Түркістан облысы: Отырар ауданының әкімі төрт ауыл округінің тұрғындарымен кездесті

Бүгін Отырар ауданының әкімі Сәкен Сұлтанханов Қоғам, Қарғалы, Отырар Талапты ауыл округтерінің тұрғындарымен кездесіп, өтініштерін тыңдады.

Аудан әкімі алдымен Қоғам ауылына барып, тұрғындарға бұған дейінгі кездесулерде көтерілген мәселелердің орындалу барысымен таныстырды. Айта кету керек, мамыр, тамыз айларында өткен жиындарда тұрғындар тарапынан 20 мәселе көтеріліп, оның ішінде 7 мәселе оң шешімін тапқан болатын. Ал қалған мәселелер аудан әкімінің бақылауына алынған. Мәселен, Қоғам ауылының тұрғыны «Қоғам ауылындағы Бескепе көшесіне тас жол төселсе» деген ұсынысын жеткізген болатын. Аталған мәселе бойынша тиісті жұмыстар атқарылып, жергілікті 4-ші бюджет есебінен тиісті қаржы қаралып, аталған көшеге (ұзындығы 510 метр) тас жол төселді. Сондай-ақ, тұрғындардың өтінішімен Талапты елдімекенінде ауылдық дәрігерлік амбулатория құрылысына облыстық бюджеттен қаржы қаралып, мемлекеттік сатып алу конкурсы нәтижесімен жеңімпаз анықталып, құрылыс жұмыстары басталып кетті. Нысан 2023 жылы пйдалануға беріледі деп күтілуде.

Мұнан бөлек Қарғалы, Отырар ауыл округі бойынша да атқарылған жұмыстар аз емес. Аталған ауылдардағы өзекті мәселелердің бірі ағын судың жетіспеушілігі болатын. Осыған орай Д.Алтынбеков каналының ПК194+42-ден ПК205-15 аралығында канал ұлтанын 47 сантиметрге төмендету жұмыс жобасы толық аяқталды. Сонымен қатар Қызыл ту насос станциясындағы 7 дана «СНП-500» электр насостары күрделі жөндеуден өткізіліп, іске қосылды. Орнатылған насостар арқылы Арыс өзенінен 1,8 м3/сек су шығарылып, егістік алқаптары ағын сумен қамтылды.

Талапты ауыл округінде өткен кездесуде ауыл тұрғыны Орынбасар Досов «Сарыкөл елдімекеніндегі Шәмші Қалдаяқов көшесіне аяқжол салынып, жарықтандырылса» деген өтінішін айтқан болатын. Аталған мәселе бойынша көшені жарықтандыру үшін жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалды. Бұл нысан бойынша 2023 жылғы аудандық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асыру жоспарланып отыр. Ынталы ауылынан балабақша жайын салу мәселесі бойынша да жергілікті кәсіпкермен келісім жасалып, 100 орындық балаға арналған балабақша жайының құжаттары заңдастырылуда.

Аудан басшысының ауыл тұрғындарымен кездесуі барысында көпшілік тарапынан қойылған өзге де сауалдарға тұщымды жауаптар беріліп, кейбір мәселелер бойынша жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берілді. Сәкен Асылханұлы әрбір жиында көтерілген мәселелер өзінің тікелей бақылауында болатынын айтып ескертті.

Кездесуге келген халық аудандағы барлық ауыл округтерін аралап, халықпен кездесіп, көтерген мәселелерін тыңдап, олардың оң шешімін табуы үшін жұмыстанып жатқан аудан әкіміне ризашылығын білдіріп, алғысын айтса, ауыл қариялары елдің амандығын, ынтымақ-бірлігін тілеп, ақ баталарын берді.

Жиыннан соң аудан әкімі тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, талап-тілектері мен өтініштерін тыңдады.

Айта өтейік, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 7 наурызда «Әкімдердің халықпен кездесулер өткізуі туралы» жарлыққа қол қойды. Онда «Барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізсін, олардың барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы хабардар етсін және проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндірсін» делінген.

Жаңа құжат бойынша, облыс әкімі жарты жылда бір рет «әр ауданда және облыстық маңызы бар әр қалада кемінде бір көшпелі кездесу», республикалық маңызы бар қала, астана әкімі «қаланың әр ауданында тоқсан сайын кемінде бір көшпелі кездесу», аудан әкімі «әр ауылда, кентте, ауылдық округте, аудандық маңызы бар қалада тоқсан сайын кемінде бір көшпелі кездесу» өткізуі тиіс.

Әкім кездесулерінің «икемді жылдық» күнтізбесі «қажет болған жағдайда» тиісті мәслихаттың келісімімен жыл басында әзірленіп, жыл сайын 20 қаңтарға дейін үкіметке ұсыылуы қажет.

Бұған қоса, әкім «халықтың талап етуі бойынша және қажет болған кезде» халықпен күнтізбеден тыс кездесіп отыруы тиіс.

Жарлықта әкім кездесуінің регламенті де нақтылана түскен. Аймақ басшысы жоспарланған уақыттың «төрттен бірден аспайтын бөлігін» баяндама оқуға арнайды, ал қалған уақытты «сұрақ-жауап» форматында өткізеді. Бұл үшін әкім алдын ала жергілікті қоғам өкілдерінен «халықтың сұрауы мен ұсыныстарын жинау жөнінде комиссия» құрады.

«Әкімдік пен әкім аппараты кездесуге мүдделі адамдардың ауқымды аудиториясын, оның ішінде мәслихат депутаттарын, партия, қоғамдық ұйым және оппозиция өкілдерін тартсын» делінген жарлықта.

Әкімдер бұған дейін де «халықпен кездесу жиындарын» өткізіп келген. Бірақ ол жиындар көбіне ұзақ баяндама, алдын ала дайындалған сұрақтар түрінде өткізіліп, халықтың сынына жиі ұшырайтын. Дайындалған адамдар жиын өтетін орындарға күні бұрын келіп, белсенділерге орын жетпей қалатын кездер де болған.

Қазақстанда облыстардың және республикалық маңызы бар қала әкімдерін Президент тағайындайды. Одан төмен деңгейдегі әкімдерді жоғары тұрған әкімдер қызметке қояды. Сондықтан әкімдер халықпен кездесуге мүдделі емес деген сыни пікір жиі айтылады.

Былтыр Қазақстанның кей жерінде ауыл және ауылдық округ әкімдері сайланды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.