтық актілерді түзету.

Бұл Қазақстан үшін ғылым, білім, өндіріс, ақпараттық технологиялар, спорт және мәдениет саласында үлес қосатын шетелдіктерге тұруға рұқсат алу құқығымен ұзақ мерзімді (10 жыл) визалар беру.

Сондай-ақ еліміздің экономикасына бір мезгілде $300 мыңнан астам инвестиция салған шетелдік инвесторлардың Қазақстанға келу және болу тәртібін жеңілдету. 

Тұжырымдаманың тағы бір бағыты – азаматтық заңнамасын жетілдіру.

Біріншіден, Қазақстанның азаматтығын алу үшін мемлекеттік тілді, тарихымыз бен Конституциямызды қарапайым деңгейде білу міндетті болмақ.

Екіншіден, қос азаматтық фактілеріне жауаптылықты қатаңдату көзделуде. Егер Қазақстан азаматының жеке басын растайтын құжаттар алғаннан кейін қандай да бір адам басқа елдің азаматтығын растайтын құжатты пайдаланса, көші-қон қызметі ол адамды біздің азаматтықтан айырады.

«Сонымен бірге егер адам азаматтықты алғаннан кейін алты ай ішінде бұрынғы елдің азаматтығын тоқтатқаны туралы анықтама ұсынбаса, ондай адамдарға да қатысты азаматтықты жоямыз», — деді Марат Ахметжанов.

Қазір мұндай шаралар заңдарда қарастырылмаған.   

Тұжырымдамада көші-қон процестерін цифрлық дамыту жоспарланған. Сондықтан көші-қон процестерін дұрыс ұйымдастыру үшін олар қайта қарастырылып, оңтайландырылады. 

Көптеген мемлекеттік қызметтер смартфонға ауыстырылады. Осы шаралар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін де азайтуға ықпал етеді. 

Жалпы, цифрлық түрге ауысу, сондай-ақ уәкілетті органның еңбек мигранттарына қатысты саясатты жеңілдету нәтижесінде, елімізде заңсыз болушылар көлеңкеден шығады деп күтілуде. Басқа елден келетін шетелдік азаматтарының көбеюін ескерсек, бұл өте маңызды.

«Тұжырымдама көші-қон процестерін барынша тиімді реттеу үшін әзірленді. Құжатта демографиялық, экономикалық және әлеуметтік-мәдени басымдықтардың барлығы ескерілген. Қазақстан экономикасына жоғары білікті мамандарды, инвестиция, озық технологияларды тарту үшін тұжырымдама жобасында визалардың жаңа түрлерін енгізу көзделіп отыр. Ондай визалар жетекші ғалымдарға, оқытушыларға, шығармашылық және біздің нарықта аса қажет мамандық иелеріне беріледі», — дейді Премьер-Министр Әлихан Смайылов.

Оның атап өтуінше, әлеуетті инвесторларға қойылатын талаптар да қайта қаралады. Ірі инвесторларға 10 жыл мерзімге тұруға рұқсаты бар инвесторлық виза беріледі.

«Сондай-ақ, азаматтарды еңбек күші жетпейтін өңірлерге көшіп баруын ынталандыру да тұжырымдаманың негізгі міндеттерінің бірі болып табылады. Бұл ретте көшіп барғандарды баспанамен, әлеуметтік инфрақұрылыммен және жұмыспен қамтамасыз ету алдын-ала пысықталады», — деді ол.

Үкімет басшысы тағы бір маңызды мәселе – ол шетелде жұмыс істейтін қазақстандықтардың құқығын қорғау екендігіне назар аудартты.

«Отандастарымызға заңгерлік және консультациялық көмек көрсетіледі. Ол үшін қазақстандықтар жиі барып, жұмыс істейтін елдермен екіжақты келісімдер жасалады. Қай елде еңбек етсе де, біз өз азаматтарымызды қорғай алуымыз керек», — деді Премьер-Министр.

Әлихан Смайыловтың айтуынша, тұжырымдамада «бір терезе» қағидаты бойынша мигранттардың қозғалысын есепке алудың бірыңғай ақпараттық жүйесін құру көзделген.

«Ол мигранттарды цифрлық сәйкестендіруге, қажет болған жағдайда олардың жүріп-тұруын бақылауға мүмкіндік береді. Жалпы тұжырымдамада ұсынылған іс-шаралар елдің көші-қон саясатын жақсартуға және осы салада оң нәтижеге жетуге мүмкіндік береді», — деді Әлихан Смайылов.

Осыдан кейін Үкімет басшысы тұжырымдаманы бекіту үшін дауыс беруді ұсынып, оны Министрлер кабинетінің мүшелері толық қолдады.

«Еңбек министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, тұжырымдамадағы бастамаларды заң жүзінде уақтылы бекітуді қамтамасыз етуі қажет. Ішкі істер министрлігі Цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, көші-қон процестерін автоматтандыру үшін ақпараттық жүйелерді дамыту шараларын қабылдауы тиіс. Өңір әкімдіктері шетелдік мамандарды тарту үшін квота белгілеу кезінде сол өңірге ең қажетті кадрлардың келуін қамтамасыз етуі керек. Бұл ретте олардың жұмысына бақылауды күшейту қажет», — деп ескертті Премьер-Министр.

Түйін.

Тәуелсіздік алған жылдан бастап 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін 378 979 отбасы – 1 099 039 этникалық қазақ тарихи Отанына оралып, қандас мәртебесін алды. Олардың көбі Алматы, Түркістан, Маңғыстау және Жамбыл облыстарында тұрады. Келген қандастарымыз көбінесе Өзбекстан, Қытай Халық Республикасы және Түркіменстаннан келген. Қандастардың келген елдерді және климаттық жағдайды ескеретін болсақ, олар көбінесе оңтүстік өңірлерге тұрақтады. Бүгінде Солтүстік өңірлерде қандастардың үлесі жергілікті халыққа қарағанда өте төмен. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмади Сарбасов бұл өзекті мәселе екенін, сондай-ақ қазір қандастарды орналастыруда бірқатар проблема бар екенін айтып отыр.

«Соңғы өзгерістерге сәйкес азаматтықты үш ай мерзімде алуға болады. Ағымдағы жылы он бір мың қандас елге келіп, соның ішінен екі мың адам азаматтық алды немесе 19 пайыз. Әсіресе, солтүстік облыстарда азаматтық алу мәселесі баяу жүріп жатыр. Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында қандастардың көшіп келуіне қатысты саясатты өзгертуді тапсырды. Қазір қандастарды елде қоныстандыруда бірқатар проблема бар. Қандастарды орналастыру жөніндегі либералдық талаптардың салдарынан, олар оңтүстік және оңтүстік-батыс өңірлерде тұрып жатыр. Қандастардың қоғамға бейімделуінің қиындығы және біліктілігінің төмендігі байқалады. Осы кемшіліктерді ескере отырып Жаңа көші-қон саясатының тұжырымдамасы әзірленді. Ол еліміздің экономикалық дамуын кадрлармен қамтамасыз етуді қолдауға бағытталған», – деді Ақмади Сарбасов.

Қолда бар ресми мәлімет бойынша, шетелдегі қазақтардың саны 4 миллионға жуық, ал бейресми мәлімет бойынша 6-7 миллион шамасында. АҚШ-та жүз мыңға жуық, Түркияда отыз мың шамасында, ал Еуропада он мыңға жуық қазақстандық тұрып жатыр.

Т.ЕСЕНБАЙҰЛЫ.

 

 

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.