Түркістан облысы: Келестік оқушы калифорниялық қызыл құрт өсіруді қолға алған

Келес ауданының №25 С.Сейфуллин атындағы жалпы орта мектебінің 5-сынып оқушысы Назым Шәміл соңғы жылдары калифорниялық қызыл құрт (шылаушын) өсіріп, ғылыми-зерттеу жүргізуде. «Эмбактерия көмегімен тыңайтқыш өндіру және шылаушын көмегімен тыңайтқыш өндіру технологияларының мақсаты — топырақ жағдайын жақсарту және ауыл халқы әл-ауқатының артуына себепкер болу» — дейді жас ғалымның жетекшісі Жамила Аширова.

— Құрғақшылық, өнімділіктің төмендеуі, топырақтың деградацияға ұшырауы және егіндік суының жетіспеуі сияқты мәселелер біздің өңірде өте өзекті болып тұр. Бұл мәселелердің түп негізі суды есепсіз пайдалану, ескірген ирригационды жүйелерді қолдану және аймақтың ауа-райының өзгерушілікке бейім келуіне келіп тіреледі. Топырақ құнарлығы — егіншіліктің мол болуы мен экожүйенің тұрақтылығының кепілі. Сондықтан оқушым осы тақырыпта зерттеу жұмысын бастаған. Алдымен шәкіртім химиялық тыңайтқыштың топыраққа әсерін тәжірибеде сынады, — дейді мектеп мұғалімі.

Назым Шәміл сонымен қатар ғылыми жобада шылаушын алу-сату барысында нені білу қажеттігін, сонымен қатар жауын құрттарының топыраққа қандай пайдасы барын да атап өтеді. Жас та болса ізденімпаз қыз жобасын алдағы уақытта оқушылардың республикалық ғылыми жобалар конкурсына ұсынбақ.

Мәлімет үшін нақтылай айтсақ, калифорниялық қызыл құрты (лат. Eisenia foetida) – сақина тәрізді құртының Lumbricidae тұқымдасына жататын шылаушын. Латыншадан аударғанда «foetida» деген сөз «сасық» деген мағынаны білдіреді. Thomas J. Barrett 1959 жылы Калифорния штатының Университетінде түрлі жауын құрттарын будандастыру нәтижесінде алған.

  • Калифорниялық қызыл құрттың ұзындығы 10 см, диаметрі 3-5 мм, дене салмағы шамамен 1г тартады.
  • Өмір сүру ұзақтығы – 16 жыл.
  • Кәдімгі жауын құртына қарағанда 150 есе тез көбейеді. 21 күнде жаңа ұрпақ пайда болады. 90-120 күнде ересек күйге өтеді. Екі шұбалшаңның ұрпағы жылына 1,5 мыңға дейін жетеді.

Калифорниялық қызыл құрт – үй жануары сияқты зияны жоқ жәндік. Оны өсірудің еш қиындығы жоқ, мұнымен арнайы жәшіктерді немесе ені 1-2 метр болатын, бүйір қабырғалары мен түбі бар науаларды қолданып, бау-бақша учаскесінде айналысуға болады. Тамақты көп талғамайды. Екі шаршы метрден жылына бір тонна биогумусқа дейін алуға болады. Жәшікті дайындағанда астына дринаж қызметін атқаратын құм салады. Сосын 1-2 см топырақ, сосын 3-5 см тамақ қалдықтары, олан сoң қайтадан 1,2 см топырақ салады. Арасына жұмыртқа қабығының ұнтағын салу керек. Себебі, құрттар қышқылдық ортаны ұнатпайды. Қыста жылы жерде ұстап күн жылынған кезде бауға немесе бақшаға жіберуге болады. Өсімдік қалдықтарының барлығымен қоректеніп, оны қара шіріндіге айналдырады. Шұбалшынның өнімі — биогумус кез келген егін мен бау-бақшаны жайқалтып жібереді, диқан өнімді еселеп алады. Әсіресе, жылыжай егіндері мен гүлге беру өте пайдалы. Мұндай тыңайтқыш берілген жер төрт жылға дейін өзінің жоғары құнарлылығын сақтайды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.