Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында оқушыларды кітапқұмарлыққа үндейтін «Жырыммен жұбатқым келеді» поэзия апталығы қорытындыланды

Бүгін ақын Әбілда Аймақтың туғанына 70 жыл толуына орай облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында «Жырыммен жұбатқым келеді» поэзия апталығының қорытындыланды. Әдеби кешті облыстық мәдениет және туризм басқарма басшысының орынбасары Ержан Исатаев ашып, кешке арнайы келген ақынның жары Ақмарал Сатыбалдықызына сый-сияпат көрсетті.

Кешке қатысқан ақынның жары естеліктерімен бөліссе, немерелері ақын өлеңдерінен үзінді оқыды. Кеш қонақтары ақын Қанат Сапарбаев, Қазақстанның Журналистер одағының мүшесі Роза Нарымбетова, ХҚТУ-нің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Мақсат Әліпхан, журналист, ақын Бауыржан Ерман сөз алып, апталық жайлы ойларымен бөлісті. Сонымен қатар, мектеп оқушылары ақынның өлеңдерінен композиция ұсынды.

Шара соңында кітапхана директоры Жанат Шардарбекова қорытынды сөз алып, жыл көлемінде Әбілда Аймақ оқулары облыс көлемінде жалғасатындығын жеткізді. Сондай-ақ апталыққа белсенді қатысқан кітапхана оқырмандарына арнайы алғыс хат табыстады.

Еске сала кетейік, Әбілда Аймақ апталығы туған жері Ордабасы ауданында басталып, оқушылар арасында өлең оқудан сайыс өтті. Сондай-ақ кітапхананың жылжымалы пункттерінде «Фараб» кітапханасынан поэзиялық керуен ұйымдастырылып, кітап көрмесі және оқырмандар мен кітапханашылар арасында автордың өлеңін оқудан арнайы флешмоб бастау алған болатын.

«Фараб» кітапханасынан бастау алған керуен Түркістан көпсалалы және қолөнер колледжінің белсенді студенттерімен және «АКА» шығармашылық өнер орталығының оқушыларымен бірге Әбілда Аймақтың шығармаларынан композиция қойылды.

Керуен «Конгресс холл» көпсалалы кешенінен бастау алып, ары қарай «Жанұя» қамқорлық орталығына қарай жалғасты.

Әбілда Аймақтың 80 жылдары жазылған өлеңдері мен Түркістанға арнауы орындалды.

Жалпы, Әбділда Аймақ апталығы туған жері Ордабасы ауданынан басталған-ды. Сәуірдің 8-інде Ордабасы ауданындағы Қ. Бектаев жалпы орта мектебінде ауданның Құрметті азаматы, ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР Құрмет орденінің иегері, Халықаралық Физули атындағы сыйлықтың лауреаты, ақын Әбілда Аймақтың туғанына 70 жыл толуына орай «Өлең маған ғашық-ау, мен өлеңге» атты еске алу кеші өтті.

Облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен шараға филология ғылымдарының кандидаты, профессор, ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР Журналистер одағының мүшесі, сазгер, ғалым Бекжігіт Сердәлі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақстанның «Құрметті азаматы», «Ажар» сыйлығының лауреаты Роза Нарымбетова, Түркістан облыстық жазушылар одағының төрағасы, ақын Айдар Сейдазым, 2023 жылдың үздік жас тілшісі, журналист ақын Бауыржан Ерман қатысты.

Шара барысында әуезді ән шырқалып, мектеп оқушылары ақынның өлеңдерін оқыды. Кеш соңында шараға белсене қатысқан оқушыларға кітапхана директоры Жанат Шардарбекова атынан алғыс хат табысталды.

«Жырыммен жұбатқым келеді» поэзия апталығының бағдарламасын да еске сала кетейік:

– 8 сәуір күні – туған жері Ордабасы ауданы, Ынталы ауылына кітапхана оқырмандары және зиялы қауым өкілдерімен саяхат;

– 9 сәуір күні – Мектеп оқушылары арасында Әбілда Аймақтың шығармашылығын насихаттап, оқушылар арасында өлең оқудан сайыс;

– 10 сәуір күні – кітапхананың жылжымалы пункттері: «Қуаныш» сауда үйі, «Жанұя» орталығы, «Конгресс холл» көпсалалы кешеніне «Фараб» кітапханасынан поэзиялық керуен;

– 11 сәуір күні – кітап көрмесі, оқырмандар мен кітапханашылар арасында арнайы флешмоб, қатысушылар автордың өлеңдерін оқды;

– 12 сәуір – қорытынды кеш. Белсенді оқырмандар және ақындардың қатысуымен еске алу кеші.

Әбілда Аймақ 1954 жылы 13 сәуірде туылған. Туған жері – қазіргі Ордабасы ауданы, Темірлан кентінің жанындағы «Ынталы» деген ауыл. 

Ә. Аймақ сол кездегі «Коммунизм» сегізжылдық мектебін бітірген соң, Қажымұқан атындағы кеңшарда түрлі қара жұмыстарда болды. Алдымен мақталықта су суғарған ол кейін дала қосында соқа тіркеуші, тракторшы болды, далада қой бақты.  Сөйтіп жүріп Темірландағы сырттан оқытатын орта мектепті тауысты.

1970 жылы Шымкенттегі музыкалық училищеге оқуға түсті. Училищеде екі жыл оқып, тұрмыстың таршылығынан оқуын тастап кетеді.  1972-1980 жылдары бұрынғы Бөген аудандық мәдениет бөлімінде автоклуб меңгерушісі, әнші болып қызмет атқарған.

1980 жылдан 1990 жылға дейін Шымкент қаласындағы «Шыркентқұрылыс» тресіне қарасты «Монолиттіқұрылыс» басқармасында бетоншы, тас қалаушы болып жұмыс істеді.

1984 жылы алғашқы бір баспа табақ өлеңі Алматыдан «Қарлығаш» деген атпен жарыққа шыққан. Жалпы шығармашылық жұмысы 1972 жылдан басталатын Әбілданың өлеңдері аудандық, облыстық, республикалық басылымдарда жиі жарияланып елге танылып қалған еді.

1986 жылы Шымкенттегі педагогикалық институттың филология факультетіне сырттай оқуға түсіп, 1991 жылы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын алып шықты.  Әбілда сегізжылдық мектептен кейінгі оқудың бәрін сырттай бітірген.

1972 – 81 жылдары аудандық мәдениет бөлімінде автоклуб меңгерушісі, 1981 – 90 жылдары Шымкенттегі «Шымкентқұрылыс» тресіне қарасты мекемеде тас қалаушы, 1990 – 93 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы облыс бөлімшесінде түрлі қызметтер атқарған. 1993 жылдан осы бөлімшенің директоры болды. Жырлары 1972 жылдан баспасөзде жариялана бастады. 1984 жылы жас ақындардың «Қарлығаш» атты дәстүрлі жыр жинағына бір топ өлеңдері енді. 2015 жылы 14 маусымда аяқ астынан дүниеден озды.

1990 жылы Қазақстан Жазушылар одағы облысаралық бөлімшесінің жауапты хатшысы, жазушы Мархабат Байғұт Әбілданы өзінің қасына қызметке шақырады. Осы бөлімшеге әдеби кеңесші болып қызметке келген Әбілда Аймақ Жазушылар одағында қызметте болды.

1993 жылдан осы бөлімшенің төрағасы, 1996 жылдан филиал болып қайта құрылған Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры болды.

Әбілда Аймақтың «Қарлығаш», «Мерейлі мекен», «Ләйла», «Жүрегімде махаббат», «Алтын бесік – І», «Алтын бесік – ІІ», «Түркістан», «Жақсығұл мерген», «Билік биігінде», «Ақжол», «Домалақ ана кесенесі», “Парасат биігі» сондай-ақ 2003 жылы екі томдық таңдамалылар жинағы жарыққа шыққан. 2009 жылы «Жазушы» баспасынан «Назқоңыр» атты өлеңдер жинағы шықты. 2011 жылы ОҚО Ж. Шанин атындағы қазақ драма театрында Ә. Аймақтың «Шәмшінің сағынышы» атты драмасы табысты өтті.

1993 жылы Республика ақындары қатысқан, поэзия жанры бойынша Алматыда өткен жабық конкурста бас жүлдені иеленді. 1995 жылы облыс ақындары арасында өткен Мүшәйрада бас жүлде алды. 2003 жылы Францияда өткен Бүкіл Түркі дүниесі әдебиетінің форумына қатысты. 2004 жылы Түркияда өткен Түркі халықтары ақындарының жабық конкурсында Халықаралық Физули атындағы сыйлықтың лауреаты атанды.  2013 жылы републикалық «Айғақ» газеті жариялаған жазушы Оралхан Бөкей атындағы әдеби байқаудың бас жүлдесін алды.

Әбілда Аймақ қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүреді. 2004 жылы өткен Президент сайлауында аянбай еңбек етті. Композитор Бағдат Алтаев екеуі бірігіп жазған «Ел бірлігі» әні Президент сайлауының оңтүстіктегі гимініне айналды десек артық емес. Алаңдарда, басқа да тиісті орындарда жиналған 10 мыңға жуық халық алдында осы ән орындалып, көпшіліктің ықыласына ие болды. Осылайша ақын Президент сайлауына өзінің үлесін қосты. Сайлау алдында алаңдарда жиналған халықтың жан тебіренісі түсірілген фильм сақтаулы.   

Әбілда Аймақ Қазақстан Республикасының Құрмет Грамотасымен, Оңтүстік Қазақстан облысының Құрмет грамотасымен наградталған. Ордабасы ауданының Құрметті азаматы. Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері. ТМД елдері бойынша интернационалист жауынгерлер комитетінің арнайы медалімен марапатталған.

Әбілда Аймақтың шығармашылығына қазақ ақындары Сырбай Мәуленов, Тұманбай Молдағалиев, Қ. Жұмағалиев, Фариза Оңғарсынова, С. Иманасов, А. Нысаналылар, Жазушылар Әбіш Кекілбай, Қ. Тұрсынқұлов, Мархабат Байғұт, Захардин Қыстаубаевтар жоғары баға берген.  Белгілі ғалым Мекемтас Мырзахметов «Ақындық сүйегіне біткен арқалы ақын» деп атады. Сондай-ақ, филология ғылымының докторы Мақсат Әліпханов Әбілданың шығармашылығын талдап, ғылыми мақалалар жазды. ХҚТУ-нің студенттері Әбілда шығаршылығынан Мақсат Әліпхановтың жетекшілігімен дипломдық жұмыстарын қорғады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin