![]()
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков жұмыс сапары барысында бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысанды аралап, тұрғын үймен қамту, мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру және коммуналдық желілерді жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты.
Сапар аясында 30 отбасыға жаңа пәтерлердің кілті табысталды. Қайтпас шағынауданындағы жалдамалы және Асар-2 шағынауданындағы несиелік тұрғын үйлер «Отбасы банк» АҚ-тың «2-10-20» және «5-10-20» бағдарламалары арқылы берілді. Жаңа қоныстанушылар қатарында көпбалалы және толық емес отбасылар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, жетім балалар мен бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері бар.
Қалада тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамту жұмыстары да жалғасуда. 2026 жылдың соңына дейін 7 386 пәтер беру жоспарланған. Оның 2 818-і жалдамалы, 4 568-і несиелік баспана. Бүгінге дейін 3 699 пәтер табысталған: 2 192 отбасы несиелік, 1 507 отбасы жалдамалы тұрғын үйге ие болды. Қалған 3 687 пәтерді жыл соңына дейін беру көзделген.
Бұдан кейін Ғабит Сыздықбеков «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиевпен бірге жаңа AI-кеңсенің ашылуына қатысты. Мұнда азаматтар мемлекеттік қызметтерді өз бетінше алып, цифрлық сервистерді пайдаланып, қажетті кеңес ала алады. Құжаттандыру терминалы арқылы жеке куәлік пен паспортты бірнеше минут ішінде рәсімдеуге мүмкіндік қарастырылған. Қала әкімі цифрлық шешімдер тұрғындарға қолайлы әрі қолжетімді болуы керектігін атап өтті.
Сапар барысында Қошқар ата өзенінің жағалауын абаттандыру жобасы да қаралды. Интернационал көшесінен Дулатов көшесіне дейінгі 4,7 шақырым аумақта екі шомылу аймағын, төрт балалар алаңын және жаяу жүргіншілер жолын абаттандыру, орындықтар мен жарықтандыру шамдарын орнату жоспарланған. Жоба өзен жағалауын тұрғындардың демалысына қолайлы қоғамдық кеңістікке айналдыруға бағытталған.
Әл-Фараби және Тұран аудандарында «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында магистральдық жылу желілері жаңартылуда. Жоба алты учаскені қамтиды, оның екеуінде жұмыстар биыл жүргізіледі. Әкімдікке жөндеу жұмыстарын жылу беру маусымы басталғанға дейін аяқтау тапсырылды.
Жұмыс сапары «Шымкент сыра» ЖШС кәсіпорнында жалғасты. Мұнда 694 адам еңбек етеді. Кәсіпорын жылына 197,8 миллион литрге дейін сыра және 130 миллион литрге дейін алкогольсіз сусын өндіруге қауқарлы. Кездесуде өндірісті технологиялық жаңғырту, өткізу нарықтарын кеңейту және мемлекеттік бағдарламалар арқылы қосымша қолдау мүмкіндіктері талқыланды.
Қаладағы жобалардың барлығы тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға, инфрақұрылымды дамытуға және экономикалық белсенділікті арттыруға бағытталған. Қала әкімі жауапты сала басшыларына жұмыстардың сапасы мен мерзімін бақылауда ұстап, жоспарланған міндеттердің уақтылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
