Түркістан облысында шетелдік компания 2 мыңнан астам адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтитын 5 ірі кәсіпорынды іске қоспақ

Мақта-тоқыма кластерімен айналысатын өзбекстандық ең ірі компаниялардың бірі – «Global textile» компаниясы Түркістан облысының Мақтаарал ауданында тоқыма комбинатын және логистикалық орталық ашпақшы. Шетелдік компания 2 мыңнан астам адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтитын 5 ірі кәсіпорынды іске қоспақ. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Өзбекстанның «Global Textile Group» компаниясы тобының жетекшісі Музаффар Разаковпен кездесіп, жаңа жобаларды талқылады.

Компания 2023-2030 жылдарға арналған «Global textile. Turkistan» жобасын дайындаған. Құны 50 миллион долларды құрайтын жоба аясында логистика хабы, мақтаны бастапқы өңдеу зауыты, трикотаж мақта фабрикасы, мата бояу фабрикасы және тігін фабрикалары іске қосылады.

Кездесу барысында Түркістан облысында мақта шаруашылығын дамыту, мақта шитінің сапасын жақсарту мәселелері талқыланды. Өңір басшысы бұл салада екіжақты әріптестіктің екі тарапқа да пайдасы мол екенін айта келе, инвесторға алғысын білдірді. Түркістан облысы әкімдігі мен инвестор арасында бірлескен жұмыстар атқару бойынша Жол картасы әзірленген. Соған сәйкес, биыл Мақтаарал ауданындағы шаруалармен келісімшарт жасалып, 10 мың гектарға мақта егілді. Ол үшін Өзбекстаннан мақтаның 300 тонна жоғары сапалы «Сұлтан» және «Наманган» тұқым сорттары жеткізілді.

Жоспар бойынша келесі жылы сапалы мақта егу көлемі 20 мың, одан кейін 30 мың, 40 мың, 2026 жылы 50 мың гектарға дейін ұлғайтылады. Оны мақтааралдық шаруалардан «Global Textile Group» компаниясы жоғары бағада сатып алады. Ал Жол картасының екінші және бесінші кезеңдері аралығында тиісті инфрақұрылымы бар мақта-тоқыма кешені мен логистикалық хаб жасақталады, мақта кластері дамиды.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының қолдауымен өңірге келген инвесторлардың бірі биылдан бастап Мақтаарал ауданының нарығында жұмыс істеуге кірісті. «Global textile» компаниясы – мақтаның шитінен бастап жіп иіру, мата тоқу, киім тігуге дейінгі аралықтағы кластерді толық қамтитын өндіріс алыбы. Қазіргі уақытта компанияның Ташкент қаласы мен Ферғана облысындағы 15-ке жуық кәсіпорнында жалпы саны 5 мыңнан астам адам жұмыс істейді.

Өзі Мақтаарал ауданы экономикасының негізгі драйвері ауыл шаруашылығы екені анық. Биыл жергілікті диқандар 61 мың гектар жерге егін екті. Оның ішінде 36,3 мың гектары — мақта дақылы. Мақта дақылынан алынатын өнімділікті және сапасын арттыру мақсатында өзбекстандық «Globаl Textile» компаниясымен келіссөздер жүргізіліп, алғаш рет жаңа «Намаган-77» тұқымдық шит егілді. Биыл бұл компания Мақтаарал ауданында өзінің мақта қабылдау пункттерін ашып, 10 мың гектар алқаптан шикізат қабылдау жоспарланып отыр. Алдағы уақытта мақта қабылдау зауыттарымен қоса мақтаны терең өңдеу фабрикаларын салу жоспарлануда.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының Мақтаарал ауданына жұмыс сапары барысында бірқатар маңызды нысандардың жай-күйімен танысқан болатын. Жаңа «Намаган-77» мақта сортын өсіруге кіріскен шаруалармен де кездескен-ді. Атқарылып жатқан жұмыстарды пысықтаған. Жаңа сортты айналымға енгізу арқылы мақтаның аса қауіпті зиянкестеріне қарсы өңдеу шығыны азайып, мақта өнімділігін арттыра отырып, қосымша табысты арттыруға болады.

Мақтааралға іссапарында өңір басшысы «Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында болып, тәжірибе орталығының жұмысымен танысты. Ғалымдармен жүздесті. Облыс әкіміне мақта кластерін дамыту, сапасын арттыру барысындағы жұмыстар мен элиталық тұқымдық шит, бәсекелестікке қабілетті отандық мақта сорттары таныстырылды. Өңір басшысы бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.

Аталған саланы дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу аса маңызды екенін айтқан Дархан Сатыбалды ең алдымен мақта сұрпының сапасын жақсарту керектігін атап өтті.

– Облысымызды өзіндік табысын арттыру үшін жаңа жұмыс орындарын ашу бағытына күш салу керек. Бұл ретте мақта кластерін дамытудың маңызы зор. Осы салада ірі фабрика, зауыт ашамын дейтін азаматтарға қолдау көрсетуге дайынбыз. Сонымен бірге, мақта өсіруде су үнемдеу технологиясын мейлінше жетілдіру қажет. Жалпы мақта шаруашылығы үлкен ізденістер мен зерттеулерді талап етеді. Облыс әкімдігі тарапынан мақта кластерін дамытуға жағдай жасалады. Осы бағытта үлкен жоспарларымыз бар, – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.

Сондай-ақ облыс басшысы Мақтаарал ауданындағы коммуналдық меншіктегі К-20 каналына да барған-ды. Су арнасы 10 мың гектардан астам алқапқа ағын су жеткізеді. Каналдың жалпы ұзындығы 27 шақырым. 91 ішкі жүйесі толықтай қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта каналдың 5 шақырым бөлігінің бетондары жармасыз күйге түсіп, артық су қабылдай алмайды. Бұл өз кезегінде вегетациялық маусым кезінде ағын су тапшылығына әкеледі. Осыған орай К-20 каналын толықтай бетондау қажет. Каналды мемлекет меншігіне өткізу үшін тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Алдағы уақытта күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

 Өз кезегінде «Global textile» компаниясы нақты іске көшкенін де аңғарып отырмыз. Мақта кластерімен айналысатын өзбекстандық ең ірі «Global Textile» компаниясының негізін қалаушы Муззафар Раззаков тамыз айының соңына таман Мақтаарал ауданына арнайы жұмыс сапарымен келді.

Компания басшысын күтіп алған аудан әкімі Бақыт Асанов компанияның мақта өңдеу зауытын, мақта қабылдау бекеттерін, текстиль фабрикасының құрылысын жүргізу үшін қажетті жер телімдерімен таныстырды.

Қазіргі таңда «Global Textile» компаниясы Бірлік ауылдық округінің аумағынан 10 гектар жерге мақта қыбылдайтын бекет салу жұмыстарын бастамақшы. Қажетті құрал-жабдықтары сатып алынып, Өзбекстаннан Мақтаарал ауданына шекара арқылы тасымалдау үшін қажетті құжаттары рәсімделуде. Сонымен қатар, А.Қалыбеков ауылдық округінің аумағынан 5 гектар жерді сатып алу бойынша келіссөздер жүргізілуде.

Бүгінде аудан орталығы Мырзакент кентінде компанияның кеңсесі ашылып, атқарушы директоры тағайындалған. Іс-шара барысында компанияның Мырзакенттегі кеңсесінде аудан әкімі Б.Асанов, аудан әкімінің орынбасары Н.Саттаров, облыстық мәслихаттың депутаты Ж.Қанаев, ауданның ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Б.Әлімқұлов және «Global Textile» компаниясының басшысы Муззафар Раззаков бастаған топ кездесу жиынын өткізіп, компанияның алдағы атқарар жұмыстарын пысықтады.

Жалпы облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен «Global Textile» компаниясының Мақтаарал ауданында мақта кластерін дамыту бойынша 2023-2027 жылдарға арналған жол картасы бекітілген. Жоспар бойынша компания Мақтаарал ауданында 2 мыңнан астам адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтитын 5 ірі кәсіпорынды іске қосуды жоспарлап отыр. Жоба аясында логистика хабы, мақтаны бастапқы өңдеу зауыты, трикотаж мақта фабрикасы, мата боя фабрикасы және тігін фабрикалары іске қосылатын болады.

Биыл тәжірибе ретінде компания жеткізген тұқымдық шиттер бірнеше гектар алқапқа егіліп, өзбекстандық арнайы агроном мамандар шаруаларға сүйемелдеу жұмыстарын жүргізуде. 2024 жылдан бастап компания мақтааралдық шаруаларға жер жырту жұмысынан бастап мақтаны жинап алғанға дейінгі аралықта шаруалраға қаржылық-материалдық көмектер беруге дайын екендіктерін де жеткізді.

Мақтаарал ауданы демекші, Түркістан облсы әкімі Д.Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, мақта саласы бойынша күзгі жиын терім науқына дайындықты пысықтау және өз уақытында өнімді жинап алу бойынша облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан жұмысшы топ құрамы бекітілген болатын. Аталған жұмысшы топ аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ғимаратының үлкен залында Ж.Нұрлыбаев, Жаңажол, Еңбекші, Достық, Иіржар ауылдық округтерінің шаруаларымен және Атакент кентінің мәдениет үйінде Мақтаарал, Жамбыл, Бірлік, А.Қалыбеков ауылдық округтерінің шаруаларымен кездесу өткізді.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Тұрғанбек Оспановтың төрағалығымен өткен жиында мақта науқанына дайындық барысы және өнімді уақтылы әрі сапалы жинап алу мәселесі талқыланды. Сондай-ақ, жиынға аудан әкімінің орынбасары Н.Саттаров, аудандық мәслихаттың хатшысы Қадір Сәрсекбаев қатысты.

«Түркістан облысы мақта өсіретін жалғыз өңір болғандықтан мақта кластерін дамытуға күш салынып отыр. Бұл тұста Үкімет тарапынан да, облыс әкімдігі тарапынан да барынша қолдау көрсетілуде. Жергілікті атқарушы билік органдары үшін бұл бағытты барынша дамыту, халықаралық нарыққа шығу маңызды. Біздің өңірімізде өндірісті дамытудағы мүмкіндіктерді пайдадана отырып, өңірлік бағдарламаларды қабылдау, осы бағыттағы жұмыстарға күш салу, жеңіл өнеркәсіпті арттыру арқылы жаңа жұмыс орындарының көптеп ашылуына мүмкіндік беру үлкен маңызға ие» — деді Т.Оспанов.

Сондай-ақ, басқарма басшысы жылына 300 мың тоннадан астам мақта өндіретін өңірде тоқыма және тігін өнеркәсібі дұрыс дамымағандықтан, мақта талшығының бағасы халықаралық Ливерпуль мақта биржа индексіне тікелей тәуелді екендігі, мақта кластерін дамыту үшін Жетісай, Мақтаарал, Шардара аудандарында тоқыма тігін фабрикаларын ашу керектігін айтты. Мақтаны сатып алушы трейдер компаниялардың былтырғы жылғы мақтаны әлі де толықтай сата алмағандығы жөнінде түсіндірді.

Жиын барысында шаруалар өздерінің талап-тілектерін ортаға салып, мемлекеттік субсидия мен жеңілдетілген несие беру, мақта өсіріп, оны терең өңдеуге мемлекет тарапынан қолдау көрсету, ауыл шаруашылығы саласын дамытуға нақты қадамдар жасау мәселелерін көтерді. Көпшілігі мақта қабылдау пунктеріндегі таразы мен лабораторияны жіті бақылауға алуды сұрады.

Басқосуда мақта қабылдау пунктері мен мақта өңдеу зауыттарының басшыларына да қатаң ескертулер болды. Мақташылардың мәселесіне немқұрайлы қараған жауаптыларға да сын-ескертпелер айтылды. Көптеген сұрақтар қойылып, жауаптар берілді. Көтерілген мәселелер талқыланып, шешу жолдары қарастырылды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin