
Бүгін Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрбек Нышановтың төрағалығымен қоғамдық тамақтану орындарына қойылатын санитариялық талаптар жөнінде жиын өтті. Өзекті мәселені талқылауға арналған басқосуға ҚР ДСМ Санитариялық –эпидемиологиялық бақылау комитетінің бас сарапшысы Марат Байтүгелов, ҚР ДСМ «Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК «СЭСжМҒПО» филиалының басқарма басшысы Сейіткәрім Тастанбаев және видеобайланыс арқылы департаментке қарасты аудандық сан-эпид бақылау басқарамасының басшылары қатысты.
Астана, Алматы қалаларынан келген мамандар халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауға жататын эпидемиологиялық мәні бар объектілерге бақылау жүргізу туралы, тамақтан улану және оның алдын алу шаралары тақырыптарында баяндама жасады. Түркістан облысының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері аудандық басқарма басшыларына кәсіпкерлік нысандардың жауапкершілігі мен қоғамдық тамақтану орындарында қойылатын санитарлық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды одан әрі жандандыру қажеттігін атап өтті.
Айтып өтейік, облыстың сан-эпид бақылау қызметі тарапынан кәсіпкерлермен кездесу, санитариялық ағарту, түсіндіру жұмыстары үздіксіз жүргізіліп отырады. Кемшілік анықталған орындарға заң аясында шаралар көріліп, айыппұлдар да салынған. Алайда ешбір ескертулерді елемеген кәсіпкерлік нысан иелерінің салғырттығынан азаматтардың тағамнан жаппай улануына әкеліп соқтыру жағдайы орын алды.
