АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІ ШЫМКЕНТТЕГІ ЕҢ ІРІ ЖЫЛЫЖАЙ КЕШЕНІНІҢ ҚҰРЫЛЫС ЖОБАСЫМЕН ТАНЫСТЫ

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров жұмыс сапарымен Шымкент қаласына келді. Ведомство басшысы «АйМар Құс» ЖШС жұмысымен танысып, шаруалармен кездесті. Кездесу барысында шаруалармен бірге сүт-тауарлы фермалар мен көкөніс қоймаларын жеңілдікпен несиелендіру мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, шаруалар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерге салықтың тарифтік ставкасын төмендетуді және асыл тұқымды мал шаруашылығын субсидиялау ережелеріне өзгерістер енгізуді сұрады.

Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Ауыл шаруашылығы министріне мегаполис аумағында салынатын қызанақ өсіруге арналған жаңа форматтағы ең ірі жылыжай кешенінің жобасын да таныстырды.

Құны 650 миллион АҚШ долларын құрайтын инвестициялық жобаны түріктің “Alarko Holding” компаниясы жүзеге асырады. Жаңа технологияларға негізделген жылыжай 500 гектар аумақты қамтиды. Нәтижесінде 2000 жаңа жұмыс орны ашылады.

Жұмыс сапары қорытындысында министр қаладағы агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағытында атқарылып жатқан шараларды оң бағалады. Сондай-ақ мемлекет тарапынан барлық қажетті қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Тілге тиек етейік, соңғы жылдары мемлекет тарапынан жылыжай шаруашылығына қолдау артып келеді. Инвестициялық субсидиялау бағдарламасы шеңберінде өнеркәсіптік жылыжай шығынының 25 пайызы, тұқымдар мен тыңайтқыштарға жұмсалған қаржының теңге жартысына дейін үкіметтен төленеді. Одан бөлек, төмен пайызды несиелеу бағдарламасы қарастырылған.
Бұл көмек түрлері кәсіпкерлердің қызығушылығын арттырып, мегаполисте жылыжай шаруашылығын дамытуға септігін тигізуде.Өткен жылғы мәліметке сәйкес қала аумағында 209 гектар жылыжай кешені бар, оның 71 гектары өнеркәсіптік жылыжайларға тиесілі. Бұл кешендерден жылына шамамен 17 мың тоннадан астам қызанақ, қияр және тағы басқа да көкөніс түрлері өндіріліп, ішкі және сыртқы нарыққа саудалануда.

 

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin