Түркістан облысы: Жетісай ауданының әкімі сапасыз құрылыстан қиындық көріп келген шаруалармен кездесті

Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов Атамекен ауылдық округіне қарасты Қоғалы елді мекенінің шаруа-диқандарымен, аудандық мәслихат депутаты Қаршыға Ақтөреевамен К-25-16 каналының басында жүздесіп, жай-күйімен танысты.

Аудандық мәслихат депутатының айтуынша, жалпы ұзындығы 4,4 шақырымды құрайтын каналдың Атамекен ауылдық округіне қарасты бөлігінен 25 шаруа қожалығының 600 гектар егістік алқабы ағын су алады. 2014 – 2015 жылдары V шақырылымдағы Жетісай аудандық мәслихаты депутаттарының қолдауымен 49 миллион теңге қаржы қаралып, жөндеу жұмыстары жүргізілген. Әйтсе де, «КонтиСтрой» ЖШС жүргізген құрылыстың сапасы сын көтермей, арада жыл өтпей, каналдардан су кетіп, баяғы жағдайға қайта түскен. Тексеру тағайындалғанымен, нақты нәтиже болмаған. Содан бері шаруалар жылда өз қаржылары есебінен жөндеу жұмыстарын жүргізіп, егістік алқаптарын суғарып келеді. Соңғы жылдары болып жатқан әлемдік экономикалық дағдарыс салдарынан қаражаттан қиындық көрген шаруалар каналдың жөндеу жұмыстарына мемлекеттен көмек сұрайды.

Шаруа-диқандармен тілдесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдаған аудан басшысы жауапты сала мамандарына аталмыш мәселені қысқа мерзімде шешуді тапсырып, нәтижесін өз бақылауында ұстайтынын жеткізді.

Мұнан соң Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы 2011 жылдан бері ауданда бау-бақша өнімдерін өндіруші ірі кооператив «Арсенал Сад» ЖШС болып, жұмысымен танысты. Алғашында 380 гектар егістікке тұқым сеуіп, көшет отырғызған қожалықтың иелігінде бүгінде 1000 гектардан астам суармалы егістігі бар.

Кездесу барысында аудандағы ауыспалы егіс пен интенсивті бау-бақша өсіру, өнім сапасын арттыру мен жеміс-жидектерді сақтау, тасымалдау жолдары, ағын суды үнемдеу, облыс, аудан тұрғындарымен қатар алыс-жақын шет елдерге жетісайлық жеміс-жидектерді экспорттау мәселелері сөз болды.

Баққа жүзім, алма, шабдалы, қара өрік пен шиенің бірнеше түрін егіп, өнімін Ресей, Азия мен Еуропаның бірнеше елдеріне тасымалдайтын кооперативте 100-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылса, науқан кезінде 500-ге тарта жергілікті тұрғындар жұмысқа тартылады. Өнімдерді жинап, сараптап, сорттап, экспорттық жәшіктерге жайғастырғанға дейінгі жұмысты түгелдей терімшілер атқаратынын, әрбір өнімнің ұзақ жолда жарамсызданбауы үшін жәшіктерде дұрыс орналасуының да ерекше маңызға ие екенін айтқан қожалық басшысы Қаршыға Әдеханқызы ағын судың жетіспеушілігін, каналдарды жөндеуден, механикалық тазалаудан өткізуді қажет ететінін жеткізді.

«Арсенал сад» өндірістік кооперативінің бау-бақшасында жас көшеттер дайындалатын арнайы тәлімбақ та бар. Мұнда алманың, алмұрттың, алшаның, қара өріктің бірнеше сорттары мен декаративті ағаштардың көшеттері өсіріледі. Көшеттерге сұраныс та жоғары.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.