Түркістанда «Еуразиялық далалық өркениет: адам және тарихи-мәдени орта» атты Еуразия даласы археологиясының V халықаралық конгресі өтуде

Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Еуразиялық далалық өркениет: адам және тарихи-мәдени орта» атты Еуразия даласы археологиясының V халықаралық конгресі басталды.

Тәуелсіз Қазақстанның тарихында тұңғыш рет ұйымдастырылған Еуразиялық масштабтағы археологиялық форум әлемнің 28 елінің ғалымдары мен білікті мамандарының басын қосып отыр.

Алқалы жиынның пленарлық мәжілісі Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің бейне құттықтау сөзімен ашылды. Министр өз сөзінде келелі жиынның маңызына тоқталып, конгресс жұмысына табыс тіледі. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов сөз сөйлеп, өңір басшысы Дархан Сатыбалдының құттықтауын жеткізді.

Пленарлық мәжілісті Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының бас директоры Ақан Оңғарұлы тізгіндеп, модератор болды.

Университет ректоры Жанар Темірбекова бүгінгі конгрестің оқу орнымыз үшін тарихи маңызын тілге тиек етті. Ректор бүгінгідей ауқымды шаралардың университетіміз бен оқытушы-профессорлар құрамына және де студенттерге берері мол екендігін айрықша атап өтті. Университет басшысы оқу орнымыз базасында 1996 жылы «Археология» ғылыми-зерттеу институтының негізі қаланғанын баяндап, институттың ширек ғасырлық тарихы мен бүгінгі жетістіктерін саралады.

Ректор өкілі, профессор Женгиз Томар өз сөзінде бүгінгі конгрестің тұтас Түркі әлемі үшін маңызды орынға ие екендігін баяндады.

Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының бас ғылыми қызметкері, академик Бауыржан Байтанаев 2019 жылы Ресейдің Улан-Удэ қаласында өткен IV конгресте келесі басқосуды Қазақстанда өткізу туралы маңызды шешім қабылданғанын жеткізді. Маңызды шешім нәтижесінде бүгінгі Түркістан конгресі жүзеге асып отырғанын айрықша атап өтті.

Сонымен қатар, конгрестің ашылу салтанатында Өзбекстан мен Ресейдің білікті ғалымдары құттықтау сөз сөйлеп, келелі ойларын ортаға салды.

Пленарлық мәжіліс ғылыми баяндама кезеңіне жалғасып, ғалымдардың тұщымды ой-пікірлері тыңдалды.

Үш күнге жоспарланған конгрестің басты мақсаты – аталған саладағы ғылыми қауымдастық өкілдерін бір арнаға тоғыстыра отырып, Еуразияның ежелгі және ортағасырлық тарихының өзекті мәселелерін шешу үшін ой мен күшті біріктіру болып табылады.

Конгресте Еуразия археологиясының бүгінгі өзекті іргелі мәселелері талқыланып, шешілу жолдары ұсынылады. Заманауи мультипәнаралық әдістерге негізделген әлемдік ғылыми қауымдастықтың бірлесе қимыл жасауы арқылы археологияның, сонымен қатар тарихи-мәдени мұраны сақтау мен пайдаланудың өзекті мәселелерін шешуге болары анық.

Конгресс жұмысы келесі бағыттар / секциялар бойынша жүзеге асырылады:

— Еуразия даласындағы ерте металл дәуірінде жүргізілген тарихи-мәдени үрдістер: дәстүрлер мен инновациялар;

— Еуразия ерте көшпелілерінің феномені;

— Орта ғасырдағы Еуразия даласының көшпелілері;

— Орта ғасырдағы Еуразия даласының урбанизмі;

— Еуразия дала мәдениет археологиясының зерттелу тарихы; Еуразия көшпенділерінің археологиялық мұрасын сақтау және музейлендіру.

Конгреске отандық және шет елден (Әзірбайжан, Армения, Австралия, Болгария, Венгрия, Ұлыбритания, Германия, Израиль, Иран, Канада, Қытай, Қырғызстан, Молдова, Моңғолия, Польша, Пәкістан, Ресей, АҚШ, Тәжікстан, Түрікменстан, Түркия, Өзбекстан, Украина, Франция, Чехия, Швейцария, Швеция, Оңтүстік Корея, Жапония) келген жетекші ғалымдар қатысады.

Екі жүзден астам маман үш күн бойы ерте металл археологиясы, ерте көшпелілер дәуірі, орта ғасырлық қалалар мен көшпелі мәдениет, Еуразия даласындағы көшпелі империялардың тарихы, өнердің дамуы, дүниетаным, сондай-ақ мәдени мұраны сақтау, қорғау және археологиялық ашылулар тарихы сынды мәселелерді талқылайтын болады.

Келелі жиынның басты ұйымдастырушылары: Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, Татарстан Республикасының Ғылым Академиясы А.Х. Халиков атындағы Археология институты, Орталық Азиялық зерттеулер халықаралық институты, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті.

Конгресті өткізуге қолдау білдірушілер: РҒА Археология институты, РҒА Сібір бөлімінің Археология және этнография институты, Қазан федералдық университеті, РҒА Ұлы Петр атындағы Антропология және этнография музейі (Кунсткамера), РҒА Материалдық мәдениет тарихы институты, РҒА Сібір бөлімінің Моңғолтану, буддология және тибетология институты, РҒА Қиыр шығыс бөлімінің Қиыр шығыс халықтарының тарихы, археологиясы және этнографиясы институты, Алтай мемлекеттік университетінің «Үлкен Алтай» алтаистика және түркітану ғылыми-зерттеу орталығы.

Өміршең саланың өзекті мәселелері талқыланатын конгресс жұмысы үш күнге жалғасып, резолюция қабылдау арқылы қорытындыланатын болады.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.