Түркістан облысы: Ордабасы ауданындағы Жеңіс ауыл округіне 97 миллион теңге, ал Бөген ауыл округіне 233 миллион теңге жеке инвестиция тартылды

Бұл жөнінде Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаевтың халықпен кезекті есепті кездесуінде белгілі болды.

Ел Президентінің «Еститін мемлекет» тұжырымдамасы аясында тұрғындармен кездесуде аудан әкімі аудан, ауылда әр сала бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті.

«Жеңіс ауылында кірістердің жылдық жоспары 29 миллион 152 мың теңге болса, 8 айда округ бойынша жоспарланған бюджет кірістері 104 пайызға орындалды. Енді бюджетке түскен бұл қаржы ауылдың өзекті мәселелерін шешуге бағытталады. Өткен 7 айдың қорытындысында Жеңіс ауыл округіне 97,0 миллион теңге жеке инвестиция тартылып, жоспар 71,9 пайыз орындалған», — деді аудан әкімі өз баяндамасында.

Тұрғындар тарапынан айтылған ағын су мәселесіне ерекше назар аударған аудан басшысы: «Ауыл диқандарын шаруашылыққа қажетті ағын сумен қамтамасыз ету мақсатында Р-6 каналын күрделі жөндеуден өткізу бойынша өткен жылы 3 шақырым канал бетондалды. Осы жылдың қазан-қараша айларында 3 каналдың («Р-5-3», «Р-3-4», «Р-5-1») 15,2 шақырым жерін механикалық тазалау жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр», — деді.

Айта кетерлігі, ауылдық округте 3 859 гектар суармалы жерлерді ағын сумен қамтамасыз ететін 5 канал бар.

Жеңіс ауылында электр, жарық, газ, ауыз су саласы бойынша ел игілігіне берілген жобалар жетерлік.

Тарқатып айтар болсақ, автомобиль жолдары бойынша биыл ауылдағы су мұнарасына баратын жолға тас төсеу, Сейфуллин көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілмек.

Бүгінде Жеңіс елді мекені электр энергиясымен, сапалы ауыз сумен толық қамтылған. Табиғи газбен қамту құрылысы бойынша жоба сараптамадан оң қорытынды алып, салалық басқарма тарапынан 2024 жылдың республикалық бюджетіне ұсынылған. Ал, Дихан елді мекенін табиғи газбен қамтамасыз ету құрылысына тиісті құжаттар әзірленуде.

Тұрғындардың талап-тілегі бойынша ауылда игерілмей жатқан жер телімдерін ортақ жайылымға қайтару бойынша 438 гектар жайылымдық жер аудандық қорға қайтарылған.

Жеңістіктермен кездесу соңында Азат Әбдіғалиұлы бұқаралық спортты дамыту мақсатында ауыл халқына арнап ашық спорт алаңшасының құрылысы басталатынын жеткізді.

Кездесу соңында жұртшылықты ауылды дамыту жолында ауыл әкімімен бірлесіп жұмыс істеуге, ауылдың ажарын ашып, қасбетін ретке келтіруге шақырды. Сондай-ақ, ауылдағы өзекті мәселелерді аралап көріп, тиісті жауаптыларға тапсырма берді.

Еске салайық, Жеңіс — Түркістан облысы Ордабасы ауданындағы ауыл, Жеңіс ауылдық округі орталығы. Аудан орталығы – Темірлан ауылынан солтүстік-батысқа қарай 49 шақырымдай жерде орналасқан. 1999 жылы жергілікті тұрғындар саны 2020 адам (1055 ер адам және 965 әйел адам) болса, 2009 жылы 2168 адамды (1104 ер адам және 1064 әйел адам) құрады.

1960 жылы мақта кеңшарының 2-бөлімшесі негізінде құрылды. Кеңшар негізінде шаруа қожалықтары ұйымдастырылды.

Ауылда Ө.Тұрманжанов атындағы орта мектеп, амбулаториялық емхана, мәдениет үйі, мешіт, байланыс бөлімі, мақта қабылдау пункті жұмыс істейді. Арыс–Түркістан каналының 5 суландыру жүйесі арқылы 2942 гектар егістік жер суландырылады.

Ал Бөген ауыл округіне келсек, есепті жиында аудан басшысы 8 айдың қорытындысы бойынша ауданда, ауылдық округте атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасады.

«Ауылдық округте кірістердің жылдық жоспары 36 миллион 380 мың теңге болса, 8 айдың есебімен жоспарланған бюджет кірістері 104 пайызға орындалды. Осы жылдың 7 айында Бөген ауыл округіне 233,0 миллион теңге жеке инвестиция тартылып, орындалуы 154,3 пайызды құрады. Сондай-ақ, Бөген ауылына балалар ойын алаңшасын, стрит воркаут құралдарын орнатуға мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде», — деді аудан әкімі өз сөзінде.

Шаруалардың диқаншылыққа қажетті ағын су, ортақ жайылым мәселесі жөніндегі сұрақтарына жауап берген аудан әкімі осы бағыттағы жобаларды айтып өтті.

«Ауылда жалпы 4289 гектар суармалы жерлерді ағын сумен қамтамасыз ететін 7 канал бар. Егістік жерлерді ағын сумен қамтуды жақсарту және су шығынын азайту мақсатында «Р-1», «ЛБК» каналдарына күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес «Р-1» каналы жөндеу жұмыстары 2024-2025 жылдарға өтпелі, «ЛБК» каналының жөндеу жұмыстары жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Бөгенде жайылымдық жерлердің жалпы ауданы 4 077 гектарды құрайды. Оның ішінде, 1083 гектары елді мекендердің ортақ жайылымдық жерлері ретінде 2019-2022 жылдары бекітіліп берілген. Жайылымдық жерлерді мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы аудан әкімдігінің Қаулысына сай 895 гектар жер телімін ҚР «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңының 6-тарауына сәйкес, сот тәртібімен мәжбүрлі түрде иеліктен шығару жұмыстары жүргізілуде», — деді өз баяндамасында аудан басшысы.

Ауылдағы жол жөндеу, ауыз су, көгілдір отын, электр желілерін жүргізу жұмыстары да кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.

Атап айтар болсақ, биыл ауылдағы Алтынсарин және С.Төлепұлы көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Жыл соңына дейін «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің инвестициялық бағдарламасы аясында Бөген ауылының 3 көшесінде (М.Әуезов, Ж.Бименұлы, Б.Исабеков) орналасқан КТП-340 және КТП-334 қосалқы стансаларына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.

Кемер ауылын таза ауыз су жүйесімен қамту жұмыстары биыл шілде айында пайдалануға берілді.

Бөген ауылындағы ауыз су жүйелеріне қайта құру жұмыстарына жобалау-сметалық құжаттамасын әзірленіп, сараптама қорытындысын алған жағдайда келесі жылдың бюджеттік нақтылауына ұсынылмақ.

2021 жылы Бөген елді мекенінің табиғи газ жүйесінің құрылыс жұмыстары басталған. Қазіргі таңда, полиэтилен газ өткізгіш құбырының 22,3 шақырымын қазу, көму жұмыстары және ШРП тіреуіш бағаналары бетондалды. Нысан келер жылға өтпелі. Кемер ауылын табиғи газбен қамту бойынша жобалау-сметалық құжаттамасы сараптамадан оң қорытындысын алған жағдайда қаржы алу үшін салалық басқармаға хат жолданатын болады.

Ауылдағы көшелерді жарықтандыру бойынша биыл Бөген ауылы, Ақалтын көшесі, Кемер ауылы, Береке және Бірлік көшелеріне жарықтандыру құралдарын орнату жұмыстары жүргізілуде.

Есепті кездесуде Азат Әбдіғалиұлы бөгендіктерді ауылдың мәселесін ауыл әкімімен бірлесіп шешуге, туған жерді түлетуге жұдырықтай жұмылуға шақырды.

Сонымен қатар аудан әкімі Азат Оралбаев Бөген ауылдық округіне сапары барысында «Бөген» су қоймасының қазіргі жай-күйімен танысып, аталған су бөгетінен шаруаларға су жеткізуге арналған каналдың құрылыс жұмыстарын аралап көрді.

Жауапты сала басшылары жергілікті бюджеттен қаржы қаралып, жөндеу жұмыстары жүргізілген су айдынының су сақтау қоры, шаруаларға бөлінетін ағын су көлемі туралы баяндады.

Өңірдің ауыл шаруашылығы үшін стратегиялық маңызы бар нысан аудан диқандарын егіншілікке қажетті ағын сумен қамтуыдағы ерекшелігіне тоқталған Азат Әбдіғалиұлы мекеме жауаптыларына тиісті кезеңде ауылдастарды сумен қамту басты назарда екендігін айтып өтті.

Айта кетерлігі, 1967 жылы салынған «Бөген» су қоймасы су шаруашылығы нысандары стратегиялық объектілер тізбесіне жатқызылған. Аумағы – 65 шаршы шақырым, ұзындығы — 13 шақырым, ені — 6 шақырым, тереңдігі 15 метрді құрайды. Бөген су қоймасының су сыйымдылығы – 370 миллион текше метр. Арыс, Бөген өзендерінің суымен толығады.

Атап өтерлігі, Бөген ауылдық округі – Түркістан облысы Ордабасы ауданындағы әкімшілік бірлік.

Құрамына Бөген, Кемер ауылдары кіреді. Орталығы – Бөген ауылы.

2009 жылғы санақ қорытындысы бойынша округтегі халық саны 4315 адамды құрады.

Ал Бөген — Түркістан облысы Ордабасы ауданындағы ауыл, Бөген ауылдық округі орталығы.

Аудан орталығы – Темірлан ауылынан солтүстік-батысқа қарай 38 шақырымдай жерде, Бөген бөгенінің батыс жағында ораналсқан.

1995 жылға дейін Тимирязев атындағы мақта кеңшарының орталығы болған. Оның негізінде кәсіпорындар мен шеберханалар, өндірістік кооперативтер ұйымдастырылған, шаруа (фермер) қожалықтары жұмыс істейді.

Ауылда орта мектеп, аурухана, клуб, т.б. мекемелер бар. Елді мекендермен автомобиль жолы арқылы қатынасады.

1999 жылы жергілікті тұрғындар саны 3752 адам (1897 ер адам және 1855 әйел адам) болса, 2009 жылы 4117 адамды (2095 ер адам және 2022 әйел адам) құрады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin