Түркістан облысы: Мақтаарал ауданында шағын және орта бизнес субъектілерінің саны соңғы 5 жылда 80 пайызға өсті

Кәсіпкерлік кеңінен қанат жайып келе жатқан Мақтаарал ауданында мақта талшығын өңдейтін зауыттың құрылыс жұмыстары басталып кетті. Алдағы уақытта тұсауы кесілетін зауытта 50 жергілікті тұрғын үшін жаңа жұмыс орны ашылады деп күтіліп отыр.

Түркістан облысында өңдеу өнеркәсібі саласында иірілген жіптер, маталар мен кілемдер өндірісі, тоқыма кластерінің бірлескен кәсіпорындарын құру мүмкіндігі зор екені айтпаса да түсінікті. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды үнемі айтып жүр.

— Жергілікті әкімдердің алдында тұрған басты міндет – жаңа кәсіпорындарды ашу, жаңа жұмыс орындарын құру. Осы жылы мамыр айында облыстық делегациямен Қытай Халық Республикасына барған болатынмын. Сол кезде бірнеше қалалардағы әлемге әйгілі ірі компаниялардың жұмысымен таныстық. Біздің басты мақсатымыз – экономикалық дамуы бойынша тәжірибе алмасып, облыс аумағында зауыт-фабрикалар ашу, халықтың әл-ауқатын арттыру. Түркістан облысында өңдеу өнеркәсібі саласында иірілген жіптер, маталар мен кілемдер өндірісі, тоқыма кластерінің бірлескен кәсіпорындарын құру мүмкіндігі зор. Бұл бағыттарды дамыту үшін облысымыздың оңтүстік аудандарының әлеуеті жоғары. Осыны ескере отырып, биыл шілде айында аудан әкімі Бақыт Насырханұлын және облысымыздың оңтүстік аудандарының басшылары мен жергілікті кәсіпкерлерді Қытай мемлекетіне іссапарға жолдадым. Нәтижесінде, Мақтаарал ауданынан жеке кәсіпкер Қытайлық кәсіпкерлермен 2,5 млн. АҚШ долларын құрайтын келісімшартқа қол қойып, жылдық қуаттылығы 60 мың тоннаны құрайтын мақта талшығын өңдейтін зауытының құрылыс жұмыстарын бастап кетті. Алдағы уақытта 50 жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл бағытта жұмыстар әрі қарай өз жалғасын табатын болады, — дейді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.

Айрықша атап өтер жайт, Мақтаарал ауданында шағын және орта бизнес субъектілерінің саны соңғы 5 жылда 80 пайызға өсіп, былтыр 10 мыңнан асты. Жауаптылардың айтуынша, олар 39 млрд. теңгенің өнім өндірген екен. Биыл оған қосымша 1,5 мың жаңа шағын және орта бизнес субъектісі тіркелді. Аудан бюджетінің өзіндік кірістері де артып келеді. Оның көлемі 2019 жылы 1,2 млрд. теңгені құраса, былтыр 3,4 млрд. теңгеге дейін жетіп, 3 есе артып отыр. Осы жылдың 6 айында өзіндік кірістер 1,6 млрд. теңгені құрады. Жыл соңына дейін 3,6 млрд. теңге көлемінде болады деген жоспар бар. Бұл түсімдер ауданның әрі қарай дамуына өз септігін тигізері анық.

Жоғары оқу орнын бітірген жастарға мемлекет «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында қолдау көрсетіліп, үй салу немесе сатып алу үшін жеңілдетілген несие беріледі. Осы бағдарламаның аясында 2019 жылы ауылдық елді мекенге жұмыс істеуге келген 420 маманға 327 млн. теңге көлемінде көтерме жәрдемақы көрсетіліп, бюджеттік кредиттер берілген. Соңғы 5 жылда бөлінген қаржы көлемі 169%-ға артып, осы жылы 480 маманға 552 млн. теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсету жоспарланып отыр.

Жалпы, Мақтаарал ауданы экономикасының негізгі драйвері — ауыл шаруашылығы. Биыл жергілікті диқандар 61 мың гектар жерге егін екті. Оның ішінде 36,3 мың гектары — мақта дақылының еншісінде.

Мақта дақылынан алынатын өнімділікті және сапасын арттыру мақсатында өзбекстандық «Globаl Textile» компаниясымен келіссөздер жүргізіліп, «Намаган-77» деп аталатын тұқымдық шит егілді. Биыл бұл компания Мақтаарал ауданында өзінің мақта қабылдау пункттерін ашып, 10 мың гектар алқаптан шикізат қабылдау жоспарланып отыр. Алдағы уақытта мақта қабылдау зауыттарымен қоса мақтаны терең өңдеу фабрикаларын салу жоспарлануда.

Сала мамандарының сөзіне сенсек, жаңа сортты айналымға енгізу арқылы мақтаның аса қауіпті зиянкестеріне қарсы өңдеу шығыны азайып, мақта өнімділігін арттыра отырып, қосымша табысты арттыруға болады екен.

– Облысымызды өзіндік табысын арттыру үшін жаңа жұмыс орындарын ашу бағытына күш салу керек. Бұл ретте мақта кластерін дамытудың маңызы зор. Осы салада ірі фабрика, зауыт ашамын дейтін азаматтарға қолдау көрсетуге дайынбыз. Сонымен бірге, мақта өсіруде су үнемдеу технологиясын мейлінше жетілдіру қажет. Жалпы, мақта шаруашылығы үлкен ізденістер мен зерттеулерді талап етеді. Облыс әкімдігі тарапынан мақта кластерін дамытуға жағдай жасалады. Осы бағытта үлкен жоспарларымыз бар, – дейді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.

«Ақ алтын» хақында сөз болғанда су мәселесін де айналып өте алмаймыз. Мақтаарал ауданында коммуналдық меншіктегі К-20 каналы бар. Су арнасы 10 мың гектардан астам алқапқа ағын су жеткізеді. Каналдың жалпы ұзындығы 27 шақырымды құрайды. 91 ішкі жүйесі толықтай қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта каналдың 5 шақырым бөлігінің бетондары жармасыз күйге түсіп, артық су қабылдай алмайды. Бұл өз кезегінде вегетациялық маусым кезінде ағын су тапшылығына әкеледі. Осыған орай К-20 каналын толықтай бетондау қажет. Каналды мемлекет меншігіне өткізу үшін тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Алдағы уақытта күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Ауыл шаруашылығы өнім көлемін арттыру және шаруалардың әл-ауқатын жақсарту мақсатында «1 алқаптан 2-3 өнім алу» жобасы аясында 300-ден астам аудан шаруасы ағымдағы жылы 1 мың гектар алқапқа ерте өнім беретін көкөніс дақылдарымен бірге мақта және бақша дақылдарын егіп, өнім көлемін арттыру үстінде.

Мақтаарал ауданындағы суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайын жақсарту мақсатында ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдірудің 2 кезеңі жүзеге асырылып жатыр. Бағдарлама аясында 220 канал ретке келтіріліп, 150 тік дренажды ұңғыма жөнделіп жатыре. Жоба құны – 42 млрд. теңге.

«ANYQ.KZ»ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin