Түркістан облысы: Ағымдағы жылдың 9 айында Сауран ауданындағы ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 6 миллиард 164 миллион теңге инвестиция тартылды

Бұл жөнінде Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровтың Сауран ауданының 2023 жылдың 9 айындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндамасынан мәлім болды.

Ең алдымен экономика турасында айтсақ. Сауран ауданының облыс орталығы Түркістан қаласына жақын орналасуы өңірдің экономикалық жағынан дамуына оң септігін тигізіп отыр. Атап айтқанда, жалпы өңірлік өнім көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 112,2%-ға артып, былтыр 101 миллиард теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш 2021 жылы 90 миллиард теңге болған.

Ағымдағы жылғы 9 айдың қорытындысына сәйкес ауданның жалпы өңірлік өнімі 78,2 миллиард теңгені (2022 жылдың 9 айында – 69,9 миллиард теңге) құрап, былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 111,9%-ға артып отыр.

Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 66,2 миллиард теңгеге жетті, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 101,4%-ды құрады.

Өнеркәсіп өнімінің көлемі 7,5 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылдың есепті кезеңіне өсім 107,1%-ды құрады.

Аудан экономикасына 22,4 миллиард теңге инвестиция бағытталып, өсім 168,6%-ды құрады.

Пайдалануға тапсырылған тұрғын үйлер алаңы 155,1%-ға артып, 24,3 мың шаршы метрге жетті.

Аудан бойынша шағын және орта кәсіпкерлік қарқынды дамып келеді. Ол үшін мемлекет тарапынан барлық жағдайлар жасалып отыр.

Бүгінгі таңда жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 6 мың 911-ге жетіп, аудан құрылғалы бері, соңғы 2,5 жылда олардың саны 4 мың 838-ге өсті (2021 жылы — 2073).

Осы салада 8 мың адам жұмыспен қамтылып, өткен кезеңмен салыстырғанда 1,5%-ға артты. Тұрғындарының орташа жалақысы былтыр 419,8 мың теңгеге жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 15,1 пайызға артты.

Аудан бюджетінің өзіндік кірістері жыл сайын артып келеді. Салықтық түсімдердің өткен жылғы 9 айда нақты орындалуы 1 миллиард 239 миллион теңгені құраса,
биыл 1 миллиард 990 миллион теңгеге жетті. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 2 миллиард 172,4 миллион теңгені құрап, ағымдағы жылға қойылған жоспар 100%-ға орындалады деп күтілуде.

Ауыл шаруашылығы туралы айтсақ. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамытуға ерекше назар аударуды тапсырған болатын. Қазіргі уақытта «Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында шаруаларды несиелендіру жүргізілуде. Несиелендіру 6 бағытта жүзеге асырылуда: ол өсімдік, мал, құс, балық шаруашылықтары. Сондай-ақ, кооперативтерді жабдықтау мен тұрғындардың өз кәсібін ашуға мүмкіндіктері бар.

Сауран ауданында бағдарлама Қарашық, Оранғай, Ескі Иқан, Майдантал ауылдық округтерінде іске асырылуда. Бүгінгі күнге «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 149 жоба қабылданып, 579 миллион теңгеге 98 жоба қаржыландырылды, 13 жоба кепіл шартын тіркеу сатысында тұр. Бағдарламаның аясында ауданда 7 кооператив құрылды.

Назар аударарлығы, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді жан-жақты қолдау, ел тұрғындарын аграрлық бизнеске барынша тарту, азық-түлік қауіп­сіздігі және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға байла­нысты мәселелерді шешу мақса­тында жобаланып, жүзеге асыры­лып жатқан «Ауыл аманаты» мем­ле­кет­тік бағдарламасына барша бұ­қа­ра қатты мүдделілік танытып отыр.

Айта кеткен жөн, «Ауыл аманаты» жобасы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2022 жылдың 26 қарашасындағы №1 «ҚР ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлығы негізінде бастау алды. Өткен жылы жаңа бағдарламаны ауыл тұрғындары арасында кеңінен насихаттау, түсіндіру жұмыстары жан-жақты жүргізілді. «Amanat» партиясы жанынан арнайы құрылған мобильді топтар барлық дерлік өңірді аралап шығып, елді мекендердің 250 мыңнан астам  тұрғынына «Ауыл аманаты» жобасын кеңінен таныстырды. Оның ішінде ең шалғай деген ауылдардың тұрғындары да қамтылды. Бапталған бағдарламаның басты шарттарымен тыңғылықты таныстыру және бүгінге дейін атқарылған жұмыстарға шолу жасау мақсатында жүргізілген жоба аясында ауыл тұрғындары өз кәсіптерін ашуға немесе бұрынғы ісін кеңейтуге қа­жет­ті түрлі ақпараттарға молынан қанықты.

Сөйтіп, былтыр Жамбыл облысында басталған қанатқақты жоба биыл еліміздің бүкіл өңірін қамтитын бағдарламаға айналып отыр. Алғашқы болып жобаны Ақтөбе облысы іске асыра бастады.

Жыл басында өткен жобаға жол ашып берген алқалы жиында «Amanat» партия­сының төрағасы Ерлан Қошанов: «Бұл – ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсар­туға, проблемаларын жедел шешуге, ауылдарды көтеруге мүмкіндік беретін нақты қадам. Жобаны пилоттық іске қосу қорытындысы бойынша Жамбыл облысының 11 ауылдық округінде ауылдардағы орташа айлық табыс 1,7 есе өсті, атау­лы әлеуметтік көмек алушылар саны 3 есе азайды, жұмыссыздық деңгейі 36%-ға төмендеді. Үкімет пен «Amanat» партия­сының міндеті – «Ауыл аманаты» жобасын бүкіл елге масштабтау. Жобаның барлық артықшылықтары туралы халықты дұрыс ақпараттандыру аса маңызды», — деген еді.

«Ауыл аманаты» жобасының басты мақсаты – ауылды жерлердегі халықтың табысын арттыру. Бағдарлама 2023-2025 жылдарға арналған, несиелер биылғы жылдан бастап беріле бастады. Жоба аясында қандай жеңілдік­тер қарастырылған? Бағдарлама бо­йынша ауыл тұрғындары өз бизнесін дамытуға немесе кооператив құрамында жеңілдетілген несие ала алады, сон­дай-ақ техниканы лизингке рәсімдеу­ге болады. Қарыз алу шарттары да өте тиімді, себебі ондағы пайыздық мөлшерлеме әлдеқайда төмен. Несие/шағын несие мерзімі – 5 жыл, ал мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобалар бойынша – 7 жылға дейін. Несиенің, шағын несиенің ең жоғары сомасы қолданыстағы заңна­ма бойынша айқындалады. Номиналды сыйақы мөлшерлемесі – 2,5 пайыз. Мұндай несиенің халыққа пайдалы екендігі сөзсіз. Мәселен, ауыл тұрғындарының бүгінде бірде-бір коммерциялық банк­тен мұндай шарттармен несие алу мүмкіндігі жоқ. Әлемдегі инфляцияны ескеретін болсақ, 2,5 пайыздық несие – өте тиімді. Ауылда қандай да бір өндіріс ашып, оны дамыту үшін аталған жоба – үлкен мүмкіндік. Тағы бір айта кетерлігі, «Ауыл аманаты» аясында несие алған азаматтарға негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша 1,5-2 жыл жеңілдік кезеңі де қарастырылған.

Қаражатты ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер, зей­неткерлік жасқа толмаған жұмыс­керлер, жеке кәсіпкер ретінде тауарлар­ды өндіру немесе өткізу, жұмыстарды орындау және қызметтер көрсету жөнін­дегі қызметті дербес жүзеге асыратын тұлғалар, отбасылық кәсіпкерлікте ақы төленбейтін қызметті жүзеге асыратын тұлғалар, қосалқы шаруа­шылықтың мүшелері, табысы ең төменгі күн­көріс деңгейінен төмен өндіріс­тік коопе­ративтердің мүшелері ала алады.

Шағын несие алу үшін өтінім беруші жеке кәсіпкер болып тіркелуі керек. Сондай-ақ салық органдарында тіркеудің болуы, басқа несиелер бойынша мерзімі өт­кен жарнаның, мемлекеттік кірістер ор­ган­дарында берешектің болмауы талап етіледі.

Несие алушыда ауыл шаруашылығын жүргізу үшін жер телімі, қора және басқа да қажетті жағдайлардың болуы шарт, сондай-ақ ауылшаруашылық өндірістік кооперативіне мүшелікке кіру және жоба аясындағы өндірген өнімін өндірістік коо­перативке өткізу талап етіледі.

Жобаны іске асыруға 2023 жылы респуб­ликалық бюджетте 52,4 млрд теңге (11 мыңнан астам шағын несие) көздел­ген. Бұл ретте жергілікті әкімдіктер қаражат­қа қосымша қажеттілікті анықтау үшін ауылдық округтерге скрининг жүргіз­ді. «Amanat» партиясы жанынан азамат­тар мен әкімдерді әдіснамалық сүйеме­лдеуді, оқытуды, өтінімдерді қабыл­дау және қаражатты бөлу үдерісінің монито­рингін қамтамасыз ететін жобалық кеңсе құрылып, қызмет етті.

«Ел тұрғындарының табысын арттыру мәселесін шешу – «Amanat»  партиясының негізгі басымдықтарының бірі. Ауылда 7,7 млн адам тұрады. Бұл – халықтың жалпы санының 41%-ы. Былтырғы дерекке сәйкес, ауыл және қала тұрғындарының ақшалай та­бы­сының айырмашылығы 38%-ды құ­райды. «Ауыл аманаты» жобасы осы ол­қы­лықтың орнын толтыруды көздейді.  Бағдарлама адамдардың тұрақты табыс жолына түсуіне бағытталған. Біз ауыл тұрғындарына мамандануға, шұғылданып жүрген кәсіптерін әртарап­тандыруға көмектесеміз», — деді партия хатшысы Эльдар Жұмағазиев.

Бағдарламаның қалай жүзеге асырылатыны және несиелеудің шарттарына назар аударар болсақ, ең бірінші кезекте жеке қосалқы шаруашылықтар­ды кооперативтер негізінде дамытуға басымдылық беріліп жатқаны байқалады. Бұл ретте алынған өнімнің сапасын, салмағын арттыратын өңдеу саласына қатысты жылыжайлар, сүт, ет өндірісі, құс және балық шаруашылығы секілді жобалар, өсімдік шаруашылығын, мал шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы кооперативтерін жабдықтау және басқа бағыттағы бизнес жобаларды қаржыландыруға ерекше мән беріліп отыр.

Несие алу үшін ауыл тұрғындары алдымен жергілікті әкімдіктеріне өтінім білдіруі қажет. Бұл жобаның ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын құруға, мал мен құстың санын көбейтуге, шағын кәсіп­кер­лікті ашу арқылы халықтың табы­сын арттыруға және азық-түлік қауіпсіз­дігін қамтамасыз етуге септігі тиеді. Бағ­дар­ла­мада уақыт шектеуі жоқ. Шартта көрсе­тіл­гендей, несие алушы кем дегенде бір жыл сол жергілікті ауылдың тұрғы­лық­ты азаматы болуы керек. Егер кепіл бол­маған жағдайда туыстардың кепілін пай­далануға болады. Шағын несиелер халық­қа сенім білдірілген өкіл арқылы беріледі. Қаржының мақсатты жұмсалуы қатты қадағаланатын болады.

Бағдарлама адамдардың тұрақты табыс жолына түсуіне бағытталған. Кәсіп ашуға немесе істі дұрыс жүргізуге мамандануға ауылдық округ әкімдері көмектеседі.

Қашанда қағажу көріп жүретін ауыл тұрғындары жаңа жобаға үлкен үміт артып отыр. Қолынан іс келетін, дөң­гелетіп отырған шаруасы бар көп­теген кәсіпкер, фермерлер бұл бастамаға барынша мүдделілік танытуда. Олар қаржылай қолдау болса, ауыл-аймақта өз кәсібін бастауға немесе осыған дейін шұғылданып келген шағын кәсіптерінің аясын кеңейтіп, талапқа сай дамыта алатынына бек сенімді.

«Ауыл аманаты» – оңтайлы бағ­дар­лама, 2,5%-бен, бірінші жылға арналған жеңіл­дікпен және ауылдық жыл­жымайтын мүлік кепілімен қазірде бірде-бір қаржы ұйымы қарыз бермейді. Біз бұл бастаманы қолдауға, тиімді пайдалануға, нәтижелі іске асыруға дайынбыз. Себебі жергілікті ауыл шаруа­шылығы өнімдері – елімізді сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етудің бір көр­сеткіші», — дейді жеке кәсіпкерлер.

Ағымдағы жылдың 9 айында Сауран ауданы ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 6 миллиард 164 миллион теңге инвестиция тартылды. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6 есеге артқан. Жыл соңына дейін 11 миллиард 332 миллион теңге көлемінде инвестиция тартылады деп жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, алдағы уақытта жалпы құны 4 миллиард 260 миллион теңгені құрайтын бірнеше инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарлануда.

Атап айтқанда:

— Оранғай ауылдық округінде «Балмұздақ» серіктестігі – балмұздақ, какао, шоколад, кондитерлік өнімдер, тамақ өнімдері, жартылай фабрикат өнімдерін сақтауға арналған қойманы салуда, жалпы инвестиция құны 2,5 миллиард теңгені құрайды, 100 жұмыс орны ашылады;

— Ескі Иқан ауылдық округінде «AgroFoodTrade» серіктестігі – мақта майын өндіру цех жобасы іске асыруда, жалпы инвестиция құны 500 миллион теңгені құрайды, 10 жұмыс орны ашылады;

— Оранғай ауылдық округінде «БНК АГРО KZ» серіктестігі – мал азығын дайындайтын (комбикорм) цех құрылысының жобасы жоспарлануда, жалпы инвестиция құны 400 миллион теңгені құрайды, 7 жұмыс орны ашылады;

— Жібек жолы ауылдық округінде «Тәуекел Агро» шаруа қожалығы – жаңбырлатып суару арқылы жоңышқа өсіру жобасы іске асыруда, жалпы инвестиция құны 400 миллион теңгені құрайды, 10 жұмыс орны ашылады.

— Жібек жолы ауылдық округінде «JMJ Агро» ЖШС — жаңбырлатып суару арқылы жоңышқа өсіру жобасын іске асыруда, жалпы инвестиция құны – 400 миллион теңгені құрайды, 6 жұмыс орыны ашылады.

Сауран ауданы жыл сайын ағын су тапшылығын сезінуде. Осыған сәйкес, ағын суды үнемдеу және тиімді пайдалану мақсатында, бірнеше жобалар іске асырылуда.

Атап айтқанда, Сасықбұлақ су қоймасынан егістікке баратын тас арықтың қайта құру жұмыстарына (8,67 шақырым) және Ақтөбе су қоймасынан егістікке баратын тас арықтың құрылыс жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда (12,1 шақырым).

Сонымен қатар, Оранғай ауылдық округіндегі «Қосқорған» су қоймасын күрделі жөндеу жүргізуге және Майдантал ауылдық округіндегі «Майдантал» су қоймасына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде.

Мақсат Таңғатаров кәсіпкерлік саласындағы табыстар туралы да тоқталды. Мәселен, соңғы 2 жылда аудан экономикасына 38,3 миллиард теңгеден астам инвестиция бағытталып, 2 есеге өсті. (2021 жылы — 12,4 миллиард теңге, 2022 жылы — 25,9 миллиард теңге). Биылғы 9 айда инвестиция көлемі 22,3 миллиард теңгені құрады (жылдық жоспар — 30,4 миллиард теңге).

2023 жылға 14,4 миллиард теңгеге 59 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған (508 жұмыс орны). Жыл басынан 5,3 миллиард теңгеге 37 жоба іске қосылып, 149 жұмыс орны ашылды. Жылдың соңына дейін 22 инвестициялық жоба жүзеге асырылады (359 жұмыс орны). Оның ішінде ірі инвестициялық жобаларды атап өтсек:

— «Ныш Ер» ЖШС-ның — Демалыс аймағы және қонақ үй салу жобасы (Оранғай елді мекені). Инвестициялық құны 1 миллиард теңге, 40 жаңа жұмыс орны құрылады. Нәтижесінде бюджетке жыл сайын қосымша 21,3 миллион теңге салықтар түседі деп күтілуде;

— «Sauran Plast» ЖК-ның — қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу кешені жобасы (Шорнақ елді мекені). Инвестициялық құны 675 миллион теңге, 60 жаңа жұмыс орны құрылады, бюджетке қосымша 8,6 миллион теңге салықтар түседі;

— «Turkistan Fruit» ЖШС-ның — 400 гектар алаңда 2 кезеңнен тұратын бағбандық саласындағы тәжірбиелік аумағын құру, жеміс шырының тікелей сығу өндірісін ұйымдастыру және жеміс-жидек қойма құрылысын салу жобасы (Шаға елді мекені). Инвестициялық құны 8 миллиард 533 миллион теңге, 54 жаңа жұмыс орны құрылады, бюджетке қосымша 7,2 миллион теңге салықтар түседі;

— «Түркістан-Агро ХХІ» ЖШС-ның — 1200 бас сүт-тауар фермасын салу жобасы (Шаға елді мекені). Инвестициялық құны 9 миллиард 285,8 миллион теңге, 41 жаңа жұмыс орны құрылады, бюджетке қосымша 4,0 миллион теңге салықтар түседі.

Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы атқарылған жұмыстар легі төмендегідей:

Аудан құрылғалы бері аудан орталығы Шорнақ елді мекеніндегі әкімшілік-іскерлік орталығында 5 ғимараттың құрылысы жүруде. Атап айтқанда:

Әкімшілік ғимаратының құрылысы — 1 миллиард 120 миллион теңге;

Прокуратура ғимаратының құрылысы – 635 миллион теңге;

Аумақтық органдар ғимаратының құрылысы – 2 миллиард 300 миллион теңге;

Ішкі істері басқармасы ғимаратының құрылысы –  1 миллиард 700 миллион теңге;

ҰҚК ғимаратының құрылысы – 520 миллион теңге. Оның ішінде, Сауран ауданы әкімдігі ғимаратының құрылысы аяқталып, пайдалануға тапсырылды.

Аудан орталығы Шорнақ елді мекенін абаттандыру жұмыстары өз жалғасын табуда.

Т.Сүлейменов көшесінің бойында желілік саябақ және сквер салынды, елді мекеннің кіреберісінде мұнара құрылысы аяқталды.

Шорнақ, Қосмезгіл, С.Қожанов, Аша, Шекербұлақ, Мәшһүр Жүсіп, Ынталы елді мекендерінде балалар алаңшалары салынды.

Батыс Еуропа – Батыс Қытай автожолының бойын абаттандыру (ағаш отырғызу) жұмыстары жүргізіліп, 4 мың 700 ағаш (қарағаш) отырғызылды.

Аудан басшысының сөзіне сенсек, ендігі кезекте әкімшілік-іскерлік орталық аумағын абаттандыру, жол бойына қоршау орнату жұмыстары жүргізіледі.

Сонымен қатар, аудан аумағындағы елді мекендерді абаттандыру, көшелерді түнгі жарықтармен қамту мақсатында келесі жұмыстар атқарылуда:

Сауран ауданына кіре берістеріне монумент орнатылады;

Иассы ауыл округіндегі аллеяны қоршау жұмыстары жүргізілді;

Қосмезгіл елді мекені, Кентоғай, Ш.Уалиханов көшелеріне, Қазақстан 30 жылдығы елді мекеніндегі Молда Мұса, Амангелді, Т.Рысқұлов, Новай, С.Шакиров, Фурхат көшелеріне жарық шамдарын орнатылуда.

Аудан басшысы Мақсат Таңғатаров: «Ауданда автомобиль жолдарын жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде» — деп отыр.

Анықтама үшін айта кетейік:

Аудандық маңызы бар автомобиль жолдары 119,3 шақырымды құрайды. Оның ішінде: 33,6 шақырымы асфальтталған, қалған 85,7 шақырымы тас және топырақ жолдар саналады.

Елді мекендердің ішкі көшелері 731,1 шақырымды құрайды. Оның ішінде:
308,3 шақырымы асфальтталған, 422,8 шақырымы — тас және топырақ жолдар.

Атап айтқанда, 7,5 шақырымды құрайтын Құсшыата жолына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде, биыл тамыз айында пайдалануға берілді.

«Ауыл — Ел бесігі» жобасы шеңберінде аудан орталығы Шорнақ елді мекенінде 15 шақырымды құрайтын 18 көшеге орташа жөндеу, жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Ағымдағы жылы 4 елді мекенде 11,2 шақырымды құрайтын 17 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Анықтама үшін айта кетейік:

Жаңа Иқан ауыл округы, Ибата елді мекені, Бостандық, Ұлықбек, Б.Шалбаев көшелерін орташа жөндеу (2,8 шақырым);

Ескі Иқан ауыл округы, Ескі Иқан елді мекені, Ұлықбек, Жаңа Иқан, Шымкент, Х.Алимжан, М.Ауезов, Сұлтан Қожа, Салауат көшелері және Мәшһүр Жүсіп елді мекенінде Достық көшелерін орташа жөндеу (6,35 шақырым);

Үшқайық ауыл округы, Теке елді мекені, Молдағұлова, Абай, Үсенов, Бейбітшілік, Қонаев көшелерін орташа жөндеу (2,05 шақырым).

Бұдан бөлек, 6 елді мекенде 10,3 шақырымды құрайтын 10 көшеге жөндеу жұмыстары жергілікті бюджет есебінен жүргізілді.

Анықтама үшін айта кетейік:

Жүйнек ауыл округы, Қуаныш, Ғасыр көшелерін орташа жөндеу (2,2 шақырым);

Бабайқорған ауыл округі, Б.Майлин, С.Қожанова көшелерін орташа жөндеу (2 шақырым);

Қарашық ауыл округі, Ақтанбаев көшесін орташа жөндеу (1,5 шақырым);

Жібек Жолы ауыл округі, Т.Ерімбетов көшесін ораташа жөндеу (1,1 шақырым);

Шаға ауыл округі, Фурхат, Жастар, Тағайлы, Темірқорған көшелерін орташа жөндеу (3,5 шақырым).

Сондай-ақ, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін, темір жолдың үстінен өтетін «Аша елді мекеніндегі аспалы көпір» нысанының құрлысына жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынды.

Транспорт саласы бойынша аудан басшысы «Қазіргі таңда облыстық бюджет есебінен «Түркістан — Ескі Иқан» бағыты бойынша жолаушылар тасымалы ұйымдастырылған. Сонымен қатар, ауданішілік 6 бағыт бойынша жолаушылар тасымалын ашуға («SAR Avto» ЖШС) тиісті жұмыстар атқарылып, 3 бағыт бойынша көліктер жұмыс атқаруда» — деді.

Анықтама үшін айта кетейік:

  1. «Қаражон-Шорнақ-Қазақстанның 30 жылдығы-Шорнақ-Қаражон»;
  2. «Абай-Шорнақ-Қазақстанның 30 жылдығы-Шорнақ-Абай»;
  3. «Жалаңтөс-Қазақстанның 30 жылдығы-Жалаңтөс» бағыттары жүргізілуде;
  4. «Шорнақ-Құмайлықас-Шорнақ»;
  5. «Шорнақ-Ескі Сауран-Шорнақ»;
  6. «Шорнақ-Нұртас-Шорнақ» бағыттары алдыңғы уақытта жүреді.

Халықты ауыз сумен қамту бойынша ауданда едәуір алға жылжу байқалады. Мысалы, Сауран ауданы бойынша 36 елді мекеннің 32 елді мекені ауыз су құбырымен қамтамасыз етілген. Ауыз сумен қамту көрсеткіші 84,7%-ды пайызды құрап отыр. Ағымдағы жылы Ойық елді мекенінде ауыз су жүйесі құрылысы жүргізілуде, жыл соңына дейін 43 абонент ауыз сумен қамтылады.

Ескі Иқан елді мекенін сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында жобалау-сметалық құжаттары әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынды. Шорнақ, Қосмезгіл елді мекендерінде жаңадан қоныстанған аумақтарды ауыз сумен қамту мақсатында жобалау-сметалық құжаттары әзірленіп, сараптама қорытындысын алуға жолданды.

Сондай-ақ, Майдантал ауыл округі, Ынталы елді мекенінің ауыз су жүйелерін ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Ауыз су жүйесімен 3 елді мекен қамтылмаған. Соның ішінде: 2 елді мекен статусынан айырылуда (Қаратөбе, 32-разъезд). 1 елді мекенге кешенді блок модуль орнату жоспарланған (Егізқара).

Жер асты су қорына геологиялық іздеу-барлау жұмыстары жалпы 8 елді мекенде жүргізу жоспарланған (Ибата, Жүйнек, Қосмезгіл, Құмтүйін, Қаратөбе, Шекербұлақ, Серт, 32 разъезд).

Барлау жұмыстары қорытындысына сәйкес, аталған елді мекендерге ауыз сумен қамту құрылысына жобалау-сметалық құжаттама әзірленетін болады.

Электрмен қамтуды сөз ету барысында Мақсат Таңғатаров: «Аудандағы 35 елді мекен орталықтандырылған электр қуатымен қамтамасыз етілген. 1 елді мекен күн сәулесі батареясынан қуат алуда (Егізқара елді мекені)» — деп атап өтті.

Сонымен қатар, 11 елді мекендегі ескі бағаналар мен тозығы жеткен электр желілерін ауыстыру бойынша жобалау-сметалық құжаттары әзірленуде (А.Үсенов, Ибата, Қазақстанның 30 жылдығы, Шаға, Бершінтөбе, Сауран, Қосқорған, Бостандық, Қарашық, Серт, Абай,). Оның ішінде 14 елді мекеннің жобалау сметалық құжаттары әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынып, қаржы қарауға бюджетке ұсынылды. (Еңбекші Дихан, Шорнақ, Қосмезгіл, Ескі Иқан, Оранғай, Бабайқорған, Жүйнек, Құмтүйін, Шыпан, Шекербұлақ, Аша, Ескі Сауран, Қаражон, Игілік, Ынталы).

Газбен қамтуға келсек, аудандағы 36 елді мекеннің 11 елді мекенін табиғи газбен қамтамасыз ету үшін құрылыс жұмыстары жүргізілген екен.

Бүгінгі күнге нақты 6 елді мекенге табиғи газ қосылды (Нұртас, С.Қожанов, Жалаңтөс, А.Үсенов, Шаға, Қазақстан 30 жылдығы). 1 елді мекенде (Ескі Иқан) газ жүргізілген 131 көшенің 56 көшесі табиғи газ берілді және 4 елді мекенге ағымдағы жылы табиғи газ беру жоспарлануда (Ибата, Ойық, Бершінтөбе, Шоқтас).

Шорнақ, Қосмезгіл, Оранғай елді мекендері мен Жүйнек және Қарашық ауыл округтеріне ішкі газ құбырларының құрылысына жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған.

Сонымен қатар, Жүйнек, Қарашық, Оранғай, Шорнақ ауыл оуругтеріне магистральді табиғи газ құбырының құрылысына жобалық сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың қорытындысын жыл соңына дейін алу жоспарланған.

Білім беру туралы бірер сөз. Сауран ауданы бойынша бастауыш және жалпы орта білім беретін 53 күндізгі мектеп жұмыс атқаруда (оның ішінде 11-і — жекеменшік мектеп).

Оранғай ауыл округінде 150 орындық мектеп құрылысы жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары биыл аяқталады.

Сонымен қатар, «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасына 5 мектеп енген. Атап айтқанда:

  1. Шорнақ ауылдық округі, Аша елді мекенінде 600 орындық мектеп;
  2. Майдантал ауылдық округі, Ынталы елді мекенінде 900 орындық мектеп;
  3. Қарашық ауылдық округі, Құмтиын елді мекенінде 600 орындық мектеп;
  4. Иассы ауылдық округі, Еңбекші Дихан елді мекенінде 300 орындық мектеп;
  5. Үшқайық ауылдық округі, С.Қожанов елді мекенінде 300 орындық мектеп;

Бүгінгі күнге С.Қожанов, Еңбекші Дихан елді мекендерінде жайлы мектептердің құрылыстары басталды, ал Аша елді мекеніндегі жайлы мектептің құрылысы жыл соңына дейін басталып, 2024 жылы пайдалануға беріледі.

Ынталы, Құмтүйін елді мекендеріндегі жайлы мектеп құрылысы 2024 жылы бастау алады.

Ауданда жеке инвесторлардың есебінен бірқатар білім беру нысандарының құрылысы жүргізіліп жатыр.

Атап айтқанда, Қарашық ауылдық округінде 1 100 орынға арналған мектеп құрылысы жүргізілу үстінде. Нысан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.

Бабайқорған ауылдық округінде 250 орынға арналған бастауыш мектеп пен 175 орынға арналған балабақшаның, Үшқайық ауылдық округінде 100 орынға арналған балабақшаның құрылыстары аяқталып, биыл пайдалануға беріледі.

Денсаулық сақтау саласына ойысқанда аудан әкімі: «Былтыр жеке инвестор есебінен Ескі Иқан елді мекенінде күніне 500 адамды қабылдайтын «Авиценна-А» емханасы ашылды. Инвестициялық құны 1,8 миллиард теңгені құрайды, 150 жұмыс орны ашылды. Емхананың материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында ағымдағы жылы құны 500 миллион теңгеге медициналық құрал-жабдықтар алынды» – деп атап өтті.

Сонымен қатар Шорнақ елді мекенінен тәулігіне 500 адам қабылдайтын емхана ғимаратының құрылысына 9 гектар жер бөлініп, жобалау-сметалық құжаттары әзірленуде.

Мұнан өзге Шаға, Жалаңтөс, Құсшы ата елді мекендерінде фельдшерлік-акушерлік пункттердің ғимараттарының тозығы жеткенін ескере отырып, жаңа ғимараттар салу жоспарлануда. Қазіргі уақытта жобалау-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр екен.

Сауран ауданында спорт саласында да ауыз толтырып айтатын жетістіктер көп. Айталық, аудан спортшылары республикалық және халықаралық жарыстарға қатысып, жоғары нәтижелерге қол жеткізуде.

Ауданының тумасы Төребек Молдаш белбеу күресі бойынша Астанада өткен біріншілікте Қазақстан Республикасының жеңімпазы атанған. 

Әлем чемпионатына жолдама алып, 75 келі салмақ дәрежесінде күміс жүлдегер атанды.

Оның інісі, Кемелбек Молдаш, дзюдодан Кувейтте өткен ересектер арасындағы Азия кубогының қола жүлдегері, самбодан Монғолияда өткен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионы атанған.

Майдантал ауылдық округіндегі Ынталы елді мекенінің тумасы Бектемір Назерке кикбокстан Азия чемпионы атанды.

«Ауданда спортты дамыту, спорт нысандарын салу жұмыстарын жалғастыратын боламыз» — деді Мақсат Таңғатаров.

«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Бабайқорған ауыл округі, Бабайқорған елді мекенінде «Спорт зал» құрылысы жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарын аяқтап, нысанды пайдалануға тапсыру 2023 жылдың желтоқсан айына жоспарланған.

Сонымен қатар, Шорнақ, Ибата, Теке, Абай елді мекендерінде спорт кешендерін салу үшін қазіргі уақытта жобалау-сметалық құжаттары әзірленуде.

Сондай-ақ, Майдантал ауылдық округінің Ынталы елді мекенінде «Спорт зал» салу үшін демеушілер есебінен жобалау-сметалық құжаттары әзірленуде.

Аудан басшысы әлеуметтік саладағы тындырымды тірліктерді де сабақтады. Зейнеткерлер және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жағдайын жақсарту мақсатында ауданда әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы құрылған. Орталықта 7 бағыт бойынша қызметтер ұйымдастырылды, күнделікті 50-60 адамға әлеуметтік қызмет қөрсетілуде. Сонымен қатар, Оранғай ауыл округі, Оранғай елді мекенінде 200 орындық мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған оңалту орталығының құрылысы жүруде. Құны — 2 миллиард 400,0 миллион теңге. Нысан 2023 жылдың желтоқсан айында пайдалануға беріледі.

Сондай-ақ, Оранғай ауыл округінде сыйымдылығы 50 орындық психоневрологиялық ауытқуы бар мүгедек балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының құрылысы жүруде. Жоба құны – 3,2 миллиард теңге. Нысан 2024 жылы пайдалануға беріледі.

Сауран ауданында Ұлттық жобалар мен мемлекеттік бағдарламалар аясында тұрақты жұмыс орындарына 1 191 азамат, субсидияланған жұмыс орындарына 2 013 азамат жұмыспен қамтылып, мемлекеттік қайтарымсыз грантты 100 азамат алыпты.

«Сонымен қатар, Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орындарын ашу» жөніндегі тапсырмасының аясында 1 242 жұмыс орны ашылады. 9 айдың қорытындысына сәйкес нақты 982 жұмыс орны ашылды – деді аудан әкімі.

Туризм туралы. Сауран ауданында туризм саласын дамыту, оның әлеуетін арттыру әрі туристерге тартымды ету — бүгінгі күннің басты талаптарының бірі. Сауран ауданының аумағында 54 тарихи-мәдени нысан бар. Олар  — Мәдениет және туризм басқармасының теңгерімінде. Бұл нысандардың ішінде туристер қызығушылық танытып, көптеп келетін Имам Мархозы, Меңдуана кесенесі, Ерқоян батыр кесенесі, Құрышхан ата, Шаш ана кесенелері, т.б.

Сонымен қатар, ауданда «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы теңгеріміндегі Ескі Сауран қалашығы, Үкаша ата кесенесі, Жүсіп ата тарихи-мәдени туристік нысандары орналасқан.

Тарихи нысандарға келуші туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы тарапынан Ескі Сауран қалашығының аумағынан жоба құны 320 миллион теңгені құрайтын «Сапар» орталығының құрылыс жұмыстары жүргізілуде (қонақ үй, тамақтану орны, көрме орталығы, гид қызметі, автотұрақ).

Одан бөлек, Ескі Иқан ауылдық округінде орналасқан Жүсіп ата кесенесінен жоба құны 97 миллион теңгені құрайтын «Сапар орталығы» мен музейдің құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Жобаның жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен жүргізілгенін атап өткен жөн.

Аудан аумағында орналасқан тарихи-мәдени нысандарға 2022 жылы 72 мың турист келген болса, 2023 жылдың 9 айының қорытындысымен 59 мың турист табан тіреген.

Биыл 9 айдың қорытындысына сәйкес, жалпы құны 849,2 миллион теңгені құрайтын 8 инвестициялық жоба іске асырылып, 76 жаңа жұмыс орны ашылды («Ақжол» жол бойындағы қызмет көрсету орталығы — 97,7 миллион теңге, Жүсіп ата кесенесі аумағындағы Сапар орталығы — 97,0 миллион теңге, Үшқайық ауылдық округіндегі спорт кешені — 151,9 миллион теңге, Жүйнек ауылдық округінде тамақтану орны — 85,7 миллион теңге, Ескі Иқан ауылдық округінде тамақтану орны — 173,5 миллион теңге, Жүйнек ауылдық округінде тамақтану орны — 96,9 миллион теңге).

Сонымен қатар, жыл соңына дейін жоба құны 1 миллиард 974,0 миллион теңгені құрайтын 4 жоба жүзеге асырылады деп жоспарлануда. Аталған жобалар іске қосылған жағдайда 60 жаңа жұмыс орны ашылады («Ныш-ер» қонақ үйі мен демалыс аймағы І-ші кезеңі — 1,0 миллиард теңге, «Sayazhai» ЖШС жол бойындағы қызмет көрсету орталығы – 424,0 миллион теңге, «Хамдам» жол бойындағы қызмет көрсету орталығы – 400,0 миллион теңге, «SAKETAU Resort» отбасылық демалыс орны — 150,0 миллион теңге).

2023 жылға туристер ағыны мен келушілер санын 80 мың адамға дейін арттыру жоспарланған.

Өз сөзінде аудан әкімі жер қойнауын пайдалану мәселесін де назардан тыс қалдырмады. Аудан аумағында кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге жалпы 13 келісімшарт және 19 лицензия тіркелген. Жалпы саны — 32. Оның ішінде басым көпшілігі Шорнақ ауылдық округінде орналасқан.

Жыл басынан жұмысшы топ өкілдері заңсыз жер қойнаушыларды анықтау мақсатында 60 рет аралау жұмыстарын жүргізді және 4 рет жұмысшы топтың жиналысы өткізілді. 102-сымтетігіне 25 рет хабарлама беріліп, ішкі істер органдарына тіркелді. Сонымен қатар 70 ауыр жүк көліктері айыптұраққа қойылып, жалпы соммасы 3,8 миллион теңге айыппұл салынды. Облыстық жер ресустарын басқару департаментіне 15 рет және Экология департаментіне 15 рет тиісті шара қолдану үшін хаттар жолданған.

Жер қойнауын пайдаланушы кәсіпорындарға өлшегіш таразы құралдарын орнату бойынша хаттар жолданыпты.

Бүгінгі таңда 7 (жеті) жер қойнауын пайдаланушы кәсіпорындарда өлшегіш таразы орнатылған. Олар: 1. «Туркестан Трасса» ЖШС, 2. «Нұр-Строй ЛТД» ЖШС, 3. «Ныш-Ер» ЖШС, 4. «YSD-АГРО» ЖШС, 5. «Азырет-жол курылыс» ЖШС, 6. «Сұрат» ЖШС, 7. «Касс & Ай» ЖШС.

Мақсат Таңғатаров Сауран ауданындағы қоғамдық-саяси ахуалға да ерекше тоқталып өтті.

Сауран ауданында 10 белсенді қоғамдық ұйым және 3 саяси партияның аудандық филиалы («Amanat» партиясы – 3 974 адам, «Қазақстан халық партиясы» – 27 адам, «Ауыл» партиясы — 523 адам) жұмыс істейді.                                                                              

2023 жылдың басынан бері Сауран ауданы аумағында тұрғындар тарапынан бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар өткізуге 6 өтініш түскен. (2 — өтініштерін кері қайтарып алған, 4 — Заң нормаларына сәйкес келмеуіне байланысты өткізуден бас тарту туралы шешім қабылданған).

Себептері: Ораңғай ауылдық округіндегі Бостандық ауылының Кентау қаласына қосылу мәселесі, ауылдық округтен аудандық мәслихат депутаттығына өзін-өзі ұсынған кандидатты қолдау бойынша және су ұңғымасы мен мақта мәселесі.

«Жыл басынан бері Сауран ауданы тұрғындарының 16 наразылығы орын алып, жергілікті атқарушы органдар мен аудан әкімдігі тарапынан жедел әрекет ету және ақпараттандыру алгоритміне сәйкес шұғыл әрекет ету шаралары қабылданды» — деді аудан басшысы.

Қоғамдық қауіпсіздік мәселесі әрқашан маңызды екені анық. Ағымдағы жылдың 9 айында атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жол-көлік оқиғасы -25,0 %-ға (20-дан 15-ке), жарақат алғандардың саны -33,3 %-ға (15-тен 10-ға), қоғамдық орында жасалған қылмыстар -16,0 %-ға (25-тен 21-ге) төмендепті.

Учаскелік полиция инспекторлары тарапынан қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жалпы 1110 (2022 жылы — 944) құқықбұзушылық анықталды. Оның ішінде мас хәлде жасалған қылмыстар 40,0 %-ға (5-ке 7-ге) өссе, топпен жасалған қылмыстар 33,3 %-ға (12-ден 8-ге) төмендеген екен.

   «ANYQ.KZ»-ақпарат.

 

 

 

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin