Түркістан облысы: Сауран ауданында облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

Бүгін Сауран ауданындағы мәдениет үйінде аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен Республика күніне орай «Жаңа Қазақстан — Екінші Республиканы құрудағы мемлекеттік модельді және саяси мәдениетті жаңарту мәселелері» тақырыбындағы облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді. Бұл жөнінде Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Конференцияның мақсаты облыс көлеміндегі сала мамандары мен ғалымдардан мемлекеттіміздің тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері, саяси бағыттары мен даму белестерінің тарихын баяндай отырып, жаңа Қазақстанның мемлекеттік модельді және саяси мәдениетті жаңарту бағыттары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен жоспарларды зиялы қауым өкілдері мен көпшілікке кеңінен таныстыру және насихаттау болып табылады.

Конференцияда Сауран ауданының құрылған бір жылдығына орайластырып, «Сауран ауданының тарихи мәдени құндылықтары мен туристік әлеуеті және тілге қатысты кейбір мәселелері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция жинағының тұсаукесер рәсімі өтті. Шараға Сауран ауданының әкімі Ғани Рысбеков, аудандық қоғамдық кеңес мүшесі Ж.Бекмұрзаев, Түркістан облыстық Қоғамдық кеңес мүшесі, «Бітімгер» медиаторлардың қоғамдық бірлестігінің басшысы Б.Бейсембаев, ауданның зиялы қауымы тағы да басқа қонақтар қатысты.

— 25 қазан — Республика күні болып кездейсоқ таңдалған жоқ. 1990 жылдың Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданған болатын. Декларацияда Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының егемендігі жарияланып, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері жарияланды. Егеменді мемлекеттіліктің іргелі қағидаттары ретінде Қазақстанның жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздері бекітілді. Сонымен қатар, бүгінгі шарада «Сауран ауданының тарихи мәдени құндылықтары мен туристік әлеуеті және тілге қатысты кейбір мәселелері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция жинағының тұсауы кесіліп, өз оқырмандарына жол тартқалы отыр. Бұл жинаққа тарихшылар, өлкетанушылар, тіл, филология, шығыстану, мәдениеттану, туризм, музей және мәдениет саласының білікті қызметкерлерінің ғылыми мақалалары еніп отыр, — деді аудан әкімі Ғани Құрмашұлы.

Бұдан соң шара «Жаңа Қазақстан — Екінші Республиканы құрудағы мемлекеттік модельді және саяси мәдениетті жаңарту мәселелері» тақырыбындағы облыстық ғылыми-тәжірибелік конференцияның жұмысымен жалғасты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстанды аза­мат­тық қоғамы қалыптасқан, тиімді мем­лекетке айналдырамыз» дегені — жұрт­­шылықтың есінде. Тәуелсіз Қазақ­стан тарихында 1995 жылы жаңа Конституция бекіп, осы уақытқа дейін ­4 рет өзгертіліпті. Нәтижесінде, Прези­дент шексіз билікке ие болып, басқа тетік­тер тежеуші күш­тен айырылған. Бәрін тек Президент қана шешетін жағдайға жетті. Басқаны былай қойғанда, ауыл әкімінің ісіне дейін өзі араласып отыратын. Мұны суперпрезиденттік басқару жүйесі деп атайды. Ендігі уақытта бұл ескірді. Себебі елде әралуан көзқарастағы азаматтық қоғам қалыптастыруға құлшыныс пайда болды. Қазақ қоғамының талабы мен талғамы өзгерген. Не істеу керек? Бірінші сатыдан екінші сатыға өтпей болмайды. Әрине ол қадам дамудың жаңа сатысына, халықтың игілігіне жұмыс істеуге тиіс.

Сонымен Екінші Республика де­ген не? Бұл халықтық билікке құ­лаш ұру. Қа­зақ­станның 1993 жылғы тұң­­ғыш Конституциясы бойынша біз пар­­ла­менттік республикаға айналуымыз керек-ті. Бірақ биліктің ол моделі ара­да екі жарым жыл уақыт өткенде алынып тасталып, еліміз парламенттік бас­қару жүйесінен президенттік басқару жүйе­сіне ауысты. Мемлекет басшысы негізгі саяси тұлғаға айналып шыға келді. Осы кон­ституция арада 27 жыл өткенде түбе­гейлі өзгертілді. Онда биліктің негіз­гі қайнар көзі халыққа бұрылады.
Мұнда:

Суперпрезиденттік басқару жүйе­сінен президенттік республикаға көшу;

Бірқатар билік өкілеттігін қайта бөлу;

Парламенттің рөлін күшейтіп, мәрте­бесін арттыру;

Елді басқару ісіне халықтың қатысу мүмкіндігін кеңейту;

Азаматтардың құқықтарын қорғау тәсілдерін жетілдіру қарастырылған. Бұлардың бәрі бір жүйеге топтасқанда елде азаматтық қоғамның біртұтас мо­делі шыға келері сөзсіз. Яғни биліктің бұқа­раға бетбұрыс кезеңі басталды. Мәсе­лен, Президент билігі кезінде саяси партияны басқармақ былай тұрсын, оған мүше де бола алмайды. Ол үшін Ата Заң­ның 43-бабына жаңадан тармақ қо­сы­лады. Президент қана емес, Жоғар­ғы сот пен Конституциялық соттың және өзге де соттардың судьялары мен төрағалары, Жоғары аудиторлық палата мен Орталық сайлау комиссиясының төрағалары және мүшелері партияға жоламайды.

Президенттің жақын туыстарына саяси мемлекеттік қызметші болуға, тіпті квазимемлекеттік секторда бас­шылық лауазымды иеленуге тыйым салынады. Бұл да заңмен бекітілді. Дипломатиялық әлем институтының сарапшысы Альберто Тюркстра «бұл — жақсы жаңалық, тың өзгеріс. Себебі демократиясы дамыған Еуропа елдерінің өзінде мұндай демократиялық өзгеріс болған емес. Туған-туыстың билікке шоғырлануы Бельгияда белең алған. Мәселен, Бельгияның қазіргі премьер-министрі Александр Де Кроның әкесі кезінде парламенттің төрағасы болды. Сөйтіп, баласын билікке әкелді. Еуропалық кеңестің төрағасы Шарль Мишельдің отбасын алсақ, Луи Мишель, Метю Мишель, әкесі Бельгияның бұ­рынғы сыртқы істер министрінің орынбасары болды. Ұлы Шарль Мишель Бель­гияның премьер-министрі болып еді. Қазір Еуропалық кеңестің төрағасы. Оның інісі Метю Мишель елдің цифрлы технологияны дамыту жөніндегі бас хатшысы. Яғни мұндада Еуропа елдерінде кейбір шенеуніктер отбасы мүшелері­мен жоғары қызметте істейді. Мұндай тамыр-таныстық, туыстық қатаң сынға ұшырауда», — дейді.

Қабылданған Ата Заң бойын­ша Жоғары сот кеңесі құрамының мү­ше­ле­рін және төрағасын Президент Сенат­пен келісіп қана қоя алады. Кон­ститу­циялық соттың төрағасы да Сенат­пен келі­сіледі. Бұрын мұның бәрін тек Пре­зидент қана тағайындап келген. Тіп­ті Конституциялық сот деген аты­мен бол­мағаны белгілі. Қысқасы, бұл былай, жаңа Конституцияның тала­бы бойынша президент мықты верти­кальді жүйенің сақталуына кепіл болып тұрған: партияның құрамынан шыға­ды. Екінші, жақын туыстары лауа­зым­ды билікке келе алмайды. Үшіншіден, Мем­лекет басшысының Сенаттағы квотасы үштен бірге азаяды. Төртіншіден, Жоғары сот кеңесін жасақтау құқынан айыры­лады. Бесіншіден, облыстар мен республикалық маңызы бар үш қаланың әкімдерін қоспағанда, қалған қала, аудан әкімдерін жұмыстан босата алмайды. Есесіне өкілді биліктің, яғни Парламент пен мәслихаттардың құзыры кеңейеді.

Жаңа Қазақстан. Екінші республика. Бұдан былайғы өмірімізде өзгеріс болатынын әйгілейтін осы бір тұжырымдар әрбір отандасымыздың жүрегінде сенім алауын тұтатып, көңіл көкжиегін кеңітіп кететіні анық.

Бәріміз алдағы күннен алақай жаңалық күтіп, қоғам дамуының соны соқпағына, ізгілікті мемлекет құруға аяқ басқандаймыз. Бұл бағытта қолға алынған шаралар, игі бастамалар сол үміт отын үрлей түскендей. Алайда өткен 30 жыл бойы орныққан жүйені, қалыптасқан көзқарасты бір демде өзгерте алмасымыз тағы белгілі. Ол үшін жалпы қоғамды, жекелеген сала қызметкерлерін, қажет десеңіз әрбір адамды жаңаша ойлауға, өзгеше түйсінуге тәрбиелеу қажет. Осы орайда «Қасіретті қаңтар» деп ат беріліп, айдар тағылған оқиға қоғам санасында қопарылыс жасап кеткені анық.

Болған іс болды, бояуы сіңді! Енді айдай әлемге айғай сап аттандасаң да, ер-тоқымыңды бауырыңа алып туласаң да еш нәрсе өзгерте алмайсың. Алдағы міндет – елімізді осындай жағдайға алып келген оқиғаның себебін анықтап, келешекте қайталанбауы үшін әрекет жасау болмақ. Сөзіміздің басында айтқан «Жаңа Қазақстан», «Екінші республика» деген тұжырымдар осы оқиғалардан кейін айналымға енгенін естен шығармайық.

«Шөлмек мың күнде сынбайды, бір күнде сынады» — дейді халық нақылы. Біздің пайымдауымызша, халықтың жаппай шеруге шығуының тамыры — тереңде. Және ол бір күннің немесе бір жылдың нәтижесі емес, тәуелсіздік алғалы елімізде орын алған олқылықтар мен жіберілген қателіктердің салдары деп ұққан жөн. «Сонда неден жаңылдық, қай жерде шалыс бастық?» – деген сауал алдымызда менмұндалап шыға келетіні ақиқат. Жалпы, әлемдегі толқулар мен төңкерістердің негізінде ең алдымен қоғамдағы әділетсіздік пен биліктің озбырлығы жататыны белгілі. Бізде осының екеуі де орын алды деп айтуға негіз бар.

Тереңге бармай-ақ, көп жылдар бойы көзге көрініп, көңілге қонақтап қалған қарапайым ғана мысалдарға жүгініп көрейікші.

Бұл ең алдымен қоғамды жайлаған жең ұшынан жалғасу мен жемқорлық, парақорлыққа қатысты. Біз нені көріп келдік? «Қазақстан экономикасының локомативі» деп жүрген құрылыс саласын алайықшы. Құрылысқа мемлекет тарапынан бөлінетін қаржыны кімдер иеленіп келді? Дұрыс айтасыз, ең алдымен қолында билігі барларға бұйырды. Тендерге қойылған қаржының белгілі бір бөлігі оны ойнатушылардың қалтасында қалатын. «Белгілі бөлігі» деуіміздің себебі, әр аймақта әрқалай. Құдайға қарағандары 10 пайызына ортақтасса, қайсыбір жерлерде 20 пайызға дейін иеленетінін жұртшылық жақсы біледі. Лақап аты «Господин 30» делінетін өңір басшысын да көрдік. Сонда белгілі бір нысанды салуға бөлінген қаржының 30 пайызы тендер ойнатушының үлесінде қалып, қалған 70 пайызы құрылысқа жұмсалады деп ойласаңыздар – қателесесіздер. 

Оны ұтып алған, қолында қаламынан басқа ешқандай техникасы бола бермейтін адам өзіне тиесілі үлесін алғаннан кейін нысанды «субчик» деп аталатын үшінші адамға беріп, өзі пайдасын шытырлатып санап, шырт түкіріп кете барады. Үшіншісі де адам ғой. Ал, құрылыс кезінде қолды болатын қаражатты қайда қоясыз?! Ең соңында сапасы күмәнді, құны арзан материалдармен салынған үйлер бой көтеретін. Пайдалануға берілмей жатып құлаған, адам тұруға жарамсыз деп танылған көпқабатты үйлер, міне, осындай қылмысты жүйенің жемісі. Бұл жерде жалақысы бала-шағасының ішіп-жеміне де жетпейтін жұмыстан бас тартып, көшеде қаңғып қалған азаматтардың мұң-зарын да қоса кеткен орынды.

Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының қомақты бөлігін құрайтын әрі стратегиялық маңызы зор салмақты сала. 30 жыл бойы мұнда жүргізілген түрлі эксперименттер мен реформалар еш нәтиже бермегенін байқау үшін сарапшы болудың қажеті жоқ. Оны еліміздің бүгінге дейін агроөнеркәсіп өнімдерінің экспортына тәуелді екенін айтсақ та жеткілікті. Жұмыс істеп тұрған ұжымдық құрылымнан бас тартып, ауылды жекешелендіру жалпы халықты кедейлендіріп, жекелеген адамдардың жер иеленуші алпауытқа айналуына әкеліп соққанын көріп отырмыз. Бүгінде шаруа адамдары ірі шаруашылықты былай қойып, азын-аулақ малын бағатын жер таба алмай сенделуде. Саланың тамырына қан жүргізу мақсатында жасалынып жатқан көптеген шаралар нәтиже берер емес. Себебі, мемлекеттік субсидиялар нақтылы тұтынушы шаруа адамдарына жетпей, орта жолда қолды болып кетіп жатыр. Үлкен қаражат кімдерге, қандай жолмен бұйырып жатқанын анықтау онша қиынға соға қоймас деп ойлаймын. Өткен жылғы қуаңшылық кезінде ауыл шаруашылығына көмек ретінде бөлінген ақшаны жымқырып, істі болған Ақмола облысы сала басшыларының іс-әрекеті басқа өлкелерге де ортақ схема.

Халықтың тегеурінді қарсылығына жолықпағанда жеріміз де шетелдіктерге сатылып, қазақтар өз елінде «квартирант» бола жаздағаны да өтірік емес. Бұл сатқындық саясатты кімдер және не үшін ойластырғанын білу үшін көріпкел болудың қажеті жоқ шығар?! Өндірушілер мен тұтынушылардың арасында бағаның шарықтап өсуі, түк істемей шаш етектен пайдаға кенеліп жүрген делдалдардың қызметін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын Орда» базарындағы былық арқылы көрсетіп берді.

Экономикамызды шикізатқа тәуелділіктен құтқару үшін индустриализация жүргізу керек деп ұрандатқанымызға 30 жыл болды. Ал біз тіс шұқитын жаңқаға дейін Қытайдан алып келеміз. Өнеркәсіп саласында Елбасының қатысуымен салтанатты түрде ашылған ірі жобалардың жұмыс істеп тұрғандары некен-саяқ. Іс бітті, қу кетті. Құрдымға құйылған қаржыны іздеген, қылмыскерлерді жазаға тартқан ешкім болған жоқ. Жемқорлыққа жетелейтін жүйеден еш жақсылық күтуге болмайтынын жұртшылық әлдеқашан түсініп болған.

Көп жылдар бойы Қазақстанда, құзырлы органдардың мәліметінше парақорлардың тізімін дәрігерлер мен мұғалімдер бастап келді. Иә, ата-аналардан түрлі шараларға ақша жинау, науқастарды емдегендері үшін қолүздік алу етек алған кезеңдердің болғаны рас. Алайда аталған салалар өзгелердің жанында жіп есе алмайтынын халық көріп отыр емес пе?! Орыста: «Что охраняю – то имею!» деген сөз бар. Яғни, елімізде кімдердің пара алу мүмкіндіктері көбірек?!

Ертеректе полицияға жұмысқа тұрған жас лейтенанттармен бейресми жағдайда сұхбаттасқанымыз бар. Күштік құрылымдағы қызметі өздері ойлағандай болмай шыққанына налыған жігіттер бір сәт ашыла сөйлеген. «Бізге қылмысты ашу мүлдем тиімсіз, – деген еді сонда. – Себебі, қылмысты әшкерелегеніміз үшін біз сыйақы да, шен де алмаймыз. Шеніміз өсу үшін жоғарыдағыларға ақша беруге міндеттіміз. Сондықтан құқық бұзғандарды ақшаға босатып, оны басшылармен бөлісуге мәжбүр боламыз. Сонда ғана шеніміз бен қызметіміздің жоғарылайтынына кепілдік беріледі!» Естіген құлақта жазық жоқ!

Бұл сөздердің қаншалықты шындыққа жанасатынын анықтау қиын екенін түсінемін. Алайда, есірткі саудасымен айналысатын сығандардың тұратын жері, аты-жөні белгілі бола тұра, олардың жауапқа тартылмайтынын көргенде амалсыз иланасың. Кешкісін тұтқындалған саудагердің таңертең босап шыққанын көзіміз көрген. «Қорғас ісі» деп аталатын әйгілі сот процесінде жауапқа тартылып, жазасын алған 45 адамның екеуі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің полковниктері болғанын кезінде жазған болатынмын. Соңынан осы «Қорғас» бекеті кімнің иелігіне өткенін де шыққыр көзіміз көрді!

Қаңтар оқиғасы кезінде өкілеттілігі шексіз ҰҚК басшысының «Отанына опасыздық жасады» деген айыппен тұтқындалуы шектен шыққан сорақылық емей немене?! «Ет бұзылса тұз себеміз, тұз бұзылса не себеміз?!»  деген мәтел осындай шарасыздықтан айтылған болар, сірә. Және бұл полиция мен ҰҚК-ге ғана емес, күштік құрылымдардың бәріне қатысты екеніне ешкім шек келтірмейді. Оны қасіретті қаңтар тағы бір айғақтап берді.

Еліміздегі жоғары билік халықпен байланысын мүлдем үзіп алды деген пікір бар. Бұл – ақиқат! 30 жыл бойы жоғары билікте санаулы ғана адамдардың бір креслодан екіншісіне ауысып жүруін немен түсіндіруге болады?! Қазір осы үрдіске тосқауыл қою әрекеті басталғандай. Дегенмен, биліктің үш тармағынан да ежелден таныс есімдерді көріп келеміз. Олардың білім-біліктілігі, атқарып отырған қызметіне адалдығы мен лайықтылығы өз алдына бөлек әңгіме. Соның ішінде көпшілікті аса алаңдататыны, билік мемлекетті құраушы ұлттың тіліне – қазақ тіліне менсінбеушілік танытты. Құжаттардың барлығы орыс тілінде әзірленіп, қазақшасы «Яндекс» аудармасы арқылы жүргізіледі. Және оны ешкім оқымайды да. Бұл қарапайым халықтың қитығына тимей қайтсін.

«Жаңа Қазақстан» құру жолында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы күнге дейін орын алып келген бірталай былықтың бетін ашып, тәртіп пен әділеттіктің үстемдік алуына ықпал ететін нақты қадамдарға барды. Атын атамағанымен, былықтың барлығы бір адамның төңірегіне барып топтасатыны ақиқат. Еліміздегі байлықтың 50 пайыздан астамын иеленіп отырған 162 адамның кімдер екені халыққа әлдеқашан мәлім болған. Жә, онымен құзырлы мекемелер айналыссын. Ал біз, қарапайым халық, жылдар бойы көріп отырдық емес пе?!

Бүгіндері ұзақ жылдар бойы қалыптасқан жабырқау жүйені, қытымыр қоғамды өзгертіп, жаңа өмірдің тамырына қан жүгіртуге әрекет жасалып жатыр. Конституциядағы өзгерістер, кезектен тыс Президент сайлауы осы бағыттағы әрекеттер екені анық. Дегенмен, жоғарыда айтылған өмір-тірлігіміз бен ой-санамызда төңкеріс жасамай, алға қойған мақсатымызға жете алмасымыз тағы да белгілі.

Ол үшін бір ғана Мемлекет басшысы емес, барша қазақстандықтардың ерік-жігер мен мақсат-мүддесін жұмылдыру қажет. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының осы бағыттағы жұмыстары әзірге көптің көңілінен шығады. Сөз бен уәде жеткілікті. Енді оны орындау керек. Ақырын күтейік.

 «ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.