Түркістан облысы: Ордабасы ауданында кәсіп ашуға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасының іске асырылуы бойынша ауыл әкімдерінің есебі тыңдалды

Бүгін Ордабасы ауданы әкімінің міндетін атқарушы Қыдырбай Сейтқұлдың төрағалығымен апталық аппараттық мәжіліс өтті. Жиналыстың күн тәртібінде 3 мәселе қаралды. Тарқатып айтар болсақ, ауыл округтердегі орталық көше бойындағы кәсіпкерлік нысандарының қасбеттерін ретке келтіру, «Ауыл аманаты» жобасының іске асырылуы, күзгі тал егу кезеңіне дайындық және ғарыштық түсірілім барысында анықталған күл-қоқыстарды тазалау барысы туралы сала жауаптылары есеп берді.

Аудандық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Мұрат Махалұлы өз баяндамасында ауылдық округтердің көрнекі жарнамалық құралдарындағы кемшіліктерді тізбелеп берді.

Өз кезегінде Қыдырбай Құнанбайұлы көше қасбетінің реттелігіне немқұрайдылық танытқан ауыл әкімдеріне ескерту жасап, кемшіліктерді ретке келтіруді тапсырды.

Аппараттық мәжілісте аудандық Ауыл шаруашылық және жер қатынастары бөлімінің басшысы Берік Алтынбеков және Бадам, Шұбар, Қараспан, Бөржар ауылдық округ әкімдері «Ауыл аманаты» жобасының округтерде орындалу барысына тоқталды.

Анығында, Ордабасы ауданында «Ауыл аманаты» бағдарламасы мал шаруашылығында сүт өндірісі бағытында, өсімдік шаруашылығында жылыжай бағыты бойынша жүзеге асырылса, аталған бағдарламаға төрт ауылдық округте іске асып жатыр. Мәселен, бөржарлық шаруалар құс, мал шаруашылығы бойынша жоғарыдағы бағдарламаға қатыса алады.

Аудан әкімі Азат Оралбаевтың тапсырмасына орай күзгі тал егу кезеңіне дайындық жұмыстары бойынша аудандық Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Арман Искаков баяндама жасап, жасылдандыру бойынша жоспарымен бөлісті. Әрі егілетін тал түрлері мен тал егілетін орындарды анықтап берді. Сондай-ақ, ғарыштан түсірілген топографиялық фотолар арқылы аудан аумағында заңсыз төгілген күл-қоқыс орындарын көрсетті.

Қыдырбай Құнанбайұлы ауылдық округ әкімдеріне аталған олқылықтарды тез арада ретке келтіріп, ауыл келбетін ажарландыруды тапсырды.

Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы Қазақстанның тауарларын шетелге таныту және шығару үшін тиісті шаралар қабылдауды ұсынды. Ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды. «Ауыл аманаты» бағдарламасының елге қажет екені айқын көрінді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында айтты. Президент оның келесі кезеңінде жеңілдетілген несие берумен шектеліп қалмау керектігіне тоқталып өтті.

«Жеке қосалқы шаруашылық иелері өзара бірігуі қажет. Осыған қажетті жағдай жасалуға тиіс. Машина-трактор паркінің әбден ескіріп, тозуы күрделі мәселеге айналды. Қазір ауыл шаруашылығы техникасының 80 пайызы тозып тұр. Сондықтан жыл сайын оның 8-10 пайызын жаңартып отыру қажет. Бұл ретте еліміздегі техника өндірушілер мен шаруалардың да мүддесін ескерген абзал», — деді Қ.Тоқаев.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы қазір жаһандық бәсеке күшейіп тұр, тауар нарығында өзгеріс бар екенін алға тартып, мұндай жағдайда өнім өткізу саясатына ерекше мән беруіміз керектігін айтты.

«Жылдар бойы қалыптасқан ішкі және сыртқы нарықтағы орнымызды сақтап қалу айрықша маңызды. Үкіметтің алдында сыртқа шығарылатын өнім нарығының ауқымын жоспарлы түрде кеңейту міндеті тұр. Қазақстанның тауарларын шетелге таныту және шығару үшін тиісті шаралар қабылдаған жөн», — деді Президент.

Осыған орай Үкімет Президенттің ауыл шаруашылығы кооперациясы арқылы ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі тапсырмасын белсенді түрде жүзеге асырып келеді. Бұл мақсатта «Ауыл аманаты» жобасы іске асырылып отыр, оның шеңберінде ауыл тұрғындарына жылдық 2,5%-бен 5-7 жыл мерзімге шағын несие беріледі. Жобаның орындалу барысы таяуда ғана ҚР Үкіметі Аппараты жанындағы «Ауыл Аманаты» жобалық кеңсесінің кезекті отырысында талқыланды. Жиынға Премьер-Министрдің орынбасары Т.Дүйсенова қатысты. Ауыл шаруашылығы министрлігінің өңірлердегі жобасының іске асырылу барысы және жергілікті атқарушы органдардың бөлінген несиелік ресурстарды игерілуі туралы есептері тыңдалды.

Мәселен, осы жылдың 13 қыркүйегінде 1388 ауылдық округті қамтитын 42 млрд. теңге сомасына 7429 шағын несие берілді. Оның 85%-ы мал шаруашылығы саласына (35,8 млрд. теңге), 7%-ы өсімдік шаруашылығына (2,8 млрд. теңге), 5%-ы кооперативтер үшін ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын сатып алуға және 2,6%-ы басқа бағыттарға (1,1 млрд. теңге) берілген.

Жиын қорытындысына сәйкес Премьер-Министрдің орынбасары жауапты мемлекеттік органдар мен өңірлерге облыс, аудан, ауылдық округ деңгейінде жобалық кеңселер құру, цифрлық платформаны әзірлеу процесін жеделдету жөнінде тапсырмалар берді.

Барлық деңгейдегі әкімдіктерге жыл соңына дейін ауылдық округтерге скрининг жүргізу, олардың экономикалық мамандануын айқындау, сондай-ақ ауылдық кооперативтер құру жұмысын жандандыру тапсырылды.

Сондай-ақ Жамбыл және Ақтөбе облыстарының оң тәжірибесі ұсынылды. Онда жобаны іске қосу алгоритмінен бастап, ауылдық округтерге скрининг жүргізу, ауыл шаруашылығы кооперациясын құру, дайын ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу тізбегін ұйымдастыру үдерісін реттей алды.

Биыл сәуір айында Қазақстан Үкіметі «Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын» бекітті. Құжатта «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында республика бойынша ауыл тұрғындарының 90%-ы өмір сүріп жатқан даму әлеуеті жоғары 3,5 мың ауылдық елді мекенді кешенді жаңғыртуға баса назар аударылған. 

Оны іске асыру нәтижесінде табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз ауыл халқының үлесі 5,8%-ға дейін, ал ауылдық жерлерде жұмыссыздық деңгейі 4,2%-ға дейін төмендеуі тиіс. Сонымен қатар ауылдық елді мекендер сумен 100, интернетпен 97% қамтылады, нормативтік жағдайы жақсы жергілікті жолдардың үлесі 95%-ға жеткізілмек. Ауылдық жерлерде 655 денсаулық сақтау нысаны, 183 мектеп және 100 спорт ғимараты пайдалануға беріледі. 650 мәдениет нысаны салынып, жөндеуден өткізіледі.

Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, республикада 6 295 ауылдық елді мекен бар, онда ел халқының 38,2%-ы немесе 7,5 миллион адам тұрады.

Сонымен қатар, «Ауыл аманаты» жобасына биыл 100 миллиард теңге бөлінді.  Осы жоба аясында ауыл тұрғындарына 7,5 мыңға жуық шағын несие берілген.

Жалпы, Ордабасы ауданы бойынша «Ауыл аманаты» жобасына 4 ауылдық округ енгізілген.

Биыл 17 сәуір айынан бастап несие алуға ниет білдірген ауыл тұрғындарынан құжаттар қабылданып, бүгінгі таңда 1 млрд. 753 млн. теңгені құрайтын 337 жобаға өтініш түскен. Оның ішінде 1 млрд. 511 млн. теңгені құрайтын 232 жоба мақұлданып, жалпы соммасы 1 млрд. 43 млн. теңгеге 165 жоба қаржыландырылған.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin