ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНА ТҰТ АҒАШЫНЫҢ 85 МЫҢ ТҮП КӨШЕТІ ЖЕТКІЗІЛДІ

Түркістан облысында тұт ағашын отырғызу арқылы жібек мата өндірілмек. Ол үшін облысқа Өзбекстаннан әкелу жоспарланған 2,5 млн түп тұт көшетінің алғашқы 85 000 түбі жеткізілді. Жапырағын жылына төрт рет жинауға болатын тұттың сорты «Әндіжан Мархамат 2017» деп аталады.
Алғашқы көшеттер Жетісай ауданы, Мақталы ауылы маңындағы 25 га аумаққа отырғызылды. Ал көшеттердің келесі бір бөлігі Сарыағаш ауданында егіледі. Бұл жұмыстарға Өзбекстаннан арнайы аталған сорттың авторы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Абулфаттох Мусырманкулов келіп, жергілікті шаруаларға тұт ағашын отырғызуда әдістемелік көмек көрсетті.
Тұт отырғызып, жібек өндіруге ниет білдірген тұрғындарға «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша қаржылай көмек көрсету тетіктері де қарастырылған. Облыс әкімі Дархан сатыбалдының тапсырмасымен Түркістан облысында аталған пилоттық жобаның тұжырымдамасы және «2024-2026 жылдарға арналған жібек кластерін дамытудың жол картасы» әзірленіп, шаруаларға несие беру бағдарламасы бекітілді. Оған сәйкес тұт ағашын отырғызған кәсіпкер алғашқы өнімін алғанша 20 айға демалыс ала алады. Дегенмен несиенің пайызы оны беруші екі қаржы ұйымының шарттарына байланысты болмақ.
Айта кетейік, қазіргі таңда «Қазақ жібек» қауымдастығы мен Өзбекстанның «Узбекипак саноат» қауымдастығы арасында келісімшарт жасалып, алдағы 3 жыл агро сүйемелдеуге қол жеткізілді. Яғни жібек шаруашылығында көш ілгері көршілес елдің тәжірибесіне сүйеніп, өңірде саланы дамыту көзделген.
Жалпы жапырағы ақуыз бен протеинге бай тұт ағашы орта есеппен 70-80 жыл өмір сүреді, ал жидегі түрлі ауруға ем. Табиғаты қолайлы оңтүстікте 1 гектар жерге егілген тұт ағашынан 1 млн. теңгеге дейін таза табыс табуға мүмкіндік бар. Ал өнімді Шығыс Еуропаға, Оңтүстік Кореяға және Қытайға сатуға болады. Өйткені мұндай тауарға аталған елдерде сұраныс өте жоғары.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin