Түркістан облысы: Сарыағаш ауданының әкімі құс фабрикаларының тыныс-тіршілігімен танысты

Аудан әкімі Арман Айдарұлы Абдуллаев Дарбаза ауылдық округіндегі «Сарыағаш құс» ЖШС фабрикасын аралап көріп, кәсіпорынның цехтарымен және дайын өнімдерімен танысты. Сонымен қатар, аудан әкімі өндірістің қуаттылығымен, жұмыс процессімен, болашақтағы даму бағдарламасымен танысып, фабрикадағы жұмысшылармен кездесіп, тілдесті.

Аудан әкімі кәсіпкердің ісін демеуге қашанда дайын екенін білдіріп:

— Әрбір кәсіпкердің ісі өркендегеніне ынталымыз. Біріншіден, ауданға инвестиция келеді, екіншіден, жұмыссыздық деңгейі қысқарады, — деді.

Айта кетсек, жұмыртқа өндірумен айналысатын фабрика 11 гектар аумақта орналасқан. Жалпы фабрика 2012 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Бүгінгі таңда фабрикада 20-дан астам адам еңбек етуде. Тәулігіне 35 мың дана жұмыртқа өндіруде. Аталған фабрика сапалы өнімдерін облысымыздың басқа да аудандарына саудалауда.

Содан соң аудан басшысы Қабланбек ауылдық округінде орналасқан «БесҚара» құс фабрикасында болып, жұмысымен танысты. Аталған фабрика 2014 жылы жұмысын бастап, бүгінде 60-тан аса жұмысшы тұрақты жұмыспен қамтылған. Аталған орын заман талабына сай технологиялармен жабдықталып, сапалы өнімдерге қол жеткізіп отыр. Жалпы өндірістің қуаттылығы — жылына 80 миллион жұмыртқа. Құс фабрикасының негізін қалаушысы әрі құрылтайшысы Мұрат Абдибаевтың айтуынша, өндіріс орнының өнімдеріне сұраныс жоғары. Тіпті, түркістандықтардың сүйікті асына айналып үлгергенін айтып өтті. Аудан басшысы ауданымыздың ауыл шаруашылығын дамытуға зор үлесін қосып келе жатқан фабрика басшысы мен жұмысшыларына сәттілік тіледі.

Осы тұста ескерер маңызды мәселе, құс шаруашылығы — ауыл шаруашылығының ішінде ең қарқынды дамып келе жатқан сала. Оның бір артықшылығы — өнім қысқа мерзімде өндіріледі, соның нәтижесінде нарық сұранысына бағыт-бағдар ұстап отыруға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда ел аумағында 64 құс фабрикасы жұмыс істесе, оның ішінде 35-і жұмыртқа өндіріде, ал 29 фабрика құс етін өндірумен айналысады. Азақ-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ауыл тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсату, ауыл халқын жұмыспен қамтудың басты жолы агроөнеркәсіптік кешенді дамыту болып табылады. Ал Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту ауыл шаруашылығымен тікелей байланысты. Ал сөз еткелі отырған құс шаруашылығы ауыл шаруашылығының құрамдас бөлігі екені белгілі. Сондықтан ауыл шаруашылығының бір бөлігі болып табылатын құс шаруашылығына қолдау қажет.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында Үкіметке Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту туралы жаңа ұлттық жобаны әзірлеуді тапсырған болатын.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкімет өзге шаруашылықтармен қатар құс шаруашылығына да қолдау көрсетіп келеді. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне асыл тұқымды мал шаруашылығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңына тағамдық жұмыртқаны субсидиялауды қосу туралы өзгерістер мен толықтырулар енгізді. Оның алдында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев субсидияның бәрін алып тастап, жеңілдетілген несие беру туралы бастама көтерген болатын. Алайда, құс өсірушілер министрдің бұл бастамасына қарсы шықты. Өйткені, «мемлекеттен қолдау болмаса бірқатар фабрикалар құс басын азайтып, тіпті жабылып қалуы мүмкін» — дейді мамандар. Құс өсірушілердің жанайқайына құлақ асқан үкімет субсидия беретін болып, заңға өзгеріс енгізді. Енгізілген өзгерістерге сәйкес бір дана жұмыртқа үшін 3 теңге мөлшерінде субсидия берілетін болды. Осы мақсатта республикалық бюджеттен 6,5 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінді. 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2022 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстанда құс саны 3,7 пайызға, яғни 47,1 млн басқа өскен. Ал жұмыртқа өндірісі 12,1 пайызға артып, 1559,5 млн данаға жеткен.

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, соңғы үш жылда елімізде құс етінің импортына тәуелділік 51%-дан 35%-ға дейін төмендепті. Ал жұмыртқа өндірісі бойынша шаруалар ішкі нарықты толықтай қамтамасыз етіп отырған көрінеді. Сала басшысының айтуынша, мемлекеттік қолдау шараларының арқасында өндіріс көлемі жылдан жылға тұрақты түрде артып келеді. Министрдің мәліметінше, 2021 жылы құс шаруашылығына 40 млрд теңге инвестиция бағытталып, 7 құс фабрикасы іске қосылған. Ол құс фабрикалары 70 мың тонна құс етін өндіретін болады.

Десе де тауық еті мен тауық жұмыртқасының бағасы күн санап өсіп барады. Соңғы бір жылда тауық еті 27,9% қымбаттаған. Бүгінгі таңда дүкендер мен базарларда тауық етінің бағасы 1300 теңгеден асып кетті.

І сұрыпты жұмыртқа әлеуметтік маңызы бар тауар түріне жатады. Сондықтан Үкімет үнемі жұмыртқа бағасын бақылауда ұстап, күрт қымбаттап кетпеуін қадағалап отырады. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі бағаны бақылауда ұстайды. Жұмыртқа бағасы соңғы бір жылда 7 пайызға қымбаттаған көрінеді. Алайда, шілде айында бірінші сұрыпты он дана жұмыртқаның орташа құны 370-380 теңге болса, дәл бүгінгі күні базарлар мен сауда орталықтарында 10 дана І сұрыпты жұмыртқа 475 – 525 теңге аралығында сатылып жатыр.

Сандарды сөйлетер болсақ, 2021 жылы елімізде жұмыртқа өндірісі 4 млрд данадан 3 миллиардқа дейін күрт азайған. Мамандардың пайымдауынша, оған әлемді шарлаған пандемия мен құс тұмауы себеп болған көрінеді. Салдарынан экспорттың есігі жабылып, жұмыртқа өндірісінің өрісі тарылған. Ұлттық статистика бюросының жыл басында келтірген мәліметі бойынша, 2022 жылдың қаңтарында Қазақстанда 370 млн тауық жұмыртқасы өндірілген. Ал 2021 жылды жұмыртқа өндірісінің көлемі 20 пайызға көп болған. Отандық жұмыртқа өндірушілер ассоциациясының есебінше, өткен жылдың соңғы екі айында жұмыртқа өндіруші кәсіпорындар 1,5 млрд теңге шығын көрген. 2022 жылғы қаңтар-шілде айларында жұмыртқа өндірісінің көлемі 2,9 млрд данаға жеткен. Сонымен қоса, жұмыртқа экспорты 2,4 есеге өсіп, 131,7 млн дананы құраған.

Кей мамандардың пікірінше, жұмыртқа бағасы жемнің бағасына тікелей байланысты. Олардың дәйегіне сенсек, бидайдың бағасы тоннасына 180 мың теңге болғанда, жұмыртқаның өзіндік құны 38 теңге құрайды. Яғни 1 дана жұмыртқа үшін көтерме баға 40 теңге болады. Жұмыртқа бағасының қымбаттауының тағы бір себепшісі – делдалдар. Өндірушілердің айтуынша, делдалдар жұмыртқаны 25 теңге көтерме бағамен сатып алады,  ал дүкенде оның бағасы 40 теңгеден жоғары. Сондықтан да мамандар арадағы делдалдарды құртып, өнімді өндірушілердің өзі сататындай мүмкіндік жасау керек екенін айтады. 

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.