ТҮРКІСТАН: БҮГІН ҰЛЫЛАР ДҮНИЕГЕ КЕЛГЕН КҮН!

28 қыркүйек күні қазақ әдебиетінің шоқ жұлдызына айналған Мұхтар Әуезов, Оралхан Бөкей, Шерхан Мұртаза сынды тұлғалар дүниеге келген. Олар қасиетті қара сөздің қадіріне жетіп, қазақ халқын басқаларға мойындата білген марғасқалар!

Қазақтың көрнекті жазушысы, академигі, драматургы, ғалымы және қоғам қайраткері Мұхтар Әуезов 1897 жылы Семей облысында дүниеге келген. Ол қазақ драматургиясы мен театр өнерінің дамуына зор үлес қосқан. Ұзақ жылдарға созылған терең iзденiстiң, қат-қабат шырғалаңдардан адаспай тура жол тауып, ұлы мақсаттан ауытқымаған зор шығармашылық қажыр-қайраттың нәтижесiнде дүниеге келген төрт томдық эпопея дүниежүзi әдебиетiнiң көркiн асырып, кемел төрiнен орын алды. Абай өмірі арқылы қазақты бүкіл әлемге танытқан жазушының еңбегі жүз он алты тілге аударылған. Осы шығарма үшін 1959 жылы сол кездегі ең құрметті марапаттардың бірі – Ленин сыйлығына ие болды. XIX ғасырдың асқар белі Абай болса, ХХ ғасырдың заңғар биігі – Мұхтар Әуезов.

Қазақ әдебиетінің ХХ ғасырдағы жарық жұлдыздарының бірі, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының, Н.Островский атындағы Бүкілодақтық әдеби сыйлықтың иегері – Оралхан Бөкей 1943 жылы Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданына қарасты Шыңғыстай ауылында дүниеге келген. «Атау-кере» повесіндегі «Менің мұқым жастығым өткен жылдар – сырттай қарағанда, мап-майда, жып-жылмағай болғанымен, іштей іріген даңғазасы мол, яғни ұраны мен ұрда-жығы қатарласа дамыған «мақтаншақ» кезең еді» деп берілетін кейіпкер көңіл-күйінің астарында қаламгердің өз өмір сыры жатқан еді. Дәуірдің сондай мақтаншақ, жалтақ, жағымпаз кезеңіне қарамастан, қаламын батыл сілтеді. Кеңестік идеологияның кержақ қағидаларына бағынбады. Әйгілі жазушы 1993 жылы дүниеден өтті.

Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Шерхан Мұртаза 1932 жылы Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Мыңбұлақ мекенінде туған. 1955 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Оның шығармалары КСРО халықтары мен шетел тілдеріне аударылған. Ал қазақ тіліне Г.Х.Андерсеннің әңгімелерін, венгр халық ертегілерін, Ш.Айтматовтың «Ботагөз», «Қош бол, Гүлсары», «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет», «Боранды бекет» туындыларын; Мұстай Кәрімнің «Біздің үйдің қуанышы» повесін, Э.Эрскиннің «Марыкчан балалары» романын, Л.Лагиннің «Хоттабыч қарт» повесін тәржімалады. «Әзиза» пьесасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің грантын жеңіп алды. «Ай мен Айша», «Қызыл жебе», «Қара маржан», «Тамұқ» және «Бір кем дүние» атты еңбектері кейінгі буынға мұра болып қала бермек. Қазақтың Шер ағасы болған дарынды жазушы 2018 жылы дүниеден өтті.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.