Түркістан облысының өмір сүру деңгейі ауыл шаруашылығымен тікелей байланысты 1 миллион ауыл тұрғыны ағын судың қадірін біледі

Түркістан облысының 1 миллион ауыл тұрғынының өмір сүру деңгейі ауыл шаруашылығымен тікелей байланысты. Еңбек өнімділігі мен өндірілген өнім көлемін арттыруда суармалы жерлер үлкен рөл атқарады.

Облыста жалпы егіс алқабы — 875 мың гектар, оның ішінде суармалы жерлер — 552 мың гектар немесе егіс алқабының 65 пайызын құрайды және бұл — республикадағы суармалы жерлердің 4/1 бөлігі. Осыған орай, өңірде ағын су тапшылығы ең өткір мәселелердің бірі болып табылады.

«Қазгидромет» РМК-ның ұсынған 2023 жылғы вегетациялық кезеңге Қазақстан Республикасының тау өзендеріне арналған гидрологиялық болжамына сәйкес, Арыс өзені бассейні бойынша ағын су өткен жылғымен салыстырғанда 20 пайызға дейін аз келуі күтіліп отыр. Осыған орай, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы Арыс магистралды каналынан Қаражантақ ауылдық округіне су жетіспеушілігі мәселесі бойынша және «Қараспан» магистралды каналы мен «Қараспан» су торабының құрылысына барып, тиісті мамандарға ағын су бойынша тапсырмалар беріп, келіссөздер жүргізді.

«Айта кетейік, суару маусымын қалыпты деңгейде өткізу мақсатында қолда бар суды үнемдеп, суды аз қажет ететін дақылдар өсіруге көшіп, ылғал үнемдеу технологияларын ендіруге басымдылық беруіміз қажет. Бүгінді шаруалардың алды жаңбырлатып және тамшылатып суаруға көшкен. Дегенмен барлық шаруа осы технологияны пайдаланбай істің оңалмасы анық. Алдағы жылдарда да ағын су тапшылығының орын алатындығын ескере келе, суды үнемдеп, тиімді пайдалану бойынша жұмыстарды кеңінен атқаруымыз қажет» — дейді Ермек Кенжеханұлы.

Естеріңізде болса, Түркістан облысының әкімі Дархан Амангелдіұлының тапсырмасына сәйкес биыл облыс бойынша жалпы ұзындығы 586 шақырымды құрайтын су арналарын механикалық тазалаудан өткізу жоспарланған болатын.

Ал тиісті жұмыстарды облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына қарасты ​«Тұран су» ШЖҚ МКК жүзеге асырып келеді. Яғни мекеме теңгеріміндегі техникалар жұмылдырылып, облыстық меншіктегі канал арналары тұрақты түрде тазартылу үстінде. Нәтижесінде бүгінгі таңға жоспарлы жұмыстарға сәйкес тиісті меженің 115,65 шақырымы орындалып үлгерген. Ең бастысы су арналарын механикалық тазалаудан өткізудің нәтижесінде егістікке баратын ағын су шығыны азайып, шаруаларға қажетті мөлшердегі суды жеткізіп беруге мүмкіндік туады. Сондықтан “Тұран су” мекемесінің техникалары бүгінгі таңда Қазығұрт, Келес, Сарыағаш, Сауран, Арыс, Ордабасы аудандарында қарқынды жұмыс атқарып жатыр.

Жалпы, еліміздегі суармалы жерлер 1,6 миллион гектарды құрайды. Барлық су қабылдағыштардың ішінде тұрақты суару шамамен 12,1 текше шақырымды құрайды. Арал-Сырдария, Шу-Талас және Балқаш-Алакөл бассейндері жалпы суармалы судың 97 пайызын және бүкіл суармалы алқаптың 78 пайызын қамтиды.

Гидрографиялық қағидат бойынша Қазақстан Республикасының аумағында сегіз өзен су шаруашылығы бассейні бар.

Олар: Арал-Сырдария, Балқаш-Алакөл, Ертіс, Есіл, Жайық-Каспий, Нұра-Сарысу, Тобыл-Торғай және Шу-Талас.

Қазақстандағы егіс алқаптарының басым бөлігі Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Алматы, Жетісу облыстарына тиесілі.

Ағымдағы жылы Түркістан және Қызылорда облыстарындағы Сырдария өзенінің бассейні бойынша өңірдің басқа өзен бассейндері сияқты суы аз кезең үрдісі сақталуда.

Өткен вегетация аралық кезеңде Шардараға ағын 2231 миллион текше метрге болжамды мәндерден артық болды. Соның нәтижесінде Шардара су қоймасы мен Көксарай конррегуляторы жобалық мәнге дейін толтырылып, Қызылорда облысының көл жүйелеріне, сондай-ақ жайылымдық, шабындық жерлерге су беру жүзеге асырылған болатын.

Бүгінгі күні Шардара су қоймасы мен Көксарай контррегуляторында 6,39 миллиард текше метр су жиналды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 0,9 миллиард текше метрге артық көрсеткішті құрайды.

Сонымен қатар, көршілес елдермен су-энергетикалық ынтымақтастық бойынша жұмыстар жүргізілуде. Биылғы жылғы Қазақстан-Өзбекстан-Қырғызстан су шаруашылығы және энергетика ведомство басшыларының кездесуі аясында вегетациялық кезеңде Тоқтоғұл су қоймасынан су ағызуды қамтамасыз ету кестесі бекітілді. Осы кестеге сәйкес «Достық» каналы бойынша 920,07 миллион текше метр көлемінде су беру жоспарланған. Шардара су қоймасына вегетациялық кезеңнің қорытындысы бойынша 4 221 миллион текше метр көлемінде су жиналады деп болжануда, оның ішінде Арал теңізіне су беру – 996 миллион текше метрді құрайды.

Сондай-ақ, қазақстандық тарап жазғы уақытта жоғарғы су қоймаларынан қосымша су жіберуді қамтамасыз ету үшін ағымдағы жылдың маусым-тамыз айларына арналған «Бахри-Точик» су қоймасының жұмыс режимін келісу үшін Қазақстан, Тәжікстан, Өзбекстан арасында үшжақты келіссөз жүргізуді жоспарлауда.

Бұл ретте, Қызылорда облысының әкімдігіне өткен жылғы деңгейден күріш егу алаңын ұлғайтпау ұсынылуда. Түркістан облысының әкімдігіне Мақтаарал және Жетісай аудандарында Достық каналының бойында күріш егуге жол бермеу ұсынылады.

Жамбыл облысындағы Шу және Талас өзендері бассейндерінің вегетациялық кезеңге арналған су шаруашылығы жағдайы тұрақты. Вегетациялық кезеңнің басында Жамбыл облысының су қоймаларына 80-90% су жиналды.

 Ал, «Қазгидромет» және «Қырғызгидромет» РМК консультативтік болжамы бойынша биылғы жылы да су аз болады деп күтілуде. Өйткені, тауларда қар қорының жинақталуы орташа көпжылдық мәндерден аз көрсеткішке ие.

Осы орайда, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі тарапынан  судың алдын ала болжамына талдау жасай отырып, өткен жылғы вегетациялық кезеңнің тәжірибесіне сәйкес ылғал сүйгіш дақылдарды қысқарту және оларды ылғал сүйгіш емес дақылдармен алмастыру, агромелиорациялық шараларды міндетті түрде өткізе отырып, ауыспалы егісті сақтауға, монокультураларды бір суару көзінің астына орналастыруға тыйым салу ұсынылды.

Сонымен қатар, облыста суару желілерін реконструкциялау бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Суару суын беру айналма каналдар арқылы жүзеге асырылатындықтан судың жоғалуын болдырмау мақсатында фермерлермен су үнемдеу технологияларын барынша пайдалану, суару технологияларын сақтау бойынша жұмыс жүргізу облыс әкімдігіне ұсынылды.

Кезектілікті сақтай отырып, су айналымы әдісімен шаруашылықтар арасында суды бөлу жөніндегі жұмыстар жалғастырылатын болады. Ішкі су көздерінен айрықша алаңдаушылық күтілмейді.

Шу және Талас өзендерінің бассейні бойынша қазіргі уақытта Қазақстан тарапы 2023 жылдың вегетациялық кезеңіне мемлекетаралық пайдаланудағы су шаруашылығы құрылыстарынан су беру кестесін әзірлеп, қырғыз тарапына жолдады.

Ағымдағы вегетациялық кезеңде Шу және Талас өзендерінің бассейндеріндегі су шаруашылығы жағдайы өткен жылдың деңгейінде сақталады деп болжануда.

Балқаш-Алакөл бассейні бойынша су шаруашылығы жағдайы тұрақты. Жалпы, алдағы вегетация өткен жылдың деңгейінде өтеді.

Вегетациялық кезеңнің басында Жетісу және Алматы облыстарының су қоймалары толық көлемнен 80-97 % жиналды.

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі тарапынан Қазақстан өзендерінің бассейндеріндегі су шаруашылығы жағдайы тұрақты бақылауда.

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында еліміздегі су мәселесі, су тапшылығының қаупі туралы кеңінен айтып өткені белгілі. Осы бағытта министрлік тарапынан су тапшылығының алдын алу мақсатында жұмыстар ауқымды жүргізілуде. Бүгінгі күні су саласындағы проблемаларды шешу үшін Қазақстан Республикасының Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы әзірленуде.  Жаңа қабылданатын Су кодексі арқылы су ресурстарын сақтау, оларды пайдалануды оңтайландыру, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің тиімділігін арттыру, сондай-ақ сумен жабдықтаудың жаңа көздерін дамыту мәселелерін шешу қарастырылады.

Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова мәлімдегендей, осы жылдың вегетациялық кезеңін тұрақты өткізудің арнайы іс-қимыл жоспары бекітілді. Оның аясында көршілес елдермен жоғарғы су қоймаларынан қосымша су жіберу арқылы диқандарды егістік суымен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар гидротехникалық құрылыстарды жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу, суару желісінің магистральдық және шаруашылық аралық арналарын тазарту, сондай-ақ су үнемдеу технологияларын енгізу қарастырылған. 

Оның айтуынша, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарын сумен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлініп отыр. Қалыптасқан жағдай, оның ішінде су тапшылығының салдарын азайту мақсатындағы шараларды қабылдау ісі — Экология министрлігінің тұрақты бақылауында.

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, осы жылы көктемгі дала жұмыстары барлық өңірлерде оңтайлы мерзімде сәтті жүргізілді. Бұл ретте республикада судың азаюы мен климаттың жаһандық өзгеруінің жалғасып жатқан циклі жағдайында ерекше өзектілікке ие болып отырған суармалы егіншілікті дамыту бойынша жұмыстар жалғасып жатыр. 

Мәселен, биыл 1,58 миллион гектар суармалы жер өңделеді, бұл үшін шамамен 11,4 миллиард текше метр су қажет. Сонымен қатар суды көп қажет ететін және дара дақылдардың аудандарын әртараптандыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Атап айтқанда, биыл өзге де жоғары рентабельді дақылдарға көшуге байланысты мақта алқабы 14,8 мың гектарға қысқартылды. Қызылорда облысында күріштің әлеуметтік маңыздылығы мен топырақтың тұздылығына байланысты аталған дақылды егу қазірге күрт азайған жоқ. 

Суды үнемдеу технологияларын енгізу үшін мемлекет инвестициялық субсидиялау шеңберінде дихандардың оларды сатып алуына, сондай-ақ су алу және жеткізудің негізгі инфрақұрылымын орнатуға жұмсаған шығындарының 50%-ын өтейді. 

Вегетациялық кезеңді тиімді өткізу егіннің түсімі мен елдің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей байланысты екені анық. Бұл ретте суармалы жерлердің көп бөлігі еліміздің оңтүстік өңірлерінде орналасқан. 

Олар жыл сайын су тапшылығының зардабын тартып келеді. Арал-Сырдария және Шу-Талас бассейндері негізінен көрші елдерден келетін ағын суға тәуелді. 

Ғылыми болжамдарға сәйкес, судың көлемі алдағы уақытта да азая бермек: 2040 жылға қарай су тапшылығы жылына шамамен 15 текше километрді құрайтын болады. 

Сондықтан Үкімет тарапынан судың басында отырған елдермен халықаралық шарттарға сәйкес міндеттемелерді сақтау мәселесі бойынша жұмысты күшейту қажеттігі сезіліп отыр. 

Бұл ретте Үкімет басшысы тиісті инфрақұрылымның жоқтығы, сондай-ақ жұмысты ұйымдастыру мәселесінде өзіміздің ішкі кемшіліктеріміз де су саласындағы негізгі проблемалардың бірі болып отырғанын мойындайды. Бұл жерде бірінші кезекте өзімізде бар су қорын үнемдеп, тиімді пайдалану мәселесін бір жүйеге келтіру қажет. 

Әлихан Смайыловтың айтуынша, елімізде судың 65%-ы ауыл шаруашылығына жұмсалады. Алайда, сол судың жартысына жуығы техникалық жағдайы әбден ескірген каналдардан егістікке жеткенше құмға сіңіп, ысырап болуда. 

«Бұл – үлкен шығын. Мысалы, Түркістан облысындағы К-30 каналының техникалық жағдайы бәріне белгілі. 12 жылдан асты, күрделі жөндеу жұмыстары сонда да аяқталмай келеді. Қызылорда облысының егіншілері тәуелді болып отырған Сол жағалаудағы магистральдық канал бойынша да жағдай осындай. Мұндай мысалдар елдің оңтүстік аймақтарында өте көп», — дейді Әлихан Смайылов. 

Ол негізінде, жаз айларында судың шығыны 10-15%-дан аспауы тиіс, ол үшін барлық суару каналдары мен су қоймаларын жөнге келтіру қажет екенін атап өтті. Бұл ретте ондағы барлық процестерді міндетті түрде автоматтандырып, цифрландыру керек. 

Үкімет басшысы атап өткендей, егістік суын барынша ұтымды пайдалану мәселесі басты назарда болуы тиіс. Ол үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру жұмыстарын күшейтуі қажет.

Ол сондай-ақ суармалы су тарифтерінің қазіргі жағдайына қатысты пікір білдірді. 

«Мемлекет басшысы қолданыстағы тарифтер суды үнемдеп жұмсауға ынталандырмай отырғанын атап өтті. Сондықтан, бұл саладағы тарифтік саясатты қайта қарап, адамдардың суға деген көзқарасын дұрыс қалыптастыру қажет», — деп атап өтті Премьер-Министр. 

Саланы одан әрі дамыту шеңберінде Әлихан Смайылов су дипломатиясы бойынша нақты позицияны айқындап, оны үкіметаралық комиссиялар шеңберінде республика мүдделерін ескере отырып қорғауды қамтамасыз етуді, сондай-ақ су шаруашылығы объектілерін салу және күрделі жөндеу жобаларын, сондай-ақ суды есепке алудың цифрлық жүйелерін енгізу жұмыстарын жалғастыруды тапсырды. 

Сонымен қатар Премьер-Министр суару тәсілдеріне байланысты Субсидияларды саралау ережелерінің тез арада қабылдануын қамтамасыз етуі қажеттігін атап өтті. 

«Яғни, суды үнемдеу технологияларын қолданған фермерлерге ғана субсидия берілуі тиіс. Суды тиімді пайдалануға ынталандыру, оның ішінде үнемдеу және тамшылатып суару технологияларын енгізу мен жаңбырлатып суару қондырғыларын пайдалану бойынша жұмысты күшейту қажет», — деп атап өтті Әлихан Смайылов. 

Қорытындылай келе, ол ауыл шаруашылығы дақылдарын кезекпен суаруды ұйымдастырып, қайтарымды суларды қайта пайдаға жаратуды тапсырды, өйткені бұл каналдардағы су шығынын азайтуға және суды үнемдеп тұтынуға мүмкіндік береді.

Экология министрі З. Сүлейменованың айтуынша, соңғы жылдары суармалы егіншілік дамыған еліміздің оңтүстік өңірлерінде су тапшылығы қатты сезіліп отыр. Осы жылдың вегетациялық кезеңін тұрақты өтуін қамтамасыз ету үшін 2022 жылдың желтоқсанынан бастап дайындық жұмыстары басталды.

«2022-2023 жылдардың вегетацияаралық және вегетациялық кезеңдеріндегі жұмыс жоспары бекітілді, оның шеңберінде қазіргі уақытта келесі бағыттарды қамтитын сыртқы және ішкі іс-шаралар жүзеге асырылып келеді», — деді З. Сүлейменова.

Бұл іс-шаралар келесі бағыттарды қамтиды.

  • диқандарды егіндік сумен және жоғарғы ағыста орналасқан су қоймалардан қосымша су жіберуді қамтамасыз ету бойынша іргелес мемлекеттермен жұмыс;
  • гидротехникалық құрылыстардағы жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары;
  • суару жүйесінің магистралдық және шаруашылықаралық каналдарын тазалау;
  • су үнемдеу технологияларын ендіру.

Бірінші бағыт бойынша, 10 мамырда Душанбе қаласында Мемлекетаралық үйлестіруші Су шаруашылығы комиссиясының 84-ші отырысы шеңберінде Нарын-Сырдария су қоймалары каскады жұмысының болжамды режимі келісілді, соған сәйкес Шардара су қоймасына вегетациялық кезеңде келетін су 4,2 миллиард текше метр құрауы тиіс, «Достық» каналы бойынша 920 миллион текше метр көлемінде су беру жоспарланған. Қазіргі уақытта жоспарланған су жіберу кестесі толық көлемде орындалмай келеді, осыған байланысты Министрлік бекітілген кестеге сәйкес келетін суды қамтамасыз ету бойынша контр-серіктестермен жұмыс жүргізіп жатыр.

Сонымен қатар 22 маусымда Қазақстан – Тәжікстан – Өзбекстан үшжақты форматта осы жылдың маусым-тамыз айларына арналған «Бахри-Точик» су қоймасы жұмыс режимінің кестесі бекітілді. Оның шеңберінде вегетация шыңына «Достық» каналының қазақстандық бөлігіне қосымша 490,8 миллион текше метр су түседі деп күтіліп отыр.

Шу және Талас өзендерінің бассейіндері бойынша мемлекетаралық пайдаланудағы су шаруашылығы нысандарының су беру кестелері бекітілді. Мәселен, 2023 жылдың вегетациялық кезеңінде Шу өзені бойынша жалпы келетін судың көлемі – 153,95 миллион текше метр, Талас өзені бойынша – 178,42 миллион текше метр құрап отыр.

 Түркістан облысы бойынша сәуір айынан бастап Шардара су қоймасына су аз келуде. Осы жылдың 1 сәуірі мен 30 маусымы аралығында Шардара су қоймасына 2,23 миллиард текше метр су түседі деп күтілген (МҮСК болжамды кестесіне сәйкес), бірақ іс жүзінде 1,291 миллиард текше метр (58%) су түсті.

Сондай-ақ, «Қазгидромет» пен «Узгидрометтің» болжамы бойынша вегетациялық кезеңге Сырдария бассейні өзендеріндегі су көлемі нормадан төмен және нормаға жуық болады деп күтілді. Осыған байланысты Сырдария өзенінен тұрақты суаруға су пайдалану лимиті Бассейндік инспекция арқылы қысқартылды. Түркістан облысының әкімдігіне ылғал сүйгіш дақылдарды қысқартуды, сондай-ақ Мақтаарал және Жетісай аудандарында күріш екпеу туралы ұсыныстар берілді.

Осыған қарамастан, биыл Түркістан облысы бойынша күріш егу алаңы 2022 жылмен салыстырғанда 2,35 мың гектарға, яғни 1,5 мың гектардан 3,853 мың гектарға дейін ұлғайтылды. Бұл ретте, Жетісай ауданында күріш алқабы 5,5 есе, Мақтаарал ауданында 15 есеге ұлғайды.

Сонымен қатар мақта егістігі бастапқыда жоспарланғаннан 5,29 мың гектарға, яғни 79,7 мың гектардан 84,990 мың гектарға дейін ұлғайтылды.

Сондай-ақ облыста су шаю және сумен ылғалдау жұмыстары су тасқыны азайғаннан соң бір айдан кейін басталды, бұл наурыз айында Шардара су қоймасынан машиналық су беру каналын қосу қажеттілігіне әкелді. Ылғал сүйгіш дақылдар алқаптарының ұлғаю себебінен суға деген қажеттіліктің артуына байланысты Министрлік мамыр айында егістік суының тапшылығы шиелінісін төмендету мақсатында машиналық каналды қайта қосуға мәжбүр болды.

Сонымен қатар Министрліктің ұсынымын орындамау салдарынан, «Тұран Су» коммуналдық кәсіпорнымен Арыс өзенінің ағын режимін дұрыс реттемеу себебінен Отырар ауданын егістік суымен қамтамасыз ету мәселесі өткір көтерілді. Қазіргі уақытта ЭТРМ судың барынша жетіспеушілігін болдырмау үшін Бадам су қоймасынан санитарлық су жіберуге мәжбүр, әйтсе де тәжірибе бойынша одан су жіберу шілде мен тамыз айларында жүзеге асырылуы керек болатын.

«Жалпы Түркістан, Қызылорда және Жамбыл облыстарындағы су шаруашылығы жағдайы шиеленісті болып қала береді. Жағдай тұрақты бақылауда және Министрлік су тапшылығының салдарын жеңілдету үшін барлық қажетті шараларды қабылдайтын болады», — деді ол.

Сонымен қатар облыс әкімдіктері қосымша келесі шараларды қабылдауы қажет:

  1. қалыптасқан жағдай және қабылданып жатқан шаралар бойынша ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет;
  2. «Қазсушар» РМК филиалдарымен бірлесіп, су берудің онкүндік жедел кестелерін құра және сақтай отырып, жоспарлы тәулік бойы су пайдалануды, коллекторлық-дренаждық суларды қайта пайдалануды ұйымдастыру қажет;
  3. «Қазсушар» РМК-мен келісілген гидротехникалық құрылыстардың жұмыс режимін қамтамасыз етуге және Министрліктің ұсынымдарын қатаң сақтау қажет.

Ауыл шаруашылығы министрлігі оңтүстік облыстардың суармалы жерлерінде су үнемдеу технологияларын енгізуді ұлғайту жөніндегі жұмысты жандандыру және суармалы жерлердің мелиоративтік жай-күйіне мониторингті күшейту қажет.

Ары қарай ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев суару және суды тұтыну туралы айтты.

Министр айтып өткендей, биылғы көктемгі егіс жұмыстары барлық өңірлерде оңтайлы агромерзімде сәтті аяқталды. Суармалы егіншілікті дамытуға ерекше назар аударылады, өйткені ол су тапшылығы циклінің жалғасуы және жаһандық климаттың өзгеруі жағдайында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ауыл шаруашылығы өндірісінде маңызды рөл атқарады.

Мәселен, облыстар әкімдіктерінің деректері бойынша биыл 1,58 млн га суармалы жер өңделеді. Былтырғы алынған су көлеміне сүйенетін болсақ, 1,58 млн га жерді суару үшін 11,4 млрд текше метр су қажет болса, оның негізгі үлесі күріш және азықтық дақылдарды суаруға пайдаланылады. Сондай-ақ 1 млн 126 мың га немесе жерлердің 71%-ы жерүсті әдісімен суарылады, 97,9 мың га – күріш алқаптарын су жаю арқылы, 278,6 мың га алаңда немесе 17,6%-ында заманауи тамшылатып және жаңбырлатып суару жүйелері пайдаланылады.

Ауыл шаруашылығы министрі су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша жұмыстарға тоқталды.

Біріншіден, инвестициялық субсидиялау шеңберінде фермерлердің су үнемдеу технологияларын сатып алуға, сондай-ақ су алу және беру жөніндегі негізгі инфрақұрылымды жүргізуге жұмсаған шығындарының 50%-ы өтеледі.

Екіншіден, ҚР-да жобаларды өз қаражаты есебінен іске асыру мүмкіндігі бар инвесторларды тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, израилдік «METZERPLAS» компаниясы осы күзде тамшылатып суаруға арналған құбырлар шығаратын зауытты іске қосуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар қытайдың VODAR компаниясы мен түріктің AFKO компаниясы жаңбырлатқыш машиналар шығаратын зауыттар ашуды жоспарлап отыр.

Үшіншіден, су беру жөніндегі қызметтердің құнын субсидиялау жүзеге асырылады, мұнда бір текше метр суға бөлінетін субсидиялардың мөлшері тарифтердің пайыздық қатынасына қарай 50%-дан 85%-ға дейін сараланған түрде белгіленеді.

Мемлекет басшысы өз жолдауларында әрқашан су ресурстарының есебіне ерекше көңіл бөліп келеді. Осыған байланысты және Су кодексінің талаптарына сәйкес Сумен жабдықтауды субсидиялау қағидаларына су көлемін есепке алу аспаптары мен қондырғыларының көрсеткіштері бойынша бөлу нүктесінде диқандарға жеткізілген судың көлемін айқындау бөлігінде өзгеріс енгізілді.

Бұдан басқа, Аудиторлық палатаның нұсқамасына сәйкес суару әдістеріне байланысты су беру бойынша субсидияларды саралау жұмысы жүргізілуде, яғни субсидияларды бұрынғы деңгейде су үнемдеу технологияларын қолданатын фермерлер ғана алатын болады. Бұйрықтың тиісті жобасы мүдделі мемлекеттік органдармен келісу сатысында тұр.

«Сонымен қатар фермерлердің ұңғымаларды бұрғылау шығындарын өтеу үлесін жергілікті бюджет есебінен 80%-ға дейін ұлғайту мәселесі пысықталып жатыр. Мүдделі тараптармен келісілгеннен кейін аталған өзгерістер заңнамада белгіленген тәртіппен инвестициялық субсидиялау қағидаларына енгізілетін болады. Осыған байланысты, су беру, сондай-ақ суды есепке алу бойынша қызметтер көрсету мәселелері Экология және табиғи ресурстар министрлігіне бекітілгенін ескере отырып, оларға облыс әкімдіктерімен бірлесіп фермерлер арасында есепке алу аспаптарын немесе өлшеу аспаптары мен қондырғыларын таңдау және орнату бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуді ұсынамыз», — деді Е. Қарашөкеев.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің деректері бойынша соңғы 5 жылда орта есеппен 1,2 млн га суарылып келеді. Сумен жабдықтаудың болмауы нәтижесінде жыл сайын шамамен 300 мың га суарусыз пайдаланылады, яғни суды арналар арқылы тасымалдау кезінде нормативтен тыс үлкен шығындар орын алады.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес суды ұтымды пайдаланбағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Алайда, бүгінгі таңда су шаруашылығы ұйымдарын суды ұтымсыз пайдаланғаны үшін жауапкершілікке тарту туралы бірде-бір факт жоқ.

Сонымен қатар қазіргі уақытта жекелеген өңірлердегі суармалы жерлерді сумен қамтамасыз ету жағдайы алаңдаушылық туғызып отыр. Бұл негізінен мемлекетаралық бірлескен су шаруашылығы нысандарынан судың тұрақсыз жеткізілуіне байланысты.

Осыған байланысты Экология және табиғи ресурстар министрлігі облыстар әкімдіктерімен бірлесіп, желіні жабуға көше отырып шаруашылықаралық және шаруашылық ішіндегі арналарды қайта құру жөніндегі арнайы бюджеттік бағдарламаны әзірлеу жөніндегі жұмысты жеделдету қажет.

Су ресурстарын басқару мәселелері Экология министрлігінің құзыретіне өткеніне қарамастан, Министрліктің атына шаруалардан хаттар мен өтініштер келіп түсіп жатыр. Егістік суын беру бойынша қызметтер көрсету рәсімдерінің қолжетімділігін, ашықтығын және оңайлатылуын қамтамасыз ету мақсатында Министрлік Экология министрлігіне облыстар әкімдіктерімен бірлесіп:

  • диқандарға су беру қағидаларын бекітуді;
  • диқандарға су беру процесін автоматтандыруды;
  • коммуналдық және жеке су шаруашылығы ұйымдарын құру жөніндегі жұмысты ұйымдастыруды;
  • суару тәсілдері бойынша тарифті бекіту, яғни су үнемдеу технологияларын пайдаланушылар үшін бір тариф, жер үсті суару әдісі үшін басқа тариф қарастыруды ұсынады.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі облыстар әкімдіктерімен бірлесіп суару мақсаттары үшін жер асты суларына геологиялық зерттеу жүргізуді қамтамасыз етуі қажет.

Түркістан облысындағы қазіргі жағдайға келсек, биыл 860 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылса, оның 489 мың гектары суармалы жер. Облыстың басым бөлігінде вегетациялық маусым қалыпты деңгейде жүргізіліп келеді.

Қазіргі таңда шаруаларды ағын сумен қамтамасыз ететін Бөгенсу қоймасында 173 млн текше метр су бар. Ал, Өзбекстаннан бастау алатын «Зах», «Ханым», «Үлкен Келес» магистралды каналдары арқылы секундына 65 текше метр ағын су жоспарға сәйкес жеткізіліп отыр.

Бұл ретте, облыстың оңтүстік аймақтарын ағын сумен қамтамасыз ететін «Достық» мемлекетаралық магистралды каналынан ағын су жыл сайын бекітілген лимиттен кем алынып келеді. Нәтижесінде, Мақтаарал, Жетісай аудандарында суармалы жерлерде ағын су тапшылығы орын алып отыр. Аталған аудандар «Достық» каналына тікелей тәуелді.

Жыл басынан бері 603 млн текше метр ағын су алу жоспарланса, нақты алынғаны 434 млн текше метрді құрайды немесе 28%-ға аз босатылған.

Осы мәселені шешу үшін Шардара су қоймасынан Машиналық канал арқылы «Достық» магистралды каналына қосымша 40 млн текше метр ағын су тасталынды.

Сондай-ақ биыл 22 маусымда Қазақстан-Өзбекстан-Тәжікстан арасында үкіметаралық келісөздердің нәтижесінде, «Бахри-Точик» («Қайрақұм») су қоймасынан «Достық» магистралды каналына вегетациялық кезеңде 491 млн текше метр су босату жөнінде үш жақты келісім жасалып, кесте бекітілді.

«Облыстың оңтүстік аймақтарын ағын сумен қамтамасыз ету бойынша бірқатар өзекті мәселелер бар. Атап айтқанда, облыстағы су нысандарының 75%-ының тозығы жетіп, су шығыны 40%-ды құрап отыр. Бұл мәселені шешу үшін су нысандарын кезең-кезеңмен бетонмен қаптап, қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу қажет», — дейді Д. Сатыбалды.

Оның мәліметінше, Машиналық каналды күтіп ұстау шығыстарына осы жылға 464 млн теңге қаржы қаралған, дегенмен, бұл қаржы вегетациялық маусымды оңтайлы өткізу үшін жеткіліксіз болып тұр.

Ол өз кезегінде облыстағы су нысандарының басым бөлігі республикалық меншікте екенін ескере отырып, салалық Министрлікке аталған мәселелерді бақылауға алу бойынша тиісті тапсырма беруді сұрады. 

Сонымен қатар облыстағы вегетациялық маусымды қалыпты деңгейде өткізу үшін әкімдік тарапынан барлық қажетті жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді.

Айта өтейік, 23 маусым күні Мемлекет басшысы Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменованы қабылдады. Президентке еліміздегі вегетациялық кезең барысы және орман шаруашылығы мен жануарлар әлеміне  қатысты мәселелер жөнінде мәлімет берілді. 

Қасым-Жомарт Тоқаевқа орман шаруашылығын материалдық-техникалық тұрғыдан жабдықтау, соның ішінде техника сатып алу және ықтимал орман өртін алдын ала анықтау жүйелерін орнату бойынша қабылданып жатқан шаралар жөнінде баяндалды.

Зүлфия Сүлейменова Мемлекет басшысына табиғатты қорғау және орман шаруашылығы мекемелеріне қажетті өртке қарсы құрал-жабдықтар мен техникалардың тізімін кеңейту үшін тиесілі нормаларды жаңарту жұмыстары басталғанын айтты.

Бұдан бөлек, Экология және табиғи ресурстар министрі негізгі өзен бассейндеріндегі, әсіресе, еліміздің оңтүстік аймақтарындағы су тапшылығы жағдайында вегетациялық кезеңнің қалыпты өтуі үшін қабылданып жатқан шаралар жөнінде мәлімет берді. 

Кездесу соңында Президент табиғатты қорғау бөлімшелерінің материалдық-техникалық базасын күшейту ісін кешенді түрде жүзеге асыру маңызды екенін атап өтті.  

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев табиғатты қорғау заңнамасының бұзылу фактілерін анықтап, оларды жою үшін құқық қорғау органдарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеу қажеттігіне назар аударды. Сондай-ақ қажет жағдайда құқық бұзушыларды қылмыстық жауапкершілікке тарту керек екенін атап өтті.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.