Отырар: Дәрігерлердің орташа жалақысы 350 мың теңгеге жуықтайды

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы әзірленіп, бекітілді. Ұлттық жобаға сәйкес, Түркістан облысы бойынша ауылдық денсаулық сақтау саласын жаңғыртуға 49 нысан салу ұсынылып, қолдау тапты. Одан бөлек, 2023 жылға жоспарланған 4 аудандық аурухананы (Сайрам, Ордабасы, Сарыағаш, Жетісай) қайта көпбейінді ауданаралық аурухана етіп қайта құру үшін денсаулық сақтау желісіне өзгерістер енгізілді. Сондай-ақ Сарығаш ауданында ІІІ деңгейлі босандыру қызметін ұйымдастыру мақсатында 240 төсек-орынға арналған перинаталдық орталық үшін ЖСҚ әзірленуде — деді, облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының бөлім басшысы Салтанат Жамалова.

Ал, облыстық медициналық сақтандыру қорының директоры Асхат Бейсенбаев МӘМС есебінен жасалып жатқан мүмкіндіктерге кеңінен тоқталды.

2022 жылы Отырар ауданы халқына медициналық көмек көрсетуге 3 211 258 мың теңге бөлінді, оның ішінде міндетті медициналық сақтандыру жүйесінен 1 502 150 мың теңге.

2021 жылы Отырар ауданы тұрғындарына 3 019 504 мың теңгеге Қор есебінен медициналық көмек көрсетілді.

Бұл ретте, МӘМС жүйесі енгізілгенге дейін Отырар ауданы денсаулық сақтау жүйесінің бюджеті 1 731 727 мың теңге. Яғни, қазіргі уақытта аудан бюджеті 2 еседен астам өсті.

Ұзақ уақыттан бері алғаш рет медициналық қызметкерлердің жалақысын жүйелі түрде жыл сайын арттыру жүргізілуде: нәтижесінде дәрігерлердің орташа жалақысы 189-дан 342 мың теңгеге дейін, ал медбикелердің жалақысы 120-дан 211 мың теңгеге дейін өсті.

Денсаулық сақтауды қаржыландырудың айтарлықтай ұлғаюына байланысты міндетті медициналық сақтандыру шеңберінде медициналық көмектің қолжетімділігі артты. Емхана деңгейіндегі консультациялар мен диагностикалық қызметтердің саны жыл сайын артып келеді.

Егер 2020 жылы МӘМС жүйесін енгізу кезінде диагностикалық қызметтер 14 860 мың теңге сомасына көрсетілсе, ағымдағы жылдың 9 айында Отырар ауданы тұрғындарына диагностика бойынша жалпы сомасы 51 951 теңгеге 3 мыңнан астам қызмет көрсетілді (қаржыландыру іс жүзінде екі есеге ұлғайды).

Қазір МӘМС қаражаты есебінен адамдар бұрын тек ақылы түрде қол жетімді медициналық қызметтерді ала алады. 3 жыл бұрын қымбат диагностика азаматтардың жекелеген санаттарына ғана тегін қол жетімді болды және жеткізушілер іс жүзінде жоқ болды. Бүгінгі таңда облыста 21 компьютерлік томография аппараты, 13 МРТ аппараты жұмыс істейді.

Жалпы, Отырар ауданында тұрғындарды МӘМС жүйесіне толығымен қамту шарасы жүйелі жүзеге асырылған. Жүйеге қатысушылар үлесі 86,9 пайызды құрады. Тұрғындарды медициналық қызметпен қамтуға байланысты МӘМС жүйесіндегі мәртебелерін өзектендіру шаралары әлі де болса жалғасын тауып жатыр.

Ad Widget

Recommended For You