Түркістан облысы: Отырар ауданының әкімі отырарлықтарды Республика күнімен құттықтады

Отырар ауданының әкімі Сәкен Сұлтанханов отырарлықтарды ұлттық мереке — Республика күнімен құттықтады.  

«Құрметті отырарлықтар!

Сіздерді 25 қазан – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Қазақ халқы үшін бұл мерекенің мәні айрықша! Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайда Республика күніне ұлттық мәртебесін қайтару мәселесін көтеріп, мереке ретінде атап өтуді ұсынған. Тарихтан белгілі, 1990 жылғы 25 қазанда «Қазақстан КСР Егемендігі туралы» Декларация қабылданып, ел Тәуелсіздігі жолындағы нақты қадам жасалды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ, тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек», — деген болатын.

Сын сәттерінде өзінің терең тарихы, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптары сақталып, Тәуелсіздікке қол жеткізген қазақ халқы елі мен жері, көгінде желбіреген байрағы мен әуелеген әнұраны бар мемлекет ретінде әлемдік саяси аренада ойып тұрып орнын алды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары өз шекарасын шегендеп, аса маңызды мәселеге нүкте қойды.

Осынау жетістіктердің барлығы да Республика күнінен бастауын алады.

Қадірлі жерлестер!

Айтулы мерекемен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, құт-береке тілеймін!

Еліміздің айбыны асқақтап, Туымыз көкте желбірей берсін!

Ізгі ниетпен,

Отырар ауданының әкімі Сәкен Сұлтанханов» — дейді аудан басшысы өз құттықтауында.

Атап өтер маңызды жайт, бүгін Қазақстан халқы ұлттық мереке – Республика күнін атап өтеді. Биыл 25 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күнін ұлттық мереке ретінде белгілейтін заңға қол қойған болатын. «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңға 25 қазан – Республика күні ұлттық мереке және 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні мемлекеттік мереке болып белгіленетін өзгерістер енгізілді.

Тарихқа көз жүгіртсек, 1990 жылдың 25 қазаны мемлекетіміз дәуіріндегі ерекше дата болғаны сөзсіз. Бұл күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен тарихи құжат – «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы» Декларация қабылданды. Бұл құжат Қазақстанның нағыз тәуелсіздігіне апаратын құқықтық бастама болды. Қазақстанның толық мемлекеттік тәуелсіздігін ресімдеудің жаршысы болған бұл құжатты дайындау кеңестік империяның кеңістігінде белең алған экономикалық және саяси құлдырау жағдайында жүргізілді. Осы ретте бұл құжаттың оңайлықпен қабылданбағанын да айта кеткен жөн. КСРО Жоғарғы Кеңесі басшылығы Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияның қабылдануын үнемі тежеп отырғаны белгілі. Сондықтан Қазақстанның тағдырын шешкен осы саяси-құқықтық құжатты әзірлеу әрі қабылдау азаматтық батылдықтың көрінісі болды.

Мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылданып, еліміздің еркіндік жолындағы аса маңызды жүйеленген саяси-құқықтық қадамы жасалды. 1991 жылы 16 желтоқсанда жарияланған Тәуелсіздігіміздің бастауында дәл осы Егемендік туралы декларация тұрғаны анық. 25 қазан еліміздің азаттыққа ұмтылыс жолында тағдыршешті нәтижеге алып келген күн ретінде қадірлі болып тұр. Сондықтан еліміздің Тәуелсіздігі осы күннен бастау алатынына күмән жоқ.

Айта кетейік, биыл мамыр айында өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдің тарихи жадын жаңғырту үшін үйлесімді саясаттың болуы ерекше маңызды екенін айта келе, осы ел дамуының жаңа басымдықтарын белгілеп алу керек екенін атап өтті.

«Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан, қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын. Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ, тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек», — деді ҚР Президенті.

Тоқтала кететін жайт, әлем елдерінің біразы республика күнін ерекше атап өтеді. Сонымен қатар, бұл мереке мемлекетімізде 1992 жылдан бастап атаулы күндер қатарына енгізіліп, 2001-2009 жылдар аралығында мемлекеттік мереке ретінде тойланды. Ал 2009 жылдан бері Республика күні атаулы күндер қатарынан түсіп қалып қалды.

22 қазанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсыруға арналған салтанатты рәсімде Республика күнінің маңызы жайында атап өтті.

Осы орайда Президент Егемендік декларациясы халықтың жан-жақты және ұзақ жылғы күресінің нәтижесі екенін қадап айтты.

«Мен Ұлытауда өткен алқалы жиында Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсындым. Оны Қазақстанның басты мейрамы ретінде атап өту туралы бастама көтердім. Бұл бастама халықтың кең қолдауына ие болып, тиісті заңға өзгеріс енгізілді. Биылдан бастап Республика күні – ұлттық мереке. Енді бұл мейрамды күллі ел болып жаңа мазмұнда атап өтетін боламыз. Қайта жаңғырған Республика күні – бұл халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайта түсетін аса маңызды тарихи қадам. Сондықтан осы мерейлі күн азаматтарымыздың өзара түсіністігін, тұтас ұлтымыздың еркін өмірге және дербес дамуға ұмтылысын паш ететін мереке болмақ», — деді Мемлекет басшысы.

Бүгін ел аумағында түрлі мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.